Филологические науки
Рапишева Жанат Дабылвона, фил.ғыл.,канд., Е.А.Букетов ат. Қарағанды мемлекеттік
университетінің доценті
Нұрмағанбет
Жібек Серікқызы
Н.Әбдіров ат. №10 орта
мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі, Қазақстан
ТЕРМИНОЛОГИЯЛЫҚ
СӨЗДІКТЕРДІҢ ТЕРМИН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ
Термин жасап, оны қолданысқа енгізуде сөздіктердің
атқарар қызметі мол. Терминологиялық сөздіктер,
біріншіден, ғылым саласының дамығанын көрсетсе,
екіншіден, терминологиялық лексиканың нормалануына, әдеби тіл
деңгейінің де қалыптасуына септігін тигізеді.
Тіл материалдары сөздік ретінде жинақталардан бұрын
бірнеше сатылардан өтеді, яғни іріктеледі, сұрыпталады,
дамиды. Тіл де қоғамдағы ірі өзгерістерге байланысты
қырналып, екшеліп ары қарай өріс алуына мүмкіндік
туады. Ғылым, білім, экономика, әдебиет, мәдениет т.б дамуы,
өркендеуі негізінде тіл де дамиды, құрылысында
бұрын-соңды болмаған өзгерістер, жаңа
заңдылықтар пайда болады.
Терминологиялық
сөздіктердің сапалық жағынан жақсаруы
терминография саласының дамуымен тікелей байланысты. Сондықтан
бұл саланың дамуы үшін терминологиялық
сөздіктерді жасаудың тиімді әдіс-тәсілдерін зерттеумен
айналысу, әр түрлі терминологиялық сөздік
түрлерін жасаудағы тәжірибелерді жинақтап
көрсету, сөздік түрлерін анықтау және
оларға тән ерекшеліктер мен олардың
әрқайсысының мақсаттарын айқындап көрсету,
сөздіктердің құрылымдық ерекшеліктерін анықтау,
терминологиялық сөздіктерді арнайы ерекше тілдік нысан ретінде
қарастыру және терминологиялық сөздіктерді
автоматтандыру (информатика тіліне салып, программалау) сияқты т.б. толып
жатқан бірқатар маңызды жұмыстарды іске асыру
қажет [1, 158].
Жалпы
қазақ терминологиясы дамуының әр кезеңінде
жарық көрген кез келген терминологиялық сөздік мамандар
сарабынан өтіп, лексикографиялық, терминографиялық
тұрғыдан зерттеліп отырса, терминологиямыз кемшіліктерден арылып,
оның жетіле түсері анық. Әсіресе соңғы он
бес-жиырма жылдың көлемінде көптеген терминологиялық
сөздіктер басылып шықты. Олардың арасында терминографиялық
талаптарға сай жасалған, білікті мамандардың қолынан
шыққандары да болуымен қатар, сын көтермейтін
сөздіктер де аз емес. Терминдердің бірізді қолданылуы,
қалыптасуы терминологиялық сөздіктердің сапалы
жасалуымен тікелей байланысты.
Жаңа
қолданыстарды көпшілік арасында таратып, насихаттап,
орнықтыру, тұрақтандыру ісінде сөздіктердің
жетекші орынды иемденетіні сөзсіз. Сөздіктер материалдарында
жаңа сөздер мен жаңа қолданыстар қоғамда
болып жатқан өзгерістерге орай күн санап қатарын
толықтырып келеді. Ғалымдар
бұл мәселеге 1) сыртқы жағдаяттардың, яғни
өмірде болып жатқан жаңа құбылыстардың,
тың ұғымдардың; 2) тілдің өзінің ішкі
даму заңдылықтарының, яғни сөз
мағынасының өзгеруінің, кеңеюінің,
басқа да әр түрлі тіркесу құбылыстарының
болатындығынан деп көрсетеді [2, 7]. Басқаша
айтқанда, экстралингвистикалық және интралингвистикалық
факторлар әсерін дұрыс ескерген жөн.
