БОЛАШАҚ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ

 

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Қазақстан Республикасы, Қарағанды қ.

филология ғылымдарының кандидаты, доцент Акатаева Ш.Б.

Лог-12 тобының студенті  Кәрім Диана

 

 

 

Қазақстанда тұратын сан алуан ұлт өкілдерінің басын біріктіретін күш-қазақ халқы. Ал халықтың байлығы да, күші де тілде жатыр. Барлық мәдени, рухани құндылықтарды сақтап, ұрпақтан ұрпаққа, XXI ғасырға аман алып жеткен ұлы құндылық-тіл,  қасиетті қазақ тілі.

Бауыржан Момышұлы: «Тіл дегеніміз қай халықтың болсын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсігүнгі де тағдыры» десе, Жүсіпбек Аймауытов: «Ана тілі жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы жанның барлық толқындарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыратын қазына» деген. Сондықтан да, қазақ тіліне деген құрмет пен ықыласты ұлттық сана биіктігіне көтеру қажет.

Азамат баласына туа біткен ең нәзік сезім-ұлт, ұлттық мүдде. Ал олардың асыл қасиетін түсіндіретін-тіл. Ендеше, әрбір қазақстандық азамат мемлекеттік тілді шынайы түрде жанымен сезіне қабылдап, бірліктің бастауы тіл екенін  ұғып, оны меңгеруді қалыптастыруы аса маңызды. Тілді білу-сыйластық пен түсіністіктің қайнар көзі екеніне қазақстандықтардың көзін жеткізіп, оның мемлекет негізі елді біріктіруші басты фактор екендігін ұғындыра, қазақ тіліне деген көзқарас пен патриоттық сезімді жетілдіру керек. Себебі, мемлекеттік тілді білген адамның бойында ұлттық, халықтық, елдік сезім болады. Олар елге, ұлтқа пайдалы ой қозғап, жауапкершілікті сезінеді, және олардың бойында ұлт болмысын ұғынатын рух, отаншылдық сезім басым болады.

Тілді білген адамнын рухы биік, дәстүрге берік, әдет-ғұрыпқа адал болып, тілге өз ниетімен қызмет көрсетіп, тілге деген құрмет пен қамқорлық жасау арқылы өз міндетін орындайды.

Ел тұтастығы, мемлекет іргесінің беріктігі қымбат та құнды екені көзі ашық жандарға белгілі. Ал баршаның басын біріктіруші ұлтты сақтап, болмысын танытушы қазақ тілі-тіптен  маңызды. «Тілің болса үнің бар, тілің болмаса түгің жоқ» деген Қадыр Мырза Әлінің сөзін санамыздан шығармауымыз жөн.

Кез келген елді мемлекет етіп көрсететін белгілерінің бірі-ұлт мұраты болса, құндылықтарды жеткізуші-оның мемлекеттік тілі. Ол Қазақстан мемлекеттігін оның тәуелсіздігін айқындайтын факторлардың негізі.

Ғабит Мүсіреповтың сөзімен айтатын болсақ: «Елдіктің негізгі белгісі-тілінде. Тіл-аса қадірлеп ұстайтын байлығымыз».

Бай да әуезді, ырғақты да мәнерлі, шұрайлы да құнды, сарқылмас бұлақтай таза да көркем тіліміз арқылы бірегейлігімізді қалыптастырып, ел игілігі мен бірлігіне әр бере, тілдің жұлдызын жандырып, тілдің мәнін болашақ ұрпаққа түсіндіру парызымыз. Әсіресе, жастарға  талап қойып, осы рухта патриоттық сезімдерін оята, ұлттық тәрбие берсе, олар тарихтан сабақ алып, тілдің жетілуіне қозғаушы күш болар еді.Өйткені қазақ: «Ақыл-жастан, асыл-тастан» дейді.Жастар болашақтың діңгегі.

Тіл дамуы бір күннің жемісі емес. Тіл күнделікті қолданыс барысында шымырлап бойға даритын, тереңірек дарыған сайын сырлары ашылып, қасиеті танылатын күрделі құбылыс.

 Келешекте мемлекеттік тілімізде заң әзірлеп, ана тілімізді ғылым мен технологияның, электронды ақпарат құралдарының тіліне айналдырсақ, саясат пен мемлекетті осы тілде басқарсақ, ономастика мен жарнаманы қазақ тілінде сөйлетсек тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын болары сөзсіз.

