т.ғ.к. Колумбаева Зәуреш Ермековна

Магистрант Есеноманова Айгерим Рашитовна

 

«Тұран-Астана» университеті

 

БАЯНҒАЛИ ӘЛІМЖАНОВ АЙТЫСТАРЫНДАҒЫ ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ БЕЙБІТШІЛІК ТАҚЫРЫПТАРЫ

 

Аннотация. В данной статье исследуется айтысы Баянгали Алимжанова посвященные теме независимости и мира. В статье даны различные примеры  айтысов и их анализы.

Abstract. This article explores aitys Bayangali Alimzhanova on the theme of independence and peace. The article presents various examples aitys and their analyzes.

Қазақ халқында айтыстан асқан кесек ойды жұрт алдына жасырмай жайып салатын, тосыннан түрлі тақырыптар қозғалатын сөз өнерінің түрі жоқ екені даусыз. «Айтыс – қазақ және қырғыз, қарақалпақ халықтарында ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр, топ алдында қолма-қол суырып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы. Айтыс – өмірдегі әлеуметтік тартыстар мен адам қатынастарына негізделген желіге құрылып, кезектесе айтылатын қисынды, дәлелді, ұтқыр өлең. …Қазіргі айтыстарда заман өзгерісі, қоғамда болып жатқан жаңалықтар, халық өмірінің соны әлеуметтік мәселелер сөз болып келеді. Сондай-ақ бейбітшілік, гуманизм, экология мәселелері қозғалады» [1;34]. Айтыс халық өмірінің айнасы іспеттес. Себебі қоғамда болып жатқан түрлі әлеуметтік-саяси жағдайлар әдебиеттің аталған жанрында көрініс тауып жатады. Ғалым М.Дүйсенов пікірінше: «Айтыс тақырыбының терезесі кең, ол заман, қоғам, адам туралы, бүгінгі күннің шындығы болып отыр. Жеке бастың ғана емес, қоғамдық мəні бар жайлар ақындар назарынан əсте шыққан емес» [2;51]. Осы орайда, тақырып терминінің тереңіне үңілген жөн. Сонымен, «Тақырып – әдеби шығармада сөз болатын басты мәселе,шығарма мазмұнының негізгі арқауы, айтылатын жай-жағдайлардың бағыт-бағдары. Шығарманың тақырыбын, яғни не жайында айтылатынын, нендей мәселелерді қозғайтынын анықтау сырттай оп-оңай сияқты көрінуі мүмкін. Алайда шығарма тақырыбын айқындауға жеңіл, үстірт, қарау дұрыс болмайды. Тақырыпты бірнеше қырынан қарастыру кездеседі» [1;315]. Қоғамда болып жатқан түрлі мәселелерді, түрлі қырларынан зерттеп, елге түсінікті, әрі әсерлі жеткізетін айтыс ақындарының жұрт алдында жарқырап шығуы өзекті тақырыпты көрерменге жеткізудің ең ұтымды жолы. Осындай айтыскерлік шеберлікпен 1984 жылдан 2005 жыл аралығында көзге түскен азулы ақын – Баянғали Тоқанұлы Әлімжанов. Ақынның айтыстары «Алаш пен Манас қырық айтыс» атты жинақта, сонымен қатар түрлі ұжымдық жинақтарда жарық көріп келеді. 108 айтысқа қатысып, 216 рет айтысқа түскен ол, айтыс жанрының шырқау биігіне көтеріліп, халық ықыласына бөленген. Баянғали Тоқанұлының айтыстарының тақырыптары сан алуан, сол себепті аталған мақаламызда автордың қарастырған жекелеген тақырыптарын ғана алып отырмыз.

Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандаған азаттықтың ақ таңын аңсауы 90-жылдарға дейінгі айтыстардың негізгі тақырыбына айналғанын ғылыми қауым да, қарапайым халық та жақсы біледі. Аталған тақырып аясы бодандық бұғауынан босаған кейін де, айтыскер Баянғали Әлімжановтың басты тілге тиек етері болғанын төмендегі мысалдардан көре аламыз. Мәселен:

Жайықтың сөз айт дедің қыздарына,

Қыз десе, менің енді қызғаным да.

Есіме қазақ қыздар түседі ылғи,

Көз салсам желтоқсанның ызғарына.

Оларды отпен, сумен атқылады,

Әскерлер күрек алып шапқылады.

Сонда да қазақ қызын жеңе алмаған,

Саққұлақ әлдекімнің ақ құлағы.

Көңілің жырымменен толсын деймін,

Осындай думан ылғи болсын деймін.

Декабрист ұлдарым мен қыздарыма,

Қазағым бір ескерткіш қойсын деймін [3;43-44] - деген жолдарында ақын еліміздің егемендігіне қол жеткізудегі қазақ қыздарының қаһармандық танытқан кейіптерін, орыс халқының өктемдігі өткенімен де, соңында еліміз жеңіске, яғни тәуелсіздікке жеткендігін жыр етеді. Дегенмен, соңғы тармақтардан осынау ғаламат кезеңге жеткізген ұл-қыздарымыздың еңбегінің еленбегені, ескерткіш қойылмағандығы ақынның ұлтжанды көңіліне кірбің түсіргендігі байқалады. Соған қарамастан, желтоқсан оқиғасын қазақ қызының образымен байланыстыра отырып, тәуелсіздік тақырыбын әсерлі де, әдемі жеткізу Баянғали Әлімжановтың айтыскерлік шеберлігі екені анық.  

