Ахметова
Б.Б.
№34негізгі
орта мектеп
Бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие
берудің ерекшеліктері
Қазіргі кезде білім беру ісінде, жеке
тұлғаны жан-жақты жетілдіріп, танымдық іс-әрекеті
мен ой-санасын дамытып, қалыптастыру барысында білім берудің
ұлттық, педагогикалық, психологиялық негізін
айқындау керек. Елімізде болып жатқан әлеуметтік,
экономикалық, саяси, мәдени өзгерістерге байланысты оқу-тәрбие
процесін ұлттық сипатта ұйымдастыру - өмір талабы.
Әр халықтың ұлттық-тарихи дәстүрі,
оның азаматтық білім берудегі мәдениеті мен
дидактикалық білімі осы оқу-тәрбие процесіне тікелей
байланысты.
Оқушының
рухани күш-қуаты мен ерік-жігерінің, шығармашылық
қабілетінің, жалпы мүмкіндіктерінің ашылар кезі болып
табылатын бастауыш мектептің негізгі міндеті – жеке тұлғаны
дамытып, оның алғашқы қалыптасуын қамтамасыз ету,
білімге деген сенімін нығайту, іскерлігі мен дүниетанымын
қалыптастыру, оқуға деген қызығушылығын
оятып, ынтасын арттыру болып табылады.
Ата-бабамыздың дәстүрлі
халықтық тәрбиесінің тәжірбиесіне көз
салсақ, бастауыш сынып оқушыларына тәрбие беру ісі,
жан-жақты тіл үйрету, ақыл-ойын өсіру, денесін
жетілдіру, еңбекке баулу, ең бастысы адамгершілік, ізгілік
қасиеттерді сіңіру бағытында жүргізілгенін
көреміз. Мұның барлығы, әрине, бесік
тәрбиесінен басталады. Халқымыз бұл жөнінде
айтқан: «Бесіктегі бала бес түлейді» немесе «жеті атасын білмеген,
жетімдіктің салдары», - деген мақалының түпкі ойы
тереңде жатқаны айқын. Халық педагогикасымен суарылып,
күні бүгінге дейін берер тәрбиесі мол
мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, жұмбақтар,
жаңылтпаштар, ұлттық ойындарды және тағы
басқа ауыз әдебиеті үлгілерінің қайсысына кең
көлемде тоқталып, халқымыздың ғасырлар бойы
сақтап келген бай мұрасын оқушыларға жеткізе білу
үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Оқыту процесінде
мақал-мәтелдерді пайдалана отырып, біз біріншіден, бастауыш сынып
оқушыларына тәрбие беруді жүзеге асырамыз, тіл дамыту,
астарлы мағынасын түсіну, грамматикалық, лексикалық
білім беруді көздейміз, екіншіден, мақал-мәтел-
логикалық образдық ойдың қос қанаттансқан
ғажап табысы болғандықтан, оқушылардың
танымдық процестерін дамытуға қол жеткіземіз.
Бастауыш мектептегі оқу-тәрбие үрдісінде
мақал-мәтелдерді пайдаланудың математика сабағында
алатын орнының ерекше екенін атап көрсетуге болады.
Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер математика
сабақтарында білім беру мен тәрбие көзі. Математикалық
ұғымдарға қатысты мақал-мәтелдер ”Ондық”
концентрі бойынша: «Көп түкірсе – көл болады», «Көп
алғысы - көгертер»,
«Көп сөз - күміс, аз сөз – алтын», «Көсеу
үзын болса, қол күймес», «Қорқақтың
қолы қысқа», «Кең болсаң, кем болмайсың»,
«Өмір – үлкен мектеп», «Артық сөйле, кем сөйле,
таразылап тең сөйле», «Көз бір уыс топыраққа
тояды», «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді»,
«Жақсының күнде бір үйі кеңейеді, жаманның
күнде бір үйі кемиді», «Екі баланың ортасындағы бір
бала дана бала», «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Алтаумын деме, жетеуге
жолығасың, жетеумін деме, сегізге жолығасың», т.б.
Жүз көлеміндегі сандарды нөмірлеуде мынадай мақал-мәтелдердің
алатын мәні ерекше: «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы
елге тарайды», «Бір күн қарны ашқаннан, қырық
күн ақыл сұрама», «Жақсы әке жаман балаға
қырық жылдық азық», «Отызыңда орда
бұзбасаң, қырқында қырып келдім дегенге ешкім
сенбейді», «Елдің көзі – елу», «Алпыс қарсақ ат
болмас», «Алты жасар бала атқа мінсе, алпыстағы шал алдынан
шығады», т.с.с.
Сондай-ақ,
шешендік сөздерді де білімділік, дамытушылық , тәрбиелілік
мақсаттарды көздей отырып пайдалануға болады. Шешендік сөздер баланы сөз
қадірін білуге үйретеді, ата– бабаны ардақтауға
тәрбиелейді, философиялық, данышпандық ой мен өткір
сөздің мән–мағынасын сезініп, терең
ойлауға, тауып сөйлеуге құлшындырады, ой
қисындарын кеңейтіп, сөз өнеріне
қызықтырады. Жиренше, Сырым батыр, Төле би, Қаз дауысты
Қазыбек би, Байдалы шешендермен қатар қазақ
ақындарының шешендік сөздері–ұлы мұра,
терең философия. Мысалы, оқушыларды оқыту процесінде
адамгершілікке тәрбиелеуде шешендік сөздерді қолдануға
болады: «Дүниеде не қымбат?»
Алтын үйім – Отан қымбат,
Құт-береке – атаң қымбат,
Аймалайтын анаң қымбат,
Мейірімді апаң қымбат,
Асқар тауың
әкең қымбат,
Туып
- өскен жерін қымбат,
Кіндік кескен елің қымбат. (Қазыбек би)
Сөз таптарын өткенде және
бекіткенде, өзіндік жұмыстарды орындауда шешендік сөздерді
қолдану оңтайлы болып табылады.
Жоғарыда
айтылғандарды қорытындылай келе оқушыларға дұрыс
тұлғалық қатынас жасау, әрбір тәрбие
жұмыстарын ізгілендіру қағидаларына негізінде
құру, жүйелілікті басшылыққа алу принциптері мұғалімнің
бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие беру
тиімділігін қамтамасыз етеді. Әрине, бұл жерде
материалдық, әдістемелік, психологиялық жағдайлар да
негізге алынуы қажет.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1
Ұзақбаева С.А. Тамыры терең
тәрбие. – Алматы: Білім, 1995. – 232 б.
2
Қожахметова К.Ж.
Мектептің ұлттық тәрбие жүйесі: теория және
практика. - Алматы: РБК, 1997. - 141 б.
3
Табылдиев Ә.Т12 Ұлттық тәрбие: Оқу-әдістемелік құрал. –Алматы: Абай атындағы
ҚазҰПУ, 2010. – 252 б.
4
Ешмұратова Д.С. Бастауыш сынып оқушыларына
ұлттық тәрбие берудің
педагогикалық шарттары- пед.ғыл.канд. ...дисс.автореф. –
Қарағанды, 2009. – 24 б.