Абитиярова Айгүл Абитиярқызы,
ф.ғ.к.,аға оқытушы
Жеткербаева Гулдана Орынбасаровна, АӘИУ-нің ІІ курс магистранты
Дауыссыз
дыбысқа байланысты дыбыстық варианттар
Қазақ
тіліндегі дауыссыз дыбыстардың алмасуы арқылы түзілген
варианттардың қазірге дейін жарыса қолданылып
жүргендері өте көп. Олар қалыптасу жолы мен
қолданылу сипатына қарай әр басқа сөздерге
жатады. Мұндай варианттардың негізгі түрлері п-б, т-д,
қ-ғ, с-ш, с-з, ж-ш, б-м, ғ-у, и-д дауыссыздарының
алмасуы арқылы жасалады. Аталған дауыссыздардың алмасуында
қазақ тілінің фонетикалық құрылымына
тән белгілі бір процестердің ықпалы болғаны анық.
Қазақ тілі консонантизмінің даму, өзгеру
тарихындағы ең бір сипатты ерекшелік боп саналатын
қатаң, дауыссыздың ұяңға, ұяң
дауыссыздың сонор дыбысқа ауысу заңдылығы
бұған дәлел бола алады. Сөйтіп қазіргі
тіліміздегі пайымдау - байымдау, тала - дала, тағдыр -дағдыр,
теңіз - деңіз, бұнша - мұнша сияқты жарыспа
сөздер кездейсоқ қалыптаса салған жергілікті ерекшелік
емес, дауыссыз дыбыстардың тарихи өзгеру заңына сәйкес
түрленген варианттар. Мұндағы ең басты ерекшелік
-олардың қатаң дауыссызбен (тіл арты) айтылатын сыңары
- ерте кездегі түрі болса, ал тіл алды варианты кейіннен барып
қалыптасқандары. П.М.Мелиоранский еңбегінде қазіргі «дұшпан»
сөзінің халық тілінің дыбыс ерекшелігіне сай
айтылған алғашқы түрі — «тұспан» деп
көрсетілген. ХҮІ-ХҮІІІ ғасыр ақындарының
қазіргі «мұсылман» сөзінің қатаңнан
басталатын варианты «пұсырман» тұлғасын да жарыстыра
қолданғалы белгілі. Бұл - түркі тілдерінің
көпшілігіне ортақ құбылыс болғандықтан
бұрыннан зерттеу обьектісі болып келді. С.Е.Малов В.Томсеннің
зерттеулеріне сүйене отырып, Орхон-Енисей руникалық жазбаларындағы
рт, ит, нт фонетикалық комплексінің қазіргі
түркі тілдерінде негізінен рд, лд, нд боп айтылуын тіл арты
дауыссыздарының тіл алды вариантына ауысуы деп анықтайды.
Қазіргі
қазақ тілінде жиі кездесетін параллель
тұлғалардың бір тобы т-б шұғыл
дауыссыздарының алмасуы бірсыпыра түркі тілдерінде ортақ
құбылыс. А.М.Щербак бұл алмасудың себебін олардың
әуел баста бір дыбыстан пайда болғандығынан деп есептейді.
Қазіргі түркі тілдерінің кейбірінде «и» дыбысымен, кейбірінде
«б» - мен айту басым. Оның ішінде ұяң «б» дан
басталатын сөздер қазақ тілінің фонетикалық
құрылымына сай басым қолданылатыны. П-б дыбыстарының
алмасуынан түзілген вариант тұлғалары сөйлеу тіліндегі
фонетикалық заңдар ықпалымен б-в, б-у, б-м, м-ң
түрінде одан әрі комбинаторлық өзгеріске түскені
байқалады. Бұл процесс неғұрлым созылған сайын
вариант қатарларының, бастапқы түбірден тек
тұлғалық қана емес, кейде стильдік,
мағыналық жағынан ара жігін ажыратуы жиі кездеседі.
Тіліміздегі п-б-м дыбыстарының алмасуының аса бір сипаты
және қолдану аясы жағынан жүйелі түрде кездесетін
құбылыс екендігі не шеттен ауысқан сөздердің кейде
үш вариантта бірдей айтылуы дәлел бола алады: пейілдендіру -
бейілдендіру -мейілдендіру, пейнет - бейнет - мейнет, пеш - беш - меш,
пұсырман - бұсырман - мұсылман, пұрсат - бұрсат –
мұрсат.
