Дүйсебекова А.Е.

ф.ғ.к., доцент

Қожабаева Ж

«Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығының4-курс студенті

Ы.Алтынсарин атындағы АрқМПИ, Қазақстан

 

БАЛА БОЛАШАҒЫНЫҢ НЕГІЗІ – ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕДЕ

 

Қазіргі білім берудің мақсаты білім, білік, дағдымен қаруландыру ғана емес, солардың негізінде дербес, өзгермелі қоғамда лайықты өмір сүріп, жұмыс жасай алатын, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке – ақпаратты өзі іздеп тауып, ұтымды пайдалана алатын, жоғары мәдениетті қарым-қатынасқа түсе алатын  тұлғаны қалыптастыруды талап етіп отыр. Қазақстан Республикасының «Білім туралы заңында», «Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылға дейінгі білім беру бағдарламасында» мектепке дейінгі білім беруде жаңа рухани-мәдени құндылықтарды игеруге, ұлттық сананың қалыптасып, ақыл-ойының, интеллектуальдық дамуын қамтамасыз ететін, болашақ мектепалды даярлықтағы оқу әрекетіне дайындық ретінде  дүниетанымдық қабілеттері мен танымдық құзыреттерін қалыптастыру қажеттілігі ерекше атап көрсетілген.

Бүгінде мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру жүйесінің жаңаруына    жан-жақты жетілген, ұлттық сана-сезімі, ұлттық психологиялық нышандары қалыптасқан, рухани байлығы дамыған ертеңгі азаматты тәрбиелеу – мектепке дейінгі мекеменің жүзеге асыратын міндеттерінің бірі. Өйткені XXI ғасырдағы толассыз ақпараттар мен қоғамдағы күрделі өзгерістер аясында өмір сүріп жатқан жас ұрпақты тәрбиелеудің күрмеуі қиын мәселелері жеткілікті. Ал ұлттық тәрбиені дарыту одан да өзекті. Осыған орай, қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталған тәжірибесінің ауқымды бір саласы – ата-бабадан мирас болып қалған ұлттық құндылықтар.

Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби-педагогикалық оқулықтарға енгізген М.Жұмабаев болды. Ол педагогиканың ұлттық тәрбиеден бастау алатыны жайлы «Педагогика» атты еңбегінде: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» - деп атап көрсеткен болатын» [1,51б].

Белгілі ғалым С.Қалиевтің пікірінше, «ұлттық мәдени ерекшеліктердің шартты белгілеріне ұлттық сезім, салт-дәстүрлер және ұлттық мінез жатады. Оның пайымдауынша, ұлттық сезім дегеніміз – адамдардың туған жерге, өскен елге, ана тіліне, ұлттық салт-дәстүрлерге деген сүйіспеншілікті білдіруі. Ұлттық сезім адамның жеке басының қанағаттану, шаттану, ой-қиял, әсер, сезімнің сыртқа шыққан көрінісі» [2,73б]. 

Фольклорлық шығармалар мен салт-дәстүрлердің, әдет-ғұрыптардың тәрбиелік мәні және құндылығы олардың халық жанына жақындығында.  Қазақ халқының фольклорлық шығармаларының шығу тарихының зерттелуі, тәлімдік мәнінің жүйеленіп негізделуі, Ш.Уәлихановтың зерттеулерінен басталып, күні бүгінге дейін халықтың рухани байлығы, сусындайтын кәусар бұлағы, ұлттық тәрбиенің тамыры деуге болады.

Халық ауыз әдебиеті үлгілері арқылы мектеп жасына дейінгі балалар халық даналығы мен ұлылар мұрасы арқылы адамгершілік қасиет сапалары мен адами бітім-болмысының үйлесімді дамуына қол жеткізіп, өзін-өздері тануға, имандылыққа, әділдікке, парасаттылыққа, мейірімділікке, әдептілікке, ар-намысты жоғары ұстауға, жомарттыққа, кішіпейілділікке тәрбиеленуге мүмкіндік алады.

Фольклор жас жеткіншектердің рухани-мәдени дүниесін, мінез-құлқын, өзара қарым-қатынастарын бейнелі түрде көрсетіп, баланың қабылдауын, қиялын, ақыл-ойын жетілдіреді. Өйткені фольклорда, жалпы көркем әдебиетте айналадағы шындық дүние, табиғат, қоғамдық өмір, әлеуметтік қоғам, адамдар арасындағы қарым-қатынастар нанымды, жан-жақты суреттеледі. Халқымыз «бала – бауыр етің» дейді. Баладан ыстық, баладан жақын, баладан тәтті ешнәрсе жоқ деуге болады. Сондықтан да халқымыз асыл ойын, тәтті қиялы мен ұшқыр арманын өлең, ән етіп, баласына арнаған. Жас нәрестенің дүниеге келуін ұлан асыр той қылып, қуаныш еткен.

