Құандық Нұрғалым – магистрант, Құрманалиева Э.Т.- п.ғ.к., ТарМУ доценті

М.Х.Дулати атындағы мемлекеттік университеті, Тараз қ

 

ЖЕКЕ ТҰЛҒА ҚАБІЛЕТІН ДАМЫТУДА - ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

НЕГІЗГІ ФАКТОР РЕТІНДЕ

Бұл дүниеде адам - адам болып жарытылғаннан соң, оның өмір сүруінің негізгі тірегі мен қажеттілігі, сондай-ақ қалыпты өмір сүру жағдайы басқа адамдармен қарым-қатынас жасау болып табылады. Тұлғаның әлемді танып білуі қарым-қатынас арқылы жүзеге асады. Қазіргі кезде адамның қарым-қатынас процестері телекоммуникациялар, компьютерлік коммуникациялар сияқты жаңа технологиялар арқылы жүзеге асырылуда. Сондықтан психологтар мен психотерапевтер тұлғаның қарым-қатынас мәселесіне ерекше көңіл бөлуде, әсіресе айналасындағы өзгерістерге бірден бейімделе алмайтын, ұялшақ, өзінің қабілетін көрсете алмайтын, қарым-қатынасқа жеңіл түсе алмайтын адамдарға көмектесу қажеттігінен туындап отыр. Міне, сондықтан қазіргі таңда психологияда тұлға қабілетін қарым-қатынас арқылы дамыту өзекті мәселе болып отыр.

Қарым-қатынас – білім мен мәдениеттің компоненті, оның бөлінбейтін бөлшегі іспетті адамзаттық дүниетанымы мен сана-сезімін жетілдірудің ерекше жолы болып табылады. Тұлғаның қарым-қатынасы және қабілеті, саналы көзқарастары, ізгілікті қарым-қатынас орнатуына, рухани адамгершілік құндылықтарының қалыптасуына, жүйелі іс-әрекет жасауына, дұрыс шешім қабылдауына мүмкіндік береді.

Шетел және отандық психология ғалымдарының: Б.Г. Ананьев, А.А. Леонтьев, А.А. Бодалев, Г.А. Ковалев, Б.Ф. Ломов, Л.А. Петровская, К. Роджерс, А.У. Хараш және т.б. еңбектерінде қарым-қатынас психологиясының жалпы әдіснамалық және теориялық негізі болатын зерттеудің нәтижелері көрсетілген [1].

XX ғасырдың бас кезеңінде Қазақстанда педагогикалық, психологиялық теория негіздерінің қалыптасуына атсалысқан және қарым - қатынас мәселесі жөніндегі маңызды пікірлер М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, т.б. еңбектерінде көрініс тапқан [2].  

Ал қазіргі таңдағы отандық ғалымдарға келетін болсақ, Қ.Б. Жарықбаевтың, Ә.Алдамұратовтың тілдік конструкцияларды меңгеру психологиясы, Х.Т.Шерьязданованың балалардың қарым - қатынастарын тренингтік жұмыстар арқылы дамыту мәселесі, С.Қ.Бердібаеваның творчестволық іс-әрекеттің құрылымы туралы,  Н.Қ.Тоқсанбаеваның қарым-қатынас мәселесі жайлы еңбектері және т.б. зерттеу мәселесін шешуге мүмкіндік берді [3].

