Филологические науки/8. Родной язык и литература
К.ф.н., доцент Рахметова Б.А.
Аркалыкский государственный
педагогический институт
им.И.Алтынсарина, Казахстан
ТЕМІРҒАЛИ НҰРТАЗИН
ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ ТУРАЛЫ
(С.Мұқанов
шығармалары негізінде)
Автор
қазақ әдеби көркем прозасының даму тарихына
көз жүгірте отырып келесі жайттарды сөз етеді. Әйгілі
қаламгер М.Әуезовтың төрт томдық «Абай жолы»
эпопеясы, С.Мұқановтың «Ботакөзі», «Өмір
мектебі», «Мөлдір махаббаты», Ғ. Мүсіреповтың
«Оянған өлке», «Қазақ солдаты»,
Ғ.Мұстафиннің «Қарағанды», «Дауылдан кейін»
романдары қазақ әдебиетінде үлкен прозаның туып,
кең дамығанына айнымас дәлел. Бұл
шығармалардың бірталайы көптеген шет тілдерге аударылып,
бұрын қазақ деген елді естіп білмеген жұрттарға
халқымызды кеңінен танытты. С.Мұқанов
шығармашылығына тоқтала отырып төмендегідей пікірлер
айтады. Бұл жазушылық өрісі мейлінше кең, талай
жанрға бата қалам тербеп, жаңадан жол тартқан
қайраткер. Оның шығармалары қазақ кеңес
прозасының іргетасы болып қаланды, ол жас прозамыздың
түрлі жанрына қомақты үлес қосты, сол
жанрлардың туу, құралу процесіне алдыңғы
қатарлы қайраткер болып еңбек сіңірді. С.Мұқанов
прозалық жанрда өте көп жазған жазушы. Олардың
бәрі бір дәрежеде болған жоқ. Мол мұраның
ішінде заман сынына төзбей жолда қалып қойғандары да
бар. Дегенмен көптеген романдары әдебиеттің қорына
алдыңғы дәрежелі қазына болып енді. Қазақ
көркем прозасының алғы шарттары ретінде қазақ
фольклорының үлгілеріне назар аударады. Ауыз әдебиетімізде
озық елдердің ауыз әдебиетінде бар салалардың
бәрі де бар. Әсіресе, біздің ертегілер түгелдей дерлік
прозамен жасалған; оның кейбір нұсқалары («Ер
Төстік», «Аяз би») романға азық боларлық материалдар
негізінде құрылған. Зерттеуші Абай, Алтынсариндерден бастап,
әдебиетіміздің өмірдің жаңа талаптарына сай
жаңа сатыға көтерілгендігіне тоқталады. Абайдың
қара сөздері, Алтынсариннің әңгімелері,
мақалдары, этнографиялық зерттеулері, хаттары сол кездегі бай, сала
– сала болып тұлғалана түскен өмірімізге орайлас
туған. Абайдың екінші «Қара сөзі»
(қазақтың бүкіл жұрттан артықпыз,- деп
мақтануы жөнінде) – әңгіме. Бірақ мұнда
романға арқау болар материал бар. Ы.Алтынсариннің
«Қыпшақ Сейтқұлы» да сондай. Екеуінде де
халықтың мінезі бейнеленеді дейді. Сыншы төңкеріс
алдындағы әдебиетте өлеңі, прозасы аралас романдар
туды; әңгіме жанры біршама алға басты, драма саласында
алғашқы қадам жасалды. Алайда, жалпы проза жылдам,
жан-жақты дамып кете қойған жоқ деген тұжырым
жасайды. Оның негізгі себептерін ауыз әдебиетіміздегі проза дәстүрінің
үзіліп қалғандығынан, ал әдебиеттегі проза
дәстүрі құралып үлгермегендігінен іздейді. Сондай
– ақ кітап басу, полиграфия жұмыстарының да дұрыс
жолға қойылмағандығы бар. Ол тұста
қазақ кітаптары Қазақстаннан тыс: Қазанда,
Орынборда, Тройцкі- де, Ташкентте басылған. Төңкерістің
алдында ғана Семейде шамалап шыға бастаған. Оның
үстіне басылған кітапты оқи қоятын сауатты адамдар да
аз болған. Т.Нұртазиннің пікірінде осындай себептермен
прозаның дамуы кешеуілдей берген. Ал Азамат соғысы кезінде
көптеп шыға бастаған түрлі бағыттағы газет,
журналдар прозалық шығармалардың тууына,
публицистиканың қалыптасып, күрт дамуына мол мүмкіндік
ашқан. Кеңес дәуірі тұсында бұл
бағыттағы жұмыстар дами бастайды. 20-жылдарда бірінші
қатарда поэзия болды. Өлеңмен жазылған шығармалар
ол кезде сан жағынан да, көлемі жағынан да басым еді. Дей
тұрғанмен, проза тынымсыз өсіп, өзіне орынды
кеңінен иемдене бастады деген пайымдау жасайды Т.Нұртазин.
