Набидуллин А.С.
Аударма
ісі 2-курс маристранты
Қазақстан,
Алматы
ҚАЗАҚ ЖӘНЕ АҒЫЛШЫН ТІЛДЕРІНДЕГІ ТҮР-ТҮС
АТАУЛАРЫНЫҢ ТАНЫМДЫҚ-СЕМАНТИКАЛЫҚ СИПАТЫ: САЛҒАСТЫРМАЛЫ
ТАЛДАУ
Соңғы кезде тіл білімінің құрылымды
парадигмасының антропоцентристік парадигмаға өтуі
нәтижесінде интегралды сипаттағы пәндердің пайда болуы
байқалады. Лингвистика философия, психология, әлеуметтік және
мәдениет ғылымдары аспектілері негізінде, ең бастысы – тілдік
құбылыстар адаммен, оның ойлауымен және
практикалық қызметімен ұштастыра зерттеле бастады.
Бұл
ғылымдардың тығыз қарым-қатынаста болуы тілдің құрылымдық,
функционалдық жүйесінің кешенді үлгілерін
айқындауды мақсат етеді. Мысалы, когнитивтік лингвистикада тіл мен
таным бірлікте қаралады. Яғни тіл мен таным
сабақтастығы адамға қатысты біртұтастықта
қаралады. Адамға тұтастық деп қарау бірнеше
ғылым саласының зерттеу әдістері мен
құралдарының бір мәселе үстінде тоғысуына
әкеледі.
Когнитивті
лингвистиканы танымдық тіл білімі немесе тілдің танымдық
сипатын зерттеуші антропоцентрлік бағыттағы тіл білімінің
үлкен бір саласы деуге болады. Танымдық тіл білімінің негізгі
зерттеу нысандары – таным мен ақыл, ой мен сана, тіл мен таным, тіл мен
ой [1, 4].
Концепт
– ұлттық болмысқа негізделген ұжымдық және
тұлғалық санадағы ақпараттар бірлігі ретінде
танымдық лингвистиканың басты ұғымы болып табылады. Ол
зерттеудің түрлі қырларына қарай
лингвомәдениеттану, психолингвистика және когнитивті линвистикада
жан-жақты қарастырылуда.
Әлемдік
лингвистикада, яғни шетел ғалымдары мен орыс
тілші-ғалымдарының зерттеулерінде когнитивтік талдаудың
негізгі әдіс-тәсілдері, қазіргі бағыттары, жалпы
алғанда, концепт дегеніміз не, оны қалай танып білуге болады дегендер
туралы жалпы бағыттар мен
көзқарастар Н. Хомский, А. Вежбицкая, Н. Арутюнова,
Дж. Лакофф, Г. Филлмор, Ю. Апресян, В. Маслова, Ю. Караулов
және т.б ғалымдардың еңбектерінде аталған. Ал
орыс тіл білімінде концепт жөнінде алғаш рет ғылыми тұжырым
айтқан С.А. Аскольдов деп аталынды, көптеген зерттеушілер
оның көзқарастарын арқау етеді.
Қазақ
ғылымына келетін болсақ, бізге дейін бұл мәселемен
шұғылданған ғалымдар жалпы, қазақ
ғылымында когнитивистика жайында көзқарас білдіргендер деп А.
Байтұрсынов, Қ.
Жұбанов, Ә. Қайдар, Е. Жанпейісов, М.
Копыленко, Э.
Сүлейменова, Ж. Манкеева, А.
Ислам, Қ. Жаманбаева сияқты ғалымдар көрсетіледі,
өйткені аталған ғалымдар этнолингвистика шеңберінде
концептілер туралы да пікірлер айтқан. Сондай-ақ бір топ жас
зерттеушілер (М. Күштаева, Н. Аитова,
А. Сыбанбаева, Ж. Жампейісова, А. Смайлов) де еңбектері бар, олар
тікелей осы мәселеге арналған[2, 45].
Дәстүрлі
философияда және логикада «концепт» термині (латын тіліндегі «conceptus»
- «мән», «ұғым» сөзінің калькасы)
лингвистиканың шекарасына еніп, өзіне баса назар аудартып
жүргені белгілі. Әрі терминологиялық жүйеде жаңа
тың мағыналарға да ие болуда.
