Биназарова Н.Н.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ХХ ғ. 70-80 ЖЖ. ҚАЗАҚСТАНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ МАМАНДАРЫН ДАЙЫНДАУ МӘСЕЛЕСІ

 

Қазақ халқы тәуелсіздік алып, дербес, егеменді мемлекет құрып, нарықтық экономикаға бағыт ұстап әлеуметтік-экономикалық күрделі өзгерістер болып жатқан қазіргі кезде агроөнеркәсіптік саланы басқару, бұл сала үшін мықты кәсіптік дайындығы бар мамандар даярлау мәселесінің айрықша маңызы болып отырғанын айту керкек.

Бұл ретте 70-ші, 80-ші жылдарға көз жіберсек ауыл шаруашылығының мамандарын даярлау, орналастыру, тәрбиелеу мәселесінде нендей тәжірибелер жинақталды, оның оң, игі жақтары, кемшіліктері сондай-ақ бұл мәселеде саяси-қоғамдық ұйымдардың ролі қандай болды. Бұл жылдарда Мемлекетіміздің саяси-қоғамдық, шаруашылық ұйымдары «Еңбек өнімділігін арттырудың шарты - халық бұқарасының  білімін және мәдени дәрежесін көтеру болып табылады», деген қағиданы басшылыққа ала отырып, ауыл шыруашылығы мамандарының сан және сапа құрамын жақсартуға айрықша көңіл бөлді. Ауыл шаруашылығының жоғары және орта білімді мамандарын даярлауда бірсыпыра жұмыс атқарыла тұрса да, ауыл шаруашылығын, совхоздар мен колхоздарды білімді мамандармен қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешілген жоқ.

Жоғары және арнаулы орта білімі бар маман кадрлар даярлайтын оқу орындарының қызметінде елеулі кемшіліктер де болды. Олар негізінен мынандай еді: Біріншіден, ауыл шаруашылығының жоғары және орта дәрежелі мамандарын қытатын оқу орындарының материалдық-техникалық базасы өз дәрежесінде болған жоқ. Студенттер мен оқушылар үшін жатақханалар, лабораториялар, оқу корпустарын салу жобалары бірқатар институттар мен техникумдарда іске аспай қалды. Екіншіден, алпысыншы жылдардың орта шенінен бастап, үдемелі сипат алған ғылыми-техникалық прогресстің жетістіктерін студенттер мен оқушыларға оқыту самарқау жүргізілді. Үшіншіден, оқу орындарының ғылыми әдістемелік кадрларының сапа құрамы ойдағыдай емес еді. Олардың арасында ғылыми дәрежесі бар адамдар аз болды. Оқу әдістемелік жұмыстардың елеулі кемшіліктері оқытудың сапасын нашарлатты. Оқу орындарының өндіріспен байланысы барынша жетілдіруді керек етті.

Осы сияқты олқылықтар мен кемшіліктер бүкіл халық шаруашылығындағы жинақталып жатқан өзекті проблемаларды көбейте түсті. Саяси - экономикалық, қоғамдық өмірдегі бетбұрыстың қажеттігін айқындай берді.

Оныншы бесжылдықтың аяғында совзоз, колхоздарда 88,6 мың мамандар еңбек етті. 1975-1980 жылдарда олар 26 пайызға өсті, орта есеппен әрбір совхозда 33 тен 38-ге дейін, әрбір колхозда 20-дан 33-ке дейін көбейді. Осы жылдарда ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарының саны 7-ге, орта оқу орындары 41-ге жетті. Оларда дайындалатын мамандардың саны өсті.

Экономикалық, сондай-ақ қоғамдық өмірдегі күрделі де көп қырлы аграрлық саясаттың жасалуы маркстік-лениндік теорияға негізделді. Тағам өнімдерін өндіру - тікелей өнім өндірушілердің өмірі мен жалпы өндірістің ең алғашқы шарты болып деп есептеліп, елдің экономикалық даму қарқынын ауыл шаруашылығына тығыз байланысты қарастырылды.

Елдегі экономикалық өзгерістердің келелі бағдамарласын іске асыруды ғылыми- техникалық прогресті жеделдету, селоны әлеуметтік жағынан қайта құру мен ұштастыра отырып таяу жылдарда азық-түлік тапшылығын жою, ал оныншы бесжылдықта халықты азық-түлікпен толық қамтамасыз ету міндеттерін шешу мәселеріне партия айрықша көңіл бөлді.

Дегенмен бұл тұста партия, кеңес ұйымдарының ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау ісіне болып келген көптеген жайларды түзете алмағанын айту керек. Оларды дайындайтын оқу орындарындағы материалдық-техникалық база талапқа сай болмады, оқу корпустары, оқулықтар, лабораториялар, тұрмыстық жағдайлар жетіспеді. Осының барлығы оқудың сапасы мен мамандардың дайындығына кері әсерін тигізді.

