КҮЙШІ ҚАРШЫҒА АХМЕДИЯРОВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ  ЖОЛЫ МЕН ОРЫНДАУШЫЛЫҚ ШЕБЕРЛІГІ

 

Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консервториясы

 

Сабырова А.С. - өнертану ғ.к. доцент,  Тілепбергенов А. - Құрманғазы атындағы   консервториясының магистранты

 

 

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында елбасы жарлығымен әр жылдарда қабылданып жолға қойылған мемлекеттік «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы», «Мәдениетті қолдау», «Мәдени мұра» кешенді бағдарламалары елді өркениетке бастаған тәуелсіздікті тұғырландыру үрдісінің айқын бағытты даму үдерісі болып табылады. Осындай кешенді  бағдарламалардың аясында жалпы өнерде оның күрделі саласы күй мұрасын зерттеу, жинақтау, дамыту бағыттарында нәтижелі жұмыстар атқарылды.

Елбасының өнерге деген сарабдал да салауатты саясаты мен қолдауларының арқасында  іске асқан нәтижелі жетістіктер бүгінде бүкіл жұртшылықтың игілігіне айналып отыр. Мұнда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Домбыра кафедрасының іргеленген сәттен домбыра-күй мұрасы аясында белгілі өнеріқайраткерлері атқарған және алда орындалатын игілікті істері, бағындырған  және бағындырар белестерінің маңызы зор. Өйткені 70 жылдық тарихы бар домбыра өнерінің киелі шаңырағын, кафедра ұжымын өздеріне дейінгі академик А.Жұбанов салған сара жолды жалғастырып Х.Тастанов, Ф.Балғаева, Қ.Мұхитов, М.Әубәкіров, А.Жайымов, Қ.Ахмедияровтар әртүрлі мерзімдерде басқарып, алдыңғы буын дәстүрлі музыканың күрделі тармағы домбыра өнерінің іргесін қалап, кәсіби бетбұрыс берді, күйші-композиторлар Мәлгаждар Әубәкірұы, Айтқали Тілепқалиұлы әрі қарай жалғастырып күй жинақтау, игі жолды жарасымды жалғастырып, репертуарды кеңейту, домбыраға арнайы шығармалар жазу, ғылыми зерттеу саласына соны бағыттар беріп дамытты.

Бабалар мұрасын арзытпау, біздің заманымыздағы шығармашылықты бірегей күйшілердің ұлы ісін жас домбырашылардың салауатты санасына жеткізу, сіңіру аманатын алға апаруды домбырашы-ұстаздар қауымының міндеті екенін түсіндіріп, ұйымдастыра білді.

Сонымен бірге Қаршыға Ахмедияров жеке өз басындағы дарынын да елінің қажетіне жаратуға, сенімін ақтауға, күй өнерін қалғытпауға бар күшін салды. Ғасырлардан жеткен күй өнерінің  мәйегін домбыра шанағында туған перзентіндей бар ғұмырында әлдилеп, күй толғап өтті.

ХХ-ХХІ ғасыр күйші-композиторлары қатарынан Қаршыға Ахмедиярұлын даралайтын тұсы да өр орындаушылық өнері желі тартқан осы мол репертуары және теңдесі жоқ күй шығармашылық мектептері дәстүрін дәйектей заманауилық үрдісімен ерекшеленетін төл туындылары. Ол, саны емес сапасы, дәстүрлі жалғастығы және жаңашылдығымен халық жүрегіне ұялаған 120-дан аса күйдің авторы, ол өмірінің соңғы кезеңінде ән шығармашылығына  да көңіл аударды. Барша адамзатқа тән пәни ғұмыр таусылғанымен, бақилық мұра қалдырған асылдың сынығы болса, соның бірі, бірегейі Қаршыға (Қаршымбай) Ахмедиярұлы дер едік!

Домбыра-күй –  бабалар аманаты, ұлттың төл құжаты, ар-намыс туы, сондықтан да ол әрқашан биіктерде желбірегей!

Қазақ халқымыздың ғұмырына нәр берген де, азаптан арашалаған да, алдынан жарқыраған ай боп туып, алысқа шақырған да, асулардан аласартпай асырған да, жауға шапса семсеріне күш берген де арғы-бергідегі бар болмысының күре тамыры, киесімен қасиеті тұнған құдіретті күй.

 Күйде ұлттық рух бар. Күй қазақтың өмір қазығы-ұлықты ұраны. Ұлттың қадыр-қасиетін ұлығылайтын осынша мұра сарқылмас алтын қазынамыз, мақтанышымыз. Күй жөнінде көрнекті қоғам қайраткері, ғалым Ә.Бөкейханов «.....күй адамның анық тілі, шын тілі, көпке бірдей ұғымды тіл – бұл тіл жанға хас, жүрек тілі, сезім тілі, ...неше түрлі рахат      татқан адам жаны осы тілмен сөйлейді, ...қуаныш-шаттық  рахатын сыртқа білгізеді, адам мехнатын ауыр ісін жеңілдетеді, қайғы қапасын шығарады, мауқын басады»,- [1,331 б.]. деген екен.