Туыс
тілдердегі т-б-м дыбыстарының алмасуында айырмашылық бар.
Қазақ тілінде сөздің әсіресе ортаңғы
позициясында дыбыс үндестігіне қарай т, б дыбыстарының келуі басым. Профессор
Ғ.Мухабаевтың байқауынша, қырғыз тілінде «м»
дыбысынан басталатын сөздердің жарымына жуығы болса,
қазақ тілінде төрттен біріндей ғана [1, 57].
Үндестік
заңы ықпалымен тіліміздегі қ, к шұғыл
дауыссыздарының да өзгеріске ұшырап, ұяң «г»,
«ғ» дыбыстарына ауысуы байқалады. Осы жолмен түзілген
вариант қатарларының тілімізде сақталып қалғаны
оншалық көп емес. Тек бақпан - бағбан, доқаба
- доғаба, айқай - айғай, тақа - таға,
тостатқан -тостаган, үзеңкі - үзеңгі тәрізді
бірсыпыра жарыспа тұлғалар бар. Олардың мағыналық
сараланған түрінен басқасының әдеби тілде бір
ғана сыңары қолданылып жүр. Қазақ тіліндегі
қ-ғ, к-г дыбыстарының алмасуынан қалыптасқан
вариант тұлғаларының одан әрі өзгеріске
ұшырай бергені мәлім. Ғ-у, қ-у дыбыстарының
алмасуынан түзілген ауіз-агыз-ауыз, ақыр — агыр - ауыр тәрізді
варианттардың көпшілігі ұмыт болды. Оның есесіне елегіш
- елеуіш, жоңғыш -жонуыш, желпігіш - желпуіш түрінде
айтылатын бірсыпыра вариант тұлғалары ұшырасады. Қ,
к (г,ғ) дыбыстарының г-б, қ-ң, ғ-ң,
г-н түріндегі алмасуынан да сөздің ықшам
тұлғаға ауысу бағыты аңғарылатын
сияқты. Мысалы, шамга -шаңба, йағмыр - жаңбыр, егмек
- еңбек т.б.
Қазақ
тіліндегі т-д шұғыл дауыссыздарының алмасуы
сөздің басқы және ортаңғы позициясында келе
береді. Соның ішінде сөздің бас позициясындағы т - д
дыбыстарының алмасуынан түзілген варианттар қазірге дейін
тілде көбірек сақталған. Бұл құбылыс
көптеген түркі тілдерінің фонетикалық жүйесіне
тән ерекшелік. Әдеби тілімізде ұяң «д» дыбысына
қарағанда қатаң «т» -дан басталатын
сөздердің көп бөлігі жергілікті ерекшелігіне жатады.
Оның ішінде батыс говорларында жиірек ұшырасатын сияқты.
Қазақ диалектологтары С.Аманжолов пен Ж.Досқараевтың пікірінше,
сөз басындағы ұяң «д» дыбысының келуіне
огуз тобындағы тілдердің едәуір әсері болған [2,
26-31].
Алайда
т - д дыбыстарының алмасуынан түзілген варианттардың
тек сөйлеу тілінде ғана емес, баспасөзде де әлі
күнге дейін жарыса қолданылып жүргендері ұшырасып
қалады: түбі - дүбі - дүмі, тат-дат, тажал - дажал,
тілмар - ділмар т.б. Мұндай варианттардың жүре келе
мағыналық жігі ажырағандары да кездеседі. Сондықтан
олардың қолданылуын бір ретке келтірудің баспасөз тіл
мәдениеті үшін үлкен маңызы бар. Қазақ
түркологтарының тіліміздегі д - л дыбыстарының алмасу
жағдайы туралы пікірі әр алуан. Профессор С.Аманжолов бұл
құбылысты көрші өзбек, үйғыр
тілдерінің әсерімен байланысты деп есептейді. Профессор Н.
