Филология  ғылымдарының  кандидаты,

профессор Қабатаева К.Т., Доцент Тойжігітова М.Ш.,

Аға оқытушы, филология магистрі Билял Б.К.

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті

Қазақ тілін оқытуда студенттердің

 кәсіби қатысымдық,  біліктілік   дағдыларын қалыптастыру                                                                                    

Кәсіби бағдар бере отырып оқыту қазақ тілінде сөйлеу тілін қалыптастыру мен дамытудың ең маңызды факторы болып табылады. Кәсіби бағдарлық дегеніміз – оқыту үрдісінде болашақ маманды қалыптастыру үшін қолайлы жағдай туғызу, тіл үйренушілерді мамандығына сәйкес оқыту, мамандықтарына қатысты лексикалық минимумды игерту.

Мамандардың пікірінше, кәсіби бағытты ескере отырып оқыту студенттердің таңдаған мамандықтарына қажетті білімді толық игерген,кәсіби мүмкіндігі мол маман иесін даярлауда өз әсерін тигізеді.[2]. Студенттерді мамандықтарына қатысты оқыту болашақ мамандардың кәсіби даярлығы мен дағдыларын қалыптастыруда атқаратын рөлі ерекше. Өзінің мамандығы бойынша білім ала отырып, студент кәсіби – жеке тұлғаға тән ерекшеліктерді сезініп, моральдық-психологиялық ахуалды түсіне бастайды. Өзінің болашақ мамандығына тән барлық аспектілермен жете танысып, игерген теориялық білімдерін тиянақтап,мамандығына деген өз көзқарастары қалыптасады.

Кәсіби іскерліктерді жетілдіру жұмыстары кәсіби қызығудың пайда болуымен тығыз байланысты. Ал кәсіби қызығушылық дегеніміз – студенттердің болашақ мамандықтарына жетелейтін, олардың іс-әрекеттерін белсендіретін қызмет. Сондықтан қазақ тілін кәсіби бағытта меңгертуде студент қажеттілігін өтейтін тиімді әдістер қолдану көзделеді.

Қазіргі таңда тілді оқытудың ең басты бағыты – қатысымдық бағыт.Тілді қатысымдық тұрғыдан меңгертуге тілшілер де, әдіскер-ғалымдар да, ұстаздар да ерекше назар аударып отыр. Себебі, қатысымдық бағыт бүгінгі уақыт сұранысынан туып отырған заман талабына жауап бере алады.[3].

Қатысымдық оқытудың нәтижесі – тілдік қатынас. Тілдік қатынас дегеніміз адамдардың бір-бірімен тілдесуі, сөйлесуі, тіл арқылы тілдік қатынас жасауыдеген сөз. Осы тілдік қатынас бойынша зерттеу жүргізіп, оның тілдерді оқытудағы тиімділігін көрсеткен, тілдік қатынастың тұжырымын жасаған ғалым Ф. Оразбаеваның сөзімен алсақ, тілдік қатынас – сөйлеу тілі арқылы ұғынысу, түсінісу дегенді нақтылай келіп, жай ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі тамыры тереңге кеткен, өмірде өзіндік орны бар, қоғамның дамуы үшін ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алмасуы, адамдар қатынасының түп қазығы дегенді білдіреді[1]. Берілген анықтамадан көріп отырғанымыздай, тілдік қатынас – тек сөйлеу тілі арқылы тілдесу ғана емес, сондай-ақ, ол жалпы адамзатқа, қоғамға қызмет ететін, оны қоғамның өзі тудырған, оның әлеуметтік қажеттігін өтейтін күрделі құбылыс.

Тілдік қатынасқа түсушілердің ең басты қызметі – қатысымдық қызмет.

Қатысымдық қызмет бойынша хабар таратушы мен хабар қабылдаушылар тілдік қарым-қатынастың барлық түрлерін іс жүзіне асыра отырып, хабар арқылы бір-бірімен қарым-қатынастық қызмет атқарады. Сондықтан да тілді қатысымдық тұрғыдан меңгертудің алатын орны ерекше.

