МҰНАЙ-ГАЗ
САЛАСЫ ТЕРМИНДЕРІНІҢ АУДАРМАСЫ ЖАЙЛЫ
С.Сейфуллин
атындағы қазақ агротехникалық университеті
Кәсіптік білім-103 тобының студенті Шолпан Жақанқызы
Ғылыми жетекшісі
ф.ғ.к. С.Кенжемұратова
Мұнай-газ
саласындағы терминдердің аудармасына қатысты басқа да
салада кездесетін заңдылықтың барын айта кеткіміз келеді.
Себебі бір терминнің бірнеше салаға ортақ не өзгеше
аударылуы байқалады.
Опробователь пласта - қабат сынағыш деп аударылған.
Отыз томдық сөздіктің 7 томында 266-бетте – опробывание оборудования (бізге
опробывание сөзінің аудармасы маңызды) тіркесі - жабдықты сыннан өткізу, 17
томның 379-бетінде «опробывание» –
«сынамалау», 19 томда, 288-бетте «опробование»
– «сынамалау», осыған байланысты қабат
сынағыш тіркесін дұрыс аударма деп тануға болар еді,
алайда сол 19 томда «опробование пластов»
– «қойнауқаттарды сынамалау»
деп аударылған. Сондықтан пласт сөзін жан-жақты
саралап, дұрыс нұсқасын ұсыну қажет деп санаймыз.
Погружная (установка) - тоғытпалы, бататын
(қондырғы) деп аударылған. 12 томның 395-бетінде – погружные – батырылған, сол
томның 465-бетінде – установка –
қондырғы деп аударылған. Погружнаяның аудармасы ретінде ұсынылған термин тоғытпалы, бататын да, батырылған термині де
сөздің мағынасын ашпайды, себебі бат(у)+а+тын (по+груж+а+е+мая)– есімше формасында, бат(у)+ыр+ыл+ған (по+груж+ен+ная) – есімше формасында –
алғашқысы келер шақ (объектісі белгілі, өздік етіс),
кейінгісі – өткен шақта (ырықсыз етіс) тұрып,
әрекеттің өткені, болатындығы туралы нақты
мәлімет беріп тұр, ал біздің жағдайда бат(у)+ыр+ыл+атын (по+груж+ная) келер шақ (бірақ объектісі белгісіз,
ырықсыз етіс) формасында болуы шарт.
Портальный кран - төрттағанды шығыран,
портовой кран - кемежай шығыраны деген екі атау аудармасы
ұсынылған. Кранның
«шығыран» деп аударылуы туралы жоғарыда айтқан
болатынбыз. Алғашқы тіркес туралы айтар болсақ, отыз
томдық сөдіктің 8 томының 298-бетінде – порталды кран, 9 томның
323-бетінде де – порталды кран деп
берілген. Портал сөзінің
мағынасы белгісіз болғандықтан, төрттағанның қаншалықты дұрыс
балама екенін айта алмаймыз, электрондық сөздікте – портал – сәулет саласының
термині – бетше босаға деген
нұсқасы бар, ал портты – кеме+жай,
порт деп аударған, (сал. воздушный
порт – әуежай). Қысқасы бұл терминдер әлі де
болса талдау, сараптауды қажет етеді.
Ракат (при погрузо-разгрузочных работах) - при
погрузочно-разгрузочных работах) – төсем
деп аударылған. Мағынасы ашылмағандықтан
аударманың қаншалықты дұрыс/бұрыстығы
туралы пікір айта алмаймыз.
Станок винторезный - бұранда салғыш станок,
станок сверлильный - кесу станогы деген терминдерге қатысты пікіріміз
өзгеріссіз қалды, себебі станок термині бірнеше жылдан бері «білдек» деп аударылып жүр. Ендігі
мәселе – «винторез»
терминінің аудармасы, ол 7 томның 205-бетінде – бұранда кескіш деп
аударылған. Кесу-салу
мағынасы жағынан ұқсас деп алғанның
өзінде бұл термин әлі де нақтылауды қажет етеді.
Ал сверлильный станок атауы – 7 томда 330-бетінде – тескіш білдек, ал 20 томның
421-бетінде бұрғылау станогі
деп аударылған. Тесу –
бұрғылау – кесу деген үш сөздің бойынан сверлоның –бұрғы
екенін ескерсек, бұрғылау
білдегі деген нұсқасы көңілге қонымды
болмақ. Сондықтан бұл термин де нақтылауды қажет
етеді.