Қазақстандық психология мектебінің көрнекті өкілі С.М. Жақыпов қарым-қатынастың күрделі сипаты зерттеуге кешенді, пәнаралық тұрғыдан келуді талап етеді. Бұл жерде айрықша рөл адамдардың қарым-қатынасы мен өзара түсінісуін ішкі құрылымдық тұрғыда, оның механизмдері мен функциялары тұрғысында, ақырында, әрбір нақты тұлға өміріндегі оның рөлі мен мағынасы тұрғысында зерттеуімен біршама басқалардан өзгешеленетін психология ғылымының еншісіне тиеді. Бүтіндей себептер қатарымен шарттанған өзара түсінісудің бұзылуы қарым-қатынаста қиындықтар мен кедергілерді тудырады, жалғыздық пен қарым-қатынасқа түсе алмаушылыққа алып келеді, адамдар арасындағы шиеленіс пен кикілжің қатынастарды ұлғайтады. Дәл осы өзара түсінісудің болмауынан (жанұяда, қызметте және т.б.) психологиялық кеңеске жүгінудің кең тараған түрі болып табылуының кездейсоқтықтың еместігі де сондықтан [4].

Әрбір жеке адамның қарым-қатынастағы қабілетінің дамуының жоғарғы жетістігі, тек сол адамның ғана жеке басының даму көрсеткіші емес, бұл қоғам дамуына да, өркендеуіне де едәуір әсер етеді.

Профессор Н.Қ. Тоқсанбаева адамдардың келісімді қызметінің тұтас жүйесін тілдік қарым-қатынастың объектісі ретінде қарастыруды, тілдік қарым-қатынас субъектісін қайта талдауды талап етеді. Индивид немесе жеке тұлға тілдік қарым-қатынас субъектісі бола алмайды. Көп жағдайда тілдік қарым-қатынас субъектісі ретінде қатынасушылар, келісімді іс-әрекеттің субъектілері қарастырылады. Олардың әрқайсысы өзінің белсенділігін екінші басқа біреуге бағыттайды. Бірақ тілдік қарым-қатынастың спецификалық объектісі ретінде келісімді іс-әрекеттің екі немесе бірнеше субъектінің тұтас жүйесінің қатысуы, адамдардың тілдік қарым-қатынастың нақты психологиялық бірлігі ретіндегі әлеуметтік топ деп қарастырады.

Адам өмірлік тәжірибе жинақтап, кеңейте, табиғат, қоғам, адам және оның санасы туралы білімдерге ие бола отырып, басқа адамдардың таным субъектісі ретінде қалыптасады.

Ең алдымен, қарым-қатынастағы құзыреттілікті тұлғаның басқа адамдармен қарым-қатынас қалыптастыру және ұстау қабілетін дамыту деңгейі ретінде түсіну болып табылады.

Екіншіден, көптеген еңбектерде бұл қабілеттіліктің тұлғаның тереңдегі қасиеттерімен, атап айтқанда, қарым-қатынасқа деген қажеттілігімен, өзіне деген сенімділігімен және өзіне-өзі баға берушілігімен байланысын көрсету болып табылады.

Үшіншіден, бір жағынан, икемдер мен дағдыларды бөліп көрсету, екінші жағынан, тұлғаның түрлі жағдайларда сәтті тұлғааралық өзара әрекетке жағдай жасайтын жеке психологиялық сипаттамаларын бөліп көрсету болып табылады.

Төртіншіден, барлық зерттеушілердің қарым-қатынастағы тұлға құзыреттілігін көп қырлы, көп деңгейлі құрылым ретінде түсіндіруі болып табылады. Осының барысында отандық психологияда деңгейлерді бөлу негізіне көбінесе қарым-қатынас «тараптарын» топтастыру және соларға сәйкес құзыреттіліктің құрамдас бөліктері адамдардың бірін-бірі қабылдауы және түсінуі – гностикалық құрамдас бөлік ретінде белгіленуші; тұлғаның өзін-өзі танытуы – экспрессивті құрамдас бөлігі; ықпал, әсер – интеракциялық құрамдас бөлігі алынады. Кейбір ғалымдар қарым-қатынасқа деген қажеттілікті және қарым-қатынасқа деген бағдарды жеке бөліп көрсетеді деп  ғалым Н.М. Мельникова өзінің еңбектерінде шолу жасады.