Қатысымдық әдісін зерттеушілер В.Т.Костоморов пен О.Д. Митрофановалардың “қатысым әдісінсіз жаңа әдістеменің болуы мүмкін емес” деген тұжырымдары өте орынды айтылған [2]. Себебі, тілді үйретуде қатысым әдісінсіз тілді жылдам әрі сапалы меңгертуге, оны кәсіби ортада еркін тілдік қатынасқа түсе алатын дәрежеге жеткізу мүмкін емес.

Қатысымдық әдіс туралы А.Р. Артюнов: “қатысым әдісі дегеніміз – ерекше ұйымдастырылған тілдік әрекет, оның мәні тіл үйренушілердің өзара түсінісіп, әрекет етулері үшін ақпаратпен алмасуларынан тұрады”,- деген пікір айтады[3]. Бұл айтылғандардан, қатысым әдісі оқу үрдісін қатысымдық үрдіске айналдырумен теңестіріледі деген қорытынды жасауға болады. Себебі, оқыту үрдісі қатысым үрдісінің моделі болған жағдайда қатысым әдісінің негізі қаланады.

Қатысымдық тілдерді оқытып үйретудегі негізгі бағыт болып табылады.Өйткені, тілдерді сапалы меңгертуде қойылатын негізгі талаптардың бірі – үйренетін тілде қарым-қатынас жасай білу. Егер студенттерді үйренетін тілде,яғни қазақ тілінде қарым-қатынас жасауға үйреткіміз келсе, онда бүкіл сабақ барысы тікелей қарым-қатынасқа сай құрылуы тиіс. Сондықтан оқытудың барлық үрдісі тек тілдік қарым-қатынасты іске асыратындай құрылып,ұйымдастырылуы керек. Қатысымдық әдістің мәні де осында. Сонымен бірге тілдік қарым-қатынас студенттің қажеттілігін өтейтіндей болуы тиіс.Әрине, бұл жердегі қажеттілік дегеніміз қарым-қатынастың мамандыққа сай құрылуы керек екендігі түсінікті. Сонда тілдік қарым-қатынас қажеттілікті қанағаттандыратын құрал да бола алады.

Профессор Ф.Ш. Оразбаева қатысым әдісін жеке қарастырған әдіскер Е.И. Пассовтың қатысымдық әдістің негізгі мәні оның ұстанымдарын айқындаумен байланысты деген тұжырымын талдай келе, қазақ тілін оқыту барысында қолданылатын қатысым әдісінің алты түрлі ұстанымының ішіндегі ең басты ұстанымы – тіке байланыс ұстанымы деп көрсетеді.[1]

Тіке байланыс болмаса, сөйлесім әрекеті де іске аспайды деген қорытынды жасайды. Қатысымның өзі адамдардың біріккен әрекетінің бір қыры,яғни адамдардың үйренетін тіл арқылы өзара бірігіп әрекет жасауы болып табылады. Қатысымдық әдіс – ақпарат алмасу үрдісі, тіл үйренушілердің алға қойған мақсатқа жетуіне бағытталған белсенді тілдік қатынас үрдісі. Белсенді тілдік қатынастың өзі – тіке байланыс арқылы жүзеге асатын үрдіс. Тіке байланыс – тек қатысымдық әдіске ғана тән ерекшелік. Тіке байланыс арқылы студенттер бір-біріне өз ойларын жеткізеді, өз көзқарастарын білдіреді. Бір-бірінен алған мәліметтерді, ақпараттарды қабылдайды. Сол арқылы жаңа хабарлар мен ұғымдарды меңгереді, ой қорытындылайды. Тіке байланыс арқылы студенттердің өз беттерімен жұмыс істеулеріне жол ашылады. Тілдік қатынастың ары қарай өрбуі үшін әрекет етіп, өзіндік жұмыс атқарады. Бұл қатысымдық әдістің бір ерекшелігі болып табылады. Сонымен бірге, оқыту үрдісіне қойылатын жаңа талапты – студенттердің өз беттерімен білім алуға жағдай тудыру керек деген талапты – ескерсек, қатысымдық әдістің осы талапты іс жүзіне асыратын бірден-бір әдіс екендігіне дау жоқ. Сондай-ақ,қазіргі заман талабына сай студент объект емес, субъект болуы тиіс деген қағида ұсталады. Аталған қағиданы іске асыруда да қатысымдық әдістің орны ерекше. Өйткені қатысымды әдіс–адаммен-адамның бірлескен әрекеті.[4].