Сөздіктердің
мақсаты қалың оқырманға ғылыми
ақпарат беру емес, көпшілікке қажетті жалпы ақпаратты
негізді жеткізу үшін қолданылатын салалық терминдер
жиынтығы болып табылады. Сондықтан терминдердің
ұлттық түсіндірме сөздікте, салалық
терминологиялық сөздікте, энциклопедиялық сипатты
сөздіктерде, автоматты сөздік түрлерінде және оқу
сөздіктерінде берілу заңдылықтары терең зерттеуді
қажет етеді.
Терминнің
ғылыми тіл мен әдеби тілдегі мағыналары сәйкес
келмейтіндігі белгілі. Себебі ғылыми тілде – ғылыми
ұғым, әдеби тілде – күнделікті қолданымдағы
ұғым беріледі. Бұл ерекшелікті академик Л.В.Щербаның
келтірген мысалы арқылы өрнектеуге болады: түзу (геом.) – екі нүкте аралығындағы ең
қысқа қашықтық. Әдеби тіл
сөздігінде: түзу –
оңға, солға, жоғары, төмен ауытқымайтын
сызық, т.б. [3, 89-117].
Қалай
болғанда да, терминдерге анықтама беруде жалпы тілдік
сөздіктер мен арнаулы терминологиялық сөздіктер мынадай
жақтарымен ұқсас болып келеді: 1) ұғымның
ғылыми репрезентациясы үшін қажетті және жеткілікті
белгілерді сұрыптаудағы ұстанымдары бірдей болуы; 2)
анықтамаларда жүйелік байланыстардың бейнеленуі. Жалпы тіл
сөздіктерінің арнаулы сөздіктерден ерекшеленетін тағы
бір жағы бар. Ол – энциклопедизм элементтерін қолдануға
ұмтылу. Бұл сөздіктің мақсатына сәйкес
келеді. Түсіндірме сөздіктегі терминнің дефинициясына
ғылыми анықтама үшін міндетті элементтерден де басқа,
қосалқы мәндер мен белгілерді енгізу тәжірибесі бар.
Формальды жеткіліктіліктің шегі өзгеріп, мазмұнды
ұғым жағына ауысу байқалады. Мұндай шешімге
барудың себебі әртүрлі. Ол идеологияға да, мәдени
ерекшелікке, тіпті тілдік ерекшелікке де байланысты болуы мүмкін.
Бұл филологиялық сөздіктің белгілі бір нақты
типімен, затқа деген осы типке тән ерекше көзқарас,
көрінім тұрғысының болуымен байланысты болуы
мүмкін [4].
Терминдер
үшін, мысалы, маңызды ассоциациялар тудыратын нүктелерді
көрсету маңызды. Сөздік материалдарындағы атмосфера
терминін алалық. Бұл ұғымның мазмұнында
мынадай белгілер бар: құрамы
(ауа мен булар), жағдайы (жер шарының қабаты), биіктігі,
құрылымы (атмосферадағы қабаттар), атмосфераның
қысымы, жарықтың шашырауы, метеорологиялық
құбылыстар, атмосферадағы өзгерістер. Дефиниция: жер шарының айналасындағы ауа
қабаты. Бұл терминде бірнеше тұрақты тіркестер
беріледі: атмосфераның
қысымы, ауырлығы, басуы; атмосфераның қабаттары,
шектері; қою, сирек, жеңіл, суық, тыныш, түнерген
атмосфера; атмосфера қыза бастады, салқындады, тазарды, жаңарды.
Енді осылардан жалпы тілге тартылған ассоциациялық байланыстар да
көрсетілуі керек: қабат
(бұл оның атмосферасы емес), ауа (бір ауамен демалу),
түнерген ауа; ауа қысып отыр. Тыныш ауа т.б. Тілдегі осындай
белгілер анықтамаларда немесе сөздің тіркесімділік
формулаларында (қосымша семантикалық сипаттамаларда) берілуі керек
[5, 12].