«Қазіргі
лингвистикаға «концепт» терминінің енуі – дейді
Ш.Жарқынбекова, - бірнеше мағынаға ие «ұғым»
терминінің шеңберін тарылтуды мақсат етеді. Жалпы
ғылымда «ұғымды» көлем (бір ұғыммен
берілетін заттардың жиынтығы) мен мазмұннан (бір немесе
бірнеше зат белгілерінің жиынтығы) ажыратса, концепт соңғысы
– ұғым мазмұнына сәйкес келеді [3, 36].
Маслованың «концепт – эмоциональді, экспрессивті және
бағалауыштық сәулелермен көмкерілген» [4, 47] деген
пікіріне келіспеске болмайды.
Концепт
лингвокогнитивті құбылыс ретінде – бұл «біздің санамыз
бен сол ақпараттық құрылымдардың менталды
және психикалық ресурсы болып табылатын бірлік. Онда білім мен
адамның жинаған өмірлік тәжірибесі көрінеді,
адамның психикасында көрініс табатын жадының мазмұнды
бірлігі, бүкіл әлемнің бейнесі, менталды лексикон мен
концептуалды жүйе» [5, 90].
Е.С.Кубрякова
тілдік құрылымдар арқылы айқындалатын концептілер
тізбегін екі түрлі бағытта қарастырауға
болатындығын айтады:
1.
Дүние туралы мағлұматтарды ұстану, көрсету
бағытында;
2.
Адам санасында белгілі бір мазмұнға сәйкес және
әр түрлі жағдайларға қатысты деректерді
жинақтау бағытында (біз жұмысымызда аталған екінші
бағытты қолданамыз).
Р.М.
Фрумкинаның көрсетуінше концепт терминіне неғұрлым
сәтті анықтаманы ұсынған А.Вежбицка болды: «объекты из
мира «Идеальное», имеющего имя и отражающего определенные представления
человека о мире «Действительности». Яғни концепт бізге ойлау
үдерісінде беріледі, ол тікелей берілмейді, тіл арқылы беріледі.
Сондай-ақ бір сөз әр адамның психикасында
әртүрлі менталдылыққа сәйкес келуі мүмкін.
Бұлай «әртүрлі концептуалдану» әртүрлі тілдерде
ғана емес, бір тілде сөйлейтін бірнеше адамда бір сөз
түрліше концепт ретінде қабылдануы мүмкін. Бұлай
әртүрлі «концептуалдау» әртүрлі тілдерде ғана
емес, бір тілде сөйлейтін бірнеше адамда бір сөз бірнеше концепт ретінде
тұратын жағдайлар да болады [3, 37]. В.Н. Телияның
тұжырымы бойынша, «концепт – «Шындық» әлеміндегі нысандар
туралы білімнің «Оңды» әлемдегі білімге ауысуы» [6, 97],
яғни біз білетін нысанның барлық қыры (экстенсиясы).
Ғалымның тұжырымы бойынша, концепт – бұл адам
ойының ізгі құбылысы болғандықтан, ол тек тілге
ғана емес, адам санасына да тиесілі. Концепт – бұл
құрылым, ол тілдік білдірулер және тілдік емес білімдер
арқылы пайда болмайды, олар арқылы тек реконструкцияланады.
Концептік
талдаудың басты мақсаты – ғалам туралы білім моделін
құру және ғаламның тілдік бейнесін түсіндіру.
Демек,
когнитивтік ғылым базасында, терең зерттеулердің
нәтижесінде концептінің санада ойлау әрекеті арқылы
қалыптасып, психикалық ментальді қабілеттері негізінде
танылатыны айқындалды. Кең ұғымда концепт –
санадағы менталды бірліктер мен психикалық ресурстар қызметі
арқылы индивидтің тәжірибесі мен білімін танытатын
ақпараттық құрылым.
Түрлі
халықтардың әлемнің тілдік бейнесі
тұрғысындағы таным-түсініктеріндегі, философиялық
ой-толғамындағы, психологиясындағы, менталитетіндегі
ерекшеліктерді салыстырып, салғастырып анықтауда
түр-түс атауларының ерекше орын алатынын көреміз.
