Алдамбергенова Мадина, Сражадин Балжан

ҚТӘ-201 тобының студенттері, үйірме мүшелері

Үйірме жетекшісі: п.ғ.к., доцент Досанова А.Ж.

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

А. БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ

Кеңес дәуірі тұсында А.Байтұрсынұлы мұрасының негізінде мектеп оқулықтары – қазақ тілі мен әдебиетінің жазылып әрі оқытылып келгенін анық. Алаш ардагерінің атын атауға Кеңес үкіметі тыйым салғанымен, оның «затын» қолдануға тыйым сала алмағаны белгілі. Бұған дәлел ретінде ғалым-реформатор қалыптастырған қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне қажетті ұғым-атаулар, оларға қатысты анықтамалар мен қисындардың күні бүгінге дейін қолданыста болуын атасақ та жеткілікті!

Қазақ мектебінің негізін салған ағартушы Ы.Алтынсарин орыс тіліндегі «Имя существительное» дегенді «Нәрселердің атауы» десе, А.Байтұрсынұлы «Зат есім» деген атау береді. Ал «Имя прилагательное», «Имя числительное» сөз таптарына тұңғыш ағартушы «Зат-мақұлықтың қасиеттерінің аттары», «Есеп аттары» деп балама берсе, А.Байтұрсынұлы «Сын есім», «Сан есім» деген атау-ұғым берді. «Местоимение» деген орыс терминіне алғашқы ұстаз «Ақыры өзгерілмейтін сөздер» деп аударса, кейінгі әдіскер-ғалым «Үстеу», «Демеу» дейді. Бүгінде бұлар қазақ тілінде қалыптасып кеткен атау-ұғымдар. Осы атаулардың қалыптасуы үшін алдыңғы буын өкілдерінің жіберген кемшіліктерін түзеп-түрлеу арқылы ХХ ғасырдың басында қазақ мектебінің керегін жасаушы, қазақ оқығандарының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы болғаны даусыз.

А.Байтұрсынұлы әліпбиіндегі жетістіктерді лингвист-ғалым Қ.Жұбанов өте жоғары бағалаған. Қ.Жұбанов кім көрінгенге әліпбиді таптатпауға бар күш-жігерін жұмсаған. Мәселен: «...возрежение не выдерживают критики, потому что всякие культурное и иное достижение, оставленное нам нашими врагами - это наше законное наследие. Отказываться от подобного наследия так же глупо  мы не откажемся ни от чего, что составляет лучшее творениях предыдущей истории, если оно в наших руках может быть полезно для нас» деген айшығынан қазақтың қай-қай оқығандарының, оның ішінде қалам ұстап, ұлт намысын жыртқан әрбір еңбектің қадір-қасиетін біліп қана қоймай, оны асыл мұра деп таныған және ұрпаққа жалғасты көпірдей аялағанын көреміз. Ақиқатында, есімі аталмаса да Байтұрсынұлының төте жазудағы түзілген әліпбиі аз ғана өзгеріспен кеңес кезеңіндегі мектепке, яғни бірінші латын, сонан соң кирил әрпіне қопарылып, көшіп отырды. Осылайша ғалымның еңбегі ұрпағына қызметін көрсете берді.

Төте жазуға тұрақтамауымызға сол тұстағы саясат та әсер еткен болуы керек. Дегенмен озық елдің ғалымдары жоғары бағалаған А.Байтұрсынұлы емлесінде тұрақтылық танытқан болсақ, оңынан жазылатын харіптің қасиетін басқаша ұғар ма едік. Ислам дінімен бірге келген әліптің адамзат баласын игілікті істерге жетелері хақ екенін ой-түйсігімізбен қабылдағанмен, ұзақ жылдар кирил әрпімен құрсауланған құлдық сана шырмауынан шыға алмай жүргеніміз де шындық.

А.Байтұрсынұлының ғасыр толып отырған «Оқу құралы. Қазақша алифба» атты оқулығы алғаш 1912-ші жылы Орынбордағы жарық көрген. Автор «Балалар, бұл жол басы даналыққа» деп басталатын «Тарту» атты ғибрат тақпағын оқулықтың беташары ретінде берген. Кітаптың әріп үйретер бірінші бетінің үстіңгі оң жағына Құран сөзі: «Би исми-иллаһи-рахмани-раһим» шырағдандай орналастырылған. Әрі қарай қазақ әріптері төте жазу жолымен рет-ретімен беріледі де, әрбір харіптің тұсына таңбасы және сол таңбаның атауы жазылады. Және төменгі жағына оқытушыға түсінік, яғни нұсқаулығы қатар ұсынылады. Сонымен қатар, соңына қазіргідей шұбыртпалы ұзыннан-ұзын мәтіндер емес, қысқа әрі нұсқа оқушының ұғымына сай, түсінігіне лайық мәселен: Туысқан-туған атаулары, тұрмысқа қажетті киім, үй саймандары, ыдыс-аяқ, мал мен хайуандар атаулары және ас-тағамдармен қатар, дене мүшелерінің атаулары т.б. қамтылады. Оқулық ғалымның аяулы есімі ақталғаннан кейін кирилл қарпіне түсіріліп, ҰҒА-ның Тіл білімі институтының дайындауымен 1992-ші жылы жарық көрген «Тіл тағылымы» атты жинаққа енді.

Қорыта айтқанда, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану теориясының негізін салушы, ұлт мектебінің ұлы ұстазы А.Байтұрсынұлы әліпбиін «ұлттық мұрамыз» деп мақтан тұту - ұрпақ парызы. Ғалым мұрасына мейлінше, адалдық танытып, қажетті деңгейде қадірлеу біздің міндетіміз.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992.

2. Досанова А.Ж. Қазақ әліпбиінің тарихы. Астана, 2011. -150 б.

3. Қазақ әліпбиі қандай жағдайда? «Ана тілі» газеті. 2010жыл, 27 ақпан.