Стравливание газа - газ шығару термині
ұсынылған. Бұл жерде газ
шығарудан гөрі газдан босату
термині мағынаны толықтай ашады деп есептейміз. Себебі стравливание – опорожнение газовой емкости
дегенді білдіреді.
Торцевое уплотнение -
жақтық тығыздама деген аударма орысшаланғанда лицевое уплотнениеге саяды.
Торецтің түрлі сөздікте қаптал, шетжақ,
түйісім, шет жақ, бүйір жақ, беткей, тұйық
жақ деген аудармасы бар. Осылардың ішінен мағынасы
жақынын іріктеп терминді қайта ұсыну қажет деп
санаймыз.
Трубопроводчик - құбыршы, трубоукладчик -
құбыр төсеуші деген екі тіркес бекітілуге ұсынылған. Трубопровод – құбыржол деп
аударылады, неге екені белгісіз алғашқы аудармада тек құбыр сөзі жалаң
алынған. Негізінде құбыр+жол+шы
болуы тиіс еді. Отыз томдық сөздіктің 7 томында 339-бетте – құбыр+сал+ғы+ш, ал 8
томда (399-бет) – құбыр+сал+ғы,
16 томның 456-бетінде құбыр+төсе+гі+ш
деген аударламалар берілген. Бекітуге ұсынылғаны – төсе+у+ші, біздіңше осы
нұсқа - адамға (қызметкер, жұмысшы) қатысты
ұтымды термин. Терминдерді біріздендіруде осы қыры ескерілуі тиіс
деп санаймыз.
Аталмыш салаға
тән «течка» терминін - жылыстау, ағып кету деген екі
нұсқада бекітуге ұсынған. Бұл сөздің
метафораланған «утечка информации»
мағынасынан бөлек, түрлі сөздікте – ағу, ысырап, жылыстау, ысырап болу,
ағып кету деген секілді аудармалары кездесті. Сондықтан
бұл терминді де әле де болса нақытау қажет деген пікір
айтамыз.
Чалочный канат - чалочты
арқан деген аударма бар. Чалочныйдың
бойында – ақран, сым, шынжыр
деген мағына бар, бұл арқанның бір түрін
сипаттаушы термин. Сондықтан чалочныйды
деген сөзді қазақиландырып ұсыну қажет.
Шаровой кран терминін шар-шығыран
деп аудару қаншалықты қисынды. Шаровый деген сөздің бойында шар сияқты деген мағына жатқан жоқ.
Шлифовально-заточный станок - тегістеу-қайрау
станогы
деп аударылған, станок – білдек деп
аударылатыны туралы жоғарыда айтып өттік, ал шлифовальный – ажарлағыш, заточный – қайрағыш
деген аудармалары 7 томның 330-331 беттерінде берілген. Бұл
әрине, жеке қасиетіне қатысты білдектер туралы айтқанда
таптырмас аударма, ал бекітіліуге ұсынылған тегістеу-қайрауға
білдек сөзін тіркестіріп тегістеу-қайрау
білдегі деп беру қажет деп санаймыз.
Саңылаулы тот аудармасын «щелевая коррозия» тіркесінің аудармасы ретінде
ұсынған. Геология саласында «коррозия» -
ауа мен судың зардабынан тау жыныстарының қирауы
мағынасында еш аударылмай ұсынылған. Ал техника саласында
түрлі бағытқа сай зең; коррозия; тоттану; тотығу; тотық деген нұсқаларында -
химиялық үрдіс зардабынан металдардың мұжылуы деген
мағынада жұмсалатыны анықталды. Щельдің саңылау
деп аударыларын ескеріп, «коррозия» мұнай-газ саласында «тот» деп
аударылғаны жеткілікті болса осы терминді бекітуге ұсынуға
болады.
Талдауға
ұсынылған материалдарға дәл анықтама беру
қазақ тілінен оған лайықты балама табуға сеп
болатындығы сөзсіз. Сол себептен де, сала мамандары терминге
дефиниция беруде осы жағына тереңірек көңіл бөлгендігі
дұрыс деп есептейміз. Біздің жағдайда дефинициясы бар
сөздердің өзі орыс тілінен ұсынылған.