Айдаболова  Лаура Ергалиена

Казахстан Карагандинская область г.Каркаралинск ЖББОМ№28

Балалардың ой өрісін ұлттық ойындар арқылы жетілдіру

 

Балабақша балалары болашақ иесі болғандықтан дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзінің төл мәдениетін білетін, сыйлайтын, рухани дүниесі бай, саналы ойлайтын деңгейі жоғары білікті болуы міндетті. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін, мәдениетін жасөспірімдер бойында саналы сіңіріп, қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, мінез-құлқын, өмірге деген көзқарасын, бағытын дұрыс қалыптастыру тәрбиеге байланысты.

Мектепке дейінгі мекемелерде адамгершілік тәрбиесі тәрбиелеу және білім беру үрдісінде әр түрлі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады.

Баланың бірінші әрекеті  - ойын, сондықтан да ойын мән-мәнісі ерекше. Ойын – адамның өмірге қадам басардағы алғашқы адымы. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Жас баланың өмірді танып, еңбекке қатынасы психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Ойынды зерттеу мәселесімен тек психологтар мен педагогтар ғана емес, философтар, тарихшылар, этнографтар және өнер қайраткерлері мен бұл саладағы ғалымдар да шұғылданады. Көптеген жазушылар бала ойынының психологиялық мәнін және ойынға тән ерекшеліктерді көркем бейнелер арқылы ашып берді.

         Адам іс-әрекетінің ерекше түрінің бірі – ойынның пайда болуы туралы зерттеушілердің көпшілігі өз еңбектерінде өнер және ойын көркемдік іс-әрекетінің алғашқы қадамы деп түсіндіреді. Ойында шындықтың көрінісі, оның образды сәулесі қылаң береді. Өмірдің әр түрлі құбылыстары мен үлкендердің әртүрлі іс-әрекеттеріне еліктеу ойынға тән нәрсе. Ойынға шартты түрдегі мақсаттар қойылады, ал сол мақсатқа жету жолындағы іс-әрекет бала үшін қызықты. Ойын балаларға ақыл-ой, адамгершілік, дене шынықтыру және эстетикалық тәрбие берудің маңызды тетігі деуге болады. Балалар ойын барысында өзін еркін сезінеді, ізденімпаздық тапқырлық әрекет байқатады. Сезіну, қабылдау, ойлау,қиялдау,зейін қою, ерік арқылы түрлі психикалық түйсік пен сезім әлеміне сүңгиді.

         Ойын үстінде бала бейне бір өмірдің өзегіндей қуаныш, реніш сезімінде болады. Бірақ одан ойын екенін білмейді деген түсінік тумайды. Сондықтан шындықтағыдай «сөйтейік, бүйтіп көрейік» деуі, олардың «ойынды ойын» деп түсінуінен. Бұған байланысты ойын туралы жасалатын тұжырым мынау:

а) ойын- тәрбие құралы арқылы, ақыл-ойды кеңейтеді, тілді ұстартады, сөздік қорды байытады, өмірді танытып, сезімді кеңейтеді.

ә) ерік және мінез қасиеттерін бекітеді, адамгершілік сапаны жетілдіреді.

б) ұжымдық сезім әрекеттері өсе түседі.

в) эстетикалық тәрбие беру құралы

г) еңбек тәрбиесін беру мақсаттарын шешуге мүмкіндік береді.

д)дене күшінің жетілуіне көмектеседі.