1972 жылы Қаршыға Ахмедиярұлы консерватория бітірісімен бір жылдан соң Құрманғазы атындағы академиялық оркестрі домбырашылар тобының концертмейстері тұғырына көтеріледі. Сол сәттен сахна төрінен күй саулатып, барша республика және алыс жақын шетел сахналарында саңлақтар қатарынан көрінді. Ол, мұндай биік белеске қаннан берілген талантымен бірге әйгілі Құрманғазы оркестрінің 25 жылдан артық концермейстері болуының, әке ұлағатымен ұлы Қалидың қолынан сабақ алуының арқасында көтерілді.

Орындаушылық, шығармашылық үрдістерін қатар меңгерген синкретті өнер иелерінің ізіндегі ерекше талант. Орындаушылық аренада  Қ.Жантілеуов, танымал күйшілер Ж.Қаламбаев, Р.Омаров, А.Шәріпов, Ә.Есқалиев, Р.Ғабдиев, Б.Қарабалина, А.Жайымов сынды т.б. дәулескерлермен үзеңгілесе өрге тартты. Қазақстан Республикасы аймағында ол кездеспеген өнер жарыстырмаған күйші, жалпы өнер иесі жоқ десек, артық айтқандық емес, ілкіде ол осы орындаушылық, дәулескерлік қасиетімен бүкіл әлемге дейін танымалдыққа жетті.

 Қаршыға Ахмедиярұлы консерваторияны «Жеке орындаушы», «Оркестр артисі», «Оқытушы», «Ұлт аспаптары оркестрі дирижеры» (дирижер мамандығын Ш.Қажғалиевтың класынан) мамандықтары бойынша бітірген. Бұл жөнінде ұстазы Шамғон Сағадинұлы: «Мен Қаршығаға дирижер мамандығы бойынша 5 жыл дәріс беріп, Мәскеуге 2 жыл дирижерлық курсқа жіберіп, бұл қырын ұштауына да себепші болдым. Жақсы дирижер болу үшін керекті қадір-қасиеттің бәрі Қаршығада бар. Ол біріншіден, дәулескер күйшілігі, екіншіден, оркестрде ұзақ жылдар бойы қалыптасқан машығы, үшіншіден, репертуарының ауқымдылығы, төртіншіден, табиғаттан берілген дирижерлық қасиеті, бесіншіден, жан-жақты кәсіби білімі»,- [2, 93-94 б.]  деген. Табиғат дарытқан таланттың қанша жан-жақты болсада ұштамаса қадеге аспайтыны зерттелген, жазылған, Қаршыға күйшіде: «Бір пайыз талант, 99 пайыз еңбек етсең, табысқа жетіп, игілікті іс тындырасың»-деуші еді.

Бұл жөнінде тағыда өнердегі тұстасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі дирижер, композитор, профессор Айтқали Жайымов: «Қаршыға – талантты дирижер. Оның білікті дирижер болуына әрине үлкен музыканттығы, дүлдүл күйшілігі септігін тигізді. Сонымен бірге оның ұзақ жылдар бойы Құрманғазы атындағы оркестрде музыкант, концертмейстер боп қызмет еткені де әсер етпей қойған жоқ. Сондықтан да болар, дирижер Ахмедияров оркестрмен қай шығарманы да дирижерлық еткенде оның орындаушылық стиліне, ерекшелігіне, мазмұнына, құрылысына аса зор мән беретіндігін де айтқым келеді. Сан алуан дыбыстың оркестрдегі үндестігі де Қаршекеңнен тыс қалып көрген жоқ»-, [3,12 б.] дейді.

Осы орайда күйшінің теңдесі жоқ орындаушылық қасиеті қақында жеке тоқталған орынды болмақ.

Қазақ күй өнерінде орындаушылық үрдістің маңызы аса зор. Орындаушылық үрдістің негізі –  жалпы қазақ музыка өнерінің ғасырлардан даму, жалғасу үдерісінде дәстүрлі ұлы дала даналығы қалыптастырған жоғарыда айтып өткеніміздей «Құйма-құлақ» (ауызша, қолдан қолға өту) мектебі болып табылады. Күй өнерінің де құйма-құлақ тәсілімен зердеге ұялап, қолдан қолға өту арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасу, даму  үдерісінің басты функциясын ˝орындаушы˝ атқарды. ˝Орындаушы,˝ ˝орындаушылық˝– ˝орындау˝ сөзі мәнінің туынды түсінігі екені белгілі, яғни ˝орындаушы˝ – адам, ал, ˝орындаушылық˝ қандайма болмасын қызметті  іске асырушы, біздің жағдайымызда күйді тыңдаушыға жеткізуде сол салаға тән дәстүрде қалыптастырылған ерекше үрдісті алға апарушы.

