Дуйсебекова А.Е.

ф.ғ.к., доцент

Қайбұлда А.К.

«Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының                   4-курс студенті

Ы.Алтынсарин атындағы АрқМПИ, Қазақстан

 

 

ТЕРЕҢ ОЙ МЕН ҰТҚЫР ПАЙЫМ – ШЕШЕНДІК ӨНЕРДЕН

 

 

Асыл ойдың алтын қазығы болған шешен-билердің халық жадында сақталып келген дана ойлары келешек ұрпақ үшін әрқашан тәрбие мектебі болған. Елді елдікке, бірлікке шақыруда, халық тарихын байыппен саралап, бүгінгі ұрпақ санасына жеткізуде шешендік сөздердің маңызы ерекше. Халқымыз «Сөз қадірін білмесең, өз қадірінді білмейсің», «Сөз сүйектен өтеді», «Шешеннің тілі қылыштан өткір, қылдан нәзік» - деп, сөз өнерін ерекше тани бағалаған.

Шешендік сөздер – ғасырдан-ғасырға ұласып, халық игілігіне жарап келе жатқан ұлттық мұрамыздың бірі. Қысқа да нұсқа, бейнелі, мағынасы терең, шымыр, қисынға құрылған бұл сөздер тындаушының көңілінен шығып оны сөзсіз иландырады. Шешендік – қазақ елінің көнеден келе жатқан дәстүрлі тіл өнері. Шешендік – сирек ұшырасатын қасиет-дарын. Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр қисынға құрылады. Шешендік өнер мен билік қолма-қол туып айтылатын, суырыпсалма, жүрекжарды әділ сөздерге негізделген шығармашылық сипатымен дараланады. Осы орайда болашақ ұрпақты халқымыздың сөз өнерімен сусындатып тәрбиелеу өзектілігімен айқындалады.

Қазақтың шешендік сөздерін өзге жұрттың атақты адамдары, ғалымдары жоғары бағалаған. Академик В.В.Радлов (XIXғ.) шешендік сөздер нұсқаларын зерттеп жинаған. Ол: «Қазақтар… мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауызекі сөйлеп отырғанның өзінде сөйлеген сөздер ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі соншалық, бейне бір өлең екен деп таң қаласын», – деп, әсіресе, қазақ тілінің тазалығы мен табиғилығын дұрыс аңғарып, қазақтардың сөзге тапқырлығы мен шешендігі өзіне ерекше әсер еткенін жазған.

Сондай-ақ, қазақтың шешендік, тапқырлық, нақыл сөздерін жинап жариялағандардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол халық даналығының жас өспірімдерді тапқырлыққа, өткірлікке, адамгершілікке баулитын тәрбие құралы екенін жете танып, өз еңбектеріне орнымен енгізіп, пайдалана білді

Қазақтың шешендік сөз тарихы Майқы би мен Аяз билерден басталып (XII-XIII ғғ.), Жиренше шешен, Асан қайғы (XIV-XV ғғ.) есімдерімен қатысты калыптасып, өркендей түсті. Шалгез, Бұхар (XV-XVIII ғғ.), Шортанбай, Дулат, Мұрат, Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтекелерге жалғасты. Шешендік өнерінің кеңінен дамып биіктеген кезеңі – XV-XVIII ғғ. Бұл кез қазақ халқының жоңғар, қалмақ, қытай басқыншыларына қарсы тұрып, өз тәуелсіздігін қорғау жолындағы күрес жылдары еді

Шешендік сөздердің алғашқы үлгілерін халық ауыз әдебиеті туындыларынан, ертегі, аңыз әңгімелерден, өлең-жыр, дастандардан ұшыратамыз. Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр логикаға құрылады. Халық мақалдарында: «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «Қылыш жарасы бітеді, тіл жарасы бітпейді», «Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды», – деп сөзді айтушыға да, оған құлақ қоюшыға да биік талап қойған. Демек, шешеннің ең негізгі    құралы – сөз. Ол тындаушының жүрегіне жетіп, ерекше сезімге бөлеген. Сөз туралы Бөлтірік шешен: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе жоқ. Ақылыңды, сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт, кімге, қай жерде, қай кезде, қалай сөйлейтініңді біл», – деп толғайды. Бұлар – «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін, жауласқан елдің арасына бітім айтатын, күлгенді жылатып, жылағанды жұбата алатын даналық сөздер иесі».