Яғни, қарым-қатынас процесінде адамдар түрлі объектілерді тану нәтижелерімен, білімдерімен, тәжірибемен, ғылыми, тұрмыстық, оқу ақпараттарымен алмасады. Өзара әрекет ете отырып, олар бірлескен еңбек және демалыс туралы келісімге қол жеткізеді; идеялардың, көңіл күйінің, көзқарастардың бірлігін қалыптастырады; ойларының, күйзелістерінің, түрлі оқиғаларға, басқа адамдарға, өзіне-өзі қатысты қатынастарының ортақтығына қол жеткізеді.

Психологтар үшін адамның жоғарғы психологиялық функциясында сөздің рөлі – оның ойлаумен, санасымен, есте сақтауымен, эмоциясымен және т.б. қарым-қатынасы өте қызықты болып табылады, мұнда оның жеке тұлға мен шығармашылық құрылысының ерекшелігі өте маңызды.

Келесіде қарым-қатынастағы өзін-өзі бақылаудың қызмет ету факторы ретіндегі тұлғааралық кері байланысты зерттеудегі жаттығу және сараптама бағыттары шеңберінде шетел психологиясында жинақталған негізгі нәтижелерге шолу ұсынылған. Тұлғааралық кері байланысты зерттеудің батыстық дәстүріне кеңес әлеуметтік психологиясында жасалған бағыт – бірлескен іс-әрекет арқылы біріккен дамушы нақты топтар жағдайындағы кері байланысты зерттеу қарама-қарсы қойылады. Г.М. Андрееваның пайымдауынша кері байланыстың қарым-қатынастағы тұлғаның өзін-өзі бақылауына ықпал ету мәселесінің қойылуы «кооперация мен қарым-қатынастың түрлі формалары барысындағы интериоризация процесінің ерекшелігін әлеуметтік-психологиялық талдау» міндеттеріне сәйкес келеді, - деген. Бұл міндеттер психология ғылымын дамыту логикасында бірінші орынға қойылады. Ал тұлғааралық кері байланыс жағдайы бұл тұрғыдан үлкен қызығушылық туғызады, өйткені қарым-қатынас пен бірлескен іс-әрекетті реттейтін адамгершілік өлшемдерін, тұлғааралық қатынастарды интериоризациялаумен тікелей байланысты.

Сонымен, қарым-қатынас – негізгі психологиялық категориялардың бірі. Адам басқа адамдармен қарым-қатынас және өзара әрекеттесу нәтижесінде тұлға болып қалыптасады.

Әр адам өзінің негізгі ерешеліктерін жеке қарым-қатынас тәжірибесі арқылы, отбасындағы, мектептегі, көшедегі тікелей қатынастар арқылы қалыптастырады. Мұны қазақсандық психолог Х.Т. Шерьязданованың  еңбегінде  қарым-қатынас – баланың қалыпты психикалық дамуының маңызды факторы және ажырамайтын шарты ретінде қаралады. Ол қоршаған адамдармен қарым-қатынас қажеттілігі бастапқы мәні бар маңызды табыстылық ретінде зерттеп, қарым-қатынасты іс-әрекет ретінде түсінудің негізгі ережесін ұсынады: 1. Қарым-қатынас іс-әрекетінің заты немесе объектісі бірлескен іс-әрекеттегі серіктес және қарым-қатынас потенциалының субъекті ретіндегі басқа адам. 2. Қарым-қатынас әрбір іс-әрекет  сияқты адамның қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған. Қарым-қатынастағы қажеттілік басқа адамды бағалауға талпынудан тұрады, ол өзінің тұлғасын және өзін бағалауға, сол адамның бағасынан өзін анықтауға, қарым-қатынас мотиві басқа адам немесе, дәлірек, адамның сол қасиеттері туралы түсінігі үшін баланың үлкендермен өзара әрекетке түсуі  болып табылады [5].

