Қонақбаева
Т.Е., Азимова А.Б.
Тараз мемлекеттік
педагогикалық институты, Қазақстан
ДЕВИАНТТЫ
МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚТЫ БАЛАЛАРҒА
ӘЛЕУМЕТТІК-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КӨМЕКТІ ҰЙЫМДАСТЫРУДА
ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУДЫҢ МАҢЫЗЫ
Қазақстан
Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың
Қазақстан халықтарына Жолдауында: «Біз аға
ұрпақты, ана мен баланы, жастарды қамқорлық пен
ілтипатқа бөлейтін әлеуметтік бағдарланған
қоғам, ел халқының барлық жолдары
тұрмысының жоғары сапасы мен алдыңғы қатарлы
әлеуметтік стандарттарын қамтамасыз ететін қоғам
құрамыз, бәсекеге қабілетті ел болу үшін жас
ұрпақты тәрбиелей білуіміз керек» - деп, педагог
қауымның қызметіне үлкен сенімін арып отыр [1].
Аталған мәселе тек біздің елімізде ғана емес,
бүкіл әлем бойынша өзекті мәселенің біріне
айналып отыр. Сондықтан, біздерге яғни, әлеуметтік
педагогтарға мінез-құлқында осындай
ауытқудың қарапайым түрімен күрес, алдын-алу, рухани
құндылықтарын аша түсу міндеті жүктеліп отыр.
Қоғамның
осындай қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында
«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білімі беруді Сара
Алпысқызы тұңғыш рет мемлекеттік деңгейдегі
өскелең ұрпақты жалпыадамзаттық
құндылықтарға үйрету мәселесін
көтерді. Автор Сара Алпысқызы «Өзін-өзі тану» білім
бағдарламасының мәнін ешкімге еліктемей, өзіндік
тұлғасын сақтап қалу; өз мүмкіндіктерін,
дарынын дамыта білу; міндетті түрде жаманнан жақсыны ажырата білу;
өзінің ниетіне, сөзіне және іс-әрекетіне
жауапкершілікпен қарау; өзімен және қоршаған
ортамен жарасымды өмір сүру; адамдарға әрқашан
қолынан келгенше көмектесу; өзінің ішкі «Менін»
жоғалтпай, ар-ұжданымен өмір сүру;
қоғамның игілігі үшін еңбек ету, үнемі
кемелденіп отыруды негізге алған [2].
Бүгінгі
таңда жасөспірімдер мен жеткіншектердің арасындағы
тәрбиесі қиын және девиантты мінез-құлықты
балалармен қалай және қандай психологиялық,
педагогикалық жұмыс істеу керектігі жайлы ғалымдар мен
педагогтар қауымы тарапынан жан-жақты ізденістер жүргізілу үстінде.
Аталған мәселенің тарихына жүгінсек, Э.Дюркгейм,
З.Фрейд, Р.Мертон, Я.И.Глинский, В.С.Афанасьев, Ч.Ломброзо, В.Шелдон,
Л.С.Выготскиий, А.С.Макаренко, В.А.Сухомлинский, А.В.Аверин, Г.А.Фортунатов
және т.б. зерттеулерде девиантты мінез-құлықты
балалармен әлеуметтік, педагогикалық тұрғыда
қарастырған еңбектері жарық көрген.
Мәселен, белгілі ғалым Л.С.Выготский былай деп жазған:
«Қызығушылық бала қылығын итермелеуші күш.
Баланың іс-әрекетке шақырғыңыз келсе, ең
алдымен оның қызығушылығын тудыру қажет.
Оның сол себепке дайын екеніне және оны орындауға
барлық күш бағыттайтынына көз жеткізу керек. Сонда
ғана тұлғалық іс-әрекетті өз бетінше істей
алады, ал мұғалім тек қана оның іс-әрекетін
басқарып бағдарлап отырады» [3].
А.С.Макаренконың
атақты «Ұстаздық дастан» атты көркемдік
шығармасында қиын балалар мен жасөспірімдерге арналған
өзінің тәжірибелік еңбектері педагогика
ғылымының алтын қорына енді. Ғалым
өз еңбегінде: «Бала
тәрбиесі біздің өміріміздің саласы. Біздің
балаларымыз мемлекетіміз бен әлемнің болашақ азаматтары. Олар
ертеңгі әке мен шеше, олар да өз балаларын тәрбиелейтін
болады. Біздің балаларымыз тамаша азамат, жақсы әке,
жақсы шеше болып өсуі керек. Біздің балаларымыз –
біздің қартайған шағымыз. Дұрыс тәрбие -
бұл бақытты қарттығымыз, бұл біздің
көз жасымыз, бұл біздің басқа адамдармен бүкіл ел
алдындағы кінәміз» [4].
Отандық ғалымдар
Г.А.Уманов, Л.К.Керімов, І.Р.Халитова, А.Т.Ақажанова,
Қ.Т.Әтемова, Р.А.Мұқажанова,
Г.А.Омарова және
т.б. зерттеулері мен еңбектерінде қиын балаларды қайта
тәрбиелеу және девиантты мінез-құлықты
балалардың түрлері мен оларды қайта тәрбиелеуде
өзін-өзі танудың тәрбиелік маңыздарын
қараған еңбектерінің маңызы зор.
