АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ТЕРМИНДЕРІНІҢ ТҮРЛІ СӨЗДІКТЕГІ АУДАРМАСЫ

 

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агрогтехникалық университеті, ауылшаруашылығын электрқуатымен қамтамасыз ету -107 тобының студенті Темірлан Сабыржанов

 

Ғылыми жетекші ф.ғ.к. А.Е.Жүсіпов

 

Ауылшаруашылық терминдерінің түрлі салада берілуімен қатар, олардың аударуында да бірізділік байқалмайды:

Аграрий - аграрлықтар, ауыл еңбеккерлері деп аударылған. Бұл жерде орыс тіліндегі нұсқаны бұрыс түсінуден аудармада қателік жіберілген, аграрий – жеке мағынадағы сөз, оның көпше түрі – аграрии. Сондықтан аграрлықтар емес – аграрлық; ауыл еңбеккерлері емес – ауыл еңбеккері болуы тиіс. 22томның 253-бетінде  – аграрлық қызметкерлер; 23 томның 247-бетінде – аграрлық қызметкерлер деп аударылған. Бұл сөддіктерде де сол ағаттыққа жол берілген, дұрысында - аграрлық қызметкер болуы керек. Қалай болғанның өзінде екі нұсқаның біреуі ғана берілуі тиіс. Осы сөз турасында Интернет желісінде біраз пікір талас жүрді. Сол тұста айтарымыз, осы сөзді қазақиландырып «шаруа» деп ұсынса деген пікір бар, осы ойды да басшылыққа алған дұрыс па деген ойдамыз.

Апробация сөзінің орнына апробация, байқаудан өткізу, сынақтан өткізу деген үш нұсқа ұсынылған. Бұл сөздің де түрлі сөздіктегі ұсынылған нұсқалары түрліше (саланың діттеген мақсатына сай бейімделгені байқалады) жұмсалған. Мәселен, 4 том 209-бетте – апробация; 8 том 228-бетте – сынап көру; 10 том 326-бетте – сапасын анықтау; 16 том 246-бетте апробация; 20 том 249-бетте – байқаудан өткізу; 21 томның 313-бетінде – мақұлдау, қабылдау; 22 том 263-бетте – мақұлдау; 23 томның 255-бетінде – сынама, 26 томның 320-бетінде – мақұлданым; 29 том 282-бетте – байқаудан өткізу. Берілген нұсқаларда байқалатын заңдылық – бірінде әрекеттің (біздің жағдайда – сынау, байқау) барысы – байқаудан өткізу; сапасын анықтау; сынап көру; ал бірінде әрекеттің нәтижесі – мақұлдау, қабылдау; ал келесі бірінде – әрекеттің нысаны – сынама, мақұлданым деп ұсынылған. Бір, екі сөздікте апробация аударылмаған нұсқасында берілген. Айта кетерлігі, ол бірнеше нұсқаның бірі емес, жалғыз аударма ретінде берілген. Сонымен апробация нысан ба, әрекет барысы ма, әрекет нәтижесі ме – соны анықтап алу керек. Содан соң қай нұсқаның дұрыс екендігін айта аламыз. Бекітілуге ұсынылған байқаудан өткізу, сынақтан өткізу деген тіркестердің бойында, көріп отырғанымыздай, әрекеттің барысы әрі нәтижесі тең дәрежеде деп  айта аламыз. Ал орыс тіліндегі апробацияның аудармасы – сынап көру+ге дәл келеді деуге болады. Ал байқаудан өткізу, сынақтан өткізу – аопробировать аудармасы бола алады. Ал ол сөздің берер мағынасы да, мақсаты да бөлек екені түсінікті.

Водозабор - су бөгеті, су жинағыш, су тартқыш деген аудармалары ұсынылған. Түрлі сөздікте 5/244 (томы/беті) – суалу; 8/245 – тоған; 9/263 – сужинағыш, суқабылдағыш; 11/322 – су тоғаны; 15/282 – бастоған; 16/268 – бастоған; 18/280 – сужиғыш; 29/303 – бас тоған деген аудармалары ұсынылған. 2000 жылы жарық көрген және 2014 жылғы 30 томдық сөздік арасындағы ауыл шаруашылығы саласы терминдер (15 том) сөздігінде де бастоған деген аударма ұсынылған. Бұл аударманың неліктен жарамсыз болғаны түсініксіз. Бекітілуге ұсынылғандар ішінде «бөгет» мағынаны ашпайды, ол сөздің бойында «перегараживать» семантикасы бар.