Бұл міндеттерді іске асыруда мамандарға ерекше жауапкершілік жүктелетіні анық еді. Сондықтан да оларға үлкен талаптар қойылды. Атап айтқанда, олар экономикалық білім негіздерін игеруге, шаруашылық есепті жүргізе білуге, дербес қимыл жасап, кәсіпкерлік шеберлік көрсетуге тиісті болды.

Шынында да біздің еліміздің қоғамдық, әлеуметтік- экономикалық дамуының барлық кезеңдері де ауыл шаруашылығын алға бастыру, оның саяси, кәсіптік дәрежесіне байланысты екенін байқатты. Осыдан келіп саяси-қоғамдық күштер ауыл, село кадрларын даярлау, тәрбиелеу, орналастыруды аса маңызды мәселе деп қарады. Мұның өзі ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің сапа көрсеткіштерін жақсарта беруге ойдағыдай ықпал етті.

70-ші - 80-ші жылдарда саяси - қоғамдық ұйымдар мен шаруашылық органдардың басшылығымен мамандардың кәсіптік дәрежесін көтеруге бағытталған жұмыс, тек оқу орындарында ғана емес, сонымен бірге өндірісте, совхоз, колхоздардың селолық аудандардың өздерінде де жүргізілді. Мамандардың тәжірибе алмасу мектебі, ауыл шаруашылығы білімінің университеттері, белгілі бір жерлерге тәжірибе үйрену үшін, мамандар жіберу іске асырылды. Озат шаруашылықтарда ғылыми-техникалық сондай-ақ өндірістік конференциялар өткізу іске елеулі пайдасын тигізді.

Дегенмен тоқырау жылдарындағы етек алған теріс құбылыстардың кадр саясатына кері ықпалы болғанын да айту керек. Оларды жершілдік, тума - туысқандық, таныстық принцип бойынша орналастыру, партия ұйымдарының бұл мәселеге немкетті қарауы мамандар даярлау ісіне үлкен қырсығын тигізді. СОКП Орталық Комитетінің 1989 жылғы наурыз айындағы Пленуымында атап көрсетілгендей, өткен жылдарда аграрлық саясаттың тиісті нәтиже бермеуі оны қалыптастырумен іске асыруда өндірістік - экономикалық қатынастарды жетілдіру, өз еңбегінің нәтижесіне шаруаның жеке басының ынталылығын арттыру қажеттігін ескермеуден болды. Пленум ауыл шаруашылығы өндірісінде жаңа шептерге шығу, азық - түлік проблемасын шешу үшін совхоздар мен колхоздарды, агроөнеркәсіп комплексінің басқа да кәсіпорындарында шаруашылық есеп пен өзін - өзі қаржыландыруға дәйекті шешу негізінде селодағы экономикалық қатынастарды өзгертіп, еңбек ұжымдары мен бүкіл қоғамның мүддесін жеке азаматтардың мүддесімен сәтті ұштастыратын мердігерлік әдісті қоғамдық қатынастардың негізгі формасы ретінде қарау керек деп көрсетті. Мұның өзі нарықтық қарым - қатынастарға көшіп отырған бүгінгі күндерде де маңызын жойған жоқ.

Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау, өңдеу, сақтау олардың ысырабына жол бермеу мәселесінің де маңызы айрықша екенін, осыған орай бұл салаларда істейтін кадрларды даярлау мен жалпы ауыл шаруашылығы мамандарының бұл саладағы білімін жетілдіруге де көңіл бөлу керектігін айту керек.

Ауыл шаруашылығының жоғары білімді мамандарын даярлауда әлемдік және мемлекет аралық қарым қатынастағы тәжірибелерді ескере отырып, ғылыми - техникалық прогресс пен озық тәжірибе жетістіктерін барынша толық меңгеру негізінде мамандар даярлауға айрықша көңіл бөлу керек. Бұл оқу орындарының басқа елдермен студенттер алмасуының да ерекше маңызды болатынын айтқан жөн.

Жергілікті жерлерде мердігерлер мен кооператорлардың жеке шаруалардың кәсіптік білімін жетілдіретін оқу орындарын ашып, олардың экономикалық білімі негіздерін оның ішінде шаруашылық есеп, кәсіпкерлік, іскерлік көздерін игеруіне қамқорлық жасаған жөн. Бұл ретте мамандардың, кооператорлардың, мердігерлердің, жеке шаруашылық иелерінің ерікті қоғамдарын, бірлестіктерін, ұжымдарын  құрудың  маңызы өте зор.

Ауыл шаруашылығының жоғары және орта оқу орындарында оқудың сапасын арттыру үшін студенттер мен оқушылардың мемлекеттік тілде - қазақ тілінде оқып білім алуына қамқорлықтың күшейтілуі маңызды болып отыр. Бұл үшін қазақ тілінде оқулықтар дайындау, бастырып шығару ісіне айрықша көңіл бөлінуі тиіс.