Г.А.Уманов өз
еңбегінде: «қиын балаларға олар жекелік тұлғасын
түзетуде өз уақытында шара
қолданбағандықтан, дер кезінде зейін
аудармағандықтан жіберілген педагогикалық қателіктермен
байланысты педагогикалық шет қалған балалар», - деп
көрсетсе, қиын баларды
тәрбиелеу мәселесімен айналысқан еліміздің белгілі
ғалымы Л.К.Керімов әлеуметтанумен заң ғылымдарында,
психологиялық және педагогикалық әдебиеттерде талдау
жасай отырып, кәмілеттік жасқа толмаған
құқық тәртібін бұзушылар,
педагогикалық тәртібі нашар оқушылар, «қиын» балалар
сияқты терминдік ұғымдарды анықтайды [5].
«Өзін-өзі тану»
рухани-адамгершілік білім берудің жалпы мақсаты: әрбір
оқушының жеке тұлғалылығын және ішкі
әлемін ойлауды қамтамасыз ету; өмірдегі ең
маңызды құзіретті мақсатты дамытудың негізінде
үйлесімді тұлғаны қалыптастыруға үлесін
қосу: өзінің өмірлік айқындамасын анықтау;
адамгершілік нормаларына сәйкес әр түрлі
сұрақтарды конструктивті түрде шешу; өзіне,
адамдарға және қоршаған ортаға ізгі
көңіл бөлу; адамдарға көмек көрсету,
жақындары мен туысқандарына қамқорлық жасау;
өз-өзімен үйлесімде өмір сүру; ойларында,
сөйлеген сөздерінде және әрекеттерінде шынайы болу;
жасампаздық белсенділікті, азаматтылықты және
отансүйгіштікті көрсету; адамгершілікті таңдауда
дайындығын көрсету және өзінің ойына,
сөйлеген сөзіне және әрекетіне жауапты болу;
қоғамға қызмет етуді тәжірибеде дамыту. Жалпы
мақсаттар күнделікті тәжірибеде: тұлғаның
өзін-өзі толықтай көрсетуге және
ұғынуға көмектесетін жалпы адами
құндылықтарды оқыту негізінде тұтас білім беру
үдерісін құру арқылы; балалардың жас
ерекшеліктерін есепке ала отырып, тұлғаның
рухани-адамгершілік әлеуетін дамытуға әсер ететін
ақпараттық және білім беру кеңістігін құру
арқылы; басқа жалпы білім беру пәндерінің
мазмұнының тұтастық ұғымын күшейту
арқылы; қоғамға қызмет етуге
бағытталған білім беруден және мектептен тыс
қызметтерде тәрбиенің ролін күшейту; мектеп пен
отбасының әлеуметтік серіктестігін, мұғалімдер мен
ата-аналардың, қамқоршылар мен тәрбиелеушілердің
тығыз ынтымақтастығын дамыту арқылы
тұлғаның рухани-адамгершілігін қалыптастыру үшін оң алғышарттар жасау арқылы
жүзеге асырылу мүмкін.
Қорыта
айтқанда, өзін-өзі тану – бұл өзін тану мен
тұлғалық, интеллектуалдылық ерекшеліктері және
қасиеттері, басқа адамдармен қарым-қатынас, өз
бойынан белгілі бір қасиеттерді қабылдау үдерісі.
Өзін-өзі тану өзіндік рухани-адамгершілік
түрғысынан дамуына негізгі компонент ретінде әрекет етеді.
Өзін-өзі тану аймағына және саласына сана, бейсана, адамның
сыртқы және ішкі дүниесіндегі әрекет,
тұлғаның позитивті сәйкестілігінің
қалыптасуы, оның өзін-өзі тануына қолайлы
жағдайлар тудырып, өзін-өзі жетілдіру мен
өзін-өзі жүзеге асыруына ықпал етеді. Қай
қоғамда, қай мемлекетте болсын, қарым – қатынас
адами құндылықтар, оның ішінде адамгершілік
құндылықтар қалыптастыру кез – келген мектептің
міндеті болса, баланың өзін тануына, басқаны тануына,
баланың болашақ дамуына «Өзін – өзі тану» пәні
зор ықпал етеді.
Әдебиет:
1.
Назарбаев
Н.Ә. «Нұрлы
жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан
халқына Жолдауы. 2014 жылғы 11 қараша.
2. Мұқажанова Р.А. , Омарова Г.А. «Өзін – өзі тану» мен
басқа пәндердің ықпалдасуының мазмұны мен
тәсілдері, мұғалімдерге арналған әдістемелік
құрал, Алматы: Бөбек, 2013. -164 б.
3. Уманов Г.А. История
создания и развития профессионально-технического образования в Казахстане:
автореф. … докт. пед. наук. - Алматы,
1970. -33с.
4.
Халитова І.Р. Әлеуметтік педагогика. -Алматы:
Білім, 2007. -200б.
5.
Әтемова Қ.Т. Әлеуметтік педагогика.
–Алматы: ҚР ЖОО қауымдастығы, 2012. –272 б.