Қоғамның әлеуметтік қыспағына, өмір сүру жағдайының ауырлығына  қарамастан күй өнері сан қырымен өрістеп халқымен бірге жасап, бүгінгі күнге жетуінің маңызында «құйма құлақ» және «суырып салмалық» қасиеттерден тебіндеген, тыңдарманмен іріктелген орындаушылық өнер негізі жатыр. Ол қанмен келетін қасиет болғандықтан, олардың «құйма құлақ» мектебімен тек орындаушылық  бағытындағы салауатты ұрпақ та қалдыра алулары да көрегенділік салауаты. Күйші және оның шығармашылығы халық болмысымен тығыз байланыста болып келді және әлімсақтан олар өз төл туындысын халыққа таратушы, тек қана «орындаушы» дайындаған ұлағатты тәлімгерлер де болған.

Күй өнерінде шығармашылық бағытты ұстанғанына қарамастан орындаушылық үрдістің жалғасуына қызмет атқаратын да сол – «күйші-композиторлар».  Бірақ, орындаушылық өнерде күйді нәшіне келтіріп орындайтын домбырашыны да – қәзір «күйші» деп танимыз, иірім-қайырымын келістірген орындаушылық өнеріне риза болған сәтте: айтулы мамандардың «Ай, күйші-ғой»- деп таңдай қаққандарын талай естіп жүрміз. Сондықтан домбыра өнеріндегі шығармашылықты тұлғаға халықтық ілкі «күйші» атауы, ал тек орындаушыға «домбырашы-орындаушы» атауы дұрыс болмақ. Алайда ол шебер орындаушы ғана, оның өзіндік психологиялық, философиялық көптеген себептері бар. Бүгінгі таңда домбырашылар өте көп, ал күйдің демімен орындайтын табиғаты ауылдан арқау тартқандар аз ғана топ.

Қаршыға Ахмедияров –күй өнеріндегі орындаушылық үрдістің айтулы шебері, халқына осындай дара қасиетімен ерте танылды. Ол бағзыдан күй ғұмырлар көкірегіне ұя салып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан, ғасырлар қатпарынан үн қатқан күй күймесін қалғытпауға бар жанын салды, сондықтан да өз өмірінен де өнерді алға қойып, қастерледі.  Тегінен қаны мен алпыс екі тамыры күйге бұланған күйші шабыт шарықтауын, тоқсан толғауының түйінін, аңызы мен ақиқатын осы киелі дүниеден ұқты, күймен домбыраның қос ішегіндей егіз тағдыр кешті. Сондықтан да он саусағы домбыраға тисе, сан ғасырдың сүрлеуінен сыр тартып, шешендердей сөйлеткен, домбыра шанағынан бағзы бабалардың өз сарынымен тербеген күйдің абызы еді.

Қаршыға Ахмедиярұлы орындамаған күй, күй арнамаған тақырып жоқ  десе де болады. Күйшілер мерейтойы, заман композиторларының авторлық кештері, радио-теле хабарлар, айдарлы кештер – Қаршығасыз өтпейтін. Махамбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина сынды күйшілердің туындыларын түгелдей орындап, мұрағатта қалдырған  бірегей күйші. Оның қазақ радиосынның «Алтын» қорында әр жылдарда орындаған 500-ден аса күйлері, теледидар кешенінде арнайы тақырыпты  бейне таспалары бар. 10-нан аса күй табақтары мен үн таспалары т.б. орындауындағы күйлерді нотаға түсіріп бірнеше жинақпен құрастырып өзі баспадан шығарды.

Қаршыға Ахмедьяровтың орындаушылық өнеріндегі ерекшеліктері өте көп. Композиторлығын атамас бұрын оның орындаушылық репертуарына тоқтала кетуіміз керек. Оның репертуары кең ауқымды, сан-салалы, өте бай. Батыс күй өнерінің шоқ жұлдыздары бабаларымыз Махамбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Қазанғап, Соқыр Есжан, Есір, Есбай, Өскінбай т.б., шертпе күй өнерінің хас күйшілері Байжігіт, Тәттімбет, Сүгір, Мағауия т.б., сынды халық композиторларының күйлерін толығымен жатта сақтап, соларды нақышына келтіріп орындау қазақ өнерінің тарихындағы төбесі биік бірден бір ерекше орынаушылардың қатарына қосамыз. Осындай кең ауқымды репертуарының байлығының болуы себепті Қаршыға Ахмедьяровтың орындаушылық үрдісіндегі сан қилы ерекшеліктері дамып, ұшталды.

