Есмуратова Г.Ж. аға оқытушы, магистр

Искакова Л.М. оқытушы, магистр.

Қазақстан Республикасы. Алматы қ. Абай атындағы ҚазҰПУ.

 

Кредиттік оқыту жүйесінде студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыру

Қоғамның жоғары педагогикалық білімді мамандарға қоятын талаптары қазіргі таңда күрделене түсуде. Жаңа қоғам оқытушысы – ол рухани адамгершілігі жоғары, азаматтық жауапкершілігі мол, белсенді, жасампаз, жан-жақты білімді, кәсіби құзыретті, өз теориялық білімін практикада әр түрлі педагогикалық технологиялармен жүзеге асыра алатын өз  кәсібінің шебері бола білуі қажет.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев  «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Білім және кәсіби машық - заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары. Бәсекеге қабілетті дамыған мемелекет болу үшін біз сауаттылығы  жоғары елге айналуымыз керек. Барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет», -  деп атап көрсетті [1]. 

Елімізде жоғары білім жүйесін дамыту талаптарына сай студенттерге  терең  білім және тәрбие беру, оларды жан–жақты дамыту бүгінгі күннің  басты мәселесі. Білім және тәрбие  беру – бұл қоғам мүшелерінің адамгершілік, интеллектуалдық мәдени дамуының жоғары деңгейін және кәсіби біліктілігін қамтамасыз ететін үздіксіз үдеріс.

Білім беру жүйесіндегі жаңа білім парадигмасы білім, білік, дағды жиынтығын толық меңгерген, қоғам өміріне белсене араласатын, шығармашылықпен ойлайтын, өзін-өзі көрсете алатын, өздігінен ақпаратты іздеп, талдайтын және оны дамытуға қабілетті, кәсіби құзыретті  жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.

Жоғары оқу орындарындағы білім беру мен тәрбие жұмыстарының  талапқа сай жетілдірілуі студенттердің болашақ кәсіби құзыретті маман болып қалыптасуына зор ықпал етеді.  Осы тұрғыда республикамыздың  жоғары білім беру жүйесі кәсіби мамандар даярлауда оқытудың  кредиттік  жүйесіне көшуді қолға алды.

Себебі, бүгінде халықаралық жоғары білім беру тәжірибесін ескермей, қазіргі заманға сай білім алуға қол жеткізу мүмкін емес.

Алғаш рет кредиттік-сағаттық жүйе АҚШ-та пайда болып,  дамыды. «Кредиттік-сағаттық» ұғымын  1869 жылы Гарвард университетінің Президенті, атақты америкалық білім беру қызметкері Чарльз Элиот енгізді. Нәтижесінде 1870-1880 жылдары кредит-сағаттар арқылы өлшеуге болатын пәндердің көлемін шешетін жүйе енгізілген еді. 1892 жылы «кредиттік-сағаттық» жүйе дамуының екінші кезеңі басталды. АҚШ ұлттық білім беру комитеті «колледж-мектеп» құрылымын  жетілдіру  мақсатында, орта мектептерде оқыту бағдарламасын стандарттауда «кредит» ұғымын  тек колледждерде ғана емес, мектептерге, білім берудің магистрлік және докторлық деңгейлеріне бакалаврлық бағдарламаның мазмұнын бағалау үшін кредиттік жүйені енгізді [2].

1999 жылы 19 маусымда Италияның Болон қаласында 29 Еуропа елдерінің өкілдері қатысуымен өткен басқосуда Болон Декларациясы қабылданған еді. Бұл Декларацияда Еуропада жоғары білім беру жүйесі бойынша реформалық бастамалардың нақты мақсаттары айқындалды. Декларацияға сәйкес болашақта Еуропада ортақ жоғары білім беру жүйесін құру белгіленді. Осылайша Болон үдерісі басталды. Қазақстан Республикасы Болон үдерісіне 2010 жылдың наурыз айында қосылды.

Болон Декларациясына бұған дейін біртұтас Еуропада жоғары білім беру мәселесін шешу бойынша қабылданған бірқатар құжаттар негіз болды. Атап айтатын болсақ, олар: 1988 жылы басқа Болон Декларациясы- Университеттер Ұлы Хартиясы және 1998 жылғы 25 мамырда қабылданған Сорбон Декларациясы [3].

Қазақстанның  жоғары білім беру жүйесіне Еуропалық кредиттік жүйе (ESTS) енгізілді. Еуропалық кредиттік жүйе бойынша Франция, Германия, Испания, Италия, Ұлыбритания және т.б. елдерде білім беріледі [4].

