Л.П.Ақтанова

 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Мемлекеттік басқару академиясы, Қазақстан

 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

 

Республикамызда  болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, күннен-  күнге дамып келе жатқан ақпараттар ағымдары, еңбек нарығындағы бәсекелестіктің артуы қазіргі кезде білім алушыларға қойылатын талаптарды күшейтуде.

            Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері  негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіпік шыңдауға бағытталған сапалы білім үшін қажетті жағдайлар жасау; жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту»- деп атап көрсетілген [1].

Аталған міндетттерді жүзеге асыру үшін оқытудың жаңа технологияларын енгізу және тиімді пайдалану секілді мәселелерді анықтап алу, білім беру жүйесіндегі басты ұстаным ретінде әркімнің өзінің білім алуға деген жеке әлеуетін қоғамда барынша пайдалануға көмектесетін оқыту жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді көздейді.

            Қоғамдық дамудың қазіргі үрдісі өзінің іс-әрекетін тиімді жоспарлай алатын, танымдық қызметінде алынған білімді орынды пайдалана білетін, түпкі нәтижеге жету үшін әр түрлі топтардағы адамдармен тиімді қарым-қатынас диалогіне түсе алатын білімді  тұлғаны тәрбелеу мәселесін қойып отыр. 

            Сапалы білім алған, танымдылығы жоғары, құзыретті, бәсекелестіктің қайсыбір мықты тегеурініне төтеп бере алатын жастар ғана болашақтың кілтін аша алады. Еліміздің жаһандық дүниеде даралануы білімді, жігерлі, ұлттық санасы рухани бай, білімді жастар  арқылы іске асады.

Елбасымыз Н. Назарбаев «Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп, енгізу қажет»-деген болатын өзінің Қазақстан халқына  жыл сайынғы жолдауында [2].

Осыған байланысты білім алушылардың шығармашылық әрекетін, білімді өздігінен ізденіс арқылы табудың жолын басшылыққа алу біліктіліктерін көтеру мәселесі қойылып отырғандықтан, білім беруді ұйымдастырушы-оқытушы мен білім алушы арасындағы қарым-қатынас дәрежесі мүлдем басқаша жаңа деңгейге көтерілуі тиіс. Осының негізінде оқыту әдістері мен оқу әрекеттері түрленіп, жұмыстың құрылымы да, мазмұны да, оны ұйымдастырудың мақсаты да кешенді түрде өзгеріске ұшырайды.

Осындай өзгерістерден кейін көп жылдардан бері қалыптасқан сабақ беру әдістері, оның ішінде, білім алушыларға  дайын білімді бере салу, ұсынылған тапсырманы орындату, бір сарынды тапсырмалар жүйесі сияқты жұмыс түрлері өз өзектілігін жоғалтты. Қазақ тілі сабағы әрі тартымды, әрі қызықты, әрі сапалы болуы әр оқытушының өзіне, білім деңгейіне, кәсіби шеберлігіне байланысты.

Осы орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев өзінің жолдауында «Жауапкершілікті тіл саясаты қазақ ұлтын біріктіруші басты факторлардың бірі болып табылады. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз.  Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет»-деген болатын [3]. Ол міндеттерді іске асырудың бірден-бір факторы – оқытудың инновациялық технологияларын енгізу. Инновациялық технологияларды пайдалану – сабақты түрлендірудің, ерекшелендірудің, дараландырудың тәсілі ғана емес, сонымен қатар сабақты жаңаша ұйымдастырудың мүмкіндігі. 

