Филологические науки /8. Родной язык и литература
Ф.ғ.к. М.Р. Балтымова
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
мемлекеттік университеті, Қазақстан
Тунистің
тәуелсіздік дәуірі әдебиетіндегі идеялық
ізденістер
1956 жылы француз
протекторатының жойылуы және 1957 жылы Тунистің республика
болып жариялануы елдің әлеуметтік-саяси және мәдени
өмірінде жаңа кезеңнің басталуына жол ашты.
Қоғамда әйелдерді азат ету және халықты
жаңа адам рухында тәрбиелеу мәселелерінің маңызы
артты. Әлеуметтік жүйені өзгерту арқылы психологияны да
өзгертеміз деген ел президентінің пікіріне орай көркем
әдебиетте де жаңа кейіпкер жасау арқылы
қоғамдағы артта қалушылықпен күресу,
сонымен қатар азаматтық сана-сезімді тәрбиелеу, жаңашыл
творчестволық мүмкіндіктерді дамыту және ескілікті
көксеген ортағасырлық дәстүрлерді
түп-тамырымен жою арқылы жаңашылдыққа
бетбұрыс жасалды.
Тәуелсіздік
дәуіріндегі араб тілді Тунис әдебиеті елдің мәдени
жағдайындағы маңызды құбылысқа айналып,
барлық Мағриб елдеріндегі арабтандыру саясатының
айтарлықтай табыстарының айғағы болды. Әдебиетте
прозаның қысқа жанрлары көбірек қолданылса да, ал
тәуелсіз жас мемлекеттің қоғамлдық-әлеуметтік
ауқымды мәселелерін жан-жақты қарастыруға,
қазіргі заман шындығын кеңірек бейнелеуге мүмкіндік
беретін повестер пен романдар әлі де сирек еді. Әдебиет
сыншыларының пікірінше, Тунис жазушылары әлі де көптеген
«ресмилік, жалған пафос, сезімдік өзгерістердің көптігі
және де ұлттық ерекшелікті үстірт түсіну» секілді
олқылықтардан арылып, ұлттық және
әлемдік
әдебиеттің көркемдік әдіс-тәсілдерін
қолдану қажеттігін түсінді.
Вашингтон
университетінің профессоры Мұхаммед-Салах Омри Монастирде
өткен (тамыз, 1991)
«Тунистің 90-шы жылдардағы әдебиеті» туралы
ғылыми конференцияда: «соңғы бес жылда Тунис
басылымдарының көбеюі елдегі идеялар қозғалысының
белсенді түрде күшеюіне, қоғамдағы
өзгерістердің әдебиеттің де жаңаруына
көмектескенін» атап көрсетті [1, 91-б.]. Осы кезеңде
әл-Башир Храйеф пен Мұхаммед әл-Аруси әл-Матуидің
роман, повесть жанрларында жазылған шығармалары
әдебиеттің үлкен жаңалығы болды. Тунис
әдебиетінің сыншысы М.Ф. Гази елдің қазіргі
әдебиетіндегі «жанрлық тапшылыққа және тақырыптың,
әдеби әдіс-тәсілдерінің аздығына» назар аудара отырып, әдебиетте Хасан Насыр,
Джавад Сайдави, Мукавар Сумада секілді жас ақын-жазушылардың
«еңбекші халықтың серпілісін суреттеп,
ұлт-азаттық күрес пен отаршылдықтың
қалдықтарымен күресуге құрылған жаңа
әдебиетті жасауға
ұмтылғандығын» айтады [2, 26-б.].
Әдебиетте
әйел бостандығы, жаңа буын тәрбиесі, даму жолына
түскен жаңа ел, тәуелсіздік
құшағындағы гүлденген ел, жаңа
ұлттық сана-сезіммен толыққан
көңіл-күй мәселелері барған сайын көбірек
орын ала бастады. Новеллистикада халықтың экономикалық,
әлеуметтік және ұлттық бостандық үшін
күресімен байланысты
«патриоттық» тақырып басты орынға шықты. Тарихи
роман жанры дами бастады, ол әл-Башир Храйеф пен Мұстафа
әл-Маданидың шығармаларында көрініс тапты.
Идеялық-тақырыптық өзгерістердің көптігі
мен әрқилылығы көркемдік бағыттар мен
стилистикалық тәсілдердің көбеюіне ықпал етті.
Әдебиетте «Жаңалыққа ұмтылу» деген
тәжірибелік бағыт қалыптасты, оның көрнекті
өкілдері Самир әл-Айади, Махмұд әт-Туниси, Нафила Захаб
т.б. жазушылар тәуелсіз елдің жауапкершілігі мол жаңа
тұлғасының бейнесін қалыптастырды.
