ЭКОЛОГИЯ САЛАСЫ ТЕРМИНДЕРІНІҢ АУДАРЫЛУЫ: НЕГІЗГІ ЗАҢДЫЛЫҚТАР

 

С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті Экология 109 тобының студенті Адина Сатыбекова

 

Ғылыми жетекшісі ф.ғ.к. С.Кенжемұратова

Сараптауға түскен терминдердің түрлі салаға тән екені түсінікті. Енді аудару барысындағы негізгі заңдылықтарына тоқталып өтелік.

Подстилающая поверхность термині – жерүсті төсемі деп ұсынылған. Бұл тіркесті қайтадан орысша аударғанда «поверхностная подстилка» болмақ. Осы тіркестегі поверхность сөзін түсінікті деп, подстилающая сөзінің аудармасына тоқталар болсақ, 30 томдық сөздіктің екі томында (12 том 423-бет және 16 том 398-бет) «подстилающая» сөзі «порода» сөзімен тіркесіп – «төсеніштік жыныс» деп аударылған. Осы аударманы негізге алып «төсеніштік бет» деп ұсынған дұрыс болар ма еді деген ой туындайды. Қалай болғанның өзінде қазақ тілінің заңдылығына нұсқан келтірмеу жағын таңдаған дұрыс.

«Критический недостаток» тіркесін бекіту үшін аудармасы ретінде «мүлдем жетіспеушілік» деген нұсқа ұсынылған. Дефинициясы (тіпті орыс тіліндегі) берілмегендіктен бұл тіркестегі «недостаток» - «кемшілік» пе, «жетіспеушілік» пе? Түсініксіз. Бекітуге ұсынылған нұсқасы жетіспеушілік болғандықтан, солай деп қабылдадық. Дегенмен, басқа да сөздікте ұсынылған аудармасын беруді жөн көрдік. Информатика және есептеуіш техника саласы терминологиялық сөздігінде 312-бетте – «критический» – «аумалы» деп ұсынылған. Ал биология саласы терминдер сөздігінде 353-бетте – критический – критикалық, қауіпті деген нұсқасында жүр. Әрине бұл экология саласына тән құбылыстан алшақ болуы да ықтимал. Бірақ, қайталап айтарымыз, дефинициясы жоқ – сондықтан дұрыс баламасын ұсыну да қиын.

Биопруд – биобөген (биологиялық бөген) деп аударылған, осы аударма бекітілуге ұсынылған. Прудтың – (электрондық сөздікте) байлама, бөгет, тоған деген үш түрлі аудармасын кездестірдік. Бөген деген аудармасын неліктен алғаны түсініксіз. Пруд 5,9,11,13,15,21,29 томдарда – тоған деп аударылған. 15, 16, 19 томда – әуіт деп айдарылған; 13 томда (биология саласында) ғана тоған сөзімен бірге бөген деген нұсқасы бар. 17 том (экология) терминологиялық сөздікте бөген сөзі алынған.

(5 том, 354-бет) – тоған; (9 том, 385-бет) – тоған; (11 том, 478-бет) әскери іс – тоған, (13 том,435-бет) – тоған, бөген, (15 том, 421-бет) – әуіт, тоған; (16 том, 413-бет) – әуіт, (19 том, 425-бет) – әуіт, (21 том, 510-бет) тоған,  (29 том, 450-бет) – тоған.

Түрлі салада берілуімен қатар, аударуда бірізділік байқалмайды:

- алкилдеу (8 сөзбен тіркесіп осылайша аударылған) және алкилдеуші деп аударылған. Бекітілуге ұсынылғаны - алкильдеу, алкил енгізу. Жіңішкелік белгісінің қажеті жоқ. Екеуінің бірі таңдалып алынылуы тиіс.

- ауаландыру деген аударманы бісқа сала сөздігінен таптық. Бекітілуге ұсынылғаны, тағы да екі термин - аэрациялау, ауалау. Неге?

- аэротенк – аэротенк – аэротенк деп үш салада осылайша аударылмай ұсынылған. Бекітілуге ұсынылғаны да – аэротенк.