Тілдік қатынасқа түсушілер бір-бірінен білімі, көзқарасы, белсенділігі арқылы ажыратыла отырып, бірде субъектінің рөлінен объектінің рөліне ауысса, келесі мезетте объектіден субъектінің рөліне ауысады. Бұны қатысымдық әдістіңекінші ерекшелігі деп есептеуге болады.

Қатысымдық әдістің үшінші бір ерекшелігі – тілдік қатынастың проблемалық жағдайға сай құрылуы. Бұл жердегі проблемалық дегеніміз – тілдік қатынасты жүзеге асыруға бағытталған жағдайлар. «...любой речевой поступок должен совершаться только в условиях соответствующей речевой ситуаций», - деп көрсетеді Е.И. Пассов [4]. Яғни, қазақ тілін үйретуде үйренетін тілде тілдік қатынасты іске асыру үшін тілдік қатынас міндетті түрде болатын проблемаға тап болуы тиіс. Сонда ғана тіл үйренушінің тілді жылдам әрі сапалы меңгеруіне жол ашылады. Студенттің тіл үйренуге деген

қызығушылығы оянып, белсенділігі артады. Себебі, қатысымдық әдіс – тілдік қатынасқа түсушілер арасында белгілі бір проблеманы шешуге негізделген үрдіс. Ол проблемалар студент мамандығына сай құрылады. Проблемалық жағдай туғызуда мынадай ережеге сүйену керек:

1. Проблемалық сұрақтарды студенттердің білмеуі;

2.Проблемалық сұрақтарды шешуде студенттердің бұрынғы қалыптасқан білімін пайдалану, ол жетіспеген жағдайда жаңа ұғымдарды іздестіру.

П.И. Пидкасистый проблемалық жағдай туғызу мен оны шешудің 5 кезеңін былай деп көрсетеді:

1. Проблемалық жағдай туғызу.

2. Проблеманы шешу және оған өз тұжырымын беруге әрекет ету.

3. Қиындық тудырған мәселе бойынша талдау жасау, өз ойларын

білдіре білу.

4. Ол жауабының дұрыстығын дәлелдеу.

5. Проблемалық жағдайды толық шешу, оған көз жеткізу.

Проблемалық оқыту әдісінің осы бес кезеңін іске асыру барысында студент міндетті түрде белсенді тілдік қатынасқа түседі. Өйткені ол белгілі бір мәселені шешу бойынша ой бөліседі, өз көзқарастарын білдіреді, оны дәлелдейді. Бұның бәрі тілдік қатынасқа түсудің бірден-бір жолы және студенттің өзіндік жұмыс істеуіне мүмкіндік туады. Яғни, проблемалық оқыту дегеніміз – оқытушы мен студенттердің бірлескен оқу және іздену әрекеті.

Проблемалық жағдайларды шеше отырып, студенттердің өз беттерінше саралау, түсіну, игеру, талдау, баға беруі болып табылады.Проблемалық оқыту әдісі арқылы қазақ тілі сабағын ұйымдастырғанда оқу қызметінің бес түрін де (тыңдалым, тілдесім, оқылым, жазылым,айтылым) жетілдіруге болады. Бұл әдісті сабақ барысында қолданғанда студенттердің шығармашылық белсенділіктерін жетілдіреді, пәнге деген қызығушылықтары артып, пәннен терең білімділіктерін дамытады.

Студенттердің ғылыми тұрғыдан ойлау дағдылары қалыптасады. Көтерілген мәселе бойынша көпшілік ақпарат құралдары мәліметтерімен, кітапханада, қосымша  әдебиеттермен, энциклопедиялық сөздіктермен жұмыс істей отырып кәсіби білім қорларын молайтады. Қозғалған мәселе бойынша бір-бірімен ой бөлісуге, сол арқылы белсенді тілдік қатынасқа түсуге мүмкіндік туындайды.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, тілді қатысымдық тұрғыдан меңгертудің негізгі ерекшеліктері мынандай болады. Біріншіден,қатысымдық оқыту үнемі тілдік қатынастың кәсіби бағытта жүргізілуін қамтамасыз етеді. Яғни, сабақтың барлық кезеңінде, тәжірибе жүзінде,студенттердің бір-бірімен тілдесе отырып, тілдік материалды меңгерулері болып табылады. Екіншіден, әр студенттің жеке бас қасиеті ескеріледі.

