Жанузаков Н.Б. Айтбай А.Ә. Төлегенова А.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекттік университеті

                                             

Тарихты білмеу – тамырсыздық 

Мұхтар Шаханов

                     

Қазақ атауының этимологиясы

 

 «Қазақ» сөзінің мағынасына қатысты зерттеу жұмыстары екі жарым ғасырға жуық уақыт жүргізіліп келе жатса да, зерттеу жұмыстарының көпшілігі «қазақ» сөзіне қатысты жазылған мақалаларға шолулар бойынша жасалған көзқарастар мен пайымдаулардан тұрады. Көзқарастардың кейбірі көңілге қонымды болжамдар болса, енді біреулері аңыз-әңгімелерге сүйеніп жасалған этимологиялар болып келеді. Пікір таластары өте көп, бірақ тоқ етер жауап жоқ. Бұл жерде ескеретін бір негізгі жағдай - қазақ халқының құрылу, қалыптасу тарихымен уақытын «қазақ» атауының шығу кезеңімен айыра білу қажет. Өйткені бір халықтың тарихи қалыптасуы мен оның атының шығуы деректемелерде бір мезгілде бола бермейді.

Зерттеуші Ә. Әбдрахманов «қазақ» сөзінің төркіні «қаз» және «оғ» (оқ) деген екі сөздің қосылуынан жасалған: «оғ» – көне түркі тілінде ру, тайпа дегенді білдіреді. «Қаз – оғ(оқ)» – қазақ тайпалары деген ұғымды білдіреді.

        «Қазақ» сөзін «еркін,кезбе» деген мағынадада аударған. Бұл аударма терминнің әлеуметтік мәнін көрсетеді. «Қазақ» термині қыпшақтар қоғамында қалыптасты деп айтылған ой өте дұрыс тұжырымдама, себебі кең қазақ өлкесі сол қыпшақтар өлкесінде орналасқан. Тағыда «қазақ» атауының шығуы жөнінде әуелде-ақ көп ізденіп, халық ішіндегі аңыздарды тереңінен зерделеп, молынан жинаған тұлға А.И.Левшин деуге болады. А.И.Левшин өзінің « Қырғыз-қазақ далаларының сипаттамасы» атты еңбегінде қазақ-қырғыз атауының қалай шыққаны жөнінде жеті түрлі аңызға тоқталады. Оның бұл шығармасы 1832-жылы жарияланған. Осы шығармасын жазу үшін Кіші жүз қазақтары арасына барып, тікелей зерттеу жүргізген. Бірақ, Левшин жинаған жеті түрлі аңыз ішінде ең негізгісі – Алаша хан жөніндегі аңыз. Бұл аңызды Шоқан Уәлиханов та  «Қазақ шежіресі» атты еңбегінде жазған. Левшин жазған жеті түрлі аңыз ішінде бірінші, екінші аңыз Қазақ хандығы құрылған дәуірден бұрынғы мезгілді меңзейді. Әсіресе екінші аңыздағы түркі халықтары ұрпағымыз дейтін қазақ-қырғыздардың өздерін билеуші Шыңғысхан ұрпағымен алауыздығы ушыққаннан кейін, неше мыңдаған адамның туған жерін тастап батысқа ауып толығырақ айтсақ яғни, Есіл өзені бойына қоныстанып қалғаны жайында айтылады. Аңыздың нанымды бір жері – барлық түркі тілдес халықтар емес, олардың көші-қон кезінде жоғалған жылқысын іздеген 33 азаматы ғана Есіл өзені аңғарына қоныстанады. Олар кейін 33 рулы елге айналады. Оларға «қазақ» деген ат сіңеді. Әрине, бұл аңыз ретінде жеткен дерек. Ал енді тағы да бір «қазақ» атауының «Оғызнама» дастанындағы «қаңлы» тайпасының аты қалай қойылуымен қабысып жатыр. Қатпарлы тарихтың еңбектерінің бірінде «қазақ» атауы «өзбек», «өзбек-қазақ», «моғол», «ноғай» сияқты ұғымдармен қатар кездеседі. «Қазақ» атауының этимологиясын тек қана шет ел ғалымдары мен даналары ғана емес, қазақ жерінің тумаларыда зерттеді. Осы тумалардың бірі Мұхамеджан Тынышбаевтың зерттеулерінде қазақтардың 1356 жылы Мауереннахрға шабуылда ғана, 1397-1410 жылдары қырым қыпшақтарының бір бөлігінің Литваға қоныс аударып, қазақтар деген атпен корольға қызмет еткені, 1481 жылы Ахмет ханға «1000 қазақпен» Ибақ ханның және Ноғай мырзалары Мұса мен Жаңбыршының «15 мың қазақпен шабуылдағаны» туралы мәліметтер келтіріледі. «Тарих-и-Рашиди» еңбегінде де Әбілқайыр хандығынан  Керей мен Жәнібектің «өзбек-қазақ» ұғымынан «қазақ» сөзін бөліп алып, қазақ ұлысын құрғанынан бастап, қазақ атауының қалыптасқанын  көруімізге болады. «Қазақ» сөзінің ерте кезде шыққанын дәлелдеген ғалымның бірі –француз академигі П.Пелио. Ол ғалымның зерттеуінде қазақтар Каспий мен Арал теңізінің бойында мекендеген халық. Мысалы, қазақтар жөніндегі ең беделді ағылшын маманы болып табылатын, Орталық Азия, Шығыс және Африка жөніндегі зерттеу орталығының директоры Ширин Акинердің пікірі мынандай: «Қазақ» сөзінің этимологиясы әлі күнге дейін құпия қалып отыр. Халық этимологиясы бұл сөздің шығу тегін «Қаз» және «ақ», яғни «ақ қаз» \ежелгі тотемдік символ\ туралы аңызбен байланыстырады. Осы мәселеге орай көптеген теориялар ұсынылғанмен, тарихшылар мен филологтар бұдан өзге нанымды түсінік бере алмай отыр». (Ш.Акинер «Қазақ сана-сезімінің қалыптасуы. Тайпадан ұлттық мемлекетке дейін»).