Сауранбаев пен Ж.Досқараев ұяң «д»-ның орнына сонор «л»
-дің қолданылуын көне түркі тілінің
қалдығы деген жорамалды білдіреді. Соның ішінде
қазақ тіліндегі фонетикалық процестердің де елеулі
ықпалы болғаны анық болса керек. Мұнда, әсіресе,
дыбыстардың ассимиляциялық және диссимиляциялық
құбылысы айқын аңғарылады. Мәселен,
ертедегі «арсылан» сөзі «арыстан» боп өзгеруі
прогрессивті ассимиляциясының құбылысы әсерінен екені
аян. Яғни алдыңғы қатаң «с» дыбысының
әсерінен сонор «л» қатаң «т»-ға айналып тұр. Ал әлпеншек
- әтпеншек - әткеншек боп өзгеруі, оған керісінше,
регрессивтік ассимиляцияның әсері. Сөздің
ортаңғы позициясында сонор дыбыстар қатар келгенде,
үнді «л»-дің диссимиляциялық өзгеріске ұшырап,
ұяң «д»-ға айналатыны белгілі. Мысалы, лл, нл, мл, ул, рл дыбыс
комплексінің лд,нд,мд, рл,уд, боп өзгеруімен түңдік
-түндік, алла - алда, мола - молда, аңлы - аңды,
ақтаңлақ - ақтақдақ, таңлай
-таңдай тәрізді вариант қатары түзілді [3, 187].
В.В.Радловтың сөздігінде бұл сөздердің кейбірі дүз,
дүздос және уз,уздостур болып «д» және дж
дыбыстары арқылы берілуі кездеседі екен.
Жеке говорларда ш - ж дыбыстарының
алмасуы да кездеседі. Мұндағы: жалпаңдау - шалпандау,
мұқтаж - мұқташ, болажақ - болашақ, келемес
-келемеж, былжырақ - былшырақ варианттарының
түзілуі регрессивті ассимиляцияның ықпалынан болса керек.
Олардың жақ - шақ тәрізді мағыналық
саралағандары да ұшырасып қалады. Түркі
тілдерінің фонетикалық жүйенің ертеден бергі дамуына
тән құбылыстың бірі - ш-с дыбыстарының
алмасуы. Қазіргі түркі тілдерінің ішінде «ш» варианты
өте-мөте қырғыз-қыпшақ және
қыпшақ-оғүз тобында жиі қолданылады. Ал
қазіргі көпшілік түркі тіліндегі «ш» дыбысы келетін
сөздерде қазақ тілінде «с» айтылатыны белгілі.
Қазақ тілінің фонетикалық жүйесіне «с» вариантына
ауысудың тән екендігін басқа тілден енген
сөздердің дыбыстық өзгеруінен де көреміз. Мысалы,
плюш - бүліс, патша - падса, шайтан - сайтан, шекер - секер. Кірме
сөздердің көпшілігінде, әсіресе соңғы кезде
енгендерінің «ш» дыбысымен айтылатын
варианты әдеби тілдің нормасына айналады. Оңтүстік және
шығыс атыраптарда әдеби тілдегі «с»-мен айтылатын едэуір
сөздің «ш» вариантына ауысуы көршілес өзбек,
түрікмен, қырғыз, үйғыр тілдерінің
ықпалын танытса керек. Сонымен бірге олар
қазіргі қазақ говорларында сақталған «ш» -
варианты көп сөздің көне түркі жазбаларында
кездесетініне назар аударады. Профессор С.Аманжолов әдеби тілдегі «с» орнына
оңтүстікте «ш»-ны қолдануын ерте кездегі үйсін, дулат,
жалайыр тайпалары тілінің қалдығы болуы керек деген болжам
айтады. Дегенмен, көне жазба материалы бойынша ш-с дыбыстарының
алмасуын дәл ажырату өте қиын. Түрколог ғалымдар
көне жазбалардағы бұл дыбыстардың жарыса қолдануы
сол ескерткішті жазушы адамның шыққан тегіне, қай тілде
білім алғанына немесе с,ш дыбыстарын бір ғана таңбамен
беру сияқты жазу дәстүрімен байланысты болуы мүмкін деп
топшылайды. Қазіргі
тілімізде с - з дыбыстарының алмасуынан түзілген бірен-саран
вариант бар. Мысалы, сырғанау -
зырғанау, сүрқия - зүрқия, сауал - зауал варианттарының
соңғы сыңары жергілікті ерекшелікке жатады. Түркі
тілдерінің байырғы сөздерінің бас позициясында «з» дыбысының
келмейтіні туралы А.М.Щербак та айта кетеді. Сондай-ақ, н дыбысының
бірде сөз ішінде дәнекер болуы (протеза, интерфикс), бірде
түсіп қалуы вариант туғызады. Мысалы, мынандай -мынадай. Бір
күні мынандай бір қызық оқиға болды. Бұрынғы
атамызға сыйға берген,
Біздерде мынадай бар, мынандай бар
(С. Торайғыров).