Топтағы кез келген адамдар бір-бірінен өздерінің сөйлеу, ойлау қабілеті,қызығушылығы т.б. қасиеттері арқылы ажыратылады. Қатысымдық тұрғыдан оқыту осы жеке қасиеттердің барлығын ескере отырып, әр студенттің танымына, қызығушылығына, қабілетіне сай ұйымдастырылады. Үшіншіден, қатысымдық тұрғыдан тілді меңгертуде оқытудың проблемалық түрі басты орын алады. Студенттер алдына мамандықтарына сай мәселе қойылады. Ол мәселелерді шешуді студенттердің өздері іске асырады. Берілген мәселені шешу барысында студенттер өз пікірлерін білдіреді, көзқарастарын, ойларын жеткізеді. Сол арқылы кәсіби тілдік қор молаяды. Төртіншіден, қатысымдық тұрғыдан тілді меңгертудің басты ерекшелігі– оқу үрдісінің үнемі өзгеріп отырылуы, яғни, жаңашылдығы.

Ал кәсіби біліктілік деген не? Ол - маманның таңдаған кәсібі алдындағы талаптарды, міндеттерді және оған сәйкес көзқарастарды, пікірлерді, нұсқауларды барынша қабылдау деген сөз.

   Кәсіби бағыттылықты дамытудың маңызды міндеті –студенттерді әр кәсіптің ерекшелігімен, олардың мазмұны туралы толық біліммен қаруландыру, әрбір кәсіптің  жеке қасиеттерімен, қоятын талаптарымен таныстыру, таңдап алған кәсібіне деген терең қызығушылығын ояту, маңыздылығын сезіндіру, оның қоғамдық өмірдегі әлеуметтік беделін түсіндіру болып табылады. Әсіресе, студенттердің болашақ кәсібіне байланысты мәселелерді шешу барысындағы олардың шығармашылық ой қабілеттерін қалыптастыру.

Кәсіби білікті мамандарды мемлекеттік тілде дайындаудың алғы шарты – жоғары оқу орнында оқып жүрген студенттер өз мамандықтары салаларындағы ғылыми терминологияны толық игеруі тиіс. Егер студент жоғары оқу орнында мамандық негіздерін ғылыми тұрғыда меңгермесе, онда нағыз біліктілік деңгейіне жете алмайды. Бұл – қазіргі өмір шындығы.

   Тілдерді толық игергенде ғана жас маман  күнкөрісіне қажетті еңбекке орналаса алады және өз мамандығы бойынша кәсіби толысуға, кемелденуге мүмкіндік алады. Кәсіби қалыптасуын жетілдіреді, дамытады, тереңдетеді. Жоғары оқу орындарындағы техникалық, экономикалық т.б. мамандықтар бөлімдері студенттері үшін кәсіби-ғылыми терминдер жүйесі ұсынылады. Осыдан келіп мемлекеттік тілдің негізінде мамандарды дайындайтын ғылыми тіл қалыптасады.[5].

    Ғылыми ойлау – ғылыми тіл жүйесіндегі терминдерді керек етеді. Сондықтан ғылыми  тілді игерудің шынар биігі  - ғылыми ойлауды дамыту. Бұны ескермеген маманның сөйлеу тілі қалыптаспаған, түсініксіз, сөйлемдерді шұбалаңқы, тұжырымдары күңгірт келетіні ақиқат.Ғылыми тілді үйрену – ғылыми ойды дамыту, ғылыми ойды ана тілінде қалыптастыру болашақ маманнан шеберлікті қажет етеді.Заманауи білім беру үдерісі ең алдымен жеке тұлғаға бағытталып,студенттің іскерлігін, коммуникативтік құзыреттілігін дамыту міндеттерімен ұштасып жатқандығын ескере отырып, қазақ тілінің білім мазмұнын құрудағы әдіснаманы дұрыс таңдап алу қажеттілігі туындайды. Ол үшін қазіргі заман талабына сай мемлекеттік тілді меңгертуде озық технологияларды, ұтымды әдіс-тәсілдерді пайдалану, білім беру саласында жүйелі жұмыстар атқару – еліміздегі ең маңызды әрі кезек күттірмейтін ауқымды мәселелердің бірі болып отыр.