Бұл мәселелер жөнінде алғаш пікірлер айтқан ғалымдарға Г.Ф.Миллер, П.И. Рычков, В.Н.Татищев,И.Г.Георги, И.Г.Андреев, Н.М.Карамзин жатады. Бұл ғалымдардың еңбектері XVIII ғ. 50-ші жылдарынан – XIX ғ. 30-шы жылдарына дейінгі аралықта жарық көріп, Ресейде тарихнамасында өзіндік орын алған. Біз қарастылып отырған мәселелер бойынша олардың тұжырымдары әртүрлі және қателіктерге толы. Мысалға, П.И. Рычков қазақтарды «қырғыз- қайсақ» деп ұғынып, « қырғыз» және « қайсақ» сөздерінің мәнін түсіндіруге тырысады. Ол «қырғыз» - « далада жүретін», «үйсіз адам», ал « казак» - « бөлінген», « кетіп қалған» деген мағынаны береді деп жазады». Ал қазақ халқының шығуы жөнінде « олардың алатау қырғыздарының шыққаны ешбір даусыз» - дейді. Ал В.Н. Татищев болса «қазақ»  сөзін « қашқындар» деп түсіндіреді. И. Фишер: «Қазақтарды қызғыздармен түбі бір халық деп есептеп, қырғыздарды – буркут  қырғыздары, ал қазақтарды- қырғыз козактары деп атайды да, козақ- халықтың атауы емес, татар тілінде семьясы жоқ немесе тұрақт баспанасы жоқ адамды білдірген деген тұжырымға келеді. Сондай- ақ «қазақ»  сөзінің түбін «ғұз- сақ», «қай-сақ», «кас- пи» сөздерімен байланыстыру  да дұрыс емес деп көрсетеді.

Міне, XV ғасырдың ортасында Қазақ хандығының құрылуымен қатар этникалық мәнге ие болған қазақ сөзі күні бүгінге дейін өз мәнін жоғалтпай, еліміздің байырғы, негізгі, басты мемлекет құраушы халқының атауы ретінде қолданылып келе жатыр.

Бес әріптен тұратын қазақ сөзінің мағынасын қазақ даласының сан ғасырлар бойы жиған-тергенін бір ғана анықтамамен түсіндіру мүмкін емес.

«Қазақ» атауы қаз және ақ деген екі мүшеден жасалған. Оның бірінші сыңары қаз – «ер», «батыр», «жігіт», «адам», «кісі» деген мағынаны білдірсе, екінші сыңа­рындағы ақ морфемасы жинақтық ұғымды білдіретін, қазіргі көптік жалғау көрсеткіші «лар»-дың синонимі екендігі байқалады. Олай болса, «қазақ» деген атау­дың әуел бастағы лексикалық мағы­насы «нағыз батыл кісілер, ержүрек жігіт­тер, батыр адамдар» болса керек, ал кейін­нен бұл мағына өзгере, ұлғая келіп, «кең далада еркін көшіп-қонып жүрген тәуелсіз адамдар, ержүрек еркін кісілер» деген мағынаға ие болған деп қараймыз.

Кейбір деректерге сүйенсек «қазақ» сөзі – жауынгерлік ұғым ретінде қарастырылған.

«Қазақ» сөзін зерттеген Сәкен Сейфуллин атамыз «Қазақ тарихынан қысқаша мағлұмат» атты еңбегінде, Мұқаметжан Тынышбайұлы деген тарихшының еңбегіне сүйене отырып қисынын былайша өрбітеді:

1) Наков деген орыс шежірешісі: «1223-жылы Шыңғыс әскері Кавказ тауынан асып келіп, «қазақ»(касах) жерін басып, қыпшақтарды қиратып, сонан соң орыстарды қиратқан» деп жазған.