Жазушы Самир
әл-Айадидің «Тасбақада баспана жоқ»
әңгімесінде көптеген стильдік тәсілдердің
көмегімен творчество қайраткерінің бейнесі жасалған.
Жазушы басты кейіпкердің осы мекемеге тасбақалар туралы, оның
көбеюі жайлы материал әкелгенде тауы шағылғанын айта отырып,
сол кездегі қоғамдық дамудың баяу екенін
көрсеткісі келеді, мұнда барлық алдыңғы
қатарлы ой-пікірлер халықтың санасына өте жай ене
бастады, себебі ол дәстүрлі ойлармен, идеяларын
құрсауланған қамалдарды бұзып етуі керек болды.
Қаланың «тасбақалық» сал ауруына ұшырауы
қоғам дертін көрсетеді. Бұл ауруға шипа табу тек
алдыңғы қатарлы қоғам өкілдерінің
қолынан келеді, себебі олар жаңа жағдайдың маңыздылығын
түсінеді. «Бәрі бір-бірінен сұрап жатыр. Ешнәрсе
жемеймін. Қозғалмаймын. Күлмеймін. Қозғалмаймын. Аштық.
Олар. Күлмеймін. Аштық. Олар. Қатты айғайлағым
келеді» секілді қайталанған үзік-үзік
сөйлемдер арқылы жазушы өз кейіпкерлерінің ішкі сезімін
және айналасындағылардың көңіл-күйін
білдіргісі келеді. Осы эпизод
арқылы қауіп-қатерлі шақ – тәуелсіздік
алғаннан кейінгі Тунис қоғамындағы «жаңа» мен «көненің»,
«дәстүрлі» мен «жаңаның» арасында тартыс жүріп
жатқанын көрсетеді. Жазушы жалғыздықпен күресіп
жүрген адамның ішкі дүниесін суреттей отырып, жас
қоғамның жаңа адамының рухани «аштығын»
көрсетеді. Ол әлі де
бәрін білетін, бәрін жасай
алатын адамды – Дананы іздейді, оны жұмыссыз және
қиындықтан шығудың жолын іздеуге тырыспайтын
ұйқыдағы адамдардың арасында адасып жүр деп
есептейді. Дана әрекетсіз, ескіше ойлайтын, әлі де терең
ұйқыдан оянбаған адамның күші жетпейтін
барлық мәселенің шешуін таба алады. Ал мекеме
қызметркерлеріне жанын қинаудың қажеті жоқ,
себебі олардың басшысы – бас директор жаңалықты жек
көреді, ол терең өзгерістер жүріп жатқан
үкіметті мойындамайды, өйткені бұл мекемеде ол
өзінің «надандық пен жалқаулық» патшалығын
құрып алған, сондықтан қызметкерлер тек содан
қана қорқады, олар соны ғана тыңдайды және
соның айтқанымен жүреді. Ол ғасырлар бойы мекемені қалыпқа салынған арнайы
жүйемен жұмыс істеуге мәжбүр етті: олар барлық
материалдарды деректі, қарабайыр жолмен тұжырымдайды, олар
басқалар қалай алға басып, дамып жатыр, жаңа
заңға, ағымға сәйкес қалай қимылдап
жатыр деп бастарын қатырып жатпайды, олар ойламайды да,
өздерінің рухани дүниесін жаңартып, байыттпайды да,
оларға алға басудың керегі жоқ, олар өмірге
прогрессивті көзқараспен қарайтын басқа творчество
адамдарының қаламынан туған жаңа
шығармалардың мәні, идеясы туралы ойламайды да, оларға
жұмыстарының тасбақа
жүрісімен бір қалыпты, бір ізбен
жүргені ұнайды, себебі мұндай кезде оларды ешкім
мазаламайды, қоғамның дамуында да ешкімнің шаруасы
жоқ. Жазушыны тасбақалардың, яғни бәріне
немқұрайды қарайтын адамдардың көбеюі шошытады.
Ал немқұрайдылық – қатыгездіктен де қатты, ол
әлемді күйреді. Олар – қоғамның одан әрі сал болып қалуының,
ағзадағы бұлшықеттердің суып қалуының
себепкері, сондықтан тасбақалар қаланы, яғни
әлемді қоршап жатыр және бәрін тұншықтырып,
барлық өмір сүріп жатқан нәрселерді
өздерінің жалқаулығын көріп
қалғанына ашуланып, таптап
жатыр: «Қоршап алды. Айнала қоршады. Бізді қоршап алды.
