Искакова Ляйла
Маратовна оқытушы, магистр
Қазақстан
Республикасы. Алматы қ. Абай атындағы ҚазҰПУ
білім беру жүйесінің сапасын
арттыруда кәсіби құзіретті маман даярлаудың МАҢЫЗЫ
Қазіргі кезеңдегі ең
өзекті мәселенің бірі – бәсекеге қабілетті,
еңбек нарығында сұранысқа ие бола алатындай
кәсіби мамандар дайындау. Бұл жоғары оқу орындарында
білім сапасын арттыру, әлемдік білім кеңістігінің
тәжірибелерін игеру арқылы ғана жүзеге асады.
Қазақстан
Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді
дамытудың мемлекеттік бағдарламасы еліміздің
индустриалдық – инновациялық даму аясында білім беру саласына
жаңа тұрпаттағы міндеттерді жүктеп көрсеткен [1].
Соның бірі жалпы орта
мектептің он екі жылдық білім беруге көшудегі оқушы
тұлғасының құзіреттілік қасиеттерін
қалыптастыруды меңзесе, кәсіби бастауыш, арнайы орта
және жоғары оқу орындарында маманды дайындаудың
оқу үрдісіне тән білім алушыға теориялық білім
беру мен практикалық іскерлікті қалыптастыруды ұйымдастыру,
жоспарлау және жүзеге асыру үрдісін іс-әрекеттік
және құзіреттілік тұрғыда алмастыра
қарастыру анықталған.
Болон процесіне ену
нәтижесінде жоғары білім беру жүйесіндегі реформаларға
сәйкес қойылған міндеттерді Қазақстан
Республикасындағы жоғары оқу орындарының өз
беттерімен шешуіне мүмкіндік жасауда. Жоғары оқу орнын
бітірушілердің біліктілігін жоспарлау, тұжырымдау және
бағалауға қойылатын талаптар да өзгеруде. Бүгінгі
маманның біліктілігі, оның білімінің нәтижесі
құзіреттіліктер болып танылуда.
Қазақстан
Республикасында әлемдік білім кеңістігіне кіру үшін мемлекет
тарапынан көп шаралар жасалуда. Соның ішінде «Қазақстан
Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту
тұжырымдамасы» ең маңызды орын алады. Бұл
тұжырымдамада жоғары білім берудің мақсаты – жылдам
өзгеріп отыратын жағдайларда алынған терең
білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін
бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға,
өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс,
адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға
қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Бұл
мақсатта алға қойылған міндеттер: студенттердің
сапалы білім алуы, оқытушының біліктілігі мен педагогикалық
шеберлігінің ұдайы арттырылуы [2].
Құзіреттілік
– жеке тұлғаның теориялық білімі мен практикалық
тәжірибесін белгілі бір міндеттерді орындауға даярлығы мен
қабілеті. Ол жансыз жаттанды білім түрінде емес, жеке
тұлғаның танымға, ойлауға қатысын
және әрекетке, белгілі бір мәселелерді ұсынып, шешім
жасауға, оның барысы мен нәтижелерін талдауға,
ұдайы түрде ұтымды түзетулер енгізіп отыруға
деген белсенді іс-әрекеттен көрінеді.
Осы ретте
еліміздің кәсіби білім беру жүйесі алдында, оның
ішінде болашақ педагог даярлауда
ең алдымен педагогтың кәсіби құзыреттілігін
қалыптастыру міндеті тұр. Кәсіби
құзыреттілік
ұғымын түсіндіруде екі бағыт бар: адамның
стандартқа сәйкес әрекет ету қабілеті; жеке
тұлғаның жұмыста нәтижеге жетуіне мүмкіндік
беретін сапалары.
Еліміздегі
жоғары білім беру жүйесінің халықаралық білімдік
кеңістікке интеграциялану тетіктерінің бірі – оқытудың
кредиттік жүйесі. Бұл жүйенің мәні
студенттердің өз бетімен білім алуына басымдық беріліп,
маманға «өмір бойы» оқу дағдысын қалыптастыруда.
Республикадағы жетекші университеттердің білім беру үрдісін
ұйымдастырудағы дәстүрлі және жаңаша
көзқарастарын салыстырмалы талдау негізінде кредиттік
жүйенің көптеген тиімді жақтары негізделіп отыр.
Жалпы алғанда,
кредиттік жүйе негізінде білімдік үрдісті ұйымдастыру
үздіксіз оқу - ізденіс, үнемі өзін-өзі жетілдіру
және зерттеушілік жұмысқа жоғары мотивацияны
қамтамасыз ету арқылы білім алушыларда
құзіреттіліктерді дамыту міндетіне сәйкес келеді.
Құзіреттіліктің
маңыздылығы жөнінде айтатын болсақ,
құзіреттіліктер мен дағдыларды дамыту білім берудің
студентке бағдарланған парадигмасына сәйкес келеді. Бұл
парадигмада студент, яғни білім алушы басты назарда болады да, ал
оқытушының рөлі өзгереді.