20-жылдардың соңына таман Б.Майлин түгелдей дерлік
прозаға көшті. С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов
елеулі шығармаларымен проза саласында көпшілікке танылды.
М.Әуезовтың еңбектері көптің назарын аударды.
Сабыр Шарипов бірсыпыра прозалық шығармалар жариялап үлгерді.
С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық кітабын
жарыққа шығарып, проза саласына мықтап бет бұрды.
20-жылдарда Ғ. Мұстафиннің, Елжас Бекеновтың,
С.Садуақасовтың тағы бірнеше жазушылардың
әңгімелері, очерктері, повестері жарық көрді. Зерттеуші
20- жылдардағы проза туралы осындай мәліметтер береді. Зерттеуші
бұған дейін шығармашылық талантын поэзияға
жұмсап жүрген С.Мұқановтың 1922 жылы
баспасөз бетінде тұңғыш жарияланған
«Түсімде» және 1924 жылы жазылған «Әсия» атты
әңгімелері мен «Совет Хұкметі һәм
қазақ әйелі» деген кітабынан бастап осы кезде жазылған
тағы басқа бірсыпыра прозалық туындыларына шолу жасайды.
Бұлар әлі көркемдік дәрежесі ойдағыдай емес,
алғашқы тәжірибе са- тысындағы шығармалар
болатын. Сондықтан бұл туындыларда схематизм жиі ұшырап,
жазушы нысан етіп алған күрделі мәселелерін күнделікті
өмірмен байланыста суреттеп, табиғи көрініс жасауға
машықтанбағаны байқалып тұратын. Сыншы
алғашқы кезеңдегі жазушы шығар- машылығының
осындай олқы тұстарын жіті аңғарып, орынды ескертулер
жасайды. С.Мұқанов 20-жылдарда проза саласында жинаған
азды-көпті тәжірибенің нәтижесінде «Адасқандар»
романын жазды. Мұның жекелеген тараулары 1929 жылы «Жаңа
әдебиет» журналында жарияланып, 1931 жылы кітап болып шықты.
Романды оқушы, сыншы қауым жақсы қабылдады.
Т.Нұртазин кітапта «Адасқандар» романына қатысты
айтылған кезеңдік пікірлердің кейбіреуін келтіреді.
«Адасқандар» романы,-деп жазады әдебиетіміздің басты
қайрат- керінің бірі Ғабит Мүсірепов, - қанша
кемшіліктері бола тұрса да, сол кездегі байшыл жазушылардың
жазғандарынан анағұрлым жоғары еді. Сәбитті
күнді кекетіп, күнде сықақтап жүретін байшыл
жазушылардың өздері ондай роман бере алған жоқ-ты»
(Әдебиет және искусство жур- налы, 1946 ж., №2-3, 12 бет).
«Адасқандарда» жазушының шын жаны ашитын бір жері бар. Ол –
қазақ қызы. Оның аты Бәтес болғанымен, заты қашаннан бері
құмарлық болып келген қазақ қызы... Азат
заман дегеннің сыртын емес, ішін ұқ, - дейді Сәбит
қазақтың қызына. Бұл жөнінен Сәбит
қазақ қыздарынан үлкен алғыс алуға тиісті.