- валидация (1 салада), осмос (7 салада) терминдері де еш аударылмай ұсынылған. Бекітілуге ұсынылғандары да – валидация, осмос.

- градирня, салқындату мұнарасы – су салқындатқыш – градирня деген аудармалар үш салада бар. Бекітілуге ұсынылғаны – салқындатқыш. Салқындатқыш сөзі – охладитель сөзінің аудармасы секілді қабылданып, тілімізге термин болып ене қояры екі талай. Сондықтан градирня сөзін аудармай қалдырған, не салқындату мұнарасы деп алған жөн бе деп санаймыз.

Седиментация (шөгу, төну) – шөкпе түзілім - тұндырып бөлу - шөкпе түзілім, седиментация – шөкпе түзілім – шөкпе түзілім деген аударманы 6 сала сөздігінен анықтадық. Ал бекітілуге ұсынылғаны - гравитациялық тұндырғы. Алты сөздіктің төртеуінде шөкпе түзілім деген тіркес бар, 2 жерде седиментация аударылмай қалдырылған. Не себепті гравитациялық тұндырғы деп ұсынылғаны түсініксіз.

Ақпа сулар – ақаба сулар - ақаба сулар деген аудармалар үш салада берілген. Бекітілуге ұсынылғаны – сарқынды сулар.

Сым арқан - сымарқан – сымарқан – болат арқантростың аудармасы ретінде 4 сөздікте берілген. Бекітілуге ұсынылғаны – арқансым. Сымарқан, сым арқан деген екі нұсқасын біріздендіріп осы терминді ұсыну қажет деп есептейміз.

Тұрақтандыру - орташаландырғыш - орталағыш (тіркесте ұсынылған) үш сала сөздіктерінде усреднитель сөзінің аудармасы ретінде ұсынылған. Бекітілуге ұсынылғаны – теңестіргіш. Теңестіргіш сөзі – уравновешание атауының баламасы, сондықтан жоғарыдағы үш сөздің бірін таңдаған дұрыс. Мәселен, осылардың ішінен орталағыш сөзі мағынасы жағынан жақын деп есептейміз.

Қалқымалау, флотация – флотация – флотация – флотация – 4 саланың сөздігінен анықталған, бекітілуге ұсынылғаны – флотация. Бекіту нұсқасы ретінде қалқымалау сөзін қарастыруды ұсынамыз. Себебі бұл флотация сөзінің мағынасын аша алады.

Екі сала терминология сөздігінде жазылу емлесі түрліше қалдық қоймақалдыққойма терминдері берілген. Ал бекітуге ұсынылғандары - қалдыққойма, қалдық сақтауыш, қалдық сақтағыш, үйінқойма. 4 бірдей тіркесті ұсынудың тағы да негіздемесі жоқ.

Электрлік тазалау – электрдиализ - электродиализ терминдері электродиализдің аудармасы ретінде 3 саланың терминдер сөздігінен табылды. Бекітілуге ұсынылғаны - электр диализ. Үш саланың екеуінде (о) дәнекер дыбысты түсіріп/түсірмей ұсынылған. Ал бекітуге тіптен бөлек жазу үлгісінде (электр диализ) жазылған.

Көріп отырғанымыздай, сөз, атау, термин, тіркестердің жазылу емлесі сақталмаған, бірізділік жоқ. Түрлі сөздікте түрліше, түрлі сала өзінше аударып жұмсаған.

Бұл терминдерді тиісті сала мамандары түсіндіріп, балама бергені дұрыс деп ойлаймыз. Себебі әр саланың терминдерін сол сала мамандары ғана жете түсінеді. Бірнеше салаға ортақ терминдерді келсін-келмесін ұсына беруді де дұрыс емес деп есептейміз. Экология саласына ғана тән терминдерді іріктеп ұсыну қажет деп санаймыз. Терминологиялық комиссияның отырысына жоғарыда көрсетілген салалардың тарапынан жолданғаны дұрыс деген шешімдеміз.