Шалтықов Ә.Е., саяси ғылымдар докторы,профессор

(Қазақстан Республикасы, Алматы)

 

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТМАСЫЗ ЕТУ САЯСАТЫНЫҢ ӨЗЕКТІ  МӘСЕЛЕЛЕРІ

  

Жаһандану бүкіл әлемді ең жаңа озық технологиялар мен ақпараттық кеңістік арқылы қаржы-экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени байланыстардың ашық жүйесіне тартуды білдіреді. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың көмегімен  қарқынды жүріп жатқан әлемдік жаһандану үдерісі кез-келген өнеркәсібі дамыған елдерді бағындырып алу қаупі бар. Дамушы елдердің қатарына жататын Қазақстанның жаһандану үдерісіне ілесу жағдайында қоғамның түгелге дерлік салаллары үшін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету өзекті болып табылады. Әсіресе рухани салада ақпараттық қауіпсіздікті жүзеге асыру  мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының маңызды бөлігі ретінде  қарастыруды талап етеді. Өйткені әлемдік ақпараттық кеңістіктің ықпалы  ұлттық рухты жаңғыртып,  дамытуға, ұлттық рухтың компоненттерінің  бірі ұлттық мәдениеттің, мемдекеттік тілдің дамуына айтарлықтай  кедергі келтіруде.

    Тәуелсіздік алған уақыттан бері елімізде ақпараттық қатынастарға, ақпараттық қауіпсіздікке, оның ішінде ақпаратты қорғауға, ақпараттық технологияларды дамытуға арналған біршама заңдар мен Президент жарлықтары, Үкімет қаулылары жарық көріп, ТМД? ШЫҰ ұйымдарына кіретін елдермен осы салада халықаралық келісім-шарттар ратификацияланды. Қазақстан Республикасының Конституциясының 20- бабында көрсетілгендей ақпаратты қолданудың тек қана құқықтық немесе техникалық мүмкіншілігі ғана емес, сонымен бірге моральдық-этикалық және қоғамдық-саяси қауіпсіздігі де реттелуі тиіс. Осыған орай Интернет желісін БАҚ қатарына  жатқызып, оның қызметін мемлекет тарапынан реттеу туралы заң жобасы қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдері тарапынан қызу пікір білдірді. Әрине, бір ғана заңмен Интернетті пайдаланушылардың құқығын, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан бұл саладағы заңнамалар ұдайы жетілдіріп, отыруды талап етеді. Ол үшін арнайы халықаралық нормативтік құжаттар қабылдануы керек.

   Ақпараттық қауіпсіздіктің тек саяси, әскери, экономикалық, ұйымдастыру-техникалық аспектілері ғана емес, сонымен бірге рухани салада, әсіресе, жастар тәрбиесіне қатысты шаралар да назардан тыс қалмауы керек.

   Қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мемлекеттің ықпалы анықтаушы болып табылады. Бұған заңдық негіз де бар: «Қазақстан Республикасы өзінің ұлттық қауіпсіздігін өз қолында бар барлық құралдар мене әдістер, оның ішінде  біржақты немесе халықаралық шарттарға сәйкес қолданылатын экономикалық, саяси, әскери, құқықтық, арнаулы (барлау, қарсы барлау) құралдар мен әдістер арқылы қамтамасыз етеді»(1).

   Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету функцияларын орындайтын мемдекеттік жүйенің құрамына Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті, парламент палаталары, Үкіметі, Қауіпсіздік кеңесі, орталық атқарушы билік органдары, Президенттің және Үкіметтің құрған мемдекеттік және ведоствоаралық комиссиялары, жергілікті атқару органдары, сот органдары, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар кіреді.

     Мемлекет пен қоғамның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саясаты ішкі ақпараттық жүйелерді рұқсат етілмеген қолжетімділіктен, ақпаратты бұрмалаудан, ұрлаудан қорғайтын техникалық құралдармен қамтамасыз етуді қарастыруы тиіс. Осыған байланысты техникалық құралдар мен теле коммуникациялық  желілерді сертификаттау, ақпаратты қорғау қызметін  лицензиялау мемлекеттік билік органдары қызметінің маңызды және коммерциялауға жатпайтын бағыттарының бірі болуы тиіс.  Ақпараттық жүйелерді, жергілікті есептеу тораптарына ақпараттық қауіпсіздік қатерлерін анықтау мақсатында уақытылы аудит жүргізіп отыру қажет. Қазақстанда аукдит және сертификаттау жұмыстарын жүргізетін компаниялардың көбінің шетелдік екенін ескерсек, олардың қызмет кезінде маңызды мәліметтердің таралып кету қаупі туындайды. Сондықтан мемлекеттік органдарда тексеру, сертификаттау, аттестаттау жұмыстарын жүргізетін мемлекеттік компания болуы тиіс, және бұл компанияда арнайы тексеруден өткен мемлекеттік құпияларға  рұқсаты бар жоғары квлификациялық мамандар жұмыс істеуі тиіс. Сонымен бірге мемлекет тарапынан отандық ақпараттандыру және ақпаратты қорғау құралдарын өндірушілерді жан-жақты қолдау саясатын жүргізуді қажет етеді.