2) Атақты Ноғайханның заманында, Кавказдан черкестерді шақырып келіп, Рылск деген қаланың маңына орнатқан. Сол черкестер өздерін өздері «қазақпыз» деген.

3) 1397-жыл мен 1410-жылдарда Қырым татарларының біразы Литва еліне ауып барған. Литва королінің хат тасушысы қызметінде болған татарлар «қазақ» атанған. Ол кезде орыстың «казак-орыс» дегендері шықпаған кез еді.

4) Күншығыс жақта 1456-жылы Жәнібекті хан көтерген ноғайлар – қазақ атана бастап Қазақ хандығын құрғанда, 1474-жылы Қырым ханы Меңлікерей, 3-Иван атты орыс князіне жазған хатында: «Сенің жеріңді тартып алуға мен ұландарымды, мырзаларымды - қазақтарымды жібермеймін» - деген.

5) 1523-жылы Морозов деген орыс Түрік сұлтанына айтқан сөзінде: «сенің қазақтарың бізге тие береді» деген.

Шоқан Уәлихановтың айтуынша: «қазақ сөзінің әргі мәні – жан мен тәннің еркіндігі мен биік рухын білдіретін, европалық серілікке(рыцарство) тән!»- екен.

Бүгінгі Ресейдегі Құмық, Ноғай атты халықтар тілінде «қазақ» сөзі әлі күнге дейін «жауынгер» деген мағынасын жоғалтпапты.

Орыстың әйгілі тарихшылары Н.М.Карамзин, В.В.Бартольд, В.Даль, В.В.Радлов, П.Бутков, Г.Ф.Благова және тағы басқалары, «қазақ» есімін зерттеп, оның әскери термин екенін және көне түркілерден шыққан әскери дәстүрдің атауы екенін атап өткен. Әйгілі «Тихий Дон» романының авторы, жазушы М.Шолохов : «На Дону я – казак, на Урале – казах», - деп, «орыс-казак» дегеннің түбі түркі текті халық екенін меңзеген.

Осынау көптеген ғалымдардың қызығушылығын тудырған «қазақ» сөзі, біздің тарихымыздың дамуына да үлкен үлесін қосып жатыр. Былтыр ғана Қазақ хандығына 550 жыл толып, үлкен іс-шаралар жүргізілді. Сол кезде қазақ халқының қаншама қиын кезеңдерді бастан өткізіп,болашақ ұрпақтары үшін қасық қаны қалғанша күресіп, шабуыл жасаған елдерге тойтарыс беріп отырған. Осы 550 жылдың ішінде тарихи құндылықтары мен әдет-ғұрыптарын сақтап, бізге мұра етіп қалдырды.Бұл деректерді көре отырып, ата-бабамыз қорғаған атқа лайықпыз ба? деген сұрақ туындайды. Қазіргі таңда «қазақ» деген сөзді білетін елдер саны артып жатыр.Олар бізге «қазақ» сөзінің мағынасын түсіндіруін өтінсе не айтамыз,қалай түсіндірсек болады деп қиналмас үшін, біздің дана халқымыз «Білгенің – бір тоғыз, білмегенің – тоқсан тоғыз»,-деп айтқандай  «қазақ» сөзінің мағынасын,этимологиясын біліп алсақ кем болмайды.

 « Өткен күн, кеше,- тарих

Келер күн, ертең,- сыр

Ал бүгінгі күн – үлкен сый »-,деп Қорқыт бабамыз айтпақшы өз тарихымыздың қалай басталғанын білсек, «қазақ» деген сөз қаншама ғұлама ғалымдардың назарын аударып, әлі күнге дейін зерттеліп жатқанын ескерсек, біздің ұлтымыздың  текті екеніне көз жеткізуімізге болады. Әрбір намысшыл қазақ өзінің қайдан шыққанын білуі міндетті деп ойлаймын. Ғасырлар бойы жиналған тарихымыздың әрі қарай өрбуі өз қолымызда. Нақтырақ айта кететін болсақ, тарихымыз қалай бастау алды әрі қарай біз қалай еңбек етеміз, солай жемісінде көрмекпіз. Қазақ елі әліде болсын өсіп,өніп жатқан ел. Тарихымызды терең білсек, болашағымыз жарқын болмақ.

 

Әдебиеттер тізімі:

1.Прімбетова Е.Ө Қазақ елінің тарихы Алматы, 2003ж

2. Жақып Мырзаханов Тарих қойнауынан Алматы «Жалын баспасы» 2004

3.Тлеужанова М.К., Садуақасова А.Ж., Эверо,2015

4. Қазақ энциклопедиясы 2003 ББК 92 я2

5. Ғабжалилов. Х.М Қазақстан тарихы этникалық зерттеулерде  1 том .2008 ж

6. http://old.abai.kz/content/kazak-sozinin-magynasy