Оқытушы сабақты дұрыс жоспарлап, мақсатын нақты белгілеп алмайынша көздегеніне жете алмайды. Сабақтың мазмұнын, құрылысын, дәлдігін, жұмыс жүргізу тәсілін мұқият ойластыруы қажет. Сондықтан кез-келген сабақта өмірдің қазіргі жаңа талаптарына сай жаңа технологияларды пайдалану – уақыт талабы.  Осы ретте инновациялық технологияларды пайдалана отырып  өткізілетін сабақтарды  жоспарлаудың негізгі талаптары төмендегідей болып келеді:

·        жағымды психологиялық орта жасау;

·        тыңдаушылардың тіл үйренуге деген  қызығушылығын (уәж, ынта, ұмтылыс) тудыру;

·        инновациялық технологиялармен жұмыс істей білу;

·        орындалатын жұмыстардың проблемалық болуы;

·        проблеманы шешуге және шешім қабылдай білуге  үйрету;

·        кез-келген проблеманы шығармашылық тұрғыдан  шешуге бейімдеу;

·        өзіндік пікір, идеялар, тұжырым, түсінік келтіру;

·        пікірін, тұжырымын, идеясын дәлелдей және қорғай білуге дағдыландыру;

·        өз бетінше орындауға берілген жұмыстарға үлкен жауапкершілікпен қарауға, шығармашылықпен орындауға үйрету;

·        тыңдаушылардың бірлескен таным процессіне белсенді араласуына мүмкіндік жасау;

·        тыңдаушылардың үйренгені мен өз білімі туралы түсініктерін ортаға салып, бірлесе талқылап, олар туралы пікір алысуға мүмкіндік жасау;

·        тыңдаушыларға  өздік жұмыстарын ұйымдастыру үшін  орта құру;

Жоғарыда айтылған мақсатқа жету үшін оқытушының әрекеті:

·        сабақтың тақырыбына сай мақсаттың айқын болуы;

·        негізгі мәселені бөліп көрсетуі;

·        материалдардың өмірмен байланыстылығы әрі тәрбиелік мәнінің маңызды болуы;

·        тыңдаушылармен тең құқылы түрде қарым-қатынас жасай білу;

·        өз талаптарын бұйрық түрінде емес, кеңес түрінде ұсыну;

·        әр пікірді, идеяны тыңдай білу, оны сыйлау және онымен санасу;

·        ерекше идеяларға қолдау жасап отыру;

·        жағымды (позитивті) және конструктивті көзқарас ұстану;

·        сабақта ақпараттық-коммуникативтік технолгияларды қолдану арқылы үнемі жаңалықтар енгізіп отыру;

·        магистранттармен жеке жұмыстар жүргізу үйге берілетін тапсырманың уақытылы және  нақты берілуі;

·        бағалау нормалары сақталып, әділ бағалануы;

·        осы нәтижеге жеткізетін – сабақтың жүйелігі.

Оқытудың аталған технологиларын пайдалану сабақтың тиімділігі мен уәжін арттырып, білім берудің табысты болуына оң ықпалын тигізері сөзсіз. Осы технологияларды барлық деңгейлерде жүйелі пайдалану арқылы сабақтарда алынған ақпаратқа талдау жасай білуге, ақпаратты дұрыс таңдау жауапкершілігін қалыптастыруға және өз  бетінше жұмыс істеуге, өз ойы мен көзқарастарын дұрыс жеткізе білуге, проблемалардан дұрыс шешім қабылдап, шыға білуге  дағдыландырады.

Осы сабақтарда – магистрант өзін белсенді және еркін, оқытушымен тең дәрежеде ұстай алады. Қазақ тілі сабағында инновациялық технологияны енгізу арқылы сабақтың белсенділігін арттыруға, дамыта оқыту идеясын жүзеге асыруға, сабақты шапшаң жүргізуге, магистранттың өздік жұмысының көлемін көбейтуге болады. Бүгінгі күні кез-келген оқытушы инновациялық технологияларды  пайдалану арқылы әр түрлі  сабақтарға әзірлемелер  дайындап және оны жоғары деңгейде өткізе білсе, сабақтың тартымды әрі қызықты өтетініне күмән келтіруге болмайды.