Халық ауыз әдебиетінің үлгілері адам дүниеге келген күннен бастап бүкіл ғұмыр бойы оның жан азығы, рухани сусыны болып келген. Мысалы, бұл туралы ғалым С.Ұзақбаева былайша ой қозғайды: «Халықтық педагогика көптеген ғасырлар бойы, тіпті жазу-сызу пайда болғанға дейін қалыптасып, дамып отырғаны белгілі. Олай болса оның тамаша идеялары мен дәстүрлерін сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде халықтың ауызекі шығармашылығы мен қолданбалы өнері айрықша роль атқарады. Олар халықтық педагогикада балалар мен ересектер тәрбиесінің таптырмайтын әдіс-тәсілі болды» [3, 3б].

Шыр етіп жерге түскеннен бастап, анасының бесік жырын, әлди әнін естіп өскен бала, халықтың көркем, ұтымды, ықшам, қанатты сөздерімен, мақал-мәтелдерімен, аңыз-ертегілерімен, күлдіргі және өтірік өлеңдерімен танысады, сол арқылы жағымды бейнелерге, олардың адамгершілік қасиеттеріне, жақсы мінез-құлықтарына, табыстарына іш тартады, соған ұмтылады. Мәселен, ауыз әдебиеті үлгілері – баланың ой-өрісін дамытуға, адамгершілік мінез-құлықтарын қалыптастыруда, өнердің нұрын себуде адамзаттың ұрпағына қалдырған танымдық-тәрбиелік құралдарының ең көлемдісі әрі маңыздысы. Сондай-ақ бесік жыры – ұлттық рухани негіз. Бесік жыры – сәби жүрегіне алғашқы рухани нәр беретін бірден бір қызық. Онда ел тұрмысының көріністері суреттеледі. Ондағы «жілік шағып берейін», «байқұтанның құйрығын жіпке тағып берейін», «қой тоқтысын сой, бөпем», «қуырдағына той, бөпем», «үстіне тоқым жабайын, астына терлік салайын», «быламыққа май құйып, төнкерме ғып берейін» сияқты тағы басқа этнографиялық детальдар мен баланы жақсы көру, еркелету, айналып-толғануға байланысты айтылатын түрлі балама, теңеулер табиғатынан қазақы тұрмыстың иісі аңқып тұрады.

Балаларды жастайынан балалар фольклорын оқып-үйренуге қалыптастыру оларға тек эстетикалық нәр беріп қана қоймай, олардың кітапқа деген құмарлығын да арттырады. Балалар да ертегі тыңдап, бір-біріне жұмбақ жасырғанды, жаңылысып жаңылтпаш айтқанды, тұрмыс-салт жырларын орындағанды ұнатады. Халық ауыз әдебиетінің салалары көп. Олар: ертегілер, жырлар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, өтірік өлеңдер.

Мақал-мәтелдерхалықтың ауызша ақындық (поэзиялық) шығармашылығының көп тараған ескерткіштері. Халық даналығының қаймағы саналатын мақал-мәтелдер мен нақыл сөздердің ел аузынан жиналатыны мәлім. Қай халықтың ауыз әдебиетінде болса да мақал мен мәтел көлемі шағын, тілі көркем, мазмұны бай жанрға жатады. Мысалы, «Отан –оттан да ыстық», «Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды», «Еңбек түбі – береке» т.б. Мақал-мәтелдің өміршеңдігі, ұмытылмай ұзақ жасайтындығы тілінің көркемдігі мен мазмұнының тереңдігінде, аз сөзбен көп мағына беретіндігінде, жаттауға жадында сақтап керек кезінде еске түсіруге қолайлы екендігінде. Мақал баланың логикалық ойын дамытса, жұмбақ, жаңылтпаш жас баланың тілін жетілдіріп, табиғат, өмір жайындағы түсінігі мен қиялдау қабілетін дамытады.

Жұмбақхалық шығармаларының ішінде барлық жұрттың фольклоріне ортақ және халық арасында әлі күнге тыңнан туып, молайып, дамып келеді. Жұмбақ балалардың қиялын, танымдық іс-әрекетін, қабілетін дамытады. Оның жауабын табу үшін мазмұнын талдап ой елегінен өткізеді. Мәселен, «Үй үстінде ұсақ тас» (жұлдыз); «Төбесінде ебелек, ұшады ол керемет» (тікұшақ). Жұмбақтың тәрбиелік және дидактикалық мәні де зор.