Қарым-қатынас барысында мінез-құлық стилі, мәнері, ғұрыптары беріледі, топтық және ұжымдық іс-әрекетті ерекшелейтін бірлік пен пікірлестік көрініс табады. Ең соңында, қарым-қатынас – адамның күрделі әлеуметтік детерминациялану процесінің елеулі факторы, тұлғаның дамуына қарқын беруші.

Осылайша, қарым-қатынас деп адамдар арасындағы байланыстарды қалыптастыру мен дамытудың бірлескен іс-әрекетке деген қажеттіліктерден туындайтын және ақпарат алмасуды, өзара әрекеттің бірегей стратегиясын жасауды, адамның басқа адамды қабылдауы мен түсінуін қамтитын күрделі, көп жоспарлы процесі аталады.

Қарым-қатынастағы теріс нәтиже, көбінесе қарым-қатынас жасаушылардың бірін-бірі баламасыз түрде бейнелеуінің, олардың әрқайсысы алған ақпараттың жеткіліксіздігі мен дұрыс талқыланбауының салдары болып шығады. Басқа адамдардың келбеті мен мінез-құлқы бейнесінің сезім күйін түсіндіріп жеткізуде және олармен қарым-қатынастағы өзара әрекетті реттеуде адамның өмір сүру барысында жинақтаған еңбек, таным және қарым-қатынас тәжірибесі айрықша мәнге ие, ал бұл тәжірибе әрқашан әр адамда жеке өзіндік ерекшелікке ие және қарым-қатынас жасаушылар қашан да бірінен-бірі тұлғалар ретінде қандай да бір деңгейде ерекшеленеді. Сонымен қатар қарым-қатынас процесінде өзара әрекет етуші индивидтер бір мақсатты да, түрлі мақсаттарды да көздеуі мүмкін. Сондықтан қарым-қатынас – қарым-қатынас жасаушылардың бір-біріне бірлескен іс-әрекетке және оның нәтижелеріне, өзіне деген арақатынастарының күрделі түйісуі және сонымен қатар қарым-қатынас жасаушылардың бірін-бірі түсіну және объективті бағалау қабілетінің айқын көрсеткіш.

Қарым-қатынас мәселесін зерттеп жүрген отандық психолог Н.Қ. Тоқсанбаева қарым-қатынастың ойлау процесіне әсерінің сипаты түрлі фактілердің жүйесіне тәуелді: шешіліп отырған тапсырманың қиындығы, тапсырманы бірлесіп шешіп отырған адамдардың білім дәрежелері және интеллектуалды қабілеттіліктері, олардың мотивацияларының, тұлғалық ерекшеліктерінің сәйкестігі және т.б. Бұл мәселені зерттеуде жүйелік бағыт принциптерінің бірінен кейін бірінің іске асуы, ең алдымен психикалық процестер детерминациясының жүйелілігін түсіну ерекше маңызды болып табылады деп атап көрсетті [3, 149 б.].

Пайдаланған әдебиет:

1. Леонтьев. А.А. Психология общения.-2-е изд., ис. и доп. – М.: Смысл, 1997. – 365 с.

2. Жақыпов С.М. Оқыту процесіндегі танымдық іс - әрекет психологиясы. – Алматы: «Алла прима» ЖШС, 2008. - 216 б.

3. Жарықбаев Қ.Б. Озғанбаев Ө. Жантануға кіріспе. -  Алматы: «ИНФОРМ - АРНА». 2001. - 189 б.

3. Тоқсанбаева Н.Қ. Қарым-қатынастың адам өміріндегі маңыздылығы және этнопсихологиялық сипаты // Қазақстан жоғары мектебі. - 2008.-№4.-134-135бб.

4. Шерьязданова Х.Т., Ерментаева А.Р., Аубакирова Ж.К.  Мектеп жасына дейінгі балалардың қарым-қатынасының педагогикалық-психологиялық негіздері // Қайнар университетінің хабаршысы, 2004.  №1. 101-110 бб.