Осыған орай кәсіби бағдар бере отырып оқыту қазақ тілінде сөйлеу тілін қалыптастыру мен дамытудың ең маңызды факторы болып табылады. Кәсіби бағдарлық дегеніміз – оқыту үрдісінде болашақ маманды қалыптастыру үшін қолайлы жағдай туғызу, студенттің мамандығына сәйкес оқыту,мамандықтарына қатысты лексикалық минимумды игерту.

Ғалым Ф. Оразбаева; « Тілдік қатынас – жай ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі тамыры тереңге кеткен, өмірде өзіндік орны бар, қоғамның дамуы үшін қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алмасуы, адамдар қатынасының түп қазығы дегенді білдіреді»[1] -дейді. Берілген анықтама бойынша тілдік қатынас – тек сөйлеу тілі арқылы тілдесу ғана емес, сондай-ақ, ол жалпы адамзатқа, қоғамға қызмет ететін, оны қоғамның өзі тудырған, оның әлеуметтік қажеттігін өтейтін күрделі құбылыс.

Қазіргі таңдағы тіл саясатының басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді дамыту мен оның қолданылу аясын кеңейту болса, оның кешенді тармағы – тәуелсіз мемлекетіміздің болашағына адал қызмет ететін мемлекеттік тілді жетік меңгерген кәсіби мамандар даярлау болып табылады.Мамандандырылған жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілді оқыту- студенттердің тілді болашақ кәсіптік қызмет бабында және жеке қарым-қатынасында қолдана алатындай іскерлік пен дағдыларды игерту Әсіресе ,студенттердің кәсіби сөйлеу тілін мәтіндер арқылы дамытуды жүзеге асыру нәтижесінде мақсатын көздейді.

Олардың мамандық бойынша білімдері толықтырылып, мәтінмен жұмыс істеу дағдылары жетілдіріледі. Мәтіндермен жұмыс барысында студенттер болашақ мамандықтары туралы қосымша мәліметтер мен атқарылатын іс-әрекеттеріне байланысты ақпаратпен қамтамасыз етіледі.
 Әдіскер ғалымдардың еңбектеріне сүйенсек Ф.Оразбаева өзінің «Тілдік қатынас : теориясы және әдістемесі» атты зерттеу еңбегінде: «Мәтін – адамдар арасындағы тілдесімдік қатынастың жемісі. Адам өз ойын екінші біреуге жеткізген кезде қалай болса солай айтылған сөйлемдер тізбегін құрамайды. Керісінше, жинақталған пікірін, көзқарасын бір-брімен ой жағынан да, қалпы тарапынан да бірлескен сөйлемдер жүйесімен, яғни мәтін арқылы жеткізеді, баяндайды…. Адам тілдік қатынаста үлкенді-кішілі, ірілі-ұсақты мәтіндерді сөйлесім әрекетінің кез-келген кезеңінде ойдан құрап, қолдана береді»[1]- деп атап өтеді. Тіл үйренушілендің кәсіби сөйлеу тілін мәтін арқылы дамыту жұмыстары сабақтардың бастапқы кезеңінен жүзеге асырылады.  Кәсіби бағдарлы оқыту барысында ең алдымен, студенттердің кәсіби мамандықтары ескеріліп, сол мамандыққа қатысты сөздер, сөз тіркестері, негізгі ұғымдар мен терминдерге, олардың лексика-грамматикалық ерекшеліктеріне баса назар аударылады. Мәтінде қамтылатын материалдар жүйесі мамандыққа қатысты оқытылатын арнайы пәндермен тығыз байланысты болып келеді. Бұл орайда құрылымы, мазмұны жағынан қарапайым мәтіндерді өз бетімен оқытуды жетілдіру, сұрақ қою, сұраққа жауап беру, жаңа тақырыптық лексикамен жұмыс істеу, яғни сөз, сөз тіркестерімен сөйлем құрау, талдау сияқты жаттығу түрлерімен қатар, мәтіннен қажетті ақпаратты тауып, қорытындылау, жинақтау көзделеді.
   Студенттердің кәсіби сөйлеу тілдерін дамытуды қамтамасыз ететін мәтін түрлеріне баяндама, талқылау, әңгіме,пікірлесу,хабарлама, сұрастыру,сұхбат жатады. Басты мақсатымыз - болашақ мамандыққа байланысты сөздерді қазақ тілінде үйретіп, кәсіби сөйлеу дағдыларын қалыптастыру. Кәсіби лексиканы мәтіннен таба білу, оны мәтіннен тыс жағдайда орынды қолдану – олардың іскер, жан-жақты дамыған, өз мамандығын жетік меңгерген терең білімді маман тәрбиелеу болып табылады. Қазақ тілінен берілетін әрбір сабақтың тәрбиелік, танымдық жағына баса мән беріп, оның болашақ мамандығының өмірдегі қажеттілігін саналы түрде түсінуіне мүмкіндік туғызу қажет.