Жаңылтпаш. Жаңылтпаш сөз әдейі жаңылту үшін құрастырылады. Шапшаң айтуға, тілдегі айтылуы қиын сөздердің басын құрап, келістіріп айтылатын шығарма. Жаңылтпаш – астарлы сөз, әсем жыр. Мұнда қарапайым халықтық тіл өрнектеледі және белгілі бір құбылыстың, заттың сипатын, кескін-кейпін, мейлінше түсінікті тілмен беру көзделеді.

Қамаштан көріп қалашты,

Қалашқа Жарас таласты.

Бөлінсін десең қалаш тең,

Таласпа, Жарас, Қалашпен!

Жаңылтпаштың мақал-мәтел сияқты терең мағынасы болмаса да оның астында әзіл-қалжың, ойын бар. Сондықтан жаңылтпашты ұйымдастырылған оқу іс-әрекетіне кеңінен пайдаланған жөн. Жаңылтпаштың тиімділігі дикцияның дамуына ғана емес, баланың шығармашылық қабілетіне әсер етуінде.

Ертегі. Бүгінгі таңда жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын халықтың мәдени мұрасының бірі – халық ертегілері. Белгілі орыс жазушысы, әдебиет сыншысы В.Г.Белинский баланың ой-сезімін дамытудағы ертегінің маңызы туралы: «Баланың ең алғашқы естіген ертегілері жақсы мен жаман туралы, әділеттілік пен әділетсіздік туралы, дөрекілік пен нәзіктік туралы,    ар-ождан, ұят туралы түсінік береді, баланы қатты толқытады. Бұл толқу оның мінез-құлқына, психикасына әсер етіп, еңбекке, адамдарға деген ізгі ниетін қалыптастыруға жол ашады» - дейді [4,28б]. Мектеп жасына дейінгі балаларға «Бауырсақ», «Жеті лақ», «Мақта қыз бен мысық» т.б. ертегілердің берер тәлімі ерекше. 

Санамақтар. Бала тәрбиесіндегі санамақтар да үлкен орын алады. Бұл жөнінде Ә.Табылдиев былай дейді: «Санамақтар халық, негізінен, жас балаға сан үйрету мақсатымен шығарған. Санамақтар әрі сан үйретеді, әрі дүние танытады, әрі баланың қисынды ойлауы мен математикалық ойлау қабілетін дамытады». Ал, санамақ тәртібін бұзбай айту балаларды аңғарымпаздық қасиетке баулиды, ол-көркем сөзбен кестеленген тәрбиелік, тағылымдық мәні бар шағын поэтикалық шығарма. Санамақтың түпкі негізі халықтық педагогикамен байланысып жатады.

Ұлттық ойындар. Қазақ халқының өмір кешкен тарихында ұлттық ойындардың көптеген түрлері балалық, жеткіншектік, жасөспірімдік сияқты балалар тәрбиесінде пайдаланылады. Ал қазіргі кезде ұлттық ойындардың көпшілігі тәлім-тәрбие саласында зор педагогикалық құралға айналды. Ойын тек қана көңіл көтеру, шаттандыру ғана емес, ол өзінше ерекше қазақ халқының әлеуметтік өміріне байланысты тәрбиелік мағынасы зор жеке адамның дамып жетілуіне, қалыптасуына әсер етуші факторлардың бірі.

Бала болашағының негізі – ұлттық тәрбиеде.  Бұл жөнінде Абай атамыз: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан», – деген екен. Сондықтан педагогтар қауымы балаларға  салт-дәстүрлерді жай ғана үйретіп қана қоймай, олардың тәрбиелік түп-тамырын, мәнін, алтын діңгегін түсіндіре білуі керек.

Әлемдік өркениет деңгейіне көтерілуге талпынған кез-келген елдің, ұлттың өз мақсатына жету жолындағы басты қаруы – ұлттық рухани құндылықтарды негізге ала отырып, әрбір жеке тұлғаның білім алуын қамтамасыз ету. Осыған сай Қазақстан Республикасында білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасуда. Қазақстандағы білім жүйесінің ұлттық ерекешеліктерін ескеріп, әлемдік стандартқа сәйкестендіру қағидасы  шығармашылықпен жұмыс істеуді бүгінде негізгі нысан еткен.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.     Жұмабаев М. Педагогика. Алматы, 1989.

2. Қалиев С. Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы. Алматы, 1998.

3. Ұзақбаева С. Қазақ халық шығармашылығының балалар мен жастарға эстетикалық тҽрбие берудегі мүмкіндіктері. Алматы, 1994.

4. Белинский В.Г. Шығармалары, Алматы 1973.