(Сонда, 12- 13 беттер) «Қазақ әдебиетінің советтік
дәуірдегі тұңғыш романы «Адасқан- дар», - деп
жазады сыншы Тәкен Әлімқұлов – кезінде
әртүрлі пікір, дау, айтыс тудырған шығарма екені
белгілі. Жаңа экономикалық саясат жылдарындағы көшпелі
қазақ аулының қоғамдық тіршілігін, салт
сана- сын суреттеп, ескі дәстүрдің, ескі
ғұрыптың құрбандығына шалынған
жастардың аянышты тағдырын шебер көрсете білген
«Адасқандардың» айтулы туынды болғандығы да
мәлім. Сезім дүниесін шебер бейнелеген «Адасқандар» романы
тамылжыған поэзиясымен, жаныңды толқытар мол әсерімен
мәдениетті романдар санатына қосыла отырып, ірі-ірі кемшіліктерге
ұрынғанды. («Махаббат дастаны». «Қазақ әдебиеті»,
16 март, 1960 жыл). С.Мұқановтың «Қазақтың
көркемдік жағынан толысқан» романын жасап, зор табысқа
жетуіне себеп болған төмендегідей бес жағдайды: «1) советтік
алып күнделіктің эпикалық масштабы роман жасауға
жетеледі; 2) эпикалық дәстүр қазақтың ауыз
әдебиетінде мол еді. Жазушы соны игерді; 3) С.Мұқанов орыс
прозасын творчестволықпен үйреніп, қаруланды; 4) жазушы
бірсыпыра прозалық шығармалар жазып (әңгіме, очерк,
повестер), қаламы төселді; 5) 20 жылдардың ақырына
қарай қазақтың проза жазушылары прозалық
көптеген туындылар берді. Соның барысында қазақ совет
әдебиетінде прозалық дәстүр құралды»
[1,169], - деп атап көрсетті Т.Нұртазин. Қоршаған
әдеби ортаның, прозалық дәстүрдің
жазушыға әсері, маңызы зор екені сөзсіз. Ол ортасыз, ол
дәстүрсіз «Адасқандар» рома- нының тууы да
неғайбыл болар еді. Осыны ескерген сыншы С.Мұқанов
замандастарының проза саласындағы тәжірибесіне,
ізденістеріне, табыстарына, мүдірістеріне шолу жасайды.
20-жылдардағы Е.Бекенов, С.Шәріпов, С.Сейфуллин,
Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов, Б.Майлин шығар-
машылықтары сөз болады.
20-жылдардың
аяғында көлемді романмен үлкен прозаға келген
С.Мұқанов «Теміртас, «Есіл», «Ботакөз», «Өмір мектебі»,
«Сырдария», «Балуан Шолақ», «Мөлдір махаббат», «Тыңдағы
толқындар» романдарын, «Достар», «Бақташының баласы»
повестерін және бірсыпыра әңгімелерін жариялады.
30-жылдардағы С. Мұқановтың роман саласындағы
қадамы «Темір- тастан» басталды. Бұл – көлемі 544 бетті
құрайтын үлкен роман. Сын- шы романдағы шабындық,
егіндік жерді бөлісу төңірегіндегі таптық
күрестер, саяси тартыстар секілді күрделі мәселелерге, сол
тартыстарда көрінетін адамдар бейнелеріне көңіл аударады.
Әлеуметтік көзқарастары бір-біріне қарама-қарсы,
ымыраға келмейтін тартыстарға негізделіп құрылған
романның композициясы, сол тартыстарда көрінетін бас кейіпкер
Теміртас, алаяқ қу, шонжар бай Түлкібай, партия
қызметкерлері Мұрат, Қозыбақ, мінезі ұр да
жық Жауқашар бейнелері жан-жақты талданады. Романның
сюжеттік түйіндерінің дамымауы, кейіпкер мінездерінің
терең ашылмауы, композицияның қобыраңқылығы
секілді кемшіліктерді көрсетуде де сыншы білімдік, алғырлық
танытады. Зерттеуде саяси-моральдық мәселемен байланысты бір топ
адамның зұлымдығын әшкерлейтін «Достар» повесі, азамат
соғысының оқиғала- рын сипаттайтын «Есіл» романы
қысқаша сөз болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Нұртазин Т. Жазушы және өмір –
Алматы. ҚМКӘБ, 1960. – 358 бет