Қоршап алды да, тұншықтыруда. Қоршап алды,
басып-жаншуда, қылқындыруда. Тұншықтыруда. Ызалы.
Буындырып тұр» [3]. Бұл сөйлемдер қауіп-қатердің
төнгенін көрсетіп, оқырман психологиясына әсер етеді.
Мұндай стиль адамның ішкі жан-дүниесінің бұзылуын
тереңірек көрсетуге және апаттың жақындап келе
жатқанын дәл, әрі көркем суреттеуге көмектеседі.
Олар осыған шейін жасалған барлық нәрселерді құртып
жатыр, бірақ «сұлу қызбен кездескенін қанағат
тұтып отырған» басшысы бар
мекеме бұзылғанның орнына ешнәрсені қайта
тұрғызбайтыны белгілі. Басты кейіпкер материалдық, рухани
жағынан ашығуда, ол айналадағы тұманды,
түсініксіз, бұлдыр қауіп-қатердің арқасында күлкінің не
екенін ұмытқан, ол қозғалмайды, себебі қаны
жүрмей қалған, оның бұлшықеттері қимылдамайды,
онымен бірге бүкіл адамзат осынау қорқынышты күйден
зардап шегіп жатыр. Бұл ауруға дауаны бас директор табады,
бірақ басты кейіпкер оған қуанудың орнына өлім
тілейді, өйткені оның қолындағы дәріден пайда
жоқ, себебі ол үшін қызметкерлердің өмірі
түкке тұрғысыз, ойландырмайды. Ол директорға дәрі
берген адамды да жазғырады, өйткені ол директордың
барлық жамандығына, яғни өзінің сылбыр,
қажытатын қимылдары арқылы қызметкерлерді
өзін-өзі өлтіруге жеткізетініне көз жұмып жатыр.
Әңгіме «Кеуіп қалған арнамен қан ағып
жатыр» деген сөйлеммен қорытындыланады, ал дәрі болса
қанмен бірге ағып кетті, сондықтан ауру жазылмайтын
обаға айналды, соның нәтижесінде сал боп
қалғандар қозғала алмайды, ал тасбақалар
баспанасыз қалды, яғни ауру таратушылар әлі де қалаға,
қоғамға шабуыл жасай береді. Жазушы осы шығармасы
арқылы қоғамды немқұрайдылықтан арылтып,
тәуелсіз елде өркениетті жаңа қоғам
құруға шақырады. Әл-Айади
«сөз – әңгіменің шынайы қаһармандары» деп,
шығармаларында бір сөзбен әртүрлі ұғым
беріп отырды.
1960 жылдардың соңы 70-ші
жылдардың басындағы Тунис жазушылары мен драматургтерінің
шығармалары идеялық және стильдік ізденіске толы болуымен,
араб дәстүрлік мәдениетінен де, еуропалық
мәдениеттен де үлгі алуымен ерекшеленеді, яғни ғалым
З.А. Намитокованың пікірінше: «Қазіргі Тунис
әдебиетінің қалыптасуы дәстүрлі жанрлардың
түбірімен өзгеруіне және әдебиетті кемеліне
келтірудің талаптарына жауап беретін жаңа маңызды жанрлардың
пайда болуына байланысты» [4, 115-б.].
Бұл кезеңнің жазушылары Ливанның философ жазушысы
Джебран сияқты бұзылған қоғамдық
жүйеге жеккөрінішпен қарады және өркениетке
ұмтылды.
Әдеби
жанрлардың жаңаруы, жаңа көркемдік
әдіс-тәсілдердің қолданылуы, стильдік
үлгілердің жаңаруы тәуелсіздік дәуіріндегі Тунис
әдебиетінің аяғынан нық, сенімді тұруына
көмектеседі, бұл оның өмір сүруге, дамуға
және гүлденуге қабілеттілігігін білдіреді.
Әдебиеттер:
1.
Omri M.S.
“Literature of nineties in Tunisia”: making sense of the fin de siecle. – JUSUR. The article UCLA, journal of middle eastern studies. University of
California. Los Angeles, 1992, vol. 8
2.
Гази М.Ф. Проблемы современной тунисской прозы //
Современная арабская литература. – М., 1960
3.
Әл-Айади С. Тасбақада баспана жоқ //
Тыныштық айқайы (араб тілінде). – Тунис, 1970
4.
Намитокова З.А.
Литература Туниса. – М., 1973