Осы сөзбен тіркесен келесі тіркес те түрліше аударылған. 5/244 – суалулық имарат; 10/342 – су тарту құрылысы; 11/322 – су тоған құрылысы;  16/269 – бастоған имараты; 18/280 – сужиғыш имараты; 29/303 – бастоған имараты. «Водозаборное сооружение» тіркесін бекіту үшін «су тарту құрылысы», «су жинау құрылысы» деп ұсынған. Су тарту, су жинау туралы жоғарыда айттық, ендігі мәселе – сооружение турасында болып отыр. Құрылыстың әуелден бергі «строительствоның» аудармасы ретінде жұмсалып жүргені белгілі. Строительство водозаборного сооружения приостановлено из-за разбора строении старого здания. – Су тарту құрылысының құрылысы ескі ғимараттың құрылысын бұзуға байланысты тоқтатылды деген сөйлемді алатын болсақ,  строительство, сооружение, строениеқұрылыс деп аударылып жүргендіктен осындай түсініксіздік туындамақ. Осы тұрғыдан мәтін ішінде су тарту құрылысы не су жинау құрылысы деген тіркес кездесер болса, кез келген адам строительство водосбора или водостока деп аударары сөзсіз. Сондықтан аударма әлі де болса нақтылауды қажет етеді. Біз өз тарапымыздан «бастоған имараты» деген нұсқаны ұсынамыз.

Гумус сөзінің аудармасы ретінде үш түрлі аударма берілген - қарашірік, гумус, шірінді. Біз бұндай ұсыныс туралы айтып өткен болатынбыз, бірнеше нұсқа беру арқылы «қайсысын таңдасаң да өзің біл» деген ұсыныс тастағандай екі/үшұшты ой қалдырудың қажеті жоқ. Бір ғана нұсқасын ұсыну қажет. Сөздіктердегі аудармаға назар аударарық. 8/257 – қарашірік; 13/312 – қарашірік; 15/300 – қарашірінді; 15/300 – қарашірігі; 16/295 – қарашірік. Назар аударсаңыздар, (15) ауыл шаруашылығы саласы терминдерінің сөздігінде (2) екі – қарашірік және қарашірінді нұсқасы ұсынылған. Көріп отырғанымыздай осы терминге қатысты бірізділікті бұзып отырған сол ауыл шаруашылығы сөздігі. Басқаларында «қарашірік» деген үзілді-кесілді аудармасы бар. Бекітуге (неге екені белгісіз) ұсынылған гумус нұсқасы да еш сөздікте жоқ. Осы орайда тағы да бір айтар мәселе, шірінді сөзі негізінен мағынасы жағынан гниль, гной, перегной деген сөздерге жақын деп есептейміз. Сондықтан, бір ғана нақты нұсқаны ұсыну қажет деген пікірдеміз.

Инфекция сөзінің бекітілуге ұсынылған нұсқалары – жұқпалы ауру, инфекция. Сөздіктердегі аудармаларға назар салар болсақ, 11/374 – инфекция; 13/335 – жұқпа; 14/370 - жұқпа, инфекция; 15/329 – індет; 22/343 – жұқпа, инфекция; 29/351 – инфекция деген аудармалары ұсынылған. Көріп отырғанымыздай, инфекция нұсқасы жеке дара екі сөздікте, басқа сөзбен (жұқпа) қосарланып екі сөздікте берілген. Ауыл шаруашылығы саласы терминдерінің сөздігінде індет деген нұсқасы ұсынылған. Сонымен бірге, жұқпа сөзі жеке дара нұсқа ретінде де ұсынылған. Індет сөзін неліктен жарамсыз етіп, орнына жұқпалы ауру, инфекция деп ұсынып отырғандары түсініксіз. Бір ғана нұсқасын қалдыру қажет.

Клеймо сөзінің аудармасы ретінде тағы да екі: клеймо, таңба нұсқа берілген. Басқа сала сөздіктеріндегі аудармалар: 7/234 – таңба; 10/408 – таңба; 11/381 – таңба; 18/330 – таңба; 20/313 – таңба; 21/415 - таңба; 22/352 – таңба; 23/336 – таңба, белгі; 25/379 – таңба. Назар аударайық, бір ғана салада (тарих, өзіне тән ерекшелігіне орай, әрине) таңба және белгі деген екі балама ұсынылған. Қалған салада таңба нұсқасы тамаша қолданылып жүр. Ауыл шаруашылығы саласы терминдерінің сөздігінде (15 том 336-бетте) белгі, мөр, таңба, ен деген 4 (төрт) аудармасы ұсынылған. Үш нұсқасын жарамсыз деп танып таңба мен еш сөздікте ұсынылмаған клеймо сөзін неге бекіткелі отырғандары түсініксіз. Таңбаның «знак, отличие, метка және т.т.» мағынасы бар деп клеймоны қалдыруды ұсынса бір жөн. Әлі де болса нақтылауды қажет етеді.

Қарап отырғанымыздай ауылшаруашылық саласындағы терминдердің аудармасы түрлі салада түрліше берілген. Ол өз саласына қатысты бейімделіп ұсынылуы да, не қате аударылуы да, не басқа да себептері болуы мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта осы мәселеге ғалымда басты назар аударса деген ойымыз бар.