Бірнеше
салаға ортақ мұнғай-газ терминдерінің аудармасы
жайлы
С.Сейфуллин
атындағы қазақ агротехникалық университеті
Энергетика-104 тобының студенті Мақсат Тұрлыбек
Ғылыми жетекшісі
ф.ғ.к. С.Кенжемұратова
Сараптауға
түскен мысалдардың ішінен, біраз салаға ортақ, «абсорбировать» сөзін алатын
болсақ, оның аудармасына қатысты сөздіктерде
ортақ пікір жоқ, 4 томның 205-бетінде – «сіңіру», 5 томның 222-бетінде – «абсорбция», «сіңіру», «сіңірілу», 7 томда 191-бетте – «абсорбция» – «сіңіргі», 8 том 221-бетте – «абсорбция», 20 том 244-бетте – «сіңіру»,
21 томның 303-бетінде – «абсорбциялау»,
22 том 250-бетте - «сіңіру», 25 томның
283-бетінде – «сіңіру» деген
нұсқалары ұсынылған. Бекітілуге ұсынылған
термин «сіңіру» - 8
сөздіктің бесеуінде жалғыз, не басқа да
нұсқасымен бірлесіп берілген. Сондықтан бұл терминді
бұрыннан бекіген, қалыптасқан термин қатарына
жатқызуға болады деп есептейміз.
«Кесектендіру» деген аудармамен «агломерация»
термині бекітуге ұсынылған. Бұл терминнің 30
томдық сөздіктердің елу пайызында кездескенін атап
өтеміз. 4 том 206-бетте – «агломерат»,
7 том 194-бетте – «агломерация», 10
томның 321-бетінде – «агломерация»,
12 томның 257-бетінде – «агломерат»,
13 том 265-бетте – «агломераттану»,
14 томның 272-бетінде – «шоғырлану»,
17 томның 257-бетінде - «агломераттау», 18 томның
257-бетінде – «агломерация», 19 том
232-бетте – «агломерация» (геология),
19 том 371-бетте – «агломерация»
(география), 21 томның 306-бетінде – «шоғырлану»,
«агломерация», 22 томның
252-бетінде – «агломерация», «әлеуметтік топталу», 23
томның 246-бетінде – «агломерация»,
«біріктірме» деген
нұсқалары ұсынылған.
Көріп
отырғанымыздай, 13 сөздіктің (1 сөздік 3 бөлімнен
тұрады, бұл термин соның екі бөлімінде кездескен – 19
том), 1 томында ғана (14 том, медицина) «шоғырлану» деген аудармасы берілген, 21 томда (тамақ
өнеркәсібі және тұрмыстық қызмет)
агломерациямен қатар «шоғырлану»
нұсқасы да ұсынылған. Бұл екі саладағы «шоғырлану» деген аударманың
мағынасы түсінікті, қосымша талдауды қажет етпейді,
яғни қандай да бір зат, заттектің бір ортаға
жинақталуы деген мағынадан хабар береді.
22 томда (философия
және саясаттану) кәсіби саласына сай аудармасы
ұсынылған, яғни «әлеуметтік
топталу» - бұл тіркестің семантикасы да жинақталу,
шоғырлану дегеннен алыс кетпеген, әрине, тек белгілі
әлеуметтік орта, жағдайда.
23 томдағы (тарих)
«біріктірме» әлеуметтану,
саяси, философиялық мағынасынан алшақтамай, мәселен,
қандай да бір топтың шоғырлану, жинақталуы деген
мағынасын меңзеп тұр.
Қалған 9
(тоғыз) томда аударылмай «агломерация»
термині берілген. Бекітілуге ұсылған «кесектендіру» терминінің бойында да, алшақтау болса да,
жинақтау, топтастыру, біріктіру, шоғырландыру мағынасы бар.
Сондықтан бұл терминнің нақты дефинициясын жазып,
кесектендіру мағынасын ашатын болса бекітуге ұсынуға болады
деп санаймыз.
«Амальгирование» терминін бекіту үшін «амальгамдау» деп ұсынған. Осы салада жұмыс
жасайтын адам болмаса, кез келгені бұл сөздің не мағына
берерінен бейхабар. Дефинициясы ұсынылмағандықтан 30
томдық сөздіктің 22 томында (258-бетте) амальгированиеның – «қосылу»
деген аудармасын алып қолданыңыздар деп айта алмаймыз. Дегенмен,
осы терминге көңіл бөліп, дұрыс болған
жағдайда негізге алуға болады деген ойдамыз.
Осы салада ғана
қолданылатын болуы керек, «безотлипный»
атауына «ажырамайтын» деген аударма берілген. Сөддіктердің
ешқайсысында кездеспеді. Түбірі «отлипать» етістігінің аудармасы – түсу, құлау, түсіп қалу және
т.с.с. деген мағынаны береді, ажырау
етістігі де соған саяды, сондықтан есімше формасындағы «ажырамайтын» атауын аудармасы ретінде
ұсынуға болады деп есептейміз.