Шешендік сөздер қазақ ауыз әдебиетіндегі шағын көлемдегі дидактикалық жанрлар. Шешендік сөздер – қоғам өміріне, табиғат құбылыстарына байланысты терең ой, бейнелі шебер тілмен айтылған халық шығармасы, тапқырлық сөздер мен тұжырымдар; қазақ ауыз әдебиетіндегі шағын көлемдегі дидактикалық жанр. Жанр мазмұнына қарай шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау болып үш салаға бөлінеді.

Шешендік сөздер – тапқырлық пен шешендікке үйрететін көркем сөз үлгісі ғана емес, халықтың көне тарихымен бірге жасап келе жатқан тәрбиелік мәні зор халық даналығы. Ол түркі тектес халықтардың көпшілігінде кездеседі. Шешендік өнерді ғылыми тұрғыдан зерттеп, зерделеу сонау бабамыз Әл-Фарабидің еңбегінен бастау алса, кейінгі кезде Ш.Уәлиханов,      Қ.Халид, Ш.Құдайбердіұлы, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, Г.Ә.Мәметова, Б.Адамбаев, Р.Сыздықова, Ә.Нұрмаханова еңбектерінде өрісін тапқан.

Қазіргі заманғы ғылыми-зерттеулер нәтижелеріне негізделген анықтамалар бойынша би-шешендердің әлеуметтік қызмет салалары сан алуан дәстүрлерді қамтыған. А.Байтұрсынов, М.Ж.Көпеев, С.Сейфуллин,    М.Әуезов, Ә.Мәметова, Б.Адамбаев, Н.Төреқұлов, С.Негимов, Ж.Дәдебаев, С.Дәуітов, т.б. ғалымдардың еңбектерінде би-шешендер сөздерінің       тарихи-поэтикалық ерекшеліктері үнемі қарастырылып келеді.

Бөлтіріктің «Балаға ақыл» атты насихат-нақыл, бата-тілек бағдарымен айтылған сөздері дидактикалық-философиялық байыпты сипатымен ерекшеленеді. Шешендік насихат-нақыл сөздеріде қазақтың ата-бабалардан жеткен адамгершілік қасиеттер ұлағатын жас ұрпақтың жадына, санасына сіңіру ұсынылған. Қолдағы бар дүниені орынсыз шашпауды, ашкөз дүниеқоңыз болмауды, меншікті жердің, судың («Сулы жер – нулы жер, нулы жер – рулы ел») иесі болуды, жігіттік пен қарттықтың үйлесімін білуді, ойдың да, сөздің де, істің де таза, ақ болуын сақтауды уағыздайды. Адамдармен қарым-қатынастар жасаудағы тәлім-тәрбиелік, этикалық ұстанымдардың мәнісін өмірлік шындық қорытындыларымен дәйектей түсіндірген. Мысалы:

Ақылы жоқты аға тұтпа,
Қасиеті жоқты қадір тұтпа,
Ақылы жоқты аға тұтсаң,
Кішілігіңді кемшіліктей көрер,
Қасиеті жоқты қадір тұтсаң,
Кісілігіңді ерсіліктей көрер.


Үлкен алдында иіліп сөйле,
Кіші алдында сызылып сөйле.
Иіліп сөйлегеннен белің бүгілмейді,
Сызылып сөйлегеннен сөзің үзілмейді.

Шешен адамның бойында кездесетін тапқырлық, батылдық, сабырлық – нағыз қасиеттердің белгісі. Ол сол қиын дауларды шешуге көмектескен. Тыңдаушысы жоқ жерде сөзді босқа қор етпеген. Қазақтың шешендік сөздерінің тарихы Майқы би мен Аяз биден басталады.