Терминологиялық
сөздіктер – лексикографиялық сипаттамалардың ерекше типі
болып саналады. Олардың энциклопедиядан ерекшелігі – нысандары заттар
емес, таңбалық жүйенің компоненттері болуына
байланысты. Ұқсастығы – екеуінің де ғылыми
білімге бағдар ұстауы. Олар әдеби тілдің
сөздіктерімен өз нысандарының таңбалық
жүйеге жататындығы жағынан ұқсас. Ерекшелігі –
нысандарды ареалдық деңгейде ғана қамтуында. Өзге
саланың терминдері мен бейтермин элементтерін сипаттамайды. Және
мағынаның ұғымдық компонентін сипаттауға
басым бағдарланумен, яғни сипаттамада ғылыми білімдерді
көп дәрежеде пайдалану мүмкіндігімен ерекшеленеді.
Терминнің
мағынасына түсіндірме беруде оның ғылыми анықтамасына
сүйенуіміз қажет. Түсінік берудің варианттары көп
болғандықтан, бір вариантқа тоқталу керек. Жалпы
халықтық лексикадан құралған он томдық
түсіндірме сөздікте ақша сөзіне «1. Товар өндірісі мен айналысы процесінде
барлық товарлардың құнын бейнелеу үшін
бөлініп шыққан, жалпы эквивалент (балама) болып табылатын
айрықша товар; 2. Сауда-саттық
кезінде құн өлшемі ретінде пайдаланылатын металл және
бағалы қағаз» деген анықтама берілгенін
көреміз [5, 22]. Бұл сөздің экономика саласында
қолданылатын терминдік мағынасы олардан біраз ерекшеленеді: «ақша – тауарлар мен
көрсетілетін қызметтердің өлшемі болып табылатын,
жалпыға бірдей балама рөлін атқаратын, кез келген тауарлар
мен көрсетілетін қызметтерге айырбасталатын ерекше тауар» [4,
19].
Қазіргі жаһандану дәуірінде қоғамдық,
ғылыми жұртшылық, әртүрлі салада еңбек
ететін көпшілік қауымның қажеттілігін
қанағаттандыру үшін ғылым мен техника, өнер саласына
байланысты қазақ терминологиясының сөздіктерін
жетілдіру, әртүрлі шаруашылық саласындағы кәсіби
мамандыққа, әдет-ғұрып пен
тұрмыс-салтқа қатысты халықтық сөздерді
жинап, лексикографияның нысанына айналдыру, бұрын жасалған
фразеологиялық, ономастикалық т.б. сөздіктерді әлі де
жетілдіру, тарихи, этимологиялық, сөзжасамдық
сөздіктер, кейінгі кезде енген жаңа сөздер мен сөз
тіркестерінің сөздігін және т.б. жасау тілші ғалымдар
мен әртүрлі сала мамандарының бірлескен әрекетін
қажет етеді және тіл мамандарына терминография теориясына
байланысты зерттеулерді жетілдіру міндетін жүктейді.
Қазақ
тіл білімінде терминологиялық сөздіктер, тақырыптық
сөздіктер арнайы зерттеу нысанына айналмаған, тың
мәселелердің қатарында. Мемлекеттік тілді үйрету,
қазақ тілін басқа тілді аудиторияларды оқыту ісінде
мұндай сөздіктердің берері мол. Сол себепті
тақырыптық үлгідегі
термимнологиялық сөздіктерді құрастырудың,
олардың өзіндік ерекшеліктерін айқындап, зерттеудің
маңызы зор.
Әдебиеттер тізімі:
1.
Құрманбайұлы Ш. Қазақ лексикасының
терминденуі. –Алматы: Ғылым, 1998. – 208 б.
2.
Түсіпқалиева Р.
Қазақ лексикографиясы: екітілді шағын
сөздіктердің құрылымы. Фил. ғыл. канд. дис.
автореф. –Алматы, 2007. – 24 б.
3. Щерба Л.В. Опыт общей теории лексикографии // Известия АН. Отд.
л-ры и языка. – 1940. – Вып.3. – С. 89-117.
4.
Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми
түсіндірме сөздігі. Экономика және қаржы. – Алматы:
Мектеп, 2003. – 304 б.
5. Қазақ тілінің түсіндірме
сөздігі. Он томдық. – Алматы, 1976-84. 1-том. 694 б.