Тіл үйрету сабақтарының бастапқы кезеңдерінде мәтіндердің берілу қағидаттары қарапайымнан күрделіге қарай алмасу заңдылықтарына негізделеді. Кәсіби бағдар барысында оқыту мәселелеріндегі мәтін таңдау ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ, мұнда ең алдымен тіл үйренушінің кәсіби мамандығы ескеріле отырып, сол мамандыққа қатысты сөздер, сөз тіркестері, тұрақты тіркестер, негізгі ұғымдар мен терминдерге көңіл аударылып, олардың лексикалық-грамматикалық ерекшеліктеріне баса назар аударту жұмыстары жүргізіледі. Бұдан кейінгі кезекте, әдетте студенттер берілген сөздер мен сөз тіркестерін пайдалана отырып, кәсіби бағытта мәтін құрастырады. Мәтінде қамтылатын материалдар жүйесі мамандыққа байланысты оқытылатын арнайы пәндермен тікелей ұштастыра алынады. Себебі кез-келген мамандық иесі өзі таңдаған кәсібінің қыр-сырын жетік меңгеруге мүдделі және өз ойын кәсіби сөйлеу тілінде жеткізуге ұмтылуы оның мамандыққа деген сүйіспеншлігін арттыру мәселесіне келіп тіреледі.
   Оқыту барысында аталған мақсаттарды жүзеге асыру үшін бірінші кезекте студенттерге кәсіби танымдық мазмұндағы құрылымы, мазмұны жағынан қарапайым мәтіндерді өз бетімен оқытуды жетілдіру, сұрақ қою, сұраққа жауап беру, жаңа тақырыптық лексикамен жұмыс істеу, яғни сөз тіркестері мен сөйлем құрау, талдау сияқты жаттығу түрлерін орындаумен бірге, мәтіннен қажетті нақты ақпаратты табу көзделеді.Тілді оқытуда мәтіннің қатысым әрекетіндегі маңыздылығына сәйкес, оны іріктеп, таңдаудағы негізгі ұстанымдар төмендегідей жүйеленеді.

1. Мәтін мазмұны толықтай аяқталып, белгілі бір логикалық жүйеге бағыну.

2. Мәтін тақырыбы күнделікті өмір талабына сай, танымдық сапасы жоғары, тәрбиелік мәнінің зор болу.

3. Мәтін мазмұны тіл үйренушілердің түсінісуіне қолайлы, даму деңгейлеріне сай болу.

4. Мәтінді іріктеп, таңдауда фонетикалық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктердің ескерілуі.

5. Мәтіннің танымдық қызығушылықты арттыруы.

6. Мәтін мазмұнының нақты, қызықты болуы.
Осы талаптарды негізге ала отырып, мәтін тақырыбын таңдауда төменедегі үш бағытты ұстанамыз:

- студенттің күнделікті өміріне байланысты болуы;

- қазақ халқының мәдениеті, дәстүрімен байланысты болуы;

- болашақ мамандығына байланысты болуы.