Осыған байланысты қазақ тілінен дәріс беретін оқытушылардың алға қойған мақсаты: магистранттардың сөйлеу дағдысын қалыптастыру, олардың білім деңгейін тереңдету,  магистранттарды еркін де сенімді сөйлеуге және жазуға үйрету, коммуникативті тәсіл арқылы алған білімін өз ортасында орынды қолдануға дағдыландыру, ойлаған жағдаяттарды негіздей алуға үйрету. Енді осы мақсатты қалай жүзеге асыру қажет деген сұраққа жауап беріп көрелік. Ол үшін қазақ тілін үйретудегі негізгі әдістемелік бағыттарды атап өтсек:

·        Біздің пән бойынша оқу процесі оңайдан қиынға қарай дамыта оқытуға бағытталған.

·        Тілдік материалдар қазіргі өмір шындығынан алынған және оқу процесінде әбден шыңдалып, өңделген тілдік материалдар. Сондықтан бұл материалдардан күнделікті тіршіліктегі жағдаяттарда қолданып  пайдалануға болады.

·        Басты  көңіл   бөлінетін   нәрсе – сөйлеу   және   оқу.  Магистранттар сөйлеу  мен   оқуды меңгергеннен кейін жазуды үйренеді.

Сөйлеу мен оқу әрекеттері арқылы дұрыс нәтижеге жеткен тыңдаушы өз ортасында мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, тілді қатынас құралы ретінде пайдалана білу үшін мынадай: ұжымдық жұмыс, жекелей жұмыс, жұптық жұмыс, топпен жұмыс оқыту тәсілдерін қолданамыз. Сабақтың қызықты да тартымды өтуі үшін төмендегідей сабақ үлгілерін мысал ретінде қарастырсақ.           

Мысалы: «Ассоциация және болжам» атты магистрантқа тақырып беріледі. Ол тақырыпты негізге алып, өзі болжам жасай отырып мәтін құрастырады. Осы тұста магистранттың сөйлеу іскерлігі қалыптасады. Сөйлеу іскерлігін дамыту үшін мынандай: сұрақ-жауап талқысы, салыстыра отырып әңгімелесу, проблемалық сұрақтарды талдау, мәтін не әңгіме бойынша өз ойын ортаға салу, ой алмасу, шарт қою, диалог түрінде сөйлеудегі ойды көрсете білу, пайымдау, логикалық ой тұжырымын дамыта отырып сөйлеу, түйіндеу, дәлелдеу, жоспарлау арқылы сөйлеу, ситуацияға байланысты сөйлеу, ойындар арқылы сөйлеу, сұраққа жауап беру, қорытындылау, өз пікірін айту сияқты сөйлеудің түрлерін қолданамыз; әрі бұлар оқытушылардың сөйлеуді үйретудегі бағыттары  болып та есептеледі. Сабақтың бұл түрін жүргізуге БАҚ-тың материалдары немесе газет мәтіндерінің ролі ерекше.

Магистранттарды жаңа технологиямен оқытудың және бір түрі – мәтін арқылы жаңаша оқыту. Мәтін – негізгі қарым-қатынас құралы. Мәтінді оқымас бұрын сұрақтар беріледі. Ол сұрақтар бойынша сол мәтіндегі мәселеге байланысты тыңдаушы нені біледі, қандай мәселелер түсініксіз соны анықтау бір мақсат болса, екінші мақсат – өз білімі деңгейінде ойын айтқызып, мәтіндегі оқиға жайлы білуге ұмтылдыру, ынталандыру. Бұл жұмысты жалпы топ болып немесе 3-4 магистрант бірігіп және жұптасып талқылауға болады.

Мәтінді оқыған соң магистрант ұғымын тексеруге арналған «Зымыран сұрақтар» жаттығуын қолдануға болады (ол сұрақтар алдын-ала слайдта дайындалған). Сұрақтар қою арқылы магистранттардың мәтіндегі мәселе бойынша өз ойын ортаға салып, пікірін айтуға, еркін сөйлеуге дағдыланады. Магистрантты еркін сөйлеуге төселдіру үшін сөздерді қайталату, оларды еркін де дұрыс қолдана білуге үйрету, грамматикалық материалдарды, сөйлем құрылымын орынды қолдануға үйрету де басты назарда болу керек.