         Демек ойын баланың көңілін өсіріп, бойын сергітіп қана қоймай, оның өмір құбылыстары жайлы таным – түсінігіне де әсер етеді. Балалар ойын арқылы тез тіл табысып жақсы ұғысады, бірінен-бірі ептілікті үйренеді. Ойын үстінде дене қимылы арқылы өзінің денсаулығын нығайтады. Халқымыз ойындарға тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай олардың көзқарастарының, мінез-құлқының қалыптасу құралы деп те ерекше бағалаған. Қазір бізге жеткен ұлт ойындарымыз: тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары. Қазақтың көне жыр – дастандарында ұлттық ойындар балаларды тәрбиелеуде ерекше орын алғандығы айқын көрінеді. Мәселен, «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын» сияқты эпостық жырларда елін сүйген батырлардың, жұртшылық сүйіспеншілігіне бөленген ер жігіттердің ең алдымен ұлттық ойындарда сайысқа түсіп, одан кейін көп кісі қатысқан ойын-сауықтарда өздерінің мергендік, палуандық, шабандоздық шеберліктерін көрсеткендіктері айтылады. «Домбырамен күй шерту», «Аттың құлағында ойнау», «Аударыспақ», «Күлкі ойыны», «Балалар ойыны», «Ақ сүйек», «Тоғызқұмалақ», «Жұмбақ айтыс», «Асық ойнау» өте ерте заманда пайда болып, біздің ата-бабаларымыздың ұлттық ойындарының ғасырлар бойы өмір сүргендігін айқын көрсетеді. Балалардың жиі ойнайтын «Ақсүйек» ойыны байқағыштыққа, қырағылыққа, батылдыққа, ептілікке, шапшандыққа баулиды. Ақыл-ойын дамытатын «Он бір қара жұмбақ» деген тәжірибелік маңызы зор тағы бір ойынның түрі бар. Оның басты ерекшелігі есеп сұрақтарын қою арқылы баланың ойлау қабілетін дамытады. Бөбектерді тәрбиелеуде де ұлттық ойындардың берері мол. «Санамақ», «Жылдам айт», т.б. тартымды ойындарды үйрету, тіл өнеріне негіз салады деп есептелген. Балалар негізінен ойын үстінде бір-бірімен тез тіл табысады. Ойынына қарап баланың психологиясын аңғаруға болады [5].

Қазақтың ұлттық және спорттық ойындарының да өзіндік тарихы, даму жолдары, қалыптасу кезеңдері бар. Қазіргі кейбір тарихи деректерге қарағанда, бізге жеткен ұлт ойындарының біразы сонау көне заманнан басталады. Демек: Қазақстан жерінде қалыптасқан алғашқы құрылыс халқымыздың ұлттық ойындарын да туғызған. «Бес тас», «Асық»,»Садақ ату», сияқты ұлт ойындары шамамен алғанда осыдан бес мың жылдар бұрын ойналғандығы жайында айта келіп ағылшын ғалымы З.Маккей «Бұл ойындардың барлығы дерлік Азия елдерінде тайпалы одақтардың арасында тарағанға ұқсайды» - дейді.

         Ұлт ойындары қоғамның өзгеруі, әлеуметтік – экономикалық жағдай негізінде толығып, тұрмысқа сіңіп, өзгеріске ұшырап отырған. Мысалы, Қазақстан жеріндегі алғашқы қауымдастық құрылыста қалыптасқан «Аң аулау», «Таяқ жүгірту», «Садақ ату», «Қақпа тас», «Қарагие» ойындары келесі дәуірлерде қайталау толығу процесінде «Аң аулау», «Құс салу», «Жамбы ату», болып аттары өзгеріп, мазмұны сақталып қалды.

         Ұлттық мұраның бай қазынасының бірі – халықтың ұлттық ойындары көп салалы, көп қырлы құбылыс, ол тек ойындық сала емес, мәні жағынан да балабақша тәрбиеленушілерінің рухани өресі кең өсіп – жетілуіне, эстетикалық мәдениетін қалыптастыруға тәрбиелейтін негізгі құралдардың бірі. Ұлы педагог В.Сухомлинский «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, қиялсыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды» дейді, демек, шәкірттің ақыл-ойы, парасаты ұлттық салт-сананы сіңіру арқылы байи түспек. Фольклортанушы ғалым Ә.Диваев «Қазақ балаларының ойындары» деген еңбегінде адамның жас ерекшелігін үш топқа бөледі: «...өмірге келгеннен бастап жеті жасқа дейінгі бала, жеті жастан он бес жасқа дейінгі балалар, он бес пен жиырма жас аралығындағы жастар...». Осының негізінде қазақтың ұлттық ойындарын үш топқа бөліп қарастырып, бірінші топқа, сол жастағыларға лайықты: «санамақ, тәй-тәй, айгөлек, соқыр теке, қуырмаш, алақан соқпақ, ақ серек-көк серек» т.б. ойындарын, ал одан кейінгі топқа: «тақия тастамақ, тартыс, сиқырлы қоржын, бәйге, көкпар, асық, хан талапай, теңге алу, қыз қуу, орамал тастамақ, ақсүйек, күрес» т.б. ойындарын жатқызуға болады. Мұндай ойындар баланы тез ойлауға, тапқырлыққа баулып, жаңа тақырыптарды жылдам меңгеруге ықпал етеді, сөз тіркесіне, ұйқастыруға дағдыландырады