Түр-түс атауларын этнолингвистика
аясында зерттеудің өзектілігі туралы ғалым М.М. Копыленко
былай деп жазады: «Отметим еще добротные этнолингвистические труды, пионерские
по своей сути, которые призваны возбудить интерес к анализу отражения в языке
тех или иных сфер духовной культуры. Таковые исследования, посвященные
семантике цветообозначений и символике цветовой гаммы» [7, 28]. Осылай дей
келіп, ғалым түр-түс атауларының түркологияда
талдануындағы «пионер» еңбектер
ретінде А.Н. Кононовтың, А.Т. Қайдаровтың, Г.И.
Арнгольдтің, Л.Л. Ғабышеваның еңбектерін атайды.
Қазақ ғылымында түр-түстің
толық сипаттамасы жасалған алғашқы еңбек – «Сырға толы түр
мен түс» деп аталады [8]. Бұл жұмыс, түс атауларына
қатысты тұңғыш еңбек деп санауымызға
көптеген негіздер бар; олардың бастылары мыналар:
-
түстердің зерттелу тарихынан толық
мәлімет алуға болады, яғни жұмыста түр-түс
тану ғылымының бұдан 150 жылдай бұрын басталғанын,
бұны Ньютон, Ломоносов, Вернер, Риджвей, Саккардо, Рихтер және т.б
ғалымдардың қарастырғаны туралы дерек берілген;
-
түстердің негізгі физиологиялық
қасиеттері талданған; авторлар «өмірде кездесетін
заттардың түр-түсі ахроматты және хроматты болып екіге
бөлінеді. Ақ пен қара түстердің барлық
реңдері ахроматты болады, ал сары, жасыл, көк, қызыл,
күлгін және басқа түстердің түрлі
реңктері хроматты түр-түске жарады. Ахроматты термин
қазақша «түссіз» деген ұғымды білдіреді» деп
жазады [8, 18 б.].
-
түр-түс атауларының ұлттық
ерекшеліктері талданады;
-
әрбір халықтың тіліндегі
түр-түс атауларының саны туралы дерек беріледі [9]. Авторлар
Р. Фрумкинаның айтқанын
негізге ала отырып, орыс тілінде тек бір сөзбен берілетін
түр-түс атауларының жалпы саны 150-ден аспайтындығын,
осылардың 80-90 пайызы тілдік табиғаты айқын, заттық
негізі белгілі атаулар екендігін жазады [10, 49 б.];
-
ал қазақ тілінде түбір сөздерден
тұратын түс атауларымен қатар, туынды түбір, біріккен
сөз түрінде, сөз тіркестері түрінде берілетін атаулар
саны өте мол; бұны авторлар дәл көрсеткен;
-
түр-түс атауларының жасалу жолдары,
олардың қатысуы арқылы жасалған фразеологизмдер
талданады.
Осындай еңбектердің негізінде біз де әрбір
халықтың тіліндегі түр-түс атаулары маңызды
категория деп танимыз. Олардың аудару үдерісінде қалай
жеткізілетіні де маңызды болып табылады. Өйткені
түр-түс атаулары әр халықтың символикасын,
ұлттық ерекшелігін, қоршаған ортаны қалай
қабылдап, қалай бейнелейтіндігін көрсететін тілдік бірліктер
тобы болып саналады. Осы тұрғыдан келсек, тіл-тілдердегі
түр-түс атауларын бір жағынан идиоэтникалық
айырмашылықтары бар, екінші жағынан универсалды болып саналатын
концептілер деп бағалаймыз. Енді осы ретте біз, алдымен, жалпы әлемдік
лингвистикадағы «концепт» мәселесінің анықталу жағдайына
кеңірек тоқталамыз. Өйткені бұның
түр-түс атауларына сондай-ақ олардың аударылуына
тікелей қатысы бар.
Тіл таным
құралы болып, қоршаған ортаны тілдік таңбалар
арқылы танытқанның өзінде, сол танымның өзі
ең алдымен номинациялық атау, одан әрі қоршаған
әлемнің фрагменттерін образды тіркестер, метафора, метонимия
арқылы жүзеге асырылады. Семантикалық сипаттамалар
арқылы танымның қандай дәрежеде екендігін білуге
болады. Мысал келтірелік.
