Ақажанова А.А.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті

Халықтық спорт, ойын атауларының  этнолингвистикалық және этномәдени танымдық негіздері

 

Ұлттық спорт және ойын атауларының қай түрін алсақ та, халықтың тілдік дәстүріне, дүниетаным – түсінігіне сай қалыптасқан. Ұлттық ойын атауларының негізі этнолингвистика мен этномәдениетте жатыр, оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Этнолингвистика терминінің көп тараған анықтамасын О.С. Ахманова берген: «Этнолингвистика – это раздел макролингвистики, изучающий отношения между языком и народом и функионировании и развитии языка [1, 529].

Этнос (ұлыс – халық – ұлт) тіліне байланысты  лингвистикалық теорияның негіздерін салған 18 ғ. 2 жартысы мен 19 ғ. бірінші жартысында өмір сүрген В.Гумбольдт. Ол әрбір жеке тіл – ұлттың тілдік санасында қалыптасқан нәтижесі, сол себепті тілдің қызметі қандай деген мәселеге, оның ішкі өмірінің  қалай дамығанын, ұлттың рухани  күшін, оның өзіндік ерекшелігін түсінбейінше жауап беру мүмкін емес дейді. Тіл мен рухани күштер бір-бірінен бөлек, бір-біріне жалғассыз дамымайды, олар бірлесіп зияткерлік қабілеттерінің  біртұтас қызмет әрекетін тудырады [2,67].

В.Гумбольдтың тілдік формалар  арқылы  тілдің семантикалық өзгешелігін білдіретін оның (тілдің) ішкі формасы туралы ілімі этнолингвистиканың қалыптасуына да өте маңызды болды. Проф.М.М.Копыленко В.Гумбольдт іліміне сүйене отырып, әлем тілдерін зерттеу дегеніміз олардың дыбыстық көрінісін ғана емес, этнолингвистикасын зерттеу деп тұжырымдайды [3,9].

Әлемдік тіл білімінде В.Гумбольдт ілімі кейін Бодуэн де Куртенэ,   А.А. Потебня, Ф. де Соссюр, А.Вежбицкая т.б. зерттеулерінде ары қарай дамытылды. Қазақ тіл білімінде этнолингвистика мәселелері проф. М.М.Копыленко, акад. Ә.Қайдар, проф. Е.Жампейісов зерттеулерінен басталып, кейін М.Манкеева, Ә.Ахметов, С.Сәтенова, А.Жылқыбаева, Р.Шойбеков, Б.Уызбаева, Қ.Аронов, А.Мұқатаеваның, М.Абдрахманованың жеке салаларға байланысты еңбектерінде кеңейтілді.

Қазақ тіл білімінде  этнолингвистика ғылымымен алғаш айналысқан ғалымдардың бірі акад. Ә.Қайдар этносты, этнос болмысын тек оның тілі арқылы  толық түсінуге болатынын, этнос өміріндегі  «мол деректер мен мағлұматтарды тіл ғана  бойына сыйғызып», ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетінін, тіл этностың өзін танып-білудің қайнар бұлағы екенін айтады. Сол себепті ғалым тіл феноменін  «тіл әлемі» деп қолдануды ұсынады. Осыған орай Ә.Қайдар этнолингвистика дегенге мынадай анықтама берді: «Этнолингвистика этнос болмысын оның тілі арқылы танып білу мақсатынан туындаған лингвистиканың  (тіл білімі) жаңа да дербес саласы» [4,5-11]. Ә.Қайдар этнос жайын тілдің лексика-семантикалық қорын байытатын, «небір құнды дерек-мағлұматтармен толықтырылып, мазмұн-тақырып ауқымын кеңейтіп, мән-мағынасын тереңдете түсетін тілдің көздері» ретінде алты этнолингвистикалық арнаны көрсетеді. Олар: баламалар, тұрақты теңеулер, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ауыз әдебиет үлгілері [4,25-26]. Халықтық спорт және ойын атауларын білдіретін тіл бірліктеріне осы арналардың  бәрі дерлік қатысты деуге  болады.

Акад. Ә.Қайдар «тіл әлемін» «Адам», «Қоғам», «Табиғат» деп үш салаға бөліп қарайды, оларды іштей  30 үлкен макротопқа, ал макротоптарды өз ішінен 200-дей микротопқа бөліп көрсетеді [4,19]. Біздіңше, ұлттық спорт, ойын атаулары осы үш саланың үшеуіне де қатысты. Себебі ұлттық спорт, ойын-сауық, олардың атауларының қалыптасуы нақты қоғамдық - әлеуметтік өмір жағдайында жүзеге асады. Спорт, сауық ойындарымен шұғылданушылар, оларды ұйымдастырушылар адамдардың өздері және олар табиғи кеңістікте (дала, алаң) ойналады. Ұлттық спорт, сауықтың бір түрі – аңшылықтың негізгі нысаны табиғи тағы аңдар мен құстар екені белгілі.