Соңғы кезде көршілес, бауырлас халықтардың басынан өтіп жатқан қандыбалық оқиғалар, қызылды-жасылды көтерілістер қазақ халқына да астыртын әсер етіп жатқаны белгілі. Осы орайда, мемлекет тірегі болар, тек қана бейбітшілік және бейбіт өмір жайлы жазылған шығармалар болып табылады. Әлімжанов аталған тақырыпты Шорабек Айдаровпен өткен айтыста былай ашты:

Ол мейлі түтіндесін, жалындасын,

Жабылар бір амалы табылғасын.

Мың жерден түтін жұтып жатсақ-тағы,

Жерімде ешбір бомба жарылмасын!

Әр уақта ел-жұртыма күтім болсын,

Жұтқаны мейлі кейде түтін болсын.

Тілеймін ел-жұртыма бейбітшілік

Әйтеуір елім тыныш, бүтін болсын [3; 28]!

Айтыс шумақтарында ақынымыз қазақ халқына зардабын тигізетін зұлым күштің, яғни бомбаның туған жерімізге залал тигізбеуін тілейді. Не де болса да, еліміздің тыныштықта өмір сүруін қалайды. Себебі, тыныштықтың өзі – бейбітшілік. Аталған ой автордың басқа да сөз қағысуларында кездеседі. Мәселен:     

Өсиет елім-жұртым жастарына.

Барады деп ойлаймын бастарына:

Тілегін құп аламыз Көкшетаудың,

Таңбамды салам деген тастарына.

Мен сенің қосыламын тілегіңе,

Қосылар миым дағы, білегім де,

Қазақтың бар баласы таста емес,

Бірлік пен татулықтың шын белгісі,

Шынайы қалсын деймін жүрегіңде [3;56]. Бұл жолдардан байқайтынымыз, қазіргі халық ауыз әдебиетінің ірі өкілі саналатын Баянғали Тоқанұлының қашан да бейбіт, тату өмірді аңсайтыны, қолдайтыны. Аталған тақырыпты Баян ағамыз басқа қырынан да баяндайды. Мысалы,

Шын билік нағыз ерге тисін деймін,

Ерлері туған елін сүйсін деймін,

Қазақты алаламай, жікке бөлмей,

Барлығын ту астына жисын деймін [3;75]! Нағыз ер бейнесі қандай болуы керек дегенді айтқан ақын, халық арасында алауыздық туғызбай, бір тудың астында бірігу, яғни сол жылдардағы Кеңесшілдікті аңсау, Кеңес үкіметін жақтаушылар, Ресейге қосылуға ниет білдірушілердің іріткі саясатына ермей Қазақстан туының астында бейбіт өмір сүру идеясын алға тартады.

Иә, расында да, қандай да бір қанды қырғынға бармас бұрын, мемлекет отбасынан бастау алатынын ұмытпай, артыңда қалған жанұя мүшелерін, өзің жауапты басқа да адамдар бар екендігін ойлау керек. Автордың айтпағы да осы болар. Жалпы алғанда, бейбітшілік тақырыбын сан қырынан жырлаған айтыскер ақын Баянғали Әлімжановтың адамгершілігі биік, ұлтжандылық сезімі дамыған, тәуелсіз еліміздің тірегі бола алар ерен тұлға екендігін байқау қиын емес.   

Баянғали Тоқанұлының қарсыласы павлодарлық Серік Құсанбаев әуелде:

...Естіледі ағасы

Кенесары деген бір есім бар,

Біз айтамыз болашақ

Өмірді мынау арман деп,

Біз айтамыз дүниені

Қас-қағым сәтте жалған деп,

Талай-талай ерлерің

Орта жолда қалған деп,

Мен естимін қырғыздар

Кенесары бабамның

Басын бір кезде алған деп [3;173]! - деп Баянғали қырғыздардың Манас жыры үлгісінде айтысуы мен жалпы Манасты жырлауын сынайды. Қарсылас айтыскердің пікірінше, қырғыздарға жақын болу, өз еліне қарсы шығумен тең. Осы арқылы туыстас, қандас екі халықтың арасын жалғап, екі мемлекет арасындағы бейбіт өмірге шақырады.

«Баянғали Әлімжанов айтыстарындағы тәуелсіздік және бейбітшілік тақырыптары» атты мақаланы жазу барысында жүргізілген зерттеу жұмысында Баянғали Тоқанұлының айтыстарында жиі кездесетін тәуелсіздік пен бейбітшілік тақырыптары оның импровизаторлық өнерінің негізгі өзегіне айналғанын байқаймыз. Аталған тақырыптарды көтеру қайсыбір айтыскерлердің қолынан келе бермейтін, тыңнан түрен салатын, күрмеуі мол күрделі мәселелерді ашықтан-ашық жырлау ақын шеберлігін, әрі ұлтжандылығын танытатыны айдан анық. Айтыскер ақынның түрлі-түрлі тақырыптарда сөз таластырғанын ескерер болсақ, бұл зерттеу жұмысы әрі қарай жалғасын табатынын айта кеткен жөн.

 

Әдебиеттер:

 

1.                 Ахметов З., құраст. Т. Шаңбаев. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. –Алматы: Ана тiлi, 1996.

2.                 Дүйсенов М., Сейдеханов М., Негимов С. Халық ақындары творчествосының көркемдік сипаты. Алматы: Ғылым, 1982.

3.                 Әлімжанов Б. Алаш пен Манас. Қырық айтыс. – Новосибирск, 2004.