Қазақ
тіліндегі «сары» деген түс атауына байланысты мынадай пікірлер бар:
§ бұл біріншіден, концепт, оның ішінде қазақ
ұлтының дүниетанымын танытатын концепт;
§ бұл сөзде геосимволика бар; өйткені «сары» сөзі
негіз болған жер-су атаулары (Сарыжал, Сарыбел, Сарысу, Сарышаған,
Сарыарқа) қазақ ұлтының географиялық
объектілерді көзбен қалай қабылдағанын білдіреді [11,
112] .
§ сары дала, сары жайлау, сары бел деген тіркестер (ұлан-ғайыр
кең дала» дегенді білдіреді);
§ жалпы, «сары» деген сөздің өзінің семантикасында
«биік қырат, кең даланың жоталы жоны» деген мағынасы
бар [12, 87] .
Осындай қорытындылар жасауға ғалымдар сөздің
семантикасы, ол арқылы жасалатын тіркестердің мағынасына
талдау арқылы қол жеткізіп тұр. Өйткені осы
лексеманың номинациясы мен семантикасына метафоралық және
метонимиялық атауларға келетін болсақ, «Қазақ
тілінің түсіндірме сөздігі» толық дерек бере алады:
сөздікте негізгі мағынадан басқа 50 ауыспалы мағына
көрсетілген [13]. Осы көлемнің ішінде бірақ Ә.
Қайдаров, Б. Өмірбеков, З. Ахтамбердиев, Н. Күлшарипова
және Ш. Жарқынбекова сияқты ғалымдар басқа да семантикалардың
бар екендігін көрсетпейді. Түсіндірме сөздікте
сондай-ақ жоғарыда аталғандай «биік қырат, кең
даланың жоталы жоны» деген мағыналар ұсынылмайды. Ғалым
Р. Садықова сөздіктегі «сары» сөзінің мағыналарын
былайша топтастырады:
-
түстің бір түрі
-
адамдар жиынтығы (сары бала; самсаған сары қол);
-
жас, жетілмеген (сары
ауыз балапан, сары езу, сары балақ егін);
-
ұзақтық (сары жамбас болу; сары жел; сары сүйек, ұзын сары
шақ);
-
қайғы-қасіретке түсу (сары уайым);
-
ұлғайған жас (сары қарын бәйбіше)
және т.б
Сондай-ақ қазақ әдеби тілінің қазіргі
қолданысында сары бидай (әдемілік;
әннің аты), сары басылым
(төмен сапалы деген мағынада; бұл ағылшын
тіліндегі yellow «сары» - «қорқақ» деген мағынадан
шығып, «желтая пресса»
- сары басылым болып, калька
жолымен жасалған) деген актуалды тіркестер де бар [2, 89].
Енді ағылшын тіліндегі
«сары» деген түс атауына байланысты таным-түсініктерге шолу
жасайтын болсақ, мынандай деректерге тап боламыз:
Сары түс – yellow ағылшын тілінде негізгі мағынасымен қоса,
қорқақтықты білдіреді. Америкалық ағылшын
тілінде yellow streak, yellow dog –қорқақтық.
Сондай-ақ қазақ тілі мен ағылшын тілін сары
түспен байланысты салғастырудағы ұқсастық
екі тілде де сары аурумен байланысты. Ағылшын тіліндегі yellow fever, yellow jack –
қазақ тіліндегі сары ауру
дегенді білдіреді.
Қазақ және ағылшын
тілдеріндегі сары түсінің
семантикалық құрылымдық талдауларын салғастыра
келгенде, генеалогиялық жағынан туыс емес тілдер болып саналатын
аталған екі тілде сары түске байланысты біркелкі танымның
болуымен қатар, ерекшеліктер де байқалды.
Өзге
тілдерге қатысты материалдарды қарастыратын болсақ,
ғалым А. Залевскаяның талдауы бойынша төмендегілерді
атап көрсетеміз: сары түс – неміс халқында жек
көрушілік, қызғаныш, жалғандық, сатқындық,
америкалықтарда – қорқақтық, қауіп
төнетіндей жағдай, француздарда – сатқындық;
орыс ұлты үшін – күзгі жапырақ деген
ассоциацияларды тудырады [61, 129].
Демек
«сары» сөзінің қазақ және ағылшын
тілдеріндегі когнитивтік семантикасы арқылы оның ұлттық
мәдени концепті ретіндегі сипатының да маңызды екенін
көрсету болып табылады.
