Аға оқытушы Ахметова И.А., 2 курс студенті Избасар К.А.

ОТБАСЫНЫҢ БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

 

Отбасы бүкіл ғасырлар бойы адам баласы тәрбиесінің құралы болып келеді. Сондықтан ол адам үшін үлкен маңызды орта. Белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралардың сақтаушысы- отбасы болып табылады. Онда бала алғашқы рет өмір жолымен танысады. Отбасының бала тәрбиесінде алатын орны ерекше, оны қоғамдық тәрбиенiң қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Отбасының негiзгi қызметі баланы өмiрге келтiру ғана емес, оның бойына көне заманнан келе жатқан ұлттық тәрбиенің  тағылымдары мен аға ұрпақтың тәжiрибесiн сiңiру, қоғамға пайдалы жеке тұлға етiп тәрбиелеу болып табылады. Ата-ананың өз борышын мүлтiксiз орындауы – үлкен тәрбие мектебi.Осылайша, адамға тән рухани-адамгершілік сапа-қасиеттерді қалыптастырып, дамытудың негізі ең алдымен отбасында қаланады. Ал, отбасындағы тәрбие бесік жырынан бастау алады. Осыған орай ұлы жазушы М. Әуезов «Халқым ел болам десең, бесігіңді түзе» деп айтып кеткендей, отбасындағы тәрбиенің бесік жырынан нәр алуының маңызы айрықша.

Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген отбасы тәрбиесінің құқықтық принципері «Неке және отбасы туралы» заңда нақтылынған. Бұл заңның 52 тарауында баланың отбасылық тәрбиесі, оның құқығын және мақсат-мүдделерін қорғаудың баптары келтірілген. «Баланың өз ата-анасы тарапынан тәрбиеленуіне, оның тілек қалауларының орындалуына, жан-жақты дамуына, оның адами қадір-қасиетінің құрметтелуіне құқығы бар»[1].Сондықтан, өнегелі ұрпақ өсуін тілеп, ұрпақ тәрбиесін отбасынан бастап, әрбір ата-ана бала алдындағы парызын дұрыс атқаруы  қажет.

Отбасы- болашақ азаматтың әлеуметтану жолындағы алғашқы қадамдарын жасайтын бастапқы адым. Ол балаға моральдық қалпы туралы алғашқы түсініктер береді, оны еңбекке баулып, өз- өзіне қызмет ету дағдыларын қалыптастырады. Ата- ананың іс- әрекеті мен мінез- құлқы өмір сүру салты арқылы балаға дүниетанымдық, адамгершілік, әлеуметтік- саяси құндылықтар беріледі [2; 169].

Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала.  Бала - жасы кәмелетке толмаған, жан - жақты тәрбиені қажет ететін, болашағынан көп үміт күттіретін жеке тұлға. Ал, баланың жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп,  тәрбие берушілер ата-ана, жанұя, араласатын ортасы, жолдастары, тәрбиешісі, ұстаздары.

Бала тәрбиесі - қиын да күрделі процесс. Барлық ата- ана баласының тәрбиелі де өнегелі болып өсіп, өз қатарының алды болғанын қалайды. Бірақ баланы осы мақсаттарға сай тәрбиелеу үшін  үлкен  еңбек,  күш - жігер  қажет  екенін бәрі білсе де, бала тәрбиесімен қажетті түрде айналыса бермейді. Кейін бала есейген сәтте, «сен маған тартпағансың, мынаны олай істемедің, ананы былай істемедің, ештеңеге қырсызсың» деп кінәлап жатады. Алайда,  бала неге осындай болды деп ойланып, оның осындай болуына  басты себепкер өздері екенін мойындамайды[3].

«Қоршаған әлеммен байланыстыратын бар жақсылық - ол менің отбасым»,-деп ұлы Абай айтқандай әр бала дүниеге келген сәтінен бастап ес біліп, ер жеткенге дейін ата-анасынан үлгі алады. Кейбір ата-аналар балабақшаға немесе мектепке сеніп, үйде бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайды[4]. Бұл дұрыс емес. ҚР-ның «Білім туралы» Заңында: «Ата-аналар - алғашқы педагогтар» деп жазылған[5].

Отбасы тәрбиесінің қоғамдық және мемлекеттік тәрбиеге қарағанда артықшылығы басым. Алайда, қазіргі қоғамдық өмірде болып жатқан әлеуметтік, экономикалық және демографиялық өзгерістер отбасында дұрыс тәрбие беруде белгілі бір қиыншылықтар туғызады.

Өркениетті қоғам дамыған сайын жанұяда бала саны азайып келеді. Аз балалы жанұяда, негізінен бір баласы бар жанұяда, ішкі жанұялық тәрбиенің ең басты жағдайы жоқ, ол– балалар қарым - қатынасы. Бір балалы отбасы көпшілікпен араласу, ұжымдық қызмет тәжірибесін игеру жағынан баланы қиын жағдайға қалдырады. Бұндай отбасыларда аға, әпке сияқты тәлімгер іні, қарындас сияқты қамқорлығына алатын бауырдың болмауы ұжымдық туыстық қатынастар аясын мүлдем тарылта түседі[6].

Сонымен, отбасы тәрбиесінің проблемасы - ананың жанұя тұрмысынан қолы босамауы. Ананың уақыты жетпеуі көбінсе насихат, жазғыру ұрсу сияқты тәрбиелік ықпалдың нәтижесіз әдістерін пайдалануға мәжбүр болады.

Демек, отбасы - адам өмірінде, оны жеке тұлға ретінде қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Ата-ана мен отбасының өзге мүшелері баланың жас және жеке-дара ерекшеліктерін ескере отырып, рухани-адамгершілік тәрбие берудің формалары мен әдістерін нақты жүзеге асыра білуі тиіс

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.           Қазақстан Республикасының Конституциясы.- Астана: Елорда, 2008.

2.           Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Унтверситеті, Педагогика. Алматы, 2003.- 169б.

3.           А.К. Меңжанова. Мектепке дейінгі педагогика. Алматы: Рауан, 1992

4.           Ә.С. Әмірова. Балаларды көркем әдебиет арқылы адамгершілікке тәрбиелеу. Алматы: Рауан, 1998

5.           Қазақстан Республикасының Білім беру туралы заңы.- Астана: Елорда, 2007.

6.           Қоянбаев Ж., Қоянбаев Р. Педагогика. Астана, 1998.