Ә.Қайдардың  пікірінше, қыран құстар «Хайуанаттар дүниесінің», «Құстар»деп аталатын тармағына жатады. Бірақ қыран құстар жайындағы этнографиялық мәліметтер «Кәсіпшілік» деген тармақтың «Аңшылық», «Саяткерлік» бөлімшесінде берілуге тиіс» [4,71].

Қазақ  этнолингвистикасын зерттеуде  Ә.Қайдар ұстанған тағы бір принцип – зерттеу объектілерін өзара байланыс-қатынастылығына қарай жүйелі түрде топтастыра зерттеу [4,17-б]. Біз зерттеу нысаны етіп алып отырған халықтық спорт, ойын атаулары өз ішінде бірыңғай емес. Оларды жиын-тойларда, ашық алаңдарда, үй ішінде ойналатын ойындар деп бөлуіміз, аңшылыққа, саятшылыққа қатысты атауларды өз алдына жеке қарастыруымыз зерттеу нысандарын топтастырудың осы принципіне  негізделген. Қазақ тіліндегі спорттық ойын атауларының  бәрі жеке бір макротоптың құрамына кірсе, ал олардың іштей бөлінетін түрлері ондағы микротоптарды құрайды.

Этностың шынайы бейнесі, болмысы туралы тілдік деректер, мағлұматтар оның тіл әлемінде сақталып, сол арқылы болашақ ұрпаққа жеткізіліп отырады. Бұдан тілдің кумулятивтік қызметі туралы мәселе туындайды.

«Кумулятивизм (от лат. cumuiatio увеличение, скопление) – методологическая установка философии науки, согласно которой развития знания происходит путем постепенного добавления новых положений к накопленной сумме истинных знаний». Ә.Қайдар тілдің  кумулятивтік  қызметін оның коммуникативтік және эстетикалық қызметтерімен бірге үшінші қызметінің бірі ретінде қарастырады [4,18-21].

Осы тұрғыдан қарағанда халықтық спорт, ойын-сауыққа, оның түрлеріне қатысты атаулар, сөз тіркесі, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар т.б – бәрі осы салаға байланысты ғасырлар бойы қалыптасқан  сөздік қордың ауқымды бөлігін құрайды. Бұл атаулардың бірқатары шығу төркіні жағынан көне түркі дәуірімен ұштасып жатқанымен, негізінде қазақтың халық болып даму дәуірінде қалыптасқан  тарихи сөздер болып табылады [5,125-127]. Мысалы, аңшылыққа байланысты: саятшылық, құсбегі, қызылшы, қызылдату, қағушы, шоршы, қансонар, келтесонар, жым, қайыру, қоңыр аң, апан; бүркіттің жасына қарай: қантүбіт, тастүлек, тірнек, көктүбіт, мұзбалақ, қандыбалақ т.б. бөлінуі; аң аулау құралдары: тұзақ, тор, аран, аусар, атқы, қалжуыр, қамба, шарға т.б., аң аулау тәсілдері: індету, құлату, қаумалау т.б., ат спортына байланысты: аламан бәйге, ошақ бәйге, айдау ат, құнан жарыс, жорға жарыс, көкпар, ат омыраулату, аударыспақ, қызқуу, күміс алу т.б.,  күрес түрлері: қазақша күрес, тауық күрес, ырғақ, ұстау, шалу, ілу т.б  ашық даладағы ойындар: соқыртеке, қызылту, ақсерек-көксерек, бестас, асық, үштабан, құмар, алакүшік, ақсүйек, әйгөлек, алтыбақан, әткеншек, арқан тарту, қашпадоп т.б.; үй ішінде ойналатын ойындар: белбеу тастау, ұшты-ұшты, білектесу, көрші, тоғызқұмалақ, дойбы, санамақ, инем тап т.б.; спорт, ойын түрлеріне байланысты салт-жоралғы атаулар, тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар т.б. - бәрі бұрыннан келе жатқан, халықтық сипат алған тіл бірліктері болып табылады. Бұл сияқты атаулар халықтық спорт, ойын түрлерін бірнеше ғасыр бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші тіл құралдары қызметін атқарады.

Ұлттық спорт, ойын-сауық атауларынан халықтың салт-санасы мен дүниетанымындағы түсінігін, өзіндік ерекшелігін көруге болады.