Бұдан басқа да мәтін оқығанға дейінгі, оқығаннан кейінгі әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып магистранттардың сөйлеу қабілеттерін тереңдете дамытуға болады.

Тыңдаушылардың білімін жүйелі түрде меңгеруіне және жеке магистранттың қабілет деңгейлерін дамытуда «Сын тұрғысынан ойлау»,  «Модульдік оқыту»  технологияларын күнделікті сабақтарда қолданамыз. Сын тұрғысынан ойлау – сынап қарау емес, тыңдаушының шыңдалған ойлау әрекеті.  «Модульдік технология – [4.] Магистранттарды оқытуда тиімді әдістерді пайдалану арқылы олардың білімге деген қызығушылығын арттырады, терең ойлау қабілетінің белсенділігін қалыптастыруға болады. Бұған дейін магистрант оқытушы мен оқулыққа ғана бағынатын тыңдаушы ғана еді, енді ол сын тұрғысынан ойланып, өз ойын дәлелдей алатын тыңдаушы. Магистрант топпен, жұппен жұмыс істеу арқылы өзара пікірлесіп, ең ұтымды жауапты тауып айтуға үйренеді. Берілген сұраққа тынымсыз іздене отырып,  өз ойын еркін айтуға, оны дәлелдеп, қорғай білуге мүмкіндік жасайды.  

Мысалы, тапсырма: «Мәтінді тыңдап, аяқтаңыз, өз көзқарасыңды білдіріріңіз»-деп берілді. Сөйлеуді еркін меңгеру үшін тыңдап түсінусіз үйрену мүмкін емес. Қазір біз тілді меңгертуде  әр түрлі тақырыпта жазылған үнтаспаларды, видео-фильмдерді қолданып, магистранттар үшін мемлекеттік тілде жүретін телебағдарламаларды көруді ұсынамыз.

Диалогты, әңгімелерді, мәтіндерді тыңдап, одан не түсінгенін анықтау үшін де әр түрлі әдіс-тәсілдерді кең қолданамыз. Әдетте тыңдауға арналған мәтіндер оқылған тілдік материалға негізделіп құрылады. Оның ішінде 3-4% таныс емес лексикалық материалдар қосуға болады. Әңгімені алғашқы ретте тыңдауға жіберілген уақыт 1– 1,5 минут көлемінде болуға тиіс. Тыңдалган мәтін бойынша төмендегідей жұмыс түрлерін орындаймыз: 

·                сұрақтар бойынша магистрант түсінігін тексеру;

·                кілт сөздерді анықтау, сөз тіркестерін жазу;

·                тыңдалған мәтінге тақырып қою;

·                жоспар құру;

·                ауызша қысқаша / толық мәтіннің мазмұнын беру.

·                мәтін туралы негізгі ойын, пікірін білу;

·                мәтін кейіпкеріне немесе жағдаятқа мінездеме беру;

·                мәтінде естігенді өмірмен байланыстыру;

·                өзіндік көзқарастарын ортаға ұсыну және сондай тағы да басқа көптеген жұмыс түрлері айтуға болады.

Жалпы инновациялық технологияларды сабақта қолдану – шығармашылық ізденіске жетелейді. Өз сабақтарымыздағы басты бағдар – магистранттардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту және оларды шынайы өмірдегі дара тұлға етіп әзірлеу екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан да әрбір жаңа сабақ өткен сабақтың материалымен байланыстырудан басталады. Оқытушы магистранттың сабақтағы әрбір әрекетін алдын ала жоспарлап отырса, магистранттың ойлау, болжау, тұжырымдау сияқты негізгі зерделік көрсеткіштерін де қалыптастыра алады.