         Ұлттық ойындар бала тәрбиесінде негізгі екі жауапты рөл атқарады: біріншіден, жаттығулар жасап, ұлт ойындарын ойнаған кезде дене дамуы жақсарса, екіншіден, ұлт ойындарының мазмұнын, ойлау тәртібін түсіндірген кезде ұлттық әдет – ғұрпымыздан, өткен өмірімізден хабар алады. Егер балабақшада жұмыс стилі ұлттық дәстүр, салт – санаға бағытталған болса, мысалы, барлық топ бөлмелері, залдар қабырғаларындағы тұскиіз,ою, сырмақ, домбыра, қамшы, ер сияқты заттардың өзі күнделікті баланың көз алдында болғандықтан осы бұйымдарға көздері қанық болып өседі.

Біз болашақ ұрпағымызға тілімізді ғана үйретіп қоймай, салт-санамызды,дәстүрімізді мирас етіп қалдырып, ұрпақтан – ұрпаққа жалғасуына жағдай жасауымыз қажет.

Бұл ретте ойындардың мәні өте зор. Оларды қолдану негізінен дене тәрбиесі сабақтарында, спорттық жарыстар, серуендер кезінде жүзеге асады. Орайы келсе тіл дамыту мен көркем әдебиет сабақтарында да пайдаланған жөн. Себебі осы пәндерде санаға көбірек салмақ түседі. Сондай кезде өтетін тақырыпқа байланысты қимыл – қозғалыстар, жаттығулар, жаңылтпаштар, дене тәрбиесі, сергіту уақыттарын ұйымдастырса, баланың денесі ширап, көңілі көтеріліп, сабақ материалдарын қабылдау сапасы да артады. Балалар ойын барысында еркін тапқырлық әрекет байқатады, сезіну, қабылдау, ойлау, қиялдау, зейін қою, ықылас, ерік және т.б. түрлі психикалық түйсік пен сезімділікке тәрбиеленеді.

 Халық ойынын көп ойнаған, халық фольклорынан мол сусындаған бала сол халықтың тынысымен дем алатыны және сол ойындар арқылы өз халқының  салт – дәстүріне, туған жерінің географиялық жағдайына, яғни табиғат ерекшеліктеріне мән беріп өсері сөзсіз [6].

Балалар ойынында кейде  өлең-тақпақтар жиі кездеседі. Ол өлең-тақпақтардың негізгі мақсаты тапқырлыққа, шапшаңдыққа, ептілікке баулу, қиялына қанат беріп,ойын ұштау, өз бетімен іскерлікке, қысылған жерде дұрыс шешім қабылдауға тәрбиелеу. Бұған қоса кез-келген ойынның аяғында жеңу бар да, жеңілу бар. Жеңгендер әрі қарай өз биігінде қалуға тырысса, жеңілгендер айып тартады. Ол көбінесе тақпақ айту, ән салу, би билеу түрінде болады. Бұдан қай ойынның да түпкі нысанасы - балалардың бойында өнердің, білімнің, тәрбиенің нұрын себу, өлең, тақпақ айтуға төселдіру екенін аңғару қиын емес.

Жалпы ойынның қандай түрі болмасын, атадан балаға, ұрпақтан- ұрпаққа ауысып отырады. Халық ойындары өмірлік қажеттіліктен туады да, психологиялық жағынан денсаулық сақтауға негізделеді. Тапқыр да алғыр, шымыр да епті, қайратты да қажырлы бала өсіруді армандамайтын отбасы жоқ. Демек ойынның өзі бала үшін біліктің, тәлімнің қайнар көзі болып табылады. Балаларға  ұлттық ойындарды үйретіп, оған өзгеше әр беріп, жаңартып  өткізіп отыруды ата-аналар, тәрбиешілер бір сәт те естен шығармағандары абзал. Өйткені жас өндір бүлдіршіндер ойнай да, күле де, ойлай да білсін!