«Ақ» - бұл халықаралық
және ұлттық, сондай-ақ геосимволикаға ие
түс атауы. Өйткені «ақ» барлық халықтардың
тілінде де бар. Негізгі атауды жалпы түсінік аясында, қоршаған
ортадағы кейбір объектілерге (олардың түсі ақ
болса немесе қарама-қарсы оппозицияда болса) байланыстыра
қарау; негізгі сөзден сөз тіркестерін жасау; негізгі
сөздің символдық ауыспалы мағынада болуын байқау
арқылы «ақ» сөзінің универсалды және
идиоэтникалық сипаты қаншалықты екендігін қорыта
аламыз.
Қазақ тілінде «Ақ»
түс – «тазалық», «әділеттік», «мейірбандық»,
«бейкүнәлік», «пәктік»,«көңілді өмір
салты», «ағынан жарылқау», «алғашқы адал ниет» т.б
мағыналарды аңғартады»,-
дейді Ә. Қайдаров
[14, 65].
Концептілерді
зерттеушілердің бір тобы концептіні анықтау үшін тілдік
бірліктің этимологиясын, қайдан, қалай пайда болғанын
анықтау керек деп санайды. Бұл тұрғыда
жүргізілген зерттеулер түр-түс атауларының концептілік
мазмұнына да қатысты орын алғанын аңғарамыз.
Ш.
Жарқынбекова
қазақ тіліндегі
«ақ» сөзі араб-парсы
тіліндегі «хақ»
сөзінен бастау алған деп есептеп, әрі Ж.
Каракузованың, М. Хасановтың пікірлеріне қосылып,
бұл «басталу, дүниеге келу, жаңару» деген түйін
жасайды, үлкен негіз – концепт деп санайды [11, 115].
Ағылшын тілінде ақ түсіне байланысты талдау барасында ағылшын тілінде қара түсті жағымсыз,
ал ақ түсті жағымды
нәрселермен байланыстыру дәстүрі
сақталғандығына көз жеткіздік. Сондықтан да қара сын есімімен келетін
номинативтік атаулар жағымсыз коннотацияда, сәйкесінше ақ сын есімімен келген атаулар
жағымды коннотацияға ие.
Айталық, black sheep (қара
қой), black market (қара
базар), black mail (бопса
(сөзбе-сөз аударғанда қара пошта), black soul (қара рух) – осы аталғандардың
барлығында да қара
қаталдықпен ассоциацияланады, оның үстіне қара түсі ағылшын
тілінде қара жамылудың, өлімнің түсі болып
саналады: black dress (қара
көйлек), black armband (қара
қол бауы). Керісінше, ақ
түс – әлемнің түсі (white
dove – ақ көгершін – бейбітшіліктің түсі),
қалыңдық көйлегінің түсі, барлық
жақсылықтың, тазалықтың түсі.
Тіпті ағылшын тілінде жағымсыз мағынада берілетін white сөзімен келген
тіркестің құрамында ақ
түс жағымсыздықтың күшін азайтады,
жұмсартады, айталық, white
lie– құтылу үшін айтылған өтірік,
адамгершілік тұрғыдан ақталатын өтірік.
Қазақ және ағылшын тілдеріндегі аударма
үдерісінде дәнеркер тіл қызметін атқаратын орыс
тіліндегі ақ және қара түстерімен берілетін
метафоралық мағыналар көбінесе ағылшын тілімен
сәйкес келеді: черная душа, черная
весть, черный день, черный глаз, черный враг. Әрине
бұлардың ішінде қазақ тіліндегі метаформалық
тіркестермен сәйкес келетіндері де бар: қаралы күн, қаралы хабар. Орыстар әдетте
өмірлік маңызы бар нәрселерді қаралы күнге
сақтаса, ағылшындар жаңбырлы күнге сақтайды: against a rainy day.
Ағылшын тіліндегі white man және
black man тіркестері қазіргі
күні кездейсоқ үлкен мәнге ие болып отыр. «Политическая
социология английского языка» атты еңбектің авторы Али Мазури
«Расистік көзқарастың кесірінен дағымсыз, Али Мазури бұл дәстүрді
жынды қара түспен, періштелерді ақ түспен бейнелейтін
христиан дінінің таралуымен байланыстырады [16].