«Құзыреттілік» ұғымы  бүгінгі күні оқыту үдерісінде білімді қолданудың  ақырғы нәтижесі ретінде қарастырылуда. Оқыту үдерісінде «құзыреттілік» ұғымы студенттердің білімі мен тәжірибесін, дағдылары мен біліктерін белгілі бір мәселені шешуде қолдануы. Оқыту үдерісіндегі құзыреттіліктерге ғалымдар әртүрлі анықтамалар берген.

Л. М. Митина «құзыреттілік» ұғымына «білім, дағды, білік, сонымен қатар практикада, тілдесімде, жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуда қолданатын тәсілдері» деген анықтама береді [5].

Г.Ж. Ниязова зерттеу жұмысында «құзыреттілік» ұғымына «Білім беру құзырлары - бұл студенттің мағыналық бағдарлары, білімдері, біліктіліктері мен тұлғалық және әлеуметтік іс-әрекетін жүзеге асыруына қажетті нақты анықталған объектілер шеңберіне қатысты тәжірибелерінің жиынтығы»деп,-анықтама береді [6].

Кәсіби құзыреттілік ең алдымен студенттің  ақпаратты сауаттылығы мен  кез-келген мәселені дұрыс шеше білу қасиетінен көрініс табады. Студент қоғам талабына сай өзін-өзі үздіксіз жетілдіріп  отыратын, кәсіби білімді, жаңа технологияларды меңгерген, ортамен қарым-қатынасқа тез бейімделе алатын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тәжірибесі мол, т.б. қасиеттерді жинақтағанда ғана  кәсіби құзыретті маман бола алады.

Студенттің кәсіби құзыреттілігі кәсіби және жеке сапалардан құралады. Кәсіби құзыретті деп өзінің педагогикалық әрекетін жоғары дәрежеде жүргізе алатын, қарым-қатынасқа  әрдайым дайын, педагогикалық  үдерісте үнемі оң  нәтижелерге қол жеткізіп  отыратын маманды атауға болады. Қазіргі білім беру жүйесіндегі өзгерістер студенттердің  кәсібилігінің артуын, яғни кәсіби және әдістемелік құзыреттілігін арттыруды қажет етеді.

Еліміздегі  әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер, республиканың әлемдік деңгейде білім беру жүйесіне жетуде жасаған қадамдары осы кезге дейін педагогика теориясы мен практикасында бекітілген  білім беру парадигмаларын, жүйелерін, әдістерін, формаларын жетілдіру талабын қойды. Білім берудегі жаңа басымдықтар – ізгіліктік педагогика, студенттердің тұлғалық әлеуетін анықтау және дамыту, әлеуметтік үдерістер мен тұлғааралық қарым-қатынастарды ұйымдастырудың ерекше формасы ретінде танылатын оқыту үдерісінің тиімділігін арттыру болып отыр.

 

                                              Резюме

На сегодня важнейшей проблемой современности считается проблема  повышения качества образования, так как на пути вступления Республики Казахстан в число цивилизованных стран с социально-политическими,  экономическими преобразованиями, основной задачей в сфере образования является воспитание интеллектуально и духовно развитого, высоко культурного, глубоко патриотичного подрастающего поколения.Занимающая  ключевое место в ХХI  концепция образования на протяжении всей жизни предполагает , чтобы в период обучения молодого поколения  в  вузе дать  возможность всем без исключения проявить свои таланты и весь свой творческий потенциал. В разрешении данной задачи большую роль сыграет  организация учебного процесса по технологии кредитного обучения с  применением активных и интерактивных методов и приемов с целью развития и формирования профессиональной компетентности  у студентов.

 

 Әдебиеттер

1.Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Астана,  14 желтоқсан, 2012ж.

2.Чистохвалов В.Н. Системы накопления и перевода кредитов, используемые в европейских и американских университетах // Материалы к совещанию «Проблемы введения кредитной системы высшего профессионального образования». 25-26 марта 2002 г. – М.: РУДН,  2002.

3.Болонский процесс: середина пути. М., 2005. 378с.

4.Основы кредитной системы обучения в Казахстане /Под общ.редакции Ж. А. Кулекеева, Г. Н. Гамарника, Б. С. Абдрасилова. А., КазНУ им. Аль-Фараби, 2004. -198 с.

5.Митина Л.М. Психология профессионального развития учителя. — М.: 1998. -200с.

6.Ниязова Г.Ж. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану – кәсіптік білім мамандығы студенттерінің кәсіби құзырлылығын қалыптастырудың маңызды элементі. Педагогика  ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін    алу үшін дайындалған  диссертациясы. Алматы, 2008, 141 б.