Кеңесбекова С.А., Рустем А.Ж., Асылбек Л.Т., Зиятдин Н.З.

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетеі, Қазақстан, Қарағанды қаласы

 

Экологиялық тәрбие - жарқын болашақ кепілі

 

Адам өмірі табиғат аясында өтетіндіктен, ол табиғаттың тылсым тынысын, ішкі сырын білуді ғасырлар бойы арман еткен.  Тіпті айналадағы ортаның, табиғаттың сұлу да әсем көріністері жас нәрестені қызықтыратыны, таңдандыратыны бекер ме? Баланың мұндай қызығушылығын байқап, жеткіншектің туған табиғат әлемінің сан алуан сырларын ұғынуына, тереңдеп түсінуіне ерте заманның өзінде-ақ ұлағатты тәлімгерлер зер сала көңіл бөлген.

Балаларды табиғатқа деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу барысында, оларды сұлулықты көріп қана қоймай, сол сұлулық жолында еңбектене білуге үйретудің маңызы зор. Табиғаттың ғажайып құбылыстарымен таныстыру, олардың мән-мағынасын ұғындыру арқылы жас жеткіншектерді жан-жақты тәрбиелеуге, нақтырақ айтқанда баланың қабылдауын, зейінін, ойын, тілін дамытуға болады.

Сонау ерте заманнан бермен қарай талай-талай ғұламалар, ойшыл педагогтар табиғатты экологиялық тәрбие құралы деп қарастырған. Әл-Фараби, Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтар осы тарапта қыруар еңбек қалдырған. [1].

Баланың қандай болып өсуі  бізге, ересектерге байланысты. Балабақша балаларының экологиялық тәрбиесі алуан