Қаршыға Ахмедьяров домбыра тартқанда, әр күйшілік мектептің орындаушылықтағы дәмін бұзбай, сол мектептің орындаушылық дәстүрінен алшақтамай, орындаушылық заңын бұзбай нақышына келтіріп орындау. Мысалы, Құрманғазы мектебіндегі адуынды, екпінді, жігер қайраттылықты, Дәулеткерей күйлеріндегі оң қолдың ширақ қағыстары, Дина шешеміздің сан құбылмалы ырқағтары мен тентек қағыстарын т.б. зерделей келіп, осы амал-тәсілдерді өзінің орындауындағы күйлерге қосып, нақышына келтіріп, үрдістерді сақтап күйдің дәмін келтіріп орындауда Қаршыға Ахмедьяровтың орындаушылық өнеріндегі ерекшеліктердің бірі.

Шебер орындаушылығы мен ұстаздық тәлімгерлігімен ол, домбыра өнеріндегі дәстүрлі «Күй тартыс» үрдісін сахнаға қайта әкелді. Күй жарыстыру, күймен айтысу, тартысу ертеден қалыптасқан үрдіс болғанымен кәсіби музыкалық білім беру жүйесінде шет қалғаны ащы болсада ақиқат. Күйшілердің репертуарында мол мұрадан қолдарында бар күйлермен санын асырып тарту «Қара тартыс» үрдісін сонау 1980 жылдары тыңдарманымен қауыштырған да Қаршыға Ахмедиярұлы болатын. Бұл үрдіс қазіргі таңда өте жоғары деңгейде десек артық айтқандық емес, күй тартысқа жастарымыз жаппай бет бұрды, әрбір ауылда топтар пайда болды.

Мұнан біріншіден таланты домбырашыларымыздың репертуары молайды, орындаушылық шеберліктері өсті, жеке күйден гөрі тыңдарман қауым осы үрдісті жиі күтетін деңгейге жетті.  Осылайша қазақ күйлерінің бай мазмұнын, орындау әдісінің шексіз шеберлігін республикада ғана емес, бүкіл әлемге таныстырудамыз. Ал, күй айтыс өнеріндегі табан астында кұй шығарып жауаптасу, яғни «Түре тартыс» немесе «Қайым айтыс» үрдісі тарихха кетті десек қаттылау айтылар, алайда мұныңда бір шетіне Қаршыға күйші ізін сала, бастама көтерген болатын.

Әйгілі Нұрғиса Атабайұлымен бір кездесуінде оның ең танымал «Әлқиса» күйін орындауын сұрайды да, онда менің күйім «Нұрғиса» деп жауап береді, екеуі де мына өмірде жүре тұрғанда бұл үрдісті де шыңына шығарар ма еді. Тек қана күй тартыс үрдісінен өзге Нұрғиса Атабайұлының Қаршыға інісінің орындаушылық өнерін танығанын, жоғары бағалағанын білдік.

Мысалы әлемге әйгілі Н.Тілендиевтің «Ақ-қу» күйінің алғашқы орындаушысы ұзақ ғұмырлы тұсауын кескен Қаршыға Ахмедиярұлы болатын. Нұрғиса мен Қаршыға  бастаған үрдістің жалғаспауының басты себебі, біріншіден күй шығармашылық табиғатпен берілетін қасиет, екіншіден консерваторияда жалпы музыкалық оқу орындарында арнайы композиция мамандығы классикалық үлгіде, ал дәстүрлі музыка өнері мамандықтары әу бастан тек қана орындаушылық    бағытта үйретіліп келді. Ұлылардың ізгі жолын жалғастыру мақсатында «Суырып салма» (импровизация) пәні білім бағадарламасына енгізіліп, пәнді Қаршыға Ахмедияров жүргізді.

Орындаушылық өнердің тобықтай түйіні - бұл заңдылықты әр домбырашы білуге міндетті. Оны толық меңгермейінше, құпиясын ашпайынша, бабалар сарынына құлақ түрмейінше кемел күйші шығуы екіталай. Осы шарттан шыға білген орындаушыларды табиғи күйші деп атаймыз, міне, Қаршыға күйші орындаушылық өнерде сан ғасырларды домбыра шанағына ұялатқан шебер орындаушы.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Бөкейханов Ә.Таңдамалы. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995. 330-331.

2.     Қажғалиев Ш. Алғы сөз. // Қ.Ахмедияров. Табыну. Алматы:Дайк-пресс. 2000. 3-4 б.б.

3.     А.Жайымов. Қаршыға Ахмедияров. Алматы: консерватория баспаханасы. 2005. 12 б.