Мұндай
өзгерісті оқытушының бағыт беруші рөліне
өтуі ретінде қарастыруға болады. Оқытушы – нақты,
айқын қойылған міндеттерге жету жолындағы
көмекші, бағыт сілтеуші. Бәсекеге қабілетті білім беру
қызметі және оқытуды ұйымдастыруда студент қол
жеткізуі тиіс нәтижеге бағыт алатын болып өзгеруі тиіс.
И.А.Зимняя
еңбегінде кәсіби құзіреттілік жеке
тұлғаның кәсіби қызметтік функциясын жүзеге
асыру қабілеті мен теориялық, практикалық
дайындықтың бірлігі ретінде қарастырылады[3].
Жоғары
педагогикалық оқу орнын бітірген жас мұғалім іргелі
білім мен кәсіби икемділікті игеруі тиіс. Сонымен қатар,
ізденімпаздықпен жұмыс жасайтын жас мұғалім
шығармашылық, зерттеушілік, іс-тәжірибелерімен
қаруланып, болашақта қандай да болмасын педагогикалық
немесе пәндік проблеманы шешуде өзіндік жолын таңдап,
жүзеге асыра алуы қажет. Ал, мұғалім бойында кәсіби
құзіреттілік базалық дайындық, әдіснамалық
мәдениет, педагогикалық шеберлік пен креативтілік бағыттары
бойынша қалыптасады.
Кәсіптік білім
беру үрдісінің тиімді жүргізілуіне жаңа білімдік орта
мен студенттердің оқу бағдарламаларының өзгермелі
жағдайында бағдарлау қабілетінің төмен болуы арасындағы
қарама-қайшылық әсер етіп отыр. Бұл
қарама-қайшылық
тұлғалық-бағдарлық оқыту технологиясы
бойынша іс-әрекеттік тәсілді пайдаланып, студенттердің
оқу, зерттеу және өзіндік жұмысын кешенді
оздырудың алғышарты болып табылады. Мұны шешу үшін
мынадай оқыту тәсілдері қолданылады. Оқыту
тәсілдері: жеке тұлғаға бағдарланған
тәсіл- вариативтік және сараланған бағдарламаларды,
оқу және оқудан тыс іс-әрекетті
ұйымдастырудың, студенттердің жеке білім кеңістігін
құру мәселелерін шешудің түрлі нысандарын
пайдалану арқылы қол жеткізіледі. Іс-әрекеттік тәсіл –
студенттің дербес өнімді іс-әрекетін ұйымдастыру
жағдайында тұлғаның мүмкіндіктері мен
қабілеттерін неғұрлым толық көрсету мен
дамытуға бағытталған. Құзіреттілік тәсілі –
студенттердің тұлғалық сапаларының кешенін
дамытуға, білім беруден күтілетін нәтижелер ретінде білім,
икемділік пен дағдыға негізделген құзіреттіліктерді
қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен
қатар, академиялық ұтқырлықтың мемлекеттік
бағдарламасы шеңберінде студенттердің басқа оқу
орындарында оқу пәндерін таңдап оқуы және
олардың кәсіби құзіреттілікті
қалыптастырудағы рөлі зор. Өйткені, студент сыни
тұрғыдан өз білімін бақылайды, бөгде ортада
өз шеберлігін айқын көрсетеді және оқыту орталарын
салыстырады[4].
Жоғары
оқу орнында дайындықтан өткен мамандардың білімі
жоғары дәрежеде болуы керек. Өйткені, бұл талап
әрбір мамандық бойынша білім беру мазмұнын салыстырмалы
түрде біртұтас білім саласы ретінде анықтайды. Білім
берудің күрделі мазмұнын меңгеруде, оқу-тәрбие
үрдісін ұйымдастырудың қазіргі кездегі
қағидаттарын жүзеге асыруда, педагогикалық үрдіс,
яғни, оқытушылар мен студенттердің өзара
байланысқан және өзара келісілген іс-әрекеті басты
міндет атқарады. Сондықтан, қазіргі кездегі жоғары
білім беру жүйесінде студенттер мен оқытушылардың
жұмыстарының сапасына ерекше назар аудару қажет.
Педагогикалық
білім беру жүйесінің сапасын арттыруда кәсіби
құзіретті маман даярлау
іс-әрекеттік тәсілмен қоғам дамуында өзіндік
үйлесім табу керек. Ол үшін «студент-студент»,
«студент-оқытушы», «оқытушы-студент» байланыстары үзілмеуі
керек.
Біздің
еңбегіміздің жемісі – бірлікте, демек, бірлесіп жасаған
жұмыс әрқашан жеңіл болады.
Резюме
В статье
рассматриваются теоретические основы организации
компетентностно-ориентированного обучения в кредитной системе.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан
Республикасында 2020 жылға дейінгі білім беруді дамытудың
Мемлекеттік бағдарламасы.Астана,
2010.
2. Қазақстан
Республикасындағы 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту
тұжырымдамасы. Астана,2004.
3. Зимняя И.А. Ключевые компетенции –
новая парадигма результата образования// Высшая образование сегодня. 2003, №5.
С. 34-42.
4. Амельченко В.И., Амельченко Л.Б.
Формирование педагогической компетенции будущих специалистов как необходимое
условие повышения качества образования// Инновационные технологии обучения и
интерактивные методы в высших учебных заведениях: Материалы
республ.научно-практ.конференции. – Уральск, 2006.С.137-139.