Демек, ағылшын тілінде ежелден қалыптасқан ақ
түстің нышандық мағынасы – жақсылық,
қуаныш, тазалық, пәктік, адалдық. Осымен байланысты
манадай тіркестер ағылшын тілінде қолданысқа ие:
white hot– таңқалдырарлық, толқытарлық;
to mark with a white stone– қандай да бір күнді ерекше бақытты күн ретінде
атап өту;
white hope – перспективалы адам;
white lie – жақсылық үшін айтылған өтірік;
white-haired /
white-headed boy– сүйікті;
to be whiter than white– әділ, адамгерішілікті болу;
lili-white reputation – таза абырой;
white hands – адалдық, таза абырой;
white light– объективті түрде жарықтандыру .
Ақ түстің ағылшын тілінде жағымсыз
мағынасы да бар: ауру, қорқу, қорқыныш,
жалғыздық, толқыныс:
to be / look white as sheet
(ghost, death) – қатты бозарып кету (әдетте
қорқыныштан немесе толқудан);
white-knuckle – қауіпті болғандықтан қатты толқу
шақыратын оқиға немесе сапар.
Ағылшын тілінде ақ түс қорқақтық
дегенді де білдіреді: white feather /
liver – қорқақ.
Жоғарыда келтірілген бұл деректер ақ түс атауының қазақ және
ағылшын тілдеріндегі когнитивтік семантикалық
мазмұнының ұқсастығын көрсетеді.
Әсіресе ақ
түстің жақсылық, қуаныш,
тазалық, пәктік, адалдықпен ассоциациялануы екі
халықтың осы түске байланысты таным-түсінігінің
ортақтығын білдіреді.
Шындығында да, жоғарыда айтылғандарды қорытып
келгенде, «ақ» универсал концептілердің қатарына жатады.
Сонымен қатар біз «ақ» деген түс атауын ұлттық-мәдени
концепт; оның концептілік сипатын өзге тілдерге аудару барысында
ескеру қажет деп санаймыз. Ұлттық, идиоэтникалық
ерекшеліктері бар. Концепт деп санауымыз үшін төмендегілерді негіз етіп
алып отырамыз (біз бұл арада лексикографиялық
еңбектердің материалдарына және көркем әдебиеттен
алынған фактілерге сүйенеміз):
–
«ақ» шындығында да «адал, таза, күнәсіз» деген
мағыналарды береді;
–қазақ
мәдениетінде бұл өмірдің бастауы, өмірдің
негізі «әйел-ана» ұғымымен байланысты; мысалы, ақжаулық,
ақорамал (келін түскенде ақ орамал салады); ақшашты
ана; бұнда «ақ» сөзінің негізгі мағынасы
(түс атауы екендігі сақталып отырады);
–
«ақ» - әдеміліктің, сұлулықтың белгісі;
мысалы, ақшарбы бұлт ақша бұлт,
ақшаңқан, ақжүзді, аққұба,
аққайың, аққу, ақшағала.
–тазалықты,
пәктікті, адалдықты танытады; мысалы, ақкөңіл,
ақжүрек, ақпейіл, ақниет, ақ бота, ақ жол
тілеу, ақтілек;
–
Қазақ халқының өзінің менталдық
ерекшеліктеріне сай болып келіп, геосимволикада, ономосимволикада кеңінен
қолданылады; мысалы, Ақбота, Ақнұр, Ақжелең, Ақсәуле,
Аққұсым
(ән-күй атаулары), Ақадыр, Ақтөбе;
– қоғамдық өзгерістерге сай жаңа универсал номинацияларды жасауға қатысады.
Мысалы, Ақ үй, Ақорда, ақ алтын, ақ
маржан (күріш ).
Ал
ағылшын тілінде «ақ» түстің концепт болуына төмендегілерді
негіз етеміз:
-
«ақ» – жақсылық, қуаныш,
тазалық, пәктік, адалдықтың белгісі;
-
«ақ» – ауру, қорқу,
қорқыныш, жалғыздық, толқыныс;
-
«ақ» – қорқақтық.