Түгел сөздің түбі бір,

Түп атасы – Майқы би.

Аяз әліңді біл,

Құмырсқа жолыңды біл

деген нақыл содан қалған.

Халықтың сеніміне айналған шешендер: Жиренше, Асанқайғы, Бұқар, Шалкиіз, Шортанбай, Дулат, Мұрат сөздері халықтың көкейінен шыққан. Ел қамын ойлаған. Біздің атақты билеріміз Төле, Қазыбек, Әйтекелердің білімпаз, көреген, ұлағатты, ғибратты сөздері өскелең ұрпаққа болашақтың жарық шамшырағы іспеттес. Төле би айтқан: «Тура биде туған жоқ, Туғанды биде иман жоқ» деген аталы сөз турашылдық пен әділдікті жақтайды.

Қазақтың шешендік сөздері – сөз құдіретін түсінетін адамға шөлдегенде ішетін сусын, тоңғанда жылынатын отын, ыстықтағанда желпінетін самал жел, адасқанда жол көрсететін жолбасшы, жауға аттанғанда қолбасшы, рухани азық, өмірдегі бағыт беретін темірқазық жұлдыз. Сондықтан да, «Даналардан шыққан сөз, білімдіге болсын кез» дегенді өсиет еткен.

Қазақ – табиғатынан ділмар, шешен халық.  Сол себепті халқымыз шешендік өнерінде сөз ойға тәуелді болады. Егер керісінше болса, айтайын деген ойдың мәні солғындайды деген. Ұлы Абайдың «Көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда өңі қашады», - деуі содан. Демек, ұтқыр ой мен көркем сөз тең түсіп отырса ғана сөз әсерлі де тартымды, әрі қуатты болады, тыңдаушыны баурап алып, еріксіз мойындатады. Қазақ шешендері сөздің осы екі жағын тең ұстаған. «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» дегендей, атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуді арман етіп, «шыншыл, әділетті иманды болу сонау ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр екендігін ескертіп, кейінгі ұрпақтың ата салтын мықтап ұстануын талап еткен.

Көшпенді ата-балаларымыз ұрпақ тәрбиесіне қатысты жайттарды топтастырғанда да ғылым үшін аса маңызды жүйелілік принципіне ерекше мән берген. Ата-бабамыздың төкпе ақындық пен сұңғыла жыршылық, айыр көмей шешендік пен төгілдірген күйшілік секілді киелі өнерлеріміздің іргетасы бала санасына сәби шақта қалатынын ерекше ескеріп, осынау бал дәурен балалық кезеңге айрықша мән берген. Осы айтылғанға орай жас буын тәрбиесін бесіктен бастап бұларды ақыл-ой, имандылық, еңбек, көркемдік, сымбаттылық секілді сан салаға жұптастырған.

Ұлттың ұлы мұраттары мен ұлылығы, ірілігі мен бірлігі, саналылығы мен пәктігі, есендігі мен еркіндігі, намысы мен ынтымағы үшін, тәуелсіздігін қорғау, тұтастығын сақтау, қорғаныс қабілетін күшейту жолында               күш-қуатын, білім-білігін сарқа пайдаланған, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген сол бір заманның жарқырап туған жарық жұлдыздары, мемлекет мәмлегерлері Үйсін Төле бидің, Қаздауысты Қазыбек бидің, айыр тілді Алшын Әйтеке бидің кесімдері, терең тебіреніспен айтылған айшықты да асыл ойлары көнермейді. Уақыт өткен сайын тәрбиелік маңызы арта түспек.

 

 

                    Пайдаланған әдебиеттер:

1.     “ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна», 2010.

2.     Шешендік өнер С. Негимов Ана-тілі -1997.

3.     Дәулетбекова Э.Ж Сөз мәдениеті және шешендік Алматы 2007.

4.     Абильбакиева Ғ.Т Қазақ халқының шешендік сөздері. 2001.