Қазақстанға тәуелсіздікке ие болу бақыты бұйырды, ол тілді толық тәуелсіз ету біздің қолымызда.

Адамзат баласын бір-бірінен ажыратып тұратын өзіндік тілі, діні, мәдениеті, әдебиеті екені белгілі. Ал мәдениеттің мәйегі ең алдымен туған тілге тіреледі. Мағжан Жұмабаев: «Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, мәдениеті, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады» десе, Мұхтар Әуезов: «Ұлттың тілі сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтырып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?!» деген еді. Өз тілінде сөйлескен, өз тілінде жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын  нәрсенің ең қуаттысы-тілі.

Кезінде Радлов: «Мен дүние жүзінде үш ұлы тілді білемін. Біреуі-француз тілі, біреуі-орыс тілі, біреуі-қазақ тілі» деп тіліміздің байлығына таң қалған еді.

 Қазақстанның тілі мен дінінің діңгегі мығым болғандықтан ежелден аңсаған асқақ мұратына жетіп, көздеген биігіне шығып отыр. Тәуелсіздік рухын асқақтатқан тіл мәртебесін көтеру ешқашан күн тәртібінен түскен жоқ. Ол бүгін де елдік мәселе болғандықтан жан-жақты екшеленіп, сараланып, қайта тұжырымдалынып, олқылығы болса оңалып мемлекеттің ең басты құндылықтарының бірі ретінде айрықша мәртебеге ие болуда. Өйткені барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілі-қазақ тілі. Руханиятымыздың, ұлттық болмысымыздың, мемлекеттігіміздің, тәуелсіздігіміздің,болашағымыздың басты тірегі.

Қазақ тілі-қазақ халқының жан-дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен халықтың тәуелсіздігін танытатын басты белгісі. Ол-ұлт болмысын ұғындыратын, төңірегіне халықты біріктіретін фактор. Сондықтан, мемлекеттік тілді білу-өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Олай болса, тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту әрбір қазақстандық азаматтың міндеті және халықтың қаны мен жаны болып саналатын қазақ тілінің абыройын асырып, беделін биіктету барлық Қазақстан тұрғындарының адами борышы.

Біздің бір ғана Отанымыз бар.Ол-тәуелсіз Қазақстан. Тіл болмай ұлт жоқ, оның мәдениеті жоқ. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Халықтың мәдениеті оның тілімен жасалатыны белгілі. Тіл тек қатынас құралы емес, ұлттың бар сипатын анықтайтын оның негізгі кілті» деген болатын.

Ұлт дегеніміз ол-сіз бен біз.Егер әрқайсымыз өз қолымыздан келетінді түгел істесек, тілдің көсегесі көгерері сөзсіз.

Асан Қайғының ой-мұңы мен Махамбеттің айбыны болған, Бұқар жыраудың парасатын пайымдатқан, ұлы Абайдың даналығын мойындатқан қазақ тілі-мәнді де мағыналы, ойлы да асқақ, астарлы да шырайлы, бейнелі де, әуезді, көрнекті де, әсем тіл.

«Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шың жетпейді. Өзің білмесең, білгендерден үйрен, үйренгеннен ештеңең кетпейді»-деген Төле бидің сөзін басшылыққа ала отырып тілімізді меңгерсек, оны қадыр тұтсақ  ол тәуелсіздіктің тұғырына айналмақ,болашақтың негізі болмақ.

Дауға салса, алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, өмірдің барлық саласында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да сұлу тіл-қазақ тілі-тәуелсіздігіміздің болашағы.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.Назарбаев Н.Ә.Қазақстан жолы-2050:Бір мақсат,бір мүдде,бір болашақ:

Қазақстан халқына Жолдауы.-Астана,2014жыл 17қаңтар.

2.Байтұрсынов А. Тіл тағылымы.- Алматы:Ана тілі, 1992.

3.Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1994.

4.Қабдолов З. Сөз өнері. –Алматы:Санат, 2002.

5.Балақаев М. Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту методикасы.-Алматы, 1989.

6.Әдебиеттану сөз өнерінің сырлары.- Алматы: Мектеп, 2003.