Дүниеде аң ауламайтын, құс салмайтын халық жоқ деуге болады. Бірақ әр халықтың аңшылық дәстүрі өзіне ғана тән, өз дүниетанымына, түсінігіне сай қалыптасады. Мысалы, тұрақты тіркеске айналған «қанжығаға байлау» жасы кіші аңшының олжасын жасы үлкенге сыйлайтын, жасы үлкеннің қанжығасына олжа байлау салтына байланысты айтылады. Ал оның негізі қазақ халқының жасы үлкенді сыйлау, құрметтеу әдетінде жатқаны белгілі. «Үйірімен үш тоғыз» қазақтың  аңшылық дәстүрінде ежелден сақталған «олжа көбейсін», «олжалы бол» деген тілекті білдіріп тұр. Қазақ халқында ежелгі салт бойынша, сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің бағы жанып, арманы орындалуы үшін,  «жеті қазына» қажет деген түсінік қалыптасқан. Этнографиялық деректерде олар былайша таралады: 1) жүйрік ат, 2)қыран бүркіт, 3) құмай тазы, 4) берен мылтық, 5) өткір кездік, 6) ау – жылым, 7) қандыауыз қақпан. Қазақта жеті қазынаның бұдан басқа да нұсқалары бар. Солардың ішінде жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы міндетті түрде  қайталанып отырады, қалғандары садақ (мылтық орнына), сұлу әйел, ілім-біліммен ауыстырылып, түрлі нұсқада өзгеріп отырады. «Жеті қазынаның  бірі - ит» деп, қазақта итті басқалардан бөліп айтады [4,47-48].

Этнолингвистика этнос мәдениетімен тікелей байланысты. Этнос мәдениеті дегеніміз – белгілі бір этнос (ұлт, халық, тайпа) мәдениетінің дамуын және оның қоғамдық - әлеуметтік заңдылықтарын зерттейтін ғылым саласы. Ә.Қайдардың пікірінше, «этнос мәдениеті әрбір этносқа тән табиғи, әлеуметтік ортаға сәйкес қалыптасқан құбылыс. Өмір-тіршілік салты, ортақ тіл, ортақ дүниетаным, ортақ психология т.б. осының бәрін біз этнос мәдениетінен таба аламыз. Ал соның бәрін танып білудің ең басты құралы - тіл екендігін  мәдениеттанушы ғалымдардың бәрі мойындайды» [4,13].

Қазақтың спорт, ойын-сауық ойындарының атаулары қазақ халқының этностық мәдениетіне кіретін көп саланың бірі болып табылады. Осы саладағы қазақ этносына тән материалдық, рухани құндылықтарды ондағы атауларды, яғни тілдік құралдарды зерттегенде ғана танып білуге болады.

Спорттық, ойын-сауық атауларының танымдық сипаты  этнографиямен де байланысты. Этнос тілі этнолингвистика мен этнографияның екеуіне де ортақ, бірақ оны екеуінің зерттеу тәсілі бірдей емес [4,17]. Мысалы, қазақтың аңшылық дәстүрін, оған байланысты  негізгі нысандарын - аңшы құстар мен аңшы иттерін, аулау құралдары мен аулау тәсілдерін, олардың аталуын этнографтар этнос мәдениетінің көрінісі ретінде қарастырады. Ал этнолингвистер осы нысандарды және оларға  қатысты ұғым, түсініктерді психикалық, этникалық тұрғыда олардың тілде қалай көрініс табатынын зерттейді. «Этнос болмысына қатысты тіл фактілерін этнографияға қарағанда  этнолингвистика әлдеқайда ауқымды да кең пайдаланады, олар тілдегі мән-мағынасын  жан-жақты да терең түсіндіруге тырысады» [4,15].

Сөйтіп, этнос тілі  этномәдениет  пен  этнографияның, этнолингвистиканың үшеуіне де ортақ нысан болып табылады, олардың әрқайсысы этнос тілін әртүрлі деңгейде, мақсатта қарастыра отырып, оның танымдық өрісін, сипатын түсінуге мүмкіндік береді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.     Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. Москва: Сов.энцик., 1966. – 605 с.

2.     Гумбольдт В. Избранные труды по языкознанию. Москва: Прогресс, 1984. – 400 с.

3.     Гуннер М. Сборник казахских национальных игр и развлечений. Алма-Ата, 1938.

4.     Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. Алматы: Ана тілі, 1998.-304б.

5.     Уызбаева Б. Қазақ тіліндегі соматикалық етістік фразеологизмнің этнолингвистикалық сипаты: ФҒК дис.автореф. Алматы, 1994. – 22 б.

6.     Аронов К.Г. Этнолингвистическая природа народных космонимов в казахском языке: автореф.дисс... КФН. Алматы, 1992. – 22 с.