 Кәсіби тілде қарым-қатынас жасау сөйлесім әрекетінің барлық түрлері тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым, тілдесім әрекеттерінің негізінде жүзеге асырылады.[5].

Әр студенттің мамандығына қатысты лексиканы меңгеруіндегі негізгі шарт – сөздік қорының мол болуы. Өйткені, сөздік қоры жеткілікті студент тілде жаңа туынды сөздер мен жаңа мағыналы сөздерді жасап, тілдесуде кеңінен қолдана алады. Тілдесімнің кәсіби бағдарлық, тақырыптық, шығармашылық түрлері студенттің сөз байлығын арттырып, толықтырады. Тақырыптық лексиканы үйретуде оны  күнделікті өмірде қолданылуының жеңіл болуын, мамандыққа қатысты  ұғымына мағынасының сай келуін, оқытылатын тақырыптармен байланысты таңдап алуынуын, мағыналық ерекшеліктерінің ескерілуін, сөздердің тәрбиелік ұғымға сәйкестілігін ескерген жөн. Осындай ерекшеліктерді ескерген жағдайда ғана студенттің мамандық саласына байланысты тілдесуі өз дәрежесінде дамиды.[6].
    Оқытудың қазіргі уақыт талаптарына сай әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, кәсіби бағытта жүйелі жұмыс жүргізу арқылы студенттердің сөздік қорларын байытып, кәсіби сөйлеу тілдерін дамытуға болады. Тиімді жұмыс барысында студенттердің өз бетінше ақпарат алып, онымен жұмыс істеу дағдылары дамытылып, мамандықтары бойынша білімдері толыға түсері сөзсіз. Тілді мамандыққа қатысты оқытудың ұтымды жақтары мыналар:

- студенттер қазақ тілін кәсіби қатынас құралы ретінде қолдана алады;

- кәсібіне байланысты жинаған сөздік қорды жұмыс орнында пайдаланып, өз мамандығына қатысты ой-пікірлерін нақты, анық жеткізу дағдысы қалыптасады;

- қазақ тілінің танымдық қызметінің маңызы арта түседі;

- қазақ халқының рухани және тарихи-мәдени байлығын тіл арқылы таныту негізінде студенттер  білімдерін молайтады;

- күнделікті қызмет бабында ресми-іскери сөйлесуге тән тұлғаларды меңгеріп, мамандыққа қатысты ойларын жазуды үйренеді;

- болашақ маманның тұлға ретінде қалыптасуына, өсуіне және дамуына, өз мамандығын саналы сезінуіне мүмкіндік туады.

Осы тұрғыдан мамандыққа сай қазақ тілін сапалы оқыту – қазіргі уақыт сұранысынан туындап отырған өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Мемлекеттік тілдің әлеуметтік-қатысымдық қызметін кеңейту мен дамытуда оның ғылымда, өндірісте, елдің халықаралық байланыстарында қолдану аясының кеңи түсуі студенттердің болашақ мамандығымен де байланысты екендігін көрсетеді. ЖОО-ны бітірген жас маман еліміздің өндірісі мен экономикасын ілгері дамытатын кәсіпкер. Оның алдыңғы қатарлы маман болуы өз елінің мемлекеттік тілін жоғары деңгейде білуімен терең сабақтасады.

 

Пайдаланған  әдебиеттер:

1. Оразбаева Ф. Ш. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. – Алматы:

РБК, 2000. -207б.

2. Дьяченко В.К. Сотрудничество в обучении. – М.: Просвещение, 1971.

-191 с.

3. Кәтембаева Б. Ќазаќ тілінен методикалыќ нұсќау., Алматы, 1993.

4. Пассов Е.И. Коммуникативный метод обучения иноязычному

говорению. – М.: Просвещение, 1985. -208с.

5.Қадашева Қ. Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми-әдістемелік   негіздері.-Алматы,2001.-301б.

6.Шаханова Р.Ә. Техникалық жоғары оқу орындарының орыс бөлімдерінде қазақ тілін мамандыққа қатысты оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері.-Алматы,2002-327б.