Қазақ
және ағылшын тілдеріндегі түр-түс атауларының
когнитивтік семантикалары тұрғысындағы жоғарыда
анықталған ұқсастықтар жазушы
М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының ағылшын
тіліне аударылуы барысына оң әсерін тигізсе, ал қазақ
және ағылшын тілдеріндегі түр-түс атауларының
когнитивтік семантикалары тұрғысындағы жоғарыда
анықталған айырмашылықтар трансформация кезінде кейбір
түс атуларының түсірілуіне немесе сипаттамалық,
түсіндірме әдістер арқылы берілуіне ықпал еткендігіне
көз жеткіздік.
Классикалық
көркем әдебиетте мәдени кодтың барлық
үлгісі көрініс табады. Мұхтар Әуезовтің «Абай
жолы» роман-эпопеясы – қазақ ұлттық
мәдениетінің тұтас бір дәуірін көрсететін, оны
әлемге танытқан туынды болса, шығарма авторы – Мұхтар
Әуезов осы эпопеяда қазақ тілінің барша байлығын
шебер пайдаланумен қатар, әрбір лексеманың қандай
мәдени кодта жұмсалатынын, қандай концептіні беретінін
асқан ойшылдықпен қамтыған. Түр-түс
атауларының тілдегі ұлттық бояуы турасында
Ш.Жарқынбекова төмендегі пікірді айтады:«... наибольшая степень
национальной специфики развития цветоконцептов проявляется в пространственном,
временном, антропоморфном кодах в силу различий в системах цветовых символов,
сложившихся в рамках культур двух неродственных языков продуктивность
пространственного и временного кодов в концептах казахской лингвокультуры
обусловлена особенностями кочевого образа жизни, сформировавшего специфику
мировосприятия казахского социума» [11, 32].
Жалпы алғанда,
«Абай жолында» түр-түс атаулары кеңістікті білдіру,
табиғатқа байланысты мақсаттарда әр түрлі
лексикалық-семантикалық өрісте қолданылған.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Әбікенова Г. Когнитивтік лингвистика. Оқу құралы. –
Семей: М.О.Әуезов атындағы Семей университеті. 2008. – 118 бет.
2. Садықова Р.К. Түр мен
түс атауларының аудармада берілуі
(«Абай жолы» роман-эпопеясының парсы тіліне аудармасы негізінде).
// Фил.ғ.канд. дисс. – А.,
2010. – 147 б.
3. Жарқынбекова Ш. Концепты цвета в казахской и русской культурах.
–Алматы: Қазақ университеті, 2004. – 226 с.
4. Маслова В.А. Введение в
лингвокультурологию. Москва:
«Наследие», 1997. – c. 206.
5. Кубрякова Е.С. Концепт \\ Кубрякова Е.С., Демьянков В.З. и др. Краткий
словарь когнитивных терминов. – М.: Изд-во Моск. ун-та,
1996. – c
90-97.
6. Телия В.Н. Русская фразеология. – М., : Школа «Языки русской культуры»; 1996. – 288 с.
7. Копыленко М.М. Основы этнолингвистики. Алматы: Ақыл кітабы, 1997.
– 178 с.
8.
Қайдаров Ә., Өмірбеков Б.,
Ахтамбердиева З. Сырға толы түр мен түс. – Алматы:
Қазақстан, 1986. – 95 б.
9.
Фрумкина Р. Цвет, смысл, сходство. – М.: Наука,1984. – 105с.
10. Алдашева А. Аудармадағы баламалылықтың түрлері //
ҚазҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. 2006. – №4. – 125 б.
11.
ЖарқынбековаШ Языковая концептуализация цвета в казахском и
русском языках: дисс. ...доктора филол. наук. – Алматы,2004.– 265 с.
12. Қайдаров Ә. Қазақ терминологиясына жаңаша
көзқарас. – Алматы: Рауан, 1993. – 105 б.
13.
Қазақ тілінің
түсіндірме сөздігі. – 8-том. – Алматы: Ғылым, 1985. – 591 б.
14. Қайдаров Ә. Қазақ терминологиясына жаңаша
көзқарас. – Алматы: Рауан, 1993. – 105 б.
15. Залевская
А.А. Слово в лексиконе человека // Психолингвистическое исследование.–Воронеж: Изд.Воронежского университета,1990.–205с.
16. Цвета на английском языке. - http://englishon-line.ru/leksika-spravochnik6.html