Ажарбекова Э.Н.
Академик
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды
мемлекеттік университеті,
Қазақстан
ТУЫНДЫ СӨЗДЕРДІҢ СӨЗЖАСАМДЫҚ
МАҒЫНАСЫ ТУРАСЫНДА
Ұлттық өмірдің айнасы іспетті болып табылатын
халықтың болмыс-тіршілігінің, мәдениетінің
көп құпия қырлары мен сырлары тіл арқылы
ашылатыны белгілі. Тіл - әрбір адамның өмір бойы
қолданатын ең маңызды құралы. Тіл – ғылым.
Әрбір ғылымның туу, қалыптасу, даму, өркендеу
кезеңдері бар. Тіл ғылымы да бүгінгі күнге дейін осы
кезеңдерді басынан өткізді. Тіл ғылымының дамуы тілге
қатысты сан алуан сұрақтардың туындап, олардың
заңды жауаптарының табылуымен байланысты. Тіл білімінің дамуы
барысында тілге қатысты мәселелер түрлі деңгейде,
түрлі тәсілдермен қарастырылып бүгінгі таңда сан
алуан заңдылықтар қалыптасты.
Басқа да ғылым салаларындағы сияқты тіл білімінде
әлі де толық шешімін таппаған кейбір мәселелер
және олар жайында әртүрлі пайымдаулар бар. Қазақ
тіл білімінде бүгінгі күнге дейін түпкілікті шешімін
таппаған сондай мәселелер сөзжасам саласына қатысты. Қазіргі таңда сөзжасам
саласына қатысты мәселелер бір жүйеге келтіріліп, зерттелген
жоқ.
«Сөзжасам
тілдің атау (номинация) жасау қызметін жүзеге асырады. Сөзжасам
тіл білімінің басқа салаларының ешқайсысы атқара
алмайтын қызметті жүзеге асырады. Ол – сөзжасамның
туынды сөз, жаңа сөз жасау қызметі. Сондықтан
сөзжасам жаңа сөз жасаудың барлық
мәселелерін түгел қамтиды. Оған сөзжасамдық
бірліктерден бастап, сөзжасамдық ұя сияқты ірі,
күрделі сөзжасамдық бірліктерге дейін кіреді.
Сөзжасамдық нұсқалардың сөзжасамда
атқаратын қызметі, жаңа сөздердің жасалу
үлгілері мен тәсілдері, сөзжасамдық
нұсқалардың түрлері, қолданылу ерекшеліктері,
сөзжасамдық ірі бірліктер болып саналатын сөзжасамдық
ұялар, олардың құрылысы, оның мүшелері,
сөзжасамдық ұяның құрамындағы
мүшелердің қызметі, ерекшелігі сияқты т.б. тек
сөзжасамға қатысты заңдылықтар сөзжасамды
тілдің басқа салаларынан ерекшелендіреді. Бұл мәселелер
тек сөзжасамға ғана қатысты. Олар тілдің
басқа ешбір саласында шешілмейді, өйткені ол мәселелер
тілдің басқа салаларында қойылмайды да. Өйткені олар
тек сөзжасам саласының зерттеу нысанасына жатады». Ендеше
сөзжасам тілдегі сөз жасау процесімен байланысты барлық
құбылыстар мен заңдылықтарды зерттейді.
Ғылыми зерттеулерде сөзжасам саласы бойынша
туынды сөздердің мағыналық құрылымы зерттеу
нысанына алынған. Сөзжасамдық мағына –
сөзжасамдық тұлғалардың қатысынан
туған туынды мағына. Сөзжасамдық мағына
сөздің лексикалық және грамматикалық
мағыналарынан ерекшеленеді.