Сонымен қоса қазіргі кезде ең негізгі мәселелердің бірі болып магистранттарға тек ғылыми білім жүйесін беру ғана емес, оларды танымдылық пен тәжірибелік сипаттағы іскерлік және дағдымен қаруландыру керек екендігіне назар аударуымыз қажет. Осыған байланысты сыныптан тыс өткізілетін іс-шаралардың магистрант үшін маңызы өте зор.

Бұл жұмыс оқытушының сабақ үстінде жүзеге асыратын тәрбие жұмысын толықтыра және тереңдете отырып олардың іскерліктері мен қабілеттерін толық ашудың, олардың белгілі бір нәрсеге қызығуын, ынтасын оятудың формасы болып табылады.

Мәселен, магистранттар «XXI ғасыр көшбасшысы», «Сөз мерген» «Мен ХХІ ғасырдың азаматымын» танымдық-интеллектуалдық ойындары,

 «Тілім менің – ділім менің», «Қазақстанның жарқын болашағы – жастардың қолында», «Мемлекеттік қызметшінің көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті» атты пікір-сайыстары мен тренингтері, мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне ие болып, халқымыздың тарихы мен салт-дәстүрін мемлекеттік тілде дәріптеп, мәртебесін биікке көтеру.

Сонымен инновациялық технологияларды пайдалана отырып жаңаша оқыту әдіс-тәсілдермен сабақ жүргізген кезде оқытушы – кеңесші рөлін атқаратыны белгілі. Ал тыңдаушылар белсенді түрде әрекет ете отырып, бірін-бірі қолдау, толықтыру арқылы сөйлеуге, жазу, тыңдай білуге үйренеді. Осындай игі істер арқасында магистрант өзіне-өзі батыл, жұрт алдында өзін еркін ұстауға; үйреніп жатқан тілге деген қызығушылығын арттырады; өзіне бөлінген тақырып бойынша сөйлеу барысында жан-жақты ізденуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге үйренеді.

Ендеше, әлі де болса ойлаған жағдаятты негіздей алатын, міндетке сәйкес жұмысты шешімді тиянақтай алатын, проблеманы анықтап және құрастыра алатын, қойылған мақсаттарға жетуді негіздей алатын, нақты өмірлік жағдаяттарда қазақ тілінде ауызша және жазбаша түрлі коммуникативтік құралдарды қолдана алатын тыңдаушылар легін даярлап, нарықтық бәсекеге қабілетті жеке тұлға қалыптастыру жолында аянбай еңбектену керек деп ойлаймыз.

 

Аңдатпа

 

Мақалада қазақ тілін оқытудың  қазіргі заман талабына сай инновациялық әдіс-тәсілдері қарастырылады. Оқытудың жаңа түрлерімен жұмыс жүргізудің жолдары ғылыми әдістемелік сипаты тұжырымдалады.

Кілт сөздер: инновациялық технология, коммуникативті тәсіл,  шығармашылық әдіс, конструктивті көзқарас

 

Аннотация

 

В статье рассматриваются инновационные методы обучения казахскому языку.  А так же цели и задачи преследуемые при работе с различными заданиями и анализируются различные виды текстовых  заданий в современном обучении

Ключевые слова: инновационное обучение, коммуникативные приемы, конструктивный взгляд

 

Abstract

 

The article deals with innovative methods of teaching Kazakh language. As well as the goals and objectives pursued by working with different tasks and analyzes different kinds of text in modern teaching assignments.

Key words: innovative methods of teaching, communicative methods, constructive view of teaching

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы – Алматы, 2008

2. Назарбаев Н.  Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында. Қазақстан халқына Жолдауы. «Егемен Қазақстан» Астана қ., 2005 жылғы 19 ақпан.

3. Назарбаев Н.  «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Қазақстан халқына Жолдауы. «Егемен Қазақстан»  Астана қ., 2012 жылғы 14 желтоқсан.

4. Жанпейісова М. Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде // ХХІ ғасыр: оқытудың инновациялық технологиялары. – Алматы, 2002. – 57 б.