Сондай-ақ, р дыбысы да
кейбір сөздердің ішінде түсіп қалып, вариант
жасауға жол ашады: нәрсе - нәсте.
Қазақ тілінде жоғарыда
айтылғандардан басқа да «кездейсоқ» алмасу тіпті көп.
Бұл жағдай тілдегі фонетикалық өзгерістердің
кең мүмкіндігі аңғаратса керек. Қазіргі кездегі
олардың кейбір түрлері жергілікті ерекшелікке байланысты ғана
ұшырасып қалады. Олардың бәріне бірдей тоқталып
жатпаймыз. Себебі қазіргі тілімізде бұл құбылыс сапалы
өзгерістерге жатпайды. Олар: ж - т; шынашақ - шынтақ, й -
б; жиырма - жыбырма, л -й; салыстыру - сайыстыру, с — л; шатасу - шаталау, п -
қ баспалдақ - басқалдақ, р — н; тығыршықтай
- тығыншықтай, б - т; шарбақ - шартақ, ң -
у; көңіл -кеуіл, к — т; жай — күй — жай - түй, н - д;
надан - дадан, с — м; сызылу -мызылу, д - б; жедеғабыл - жебеғабыл,
н - м; желкен - желкем, ң-н; өлең — өлен,
қалың - қалын, с-т; сона - тона, й-г; жейде — жегде,
қ — г; меңдеу - мегдеу тәрізді бір сыңары
говорлық деңгейде қалып қойған сөздер.
Бұлар қазіргі қазақ тілінің дыбыстық
заңына үйлесімді ауысулар деп аталынады [4, 63].
Дыбыстар
тіркесімі бір тілдің дыбыстар тіркесімі екінші тілдің дыбыстар
тіркесімімен сай келе бермейді. Бұл
әр тілдің табиғи ерекшелігін танытатын
заңдылықтардың бірі. Сондықтан бір тілден екінші тілге
ауысқан сөздерді өзгеріссіз айтуда қиындық болып
жатады. Себебі екі тілдің дыбыстар тіркесімі сәйкес
келмейтіндіктен, әркім өз тілінің ыңғайына бұрып
айтуға бейім тұрады. Мысалы, ертеректе тілімізге енген кроватъ -
кереует, бревно - бөрене, русъ -орыс, класс - кылас т.б.
түрінде айтылады. Мұның себебі қазақ тілінде
сөз басында екі дауыссыз дыбыс қатар келмеуінде жатыр.
Сондықтан қазақтардың айтуында екі дауыссыз арасына дауысты
дыбыс қосылып, немесе сөздің алдына дауысты дыбыс қосылып
қолданылады. Дыбыстар тіркесімі әр тілдің өзіндік
фонологиялық ерекшеліктерін танытады. Әдетте, сөз дыбыстардан
құралады деген қалыптасқан түсінік бар. Ал осы
дыбыстар бір-бірімен тіркесе салып, сөз құрай бермейді.
Дыбыстардың өзара тіркесуінде де белгілі бір заңдылық
болады. Бұл заңдылық әр тілдің өзіндік
ерекшелігінен туындайды.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1.Кеңесбаев
I. Мүсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі (лексика,
фонетика). - Алматы, 1975. -238 б.
2.Аманжолов
С, Досқараев Ж.
Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері. - Алматы,
1981. – 310 б
3.Балақаев
М. Қазақ тілі мэдениетінің мәселелері. - Алматы: «
Жазушы», 1995.-272 бет.
4.Бизаков
С. Сөздің жарыспа тұлғалары.- Алматы: «Ғылым»,
1999. - 245 б.