Тағы да тек осы
салаға ғана тән термин ретінде ұсынылған мына
тіркес – «вилка с защелкой»,
аудармасы - «шаппалы айыр». Вилка-айыр түсінікті. Защелканы неге шаппа деп аударылған. Сөздіктерде защелка – ысырма, ілгешек,
ілмек деген нұсқада берілген. Егер мұнай-газ саласында защелка – шабу мағынасын берсе,
онда түсінікті болар еді, бірақ дефинициясы
болмағандықтан нақты шешім айта алмаймыз. Сондықтан
бұл термин ретінде бекітілуге жарамайды.
«Ингибитор коррозий»
- «тоттежегіш» деген аудармасымен бекітілуге ұсынылған.
Отыз томдық сөддіктің 12 томында 316-бетте «жемірілу
бәсеңдеткіштері» деген аударма ұсынылған. Бұл
баламаға қарағанда бекітуге ұсынылған
нұсқа ұтымды деп санаймыз.
«Козловой кран» - «сырғыма
шығыран» деген аударма ұсынылған. Осы орайда айта кетер
мәселе - кранның -
шығыран деген аудармасы. Отыз томдық сөздік,
электрондық нұсқада «кран»
еш аударылмай ұсынылған. Бұл осы салаға ғана
тән термин болғандықтан осылайша аударылған болар. 18
томның 331-бетінде осы тіркес – «мосы
кран» деп аударылған.
Кран на вводе - қосушы шүмек, кран на отпуске
- босатушы шүмек – дефинициясы да, басқа сала сөздіктерінде
аудармасы жоқ болғандықтан нақты қорытынды
айтудан аулақпыз. Мағынасы және құрылымы
жағынан айтар уәжіміз бар. Мәселен, вводты – қосу деп
аударуға болады, алайда на вводе
деген сөзді, где?
сұрағына жауап берген мекен пысықтауышты, қос (етістік)+ у (тұйық етістік жұрнағы)+ шы (зат есім тудырушы жұрнақ) –
көріп отырғанымыздай: үстеу
зат есімге телінген. Сөз табының сәйкессіздігі де
ештеңе етпес, негізі - мағыналық жағынан келіспеушілік,
сондықтан аталмыш терминдердің дефинициясы анықталып,
мағынасы толықтай ашылған соң ғана бекітуге
ұсынуға болады.
Келесі
ұсынылған термин: кустовая
станция - шоғырлаушы станция.
Кустовойдың қаншалықты шоғырлануды білдіретіні түсініксіз, ал станцияны біраз уақыттан бері станса деп қолданып жүргені
белгілі.
Надвиг (взброс) - қапсар (қапсарласу) – отыз томдық
сөздіктің 18 томында 362-бетінде надвиг – ысырылу, сол сөздіктің 275-бетінде взброс - лықсу деп аударылып
ұсынылған. Қалай болғанның өзінде надвиг және взброс сөздерінің қапсарлану
деп аударылуында негіз жоқ. Қазақ тіліндегі аудармасына
қарасақ, екі сөз түбірлес, не бір сөзден екінші
құрылғандай ой қалыптасады. Аударманы нақтылауды
қажет етеді.
Насосная/ое (-ое
орнына -ая жалғанып, тіркес
қиыспай қалған) пенопожаротушение
- көбікпен өрт сөндіру сорабы – сөздердің
аударылуы дұрыс. Алайда орын тәртібі бұзылған, ол
қаншалықты сәйкес келері түсініксіз, себебі орысша
аударғанда – пенопожаротушительный
насос болып шығады. Қазақиландыру мақсатында осылай
алуға негіз бары не жоғын, сөздің дефинициясы
болмағандықтан, айта алмаймыз. Басқа сөздікте еш
нұсқа жоқ.
Нефтеносность – мұнайлылық термині жайында айтар
болсақ, отыз томдық сөздіктің 12 томы 373-бетінде де – мұнайлылық деген
нұсқасы берілген. Бір қарағанда еш ағаттық
жоқ, алайда, орысша нұсқасында (сөздіктен
қарадық) нефтеностность – месторождение, содержащий нефть,
нефтяной пласт и т.д. деген түсініктеме берілген. Бұл жерде
мұнайдың бар екендігі туралы мәлімет берілу тиіс, ал мұнай+лы+лық
деген терминнің бойында мұнайдың мол екендігі туралы дерек
бар. Сондықтан, мұнай+лы+лық терминінің орнына –
мұнай+лық деп берген жеткілікті деп ойлаймыз.
Энергетика
саласының бір бөлімі – мұнай-газға қатысты
терминдердің біразын талдап көрдік. Талдауға түскен
термин аудармасындағы ерекшелік байқалады. Осы сала терминдеріне
қатысты қалам тартып жүрген ғалымдар да бұл
мәселеге ерекше мән береді деген ойдамыз.