   Әлемдік тәжірибеге сәйкес, жеке және заңды тұлғалардың әлемдік ақпарат ресурстарына, жаһандық ақпараттық желілерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге жағдай жасау мемлекет тарапынан ұдайы назар аударуды қажет етеді. Өз кезегінде мемлекет жаһандық ақпараттық тораптар мен жүйелердің ұлтаралық сипатта болуына, сонымен бірге мемлекеттің әлемдік ақпараттық қауымдастыққа тең құқылы мүшесі ретінде қосылуына мүдделі болады.

   Тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстанда ақпараттық саясат саласында мемлекеттік тұрғыдан біршама саяси шаралар атқарылған. Әсіресе, ТМД елдерінің арасында Қазақстан мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастырып, дамудың алдыңғы қатарда деп есептеуге болады. Алайда, қоғамды ақпараттандыру процесі, басқа өндіріс салалрына қарағанда ақпараттық технологиялардың тез дамып отыруына байланысты, ақпараттық қауіпсідіктің қай аспектісі болмасын, үнемі жетілдіруді талап етеді.  Өз кезегінде кез-келген өндіріс, экономика саласының қазіргі таңда замануи ақпараттық техника мен технологияларсыз дамуы мүмкін болмай қалды. Тек, ақпараттық емес, сонымен бірге түгелге дерлік технологиялардың қазіргі таңдағы  даму ерекшелігі олардың адам қызметінің  барлық салаларына  тез енуімен, мол себепті өзара тәуелділіктің, осал тұстардың кесірінен пайда болуы мүмкін техногендік қауіп-қатерлермен байланысты. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі қай дәуірде, қай қоғамдық құрылыста болмасын, өзекті болып қала бермек.

   Қазіргі таңда компьютерлік қылмысты болдырмау, ақпараттық технологиялар саласында құқықбұзушылық әрекеттерге төзімсіздік орта қалыптастыру мақсатында  студенттер арасында тиімді оқу-тәрбие жұмысын жүргізу өзекті болып табылады. Шынтуайттап келгенде, қазіргі қоғамға  өзін-өзі үнемі дамытып отыруға қабілеті бар, рухани құндылықтардың ту ұстаушысы, демократия, гуманизм, мәдениет сияқты жалпыадамзаттық бағалы қасиеттерді бойына сіңірген, халқының тарихы мен салт-дәстүрін білетін,  мемлекеттік, орыс және шет тілдерін меңгерген, өзінің ойы мен істеріне жауап бере алатын, саяси құқықтық мәдениет пен басқарудың нарықтық қағидаттарын жетік меңгерген, жан-жақты, бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандар қажет. Осы ұстаным кез-келген оқу орнының жастарды тәрбиелеу ісінде басты назарда болу қажет.

       Біздің елдің  ұлттық мүддеміз – қазіргі кезде заман талабынан туындап отырған жаһандану заманында жұтылып қалмай, керісінше, экономикасы әулетті, мәдениеті мен салт-дәстүрі берік қалыптасқан, жан-жақты дамыған 50 елдің қатарына кіру. Қазіргі кездегі ұлттық рухты  көтерудің өзектілігі де осында тұр. Яғни бұдан қазіргі кездегі ұлттық идея – қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және оны дамыту мәселесі туындап отыр.

  Жаһандану процесінің дамуы елдегі экономикалық факторлармен қатар ақпараттану процесіне, әлемдік ақпараттық кеңістікке  ену жағдайларына тікелей қатысты екені мәлім. Сондықтан ұлттық рухты, ұлттық патриотизмді қалыптастыруда, дәріптеуде ақпараттық кеңістігіміздің, оған қатысушы субъетктілер – мемлекеттік құрылымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық ұйымдардың, жекелеген азаматтардың рөлі ерекше болмақ.

   Сонымен, қазіргі постиндустриалдық қоғамда ақпарат, ақпараттық байланыстар қоғамның қай саласы болсын, экономикалық, саяси, рухани, әлеуметтік салалардың негізгі өзегіне айналып отыр. Демек, кез-келген мемлекеттік, ондағы мемлекеттік басқару формаларына қарамастан, оның саяси жүйесінің барлық құрамдас бөліктерінде  ақпараттың қалыптастырушы, үйлестіруші, байланыс факторы ретінде аталатын орны ерекше болмақ және ол дами бермек.  Өйткені ақпараттық технологиялардың, ақпарат таратудың жаңа әдістерінің, соның ішінде бүгінгі күні Қазақстанда ресим түрде бұқаралық ақпарат құралдарына теңестірілген Интернет желісінің дамуымен бірге саяси жүйенің коммуникативтік қызметі де жандана түсті.

 

Әдебиет:

 1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы Қазақстан Республикасының 1998 жылғы  26 маусымдағы  № 233 Заңы.  17- бап,  2-тармақ//www. e. goy. Kz