Ғалым Н.Оралбаева сөзжасамдық
мағынаның сөзжасам саласындағы негізгі мәселе
екендігін айтып, оның лексикалық деривация және синтаксистік
деривация болып бөлінетіндігін айтады [1,59]. Ғалым
А.Салқынбай: «Сөзжасамдық мағына – ең алдымен,
туынды мағына. Ол екі сөз тудырушы тұлғалардың
бірігуі не қосарлануы немесе негізге сөз тудырушы
жұрнақтың жалғануы арқылы пайда болатын екіншілік
мағына. Жаңадан пайда болған екіншілік мағына оны
жасаушы сыңарлар мағынасының негізінде жасалып,
денотаттық мағына бірлігін белгілейді де, номинативті атауды
анықтайды. Демек, екіншілік мағына – сөзжасамдық
мағына» [2,320] деген пікір білдіріп, сөзжасамдық
мағынаның лексикалық, грамматикалық мағыналардан
айырмашылығын талдап, сөзжасамдық мағына
туғызудағы сөзжасамдық тұлғалардың
қызметіне сипаттама берген.
А.Салқынбай:
«Сөзжасамдық мағына – күрделі әрі ерекше сема.
Оның күрделілігі құрамында
тұлғалардың семалық құрамымен байланысты.
Денотаттық және сигнификаттық мағынанаң
қалыптасуында сөзжасамдық тұлғаның
барлық семалары қатысуы шарт емес. Белгіленетін зат не
құбылыстың ерекше номинативтік белгілеріне байланысты
түбір не негіз өздерінің ерекше семалары арқылы
жаңа екіншілік арнайы сема қалыптастырады. Бұл
қалыптасқан арнайы сема туынды сөздің жаңа
сөзжасамдық мағынасын құрайды» [2,322] дей келе, сөзжасамдық
мағынаның сөзжасамдық тұлғалардың
негізгі және ауыспалы семалары арқылы, сөзжасамдық
тұлғалардың метафоралануы арқылы жасалатындығын
айтады.
Сөзжасам саласында
сөзжасамдық мағына түрлері турасында пікірталас
тудыратын жайттар кездеседі. «Қазақ грамматикасында»
сөзжасамдық мағынаның негізділігі, түрлендірілуі,
көшірілуі, теңбе-теңдігі мәселесі сөз етілген. Мұнда сұрақ туындататын
мәселе – мағынаның негізділігі.
«Қазақ
грамматикасында» туынды сөздің сөзжасамдық
мағынасының негізділігі жөнінде: «Негіз сөз жасалатын
туынды сөздің лексикалық мағынасына өзек болады.
Осымен байланысты туынды мағына негіз сөздің
мағынасымен байланысты болып шығады. Мысалы, балтала, қарала, жақсыла,
тазала деген туынды етістіктер балта, қара, жақсы, таза деген
есім сөздердің туынды сөзге негіз болуы арқылы
жасалған. Осы туынды сөздердің бәрінің
мағынасы негіз сөздердің мағынасымен байланысты:
балтала – балта арқылы жасалатын қимылдың аты, қарала –
қараға айналдыру қимылының аты, жақсыла -
жақсыға айналдыру қимылының аты, тазала - тазаға айналдыру
қимылының аты. Бұлар – бір сөзжасамдық тип
арқылы жасалған туынды сөздер. Сондықтан
мұндағы жұрнақ -ла
есім сөздерге қимыл мағынасын қосып, есім
сөздерден етістік жасаған, яғни, туынды сөздер негіз
сөздерден басқа сөз табының сөзіне
айналған, олардың сөз табы категориясы өзгерген» [3,210]
деген тұжырым берілген. Яғни, мұнда туынды қимыл
атаулары заттық, сындық, етістік мағыналы
сөздердің негізіннен жасалған. Туынды сөздің
лексикалық мағынасына негіз сөздің лексикалық
мағынасының себеп болуы олардың мағыналық
байланысын көрсететіні анық. Ал мағынаның
түрлендірілуі жөнінде: «Негіз сөз бен туынды сөз
арасындағы қарым-қатынасты салыстырғанда,
сөзжасамда туынды сөздің лексикалық мағынасында
негіз сөздің лексикалық мағынасы толық
сақталып, оған тек үстеме мағына қосылады да,
туынды сөз негізгі мағынаның түрленуінен жасалады»
[3,211] деген түсінік берілген.
Мұны мысалдар негізінде қарастырып көрейік. Мәселен, көлшік, қалақша,
ағай, ботақан туынды сөздеріндегі -шік, -ша, -й, -қан жұрнақтары көл, қалақ, аға,
бота деген негіздерге кішірейту, еркелету, сыйлау мағыналарын
қосқан. Дегенмен, бұл
туынды сөздердің мағыналарының түрленуіне
негіздердің лексикалық мағынасы негіз болып тұр.
Ал мағынаның
көшірілуіне: «...туынды сөздің мағынасы негіз
сөздің мағынасын басқа сөз табына көшіру
арқылы жасалады. Мұнда негіз сөздің де туынды
сөздің де беретін лексикалық мағынасы бір
ұғымды білдіреді. Мысалы, гүрс-гүрсіл,
тарс-тарсыл, қаңғырма (етістік)-қаңғырма (сын есім), қанық (етістік)-қанық
(сын есім), қатар (зат
есім)-қатар (үстеу)» деп
тұжырым жасалып, мұндағы негізгі сөздердің
лексикалық мағыналарының сақталып, туынды
сөздердің сөз табы ауысқандығы талданған.
Келтірілген гүрсіл, тарсыл
туынды сөздерінің сөз табы ауысқаны рас, бірақ
бұл туынды сөздердің жасалуына гүрс, тарс дыбыстық
еліктеу мағыналы сөздері негіз болып тұр. Мағынаның
көшірілуінде де туынды сөздердің мағынасына негіздер арқау болып тұр.
Бұдан шығатын
қорытында, сөзжасамдық мағынаның
түрленуінде де, көшірілуінде де негіз сөздердің
лексикалық мағыналары туынды сөзді жасауға өзек
болады. Сондықтан біздің ойымызша, мағынаның
негізділігін сөзжасамдық мағынаның түрі ретінде
емес, туынды сөздердің тұрақты белгілерінің бірі
ретінде қараған жөн.
Ғалым Н.Оралбаева:
«Сөзжасамның мағына негізділігі – басқа тілдік
құбылыстарда жоқ қасиет. Мысалға
сөзформаларды алып қарайық. Сөзформалар да
түбірге қосымша жалғану арқылы жасалады, бірақ
онда түбір сөздің лексикалық мағынасы
өзгермейді, сол лексикалық мағынаның үстіне
грамматикалық мағына ғана қосылады. Мысалы: үйге, үйді, үйде,үйден
сияқты сөзформалардағы қосымшалар үй деген түбірдің
лексикалық мағынасының үстіне грамматикалық
мағына қосып тұр. Түбірдің лексикалық
мағынасы өзгермеген, басқа лексикалық мағына тумаған,
сондықтан сөзформаларында сөзжасамдағыдай мағына
негізділігі жоқ. Сөйтіп, сөзжасамның мағына
негізділігі оның тұрақты белгілерінің бірі деп
қаралу керек» [3,211] деп туынды сөздердің
сөзжасамдық мағынасын сөзформаларының
мағынасымен салыстырмалы тұрғыда қарап, аражігін
көрсеткен. Бұл пікірге толық қосыламыз. Мысалы, балалық, сұлулық,
көркемдік, әдемілік, кербездік, достық, сандық
деген сөздерді алып қарасақ, олардың
әрқайсысы екі морфемадан тұрады. Ол морфемалардың
алғашқыларының лексикалық мағыналары бар: бала,
сұлу, көркем, әдемі, кербез, дос, сан. Бұлар туынды
сөздердің мағыналы бөлігі болғандықтан,
олардың негіздері болып есептеледі. Енді осы негіздерге -лық, -лік, -дық, -дік,
-тық сөзжасам жұрнақтарын жалғағанда
олардың лексикалық мағыналары өзгеріп, жаңа
мағыналы туынды сөз жасалады. Бұл негізді сөздер бала, сұлу, көркем, әдемі,
кербез, дос, сан деген негіздердің лексикалық
мағыналарының қатысы арқылы жасалған. Егер
бұл негіздерді тәуелдік формада қолдансақ (баласы, сұлуы, көркемі,
әдемісі, кербезі, досы, саны), негіздердің лексикалық
мағынасына тек грамматикалық мағына ғана үстеліп
тұр. Демек, сөзжасамдық мағынаның негізділігінде
туынды сөздің мағынасы негіз сөздің
мағынасынан туындайды, сөздің негізі тірек болады.
Сөзжасамдық
мағынаның негізділігі тек синтетикалық тәсіл
арқылы жасалған туынды сөздерге қатысты деп шек
қоя алмаймыз. Лексика-семантикалық, аналитикалық
тәсілдер арқылы жасалған туынды сөздерде де
мағынаның негізділігі үлкен рөл атқарады.
Мәселен, Жетіқарақшы,
қарақұрт, еңбекақы, Көкшетау, тілтаным, бал
қаймақ, жиырма екі, екі мың он төрт, ізет ет,
сәлем бер, ауыз әдебиеті, сары ала, қызыл күрең, ақ құба деген
сөздерді қарастырып көрейік. Мұнда Жетіқарақшы, қарақұрт,
еңбекақы, Көкшетау, тілтаным деген тунынды сөздер
екі негіздің бірігуі негізінде жасалған. Әр туынды
сөздің жасалуына толық мағыналы екі сөз
қатысқан: Жеті+қарақшы,
қара+құрт, еңбек+ақы, Көкше+тау, тіл+таным.
Біріккен туынды сөздің әр сыңары жаңа
мағыналы туынды сөзге негіз болып тұр. Ал бал қаймақ, жиырма екі, екі
мың он төрт, ізет ет, сәлем бер, ауыз әдебиеті, сары ала, қызыл күрең, ақ құба деген
туынды сөздер толық мағыналы сөздердің тіркесуі
арқылы жасалған. Күрделі туынды сөздердің
әр сыңары (бал және
қаймақ, жиырма және
екі, екі,мың, он және төрт, ізет және ету, сәлем және беру, ауыз және әдебиет, сары және ала, қызыл және күрең, ақ және құба) негіз болып, негізді
сөз жасауға тірек болып тұр. Бұл – аналитикалық
тәсіл арқылы жасалған туынды сөздердің
сөзжасамдық мағыналарының негізділігі.
Сондай-ақ,
тіліміздегі көк деген сөз
түсті білдіретін сын есім екені белгілі. Осы көк сөзінің тілде қалыптасқан
басқа да мағыналары бар: 1) Көк
– түпсіз тұңғиық аспан әлемі. 2) Көк – көгеріп
шыққан өсімдік, өскен шөп. 3) Көк – жеміс-жидек, көкөніс. Мұнда
түс мағынасындағы көк
сөзі негізгі мағынасы, осы мағынаның негізі басқа
мағыналардың тууына себеп болып тұр.
Тағы бір мысал: қоңыр сөзі тілімізде
қара мен қызыл аралығындағы қою күрең
түс мағынасында жұмсалады. Енді осы мағынаның
негізінде туындаған қоңыр
сөзінің, біріншіден, жұтаң жадау, екіншіден,
ықылассыз, көңілсіз, салқын деген мағыналары бар.
Бұл мағыналар қоңыр
сөзінің түстік мағынасы негізінде
қалыптасқан. Яғни, бұл мысалдардан байқайтынымыз,
лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалған туынды
сөздерде де сөздің негізі мағынасы туынды
мағынаға себеп болады.
Сондықтан, туынды
сөз лексика-семантикалық тәсіл, синтетикалық
тәсіл, аналитикалық тәсіл арқылы жасалса да, онда
мағына негізділігі сақталады. Сөзжасамдық
мағынаның көшірілуінде де, мағынаның түрлендірілуінде
де мағынаның негізділігі айқын көрінеді.
Қорыта келгенде,
сөзжасамдық мағынаның ішкі құрылымы
түпкілікті зерттеліп бітпеген. Тілде сөзжасамдық
мағынаның қанша түрі бары белгісіз. Сондықтан бұл
мәселе әлі де зерттеуді қажет етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.
Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам
жүйесі . – Алматы, 1954.
2.
Салқынбай А. Қазіргі қазақ тілі.
– Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 340 б.
3.
Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология,
синтаксис. – Астана, 2002. – 784 б.
4.
Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі.
– Алматы: Ғылым, 1989. – 368 б.