Абитиярова Айгүл Абитиярқызы, ф.ғ.к.,аға оқытушы

Жеткербаева Гулдана Орынбасаровна, АӘИУ-нің ІІ курс магистранты

 

Жарыспалы сөздер табиғаты

Сөздің жарыспа тұлғалары қазақ тілі лексикасының мол қабатын құрайды. Мұндай вариант не дублет сөздер – халық тілінің сөздік қорын байытып келген, оның дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылымының даму барысында ұдайы өзгеріске түсіп отыратын лексика-семантикалық сөздердің айрықша тобы. Сөздің әр алуан жарыспа тұлғаларының түзілуіне халықтың қоғамдық-әлеуметтік жағдайының, тұрмыс-тіршілігіндегі өзгерістің, өзге халықтармен тарихи, рухани, шаруашылық қарым-қатынасының әсер еткені анық. Варианттылық, тілдік варианттылық (лат. varians - өзгеріс, бір нәрсенің әр түрі) - тілдегі жарыса қолданылатын лексико-семантикалық сөздер тобының айрықша түрі [1, 25].

Варианттылық - тілдің, тіл бірліктерінің коммуникативтік қызметіне катысты күрделі және жан-жақты қасиеттерінің бірі. Оның мәні «вариант», «инвариант» ұғымдары арқылы ашылады. Әрбір лексикалық бірлік өзінің мағыналық бірлігін сақтай отырып, көптеген варианттар түрінде көрінеді. Кең көлемде тілдің территориялық, әлеуметтік, стилистикалық, функционалдық, ұлттық тағы басқа формаларда өмір сүруі де варианттылықтың көрінісі болып табылады. Варианттылық алғашында фонология саласында қарастырылған. Бір фонеманың әр түрлі дыбысталуы  вариант (сөз варианты/пары), ал фонеманың өзі негізгі мәні өзгермейтін инвариант деп түсіндірілген. Кейін осы тәсіл тілдің басқа деңгейлерінде (морфема-морф) қолданылатын болған. Сөз варианттары жайында түркі тілдерінде тек 50-жылдардан кейінгі зерттеу еңбектерінде ара-тұра кейбір пікірлер айтыла бастады. Бұл кезде түркі тілдері бойынша сөздің фонетикалық варианттары туралы пікір айтқан ғалымның бірі  Д. Г.Киекбаев болды. Автордың башқұрт тіліндегі сөздің фонетикалық варианттары жайлы зерттеу жұмысының түркі тобындағы басқа тілдер үшін де маңызы болды. Қазіргі таңда тілдегі варианттылық жалаң қазақ тіл білімі ғылымында ғана емес, берісі түркологияда, әрісі бүкіл орыс тіл білімінде жете зерттеле қоймаған, өзіндік қыр-сыры мол категория ретінде танылып отыр. Сондықтан сөз варианттылығын зерттеу- бүгінгі тіл саласындағы өзекті мәселелердің бірі. Орыс тіл білімінде варианттылыққа байланысты теориялық мәселелерді анықтау В.В.Виноградов, А.Ш.Смирницкийдің еңбектерінде қарастырылған. Орыс тіліндегі параллель варианттардың мәні жайлы В.В.Виноградов пен    А.Ш.Смирницкийдің бастамасын О.С.Ахманова әрі қарай толықтыра түсті. Қазақ тіліндегі сөздің фонетикалық варианттарына арналған азын-аулақ еңбектер болса, олар тек 60-жылдардан кейін ғана жарық көре бастады. Қазіргі тіліміздегі варианттылық жайлы алғаш рет арнайы сөз еткен ғалымның бірі -Ш.Сарыбаев. Автор вариант тұлғаларын әдеби тілге қатысты тұрғысынан алып қарау мақсатымен екі топқа бөледі:

1. Әдеби дублеттерге территориялық шегі жоқ түрін жатқызады. Мысалы, әншейін - әшейін, риза -разы ырза.

2.   Диалектиканы - әдеби дублеттерге территориялық шегі бар параллель варианттарды жатқызады [2, 42].

Варинаттардың айрым белгісіне тоқталмас бұрын, сөздің варианттылығы деген ұғымға анықтама бере кеткен жөн. Себебі лексикологтар еңбегінде бұл ұғымның өзі әрқалай аталып келгені мәлім. Бірсыпыра еңбекте вариант пен дублет терминдері қатар қолданылып жүрді. Ал бұл екеуінің ұқсастығы неде, айырмашылықтары қандай, бұл жайында тіл ғалымдарының айтқан пікірлері қандай деген сұрақ туады. А.А.Реформатский синонимдес қосымшалары бар түбірлес сөздер жұптарын дублеттер деп атаған. Дублет - француз сөзі, қазақша «екі, қос» деген ұғымды білдіреді [3, 142]. Ал варианттылықта (латынша «өзгергіш», «түрін ауыстыру») мұндай шек жоқ. Демек дублет қатарының екі сыңары ғана болса, сөздің фонетикалық варианты екеу де балуан-палуан, теңіз-деңіз, үшеу де дарбыз-арбыз-қарбыз оданда көп болуы мүмкін. Халық тіліндегі сөздің фонетикалық вариантының саны әдеттегіден анағұрлым көп. Қазақ тіліндегі варианттылықтың фонетика, лексика, семантика, морфология, синтаксис, орфография, орфоэпия, фразеологияға қатысты түрлері бар:

1)   Дублет дегеніміз - мағыналық тепе-теңдіктегі  екі не одан да көп лексикалық варианттар. Мысалы,  көрпе - жұрқан. Дублеттер - түбірі, тұлғасы әр басқа сөздер. Көптеген дублеттің артық сыңарлары жергілікті ерекшелікке жатады. Мысалы, көрші - қошна, сым - шалбар, әкпіш - күйенте. Мұндай жарыспа тұлғалардың бір сыңары көпшілік жағдайда шеттен ауысқан сөз болады. Мысалы, дәке - мәрлі, қауын - діңке. Дублеттердің қолданыла келе синонимдік қатар құрауы (қораз-әтеш) немесе мағынасы дараланып, әр басқа сөздерге айналуы мүмкін (көйлек - жейде, апа - әпке).

2)      Түбір     морфема     мен     қосымша     морфемалардың     өзгерісінен морфологиялық   варианттар   түзіледі.   Мысалы,   ащы   -   ашты,   уақыты   -уақтысы. Қазақ тіліндегі морфологиялық варианттар мынадай жолмен түзіледі:

а)    түбірге әр алуан қосымшаның жалғануы арқылы. Мысалы, дауқор-даугер, жастық - жасшылық;

ә) сөздің ықшам тұлғаға ауысуы арқылы. Мысалы, келіпті - кепті, қалыпты - қапты.

б)  сөз тіркесінің кіріккен тұлғаға айналуы арқылы жасалады. Мысалы, қалай  етесің  -  қайтесің,   солай  еткені  -  сөйткені.   Әр  түрлі  жұрнақтың жалғауынан морфологиялық варианттар түзілсе, жалғаудың өзгеріп келуінен синтаксистік варианттар  құралады.  Мысалы,  келемін  -  келем,   сөйлеймін -сөйлейм, жүреді - жүред. Жеке сөйлемдердің де варианттар қатары кездеседі. Мысалы, жасым елуде - елу жастамын - елудемін. Жарыспа тұлғалардың ішіндегі  сан жағынан  ең  молы,  қолдану жиілігі  жағынан  ең  көлемдісі  - фонетикалық варианттар. Тіл бірліктерінің варианттары мен инварианттары тіл жүйесінің әр түрлі деңгейін тудырмайды. Бір тіл деңгейінің көлемінде варианттық және инварианттық бірліктер мол кездеседі. Фонема және фон, морфема және морф -әрқайсысы өз деңгейіне тән бола отырып, соған сай топтарды білдіреді [4,42].

Бір сөздің жарыспа тұлғалары дегеніміз – мағыналық жағынан абсолют теңдікте тұрған, сөйлемде ешбір реңктік, стильдік бояуымен ерекшеленбейтін, әр алуан себептерден дыбыстық немесе тұлғалық ауытқуға ұшырап, әрқалай жазылып, әрқалай айтылып жүрген дыбысталуы бөлек, бірақ қолданылуында мағыналық дербестігі жоқ бірнеше вариантта қолданылатын сөздер [5].

Вариантты сөздер барлық дерлік сөз табынан ұшыраса береді. Зат есім: пәтер/бәтер, былғары/бұлғары, апиын/әпиін, аужай/әуежай, дуадақ/дуалақ, екпет/етпет, әткеншек/әлпеншек.

Сын есім: зеңгір/зеңгер/заңғар, түзу/дүзу, алал/адал.

Сан есім: жүз/дүз, жетпіс/джетпіс, сегіз/секіз.

Етістік: аңду/аңлу, бүкшеңде/бүкшіңде, жұбату/жуату, ұқсау, ұсау.

Есімдіктер: ол/о, ана/әне, әгер/егер, қане/кәне.

Шылаулар: да/де/та/те, мен/бен/пен, қана/ғана, құрлы/ғұрлы, шейін/дейін.

Үстеулер: бұнш/мұнша, біржолата/біратала.

Одағайлар: айхай/айқай/ойһой.

Еліктеуіш сөздер: пыр-пыр/быр-быр, пыс-пыс/быс-быс.

Барлығымызға ортақ жазба әдеби тіліміздің нормасын басшылыққа алу, емле ережелерін қатаң сақтау, сөз қолданудағы ала-құлалыққа жол бермей, бірізділікпен қолдану  мәселесі тіл мәдениетін арттырудың басты шарты боып табылады. Қай тілде болмасын сөз атауларының барлығы бірдей өзінің бастапқы қалпында қалып қоймайды, уақыт өте келе дыбыстық, тұлғалық өзгерістерге ұшырап отырады. Сондықтан халық тіліндегі сөздің фонетикалық вариантының саны әдеттегіден анағұрлым көп. Мысалы, қазіргі тілімізде ештеме/ештеңе тәрізді бір сөздің екі варианты жарыса қолданылып жүр. Бұған көркем әдебиеттегі әлі күнге дейін кездесіп қалатын қарапайым сөйлеу тілінің элементтері іштеме/іштеңе сыңарларын қоссақ, олардың саны көбее түседі.Сондай-ақ бұл сөздің жергілікті тіл ерекшелігіне еждеңе/еждеме/іждеңе/ ештеңке  сияқты дыбыстық варианттары кездесетіні мәлім. Сөйтіп, бір ғана ештеме сөзінің он шақты вариант қатарын келтіруге болады екен. Қазақ тілінде жарыспа тұлғалар лексикада, қос сөздер мен фразада, морфологиялық, синтаксистік құрылымда жиі ұшырасады. Жеке адамдардың индивидуалды сөйлеу ерекешелігіне байланысты да бар. Мағыналық тепе-теңдіктегі тұлғалар сөйлеу тілі мен атыраптық (говорлық) деңгейде шектеліп қалмайды. Олардың баспасөзде жарыса қолданылып жүргендері де аз емес: ажуа/әжуа, заңгер/зеңгір, залал/зарар, дейін/шейін, тозақ/дозақ, бәйек/бәйік, ертегі/ертек, өмір/ғұмыр. Кісі аттарына байланысты Абдолла/Ғабдолла/Қабдолла, Әли/Ғали/Қали, Иса/Ғайса/Айса халық атауларына байланысты манғол/маңғұл/могол/мұңғыл дегенге ұқсас түзілген вариант сөздер бар. Байырғы сөздер мен терминдердің вариант қатарын түзуі баспасөзде сирек кездеседі. Оған керісінше, кірме сөздердің вариант қатары. Тілші ғалымдар жарыспалы сөздердің фонетикалық, грамматикалық, лексикалық варианттар деп аталатын үш түрі бар деп есептейді. Әдетте лексикалық варианттар деп – бір ғана заттың немесе ұғымның екі не одан да көп атауларының болуын айтады [6,63].

Жарыспалы лексикалық варианттың  (мәселен, қала мен шаһардың) бірін алып, екіншісінен бас тарталық дегеннің өзінде жалпы халық тілінің қоры былай тұрсын, әдеби тіл арнасынан бұл екеуі іргесін аулақ салуы қазіргі тарихи кезеңде тым-ақ қиын. Өйткені сан-салалы әдеби тіліміздің стилистика жанрларының бірі қабылдамаған вариантты екіншісі қабылдауы ықтимал. Ғылыми стиль мен көркем әдебиет стилінің сыр-сипаты бірдей емес. Терминологияға қояр талап та көркем шығармаға қояр шартпен тең емес. Ғылыми-техника терминінің бір мағыналы  (моносемиялы, көп жерде бір ұғымды) болуы салдарынан ол стилистика жағынан құбылта қолдануды қажет етпейді. Ал ірілі-уақты көркем әдебиет жанрларында сөз қолдану тәсілі де, негізгі мағынадан бөлек, ауыспалы мағына тудыру жолы да, әр қилы стилистикалық әшекей, өрнекті бедер, мәнер өзара қат-қабаттасып жатады. Осыдан келіп, бейнелі сөз туады. Сол ақын, жазушыға дүрсе ұмтылып, «ана тұлға, мына тұлғаны ал» деген дайын ішірткіні ешкім де бере алмас. Реті келсе дублет былай тұрсын, белгілі бір кәсіби сөзді де қажетіншн қолдану керек болары анық. Сонымен, тілдегі варианттылықтың мәні мынада: лексикалық бірліктердің мағыналық дәлдігін сақтай отырып, әр түрлі құбылыстардың ықпалымен өзінің әдеттегі тұлғасынан өзгеше бірнеше дыбыстық вариантта айтылуы мүмкін. Бұл көпшілік тілдерде ұшыраса беретін құбылыс екені байқалады. Мысалы: орыс тіліндегі нолъ-нуль, ветер-ветр, тоннелъ-тунелъ сияқты жарспалы сөздер  фонетикалық құрамында айырмашылығы бар, бірақ мағынасы тепе-тең сөздер. Сөз тұлғаларының бірнеше варианттылық қатарының болуы - әсіресе әдеби тілдің қалыптасуының алғашқы кезіне тән құбылыс. Ертеректе пайым, ғибрат, ілтипат, кәусар, тәкаппар, бекем секілді сөздердің оншақты варианттары жарыса қолданылған. Варианттылық халық тілінің дыбыстық құрылымына сай жазу дәстүрінің, орфографиясының жоқ кезінде жалаң сөйлеу тіліндегі түрлі процестер ықпалымен талай ұрпақтың нақты сөз қолдану тәжірбиесінде үздіксіз қалыптасып келген. Айырым белгісінің бірлігіне қарамастан, басқа тілдермен салыстырғанда қазақ тіліндегі варианттылықтың өзіндік ерекшелігі бар. Жарыспа тұлғаларды тіл нормасы тұрғысынан реттеп, бір жүйеге келтіру - тіл мәдениетінің ең басты проблемасының бірі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Тіл білімі терминдерінің сөздігі.  - Алматы: «Сөздік-Словарь», 2005, -291 бет.

2.Сарыбаев Ш. Қазақ диалектологиясы - Алматы: «Ғылым» 2002, -200 бет.

3.Реформатский А.Н. Введение в языкознание. -  Москва:. «Наука» 1995, -325 стр.

4.Ұйықбаев И. Қазіргі қазақ тіліндегі варианттылық проблемасы. - Алматы: «Мектеп», 1976,- 218 бет.

5.Бизақов С. Вариант сөздер сөздiгi Алматы, 1995. 3б.

6.Горбачевич К.С. Вариантность слова и языковая норма. Л.,Наука, 1978. -238С.