ЭКОЛОГИЯ САЛАСЫ ТЕРМИНДЕРІНІҢ АУДАРЫЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ОЙЛАР

 

С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті Экология 109 тобының студенті Айжан Сүлейменова

 

Ғылыми жетекшісі ф.ғ.к. С.Кенжемұратова

 

Термин ғылыми ұғым, заттың ғылыми атауы екендігін ескерсек терминді түсіндіруде беріліп отырған бірліктің лексикалық мағынасын ғана беру жеткіліксіз. Терминнің ғылыми ұғымдық жағына баса назар аударылуы қажет. Сілтеме жасалған еңбектер де терминологиялық сөздіктер болуы тиіс. Осы қағидат кей тұста сақталған, алайда өкінішке орай ол сілтемелер тек орыс тілінде берілген. Қазақ тілінде ұсынылған жалғыз ғана термин, оның өзі жарымжан аударма. Тягонапрямительдің қазақша дефинициясы ретінде – «Бірдемені тартатын құрал, нәрсе» деп берген.

Талдауға ұсынылған термин, сөздердің ішінде орыс тіліндегі де дефинициясы берілмегендері де кездеседі.

5

биопруд

биобөген (биологиялық бөген)

10

грунтовые воды

ызасу (грунттық сулар)

12

зернистый фильтр

түйіршікті сүзгі

13

изоляция

оңашалау

14

критический недостаток

мүлдем жетіспеушілік

15

навозоуловитель

көңұстағыш

16

некритичные (превышения)

сыни емес (асып кету)

17

обессеривание

күкіртсіздендіру

18

осветлитель

мөлдірлегіш

21

поверхностно-активные вещества

беткі белсенді заттар

22

подстилающая поверхность

жерүсті төсемі

24

продленная аэрация

ауаға қаныққан

Дефинициясы берілмеген терминдердің басқа да салада кездескенін, ол салаларда әр қилы аударылғанынан мысал бере кетелік.

Энергетика саласы терминерінің сөздігінде 260-бетте - жерлік сулар; Су шаруашылығы терминдерінің сөздігі 295-бетінде – ызасу; ал экология саласы трерминдерінің сөздігінде 292-бетте – грунт суы деген балама ұсынылған. Бекітілуге ызасу (грунттық сулар) деп ұсынылуын ескерсек, Экология терминдер сөздігіндегі аудармасын қабылдамаған болуы керек.  Сонымен қатар, бекітуге бір ғана нұсқасын ұсынған дұрыс деген уәж айтамыз, екі не одан да артық аудармасы берілген уақытта ара-жігін ашып, себебі нақты түсіндіріліп кеткені дұрыс. Мына жағдайда ызасу және грунттық сулар деп ұсынуға негіз бар ма? Осы сала сөздігіндегі грунт суы неліктен «жарамсыз» болып қалғаны түсініксіз.

Зернистый фильтр тіркесіндегі фильтр сөзінің «сүзгі» екені даусыз, сондықтан зернистый атауына қатысты басқа сөздіктегі баламаларын ұсынып отырмыз: Химия саласы терминдерінің сөздігінде 310-бетте – түйіршік; Биология саласы терминдерінің сөздігінде 329-бетте – түйіршікті; ал медицина саласы терминдерінің сөздігі 362-бетінде – түйіршіктік деген нұсқасы ұсынылған. Көріп отырғанымыздай, үш сөздікте үш нұсқа ұсынылған: біріншісі еш қосымшасыз; 2 және 3 нұсқасында қазақ тілінде үнемі орны ауыстырылып жұмсалатын қосымша берілген. Еске түсірейік, -лы/лі, -ды/ді, -ты/ті (сыз/сіз) – қосымшалары түбір сөзге жалғанып (деректі зат есімге), зат, құбылыста қасиет не мағынаның бар/жоғын білдіреді. Су+лы/су+сыз, құм+ды/құм+сыз, тас+ты/тас+сыз және т.т..

-лық/лік, -дық/дік, -тық/тік қосымшаларының болымсыз формасы жоқ, бұл қосымшалар сын есім қызметінде түрлі қасиетті білдіреді. Біздің мысалымызда сүзгінің түйіршігі бары не жоғы маңызды ма, әлде сүзгінің қасиеті туралы айтылып тұр ма? Осы тұрғыдан талдау жасап орынды нұсқасын таңдаған дұрыс. Түйіршікті/түйіршіксіз сүзгі (сүзгінің ішінде түйіршігі бар, не түйіршігі жоқ) ме, әлде түйіршіктік сүзгі (формасы түйіршік тәріздес, не басқа қасиетіне қарай) ме?

Ал түйіршік сүзгі (химия саласындағы) деп алатын болсақ, онда сүзгінің өзі формасы, қасиеті және т.б. жағынан түйіршік болуы тиіс. Сондықтан терминге атау берер кезде осы жағын жан-жақты саралап, түсіндіріп ұсынған дұрыс деп санаймыз.

«Изоляция» сөзі физика және астрономия саласы терминдері сөздігінің 257-бетінде – оқшаула, оқшаулау; информатика және есептеуіш техника саласы терминдері сөздігінде 291-бетте – оқшаулау; механика және машинатану саласы терминдерінің сөздігінде 261-бетте – оқшаулау; энергетика саласы терминдерінің сөздігінде 279-бетте – оқшаула, оқшаулау; электроника, радиотехника және байланыс саласы терминдерінің сөздігінде 291-бетте – оқшаулама, оқшаулау; машинажасау саласы терминдерінің сөздігінде 229-бетте – оқшаулау; химия саласы терминдерінің сөздігінде 313-бетте – оқшаулану; биология саласы терминдерінің сөздігінде 333-бетте – оқшаулау; медицина саласы терминдерінің сөздігінде 366-бетте – оқшаулау; ауыл шаруашылығы терминдерінің сөздігінде 327-бетте – оқшаулама, оқшаулау; су шаруашылығы саласы терминдері сөздігінің 322-бетінде – оқшаулама, оқшаулау; экология саласы терминдерінің сөздігінде 313-бетте – оқшаулау деген аударма ұсынылған. Көріп отырғанымыздай, барлық сөздікте бірыңғай (дені) оқшаулау деп аударылған. Неге екені түсініксіз, бекітілуге оңашалану термині ұсынылған. Бірде бір сөздікте бұл нұсқа жоқ, экология саласына осы аударманы ұсынудың қажеттілігі бар ма?

«Осветлитель» термині мөлдірлегіш деп аударылған. Химия саласы терминдерінің сөздігінде 383-бетте – мөлдірлендіру; биология саласы терминдері сөздігінде 397-бетте – мөлдірлендіру; ауыл шаруашылығы саласы терминдерінің сөздігінде 390-бетте – мөлдірлеткіш; су шаруашылығы саласы терминологиялық сөздігінің 380-бетінде – мөлдірлеткіш; экология саласы терминдерінің сөздігінде 385-бетте – мөлдірлену, мөлдірлеу деген аудармалар ұсынылған. Жоғарыда айтылған мысалдағыдай «мөлдірлегіш» деп ұсынуға негіз бар ма? Не себепті осы нұсқа ұсынылған. Химия, биология саласында «дір» өзгелік етіс жұрнағы арқылы термин жасалып қимыл есімі түрінде ұсынылған; ауыл шаруашылығы мен су шаруашылығында «ле» етістік және «т» өзгелік етіс жұрнағы және «кіш» (ұш+(у)+қыш, өшір+(у)+гіш) зат есім тудырушы жұрнақ қосылу арқылы термин жасалған.

Бекітілуге ұсынылған термин (мөлдір+ле+гіш) мен екі саладағы (мөлдір+ле+т+кіш) термин арасындағы айырмашылық тек өзгелік етіс (т) жұрнағында болып тұр. Объект (нысан) айырмашылығы бірінші кезекке шығып тұр.

Сондықтан кімнің (ненің) мөлдірлеткені қаншалықты маңызды екенін анықтап терминді бірыңғайландыру қажет.

Химия саласында жиі қолданылатын келесі термин (поверхностно-активные вещества) 12-томда 394-бетте – бетті-белсенді зат; ал медицина саласы терминдерінің сөздігінде 452-бетте екі нұсқада - беткей ширақ заттар, беткей белсенді заттектер, ал су шаруашылығы салалық терминологиялық сөздіктің 395-бетінде – беттік белсенді зат деп аударылған. Химия және су шаруашылығы саласы терминологиялық сөздіктерінде жоғарыда айтып өткен олқылық кездескен. Бет+ті/бет+тік сөздерін ажыратпай жұмсаудан туған қателік. «Поверхностный» сөзінің аудармасы ретінде бет+ті және бет+тік, бет+кі деген нұсқалар мағынасын ашпайды, бұл жерде «үсті» деген мағынада емес, «үстіртін, жеңіл-желпі, орташа, орташадан төмен және т.т.» мағынада жұмсалуы тиіс сөз, атау жұмсалуы қажет. Медицина салалық терминологиялық сөздігіндегі «беткей» сөзі де «поверхностный» аудармасы бола алмайды. Ол сөздің бойында «қыры, шеті, жағы» деген мағына басымырақ. Ал «веществоны» «заттек» деп аудару көңілге қонымды. Сондықтан беткі белсенді заттар деп бекітуге ұсынылған термин әлі де болса нақтылауды қажет ететін тіркес.

Біз өз тарапымыздан «не очень активные, поверхностно-активные» деген мағынада болса «үстіртін белсенді заттек» деген тіркесті, егер «активные только на поверхности» деген мағынада болса «бетте/бетінде белсенді заттек» деген нұсқаны ұсынамыз. Дефинициясы ұсынылмаған-дықтан нақты нұсқаны беру де қиын.

Қорыта келе айтарымыз, экология саласы терминдерінің әлі де болса талдана түсіуі керек. Себебі бір сөздің бірнеше баламасы болуы тілдің тазалығына нұсқан келтіретіні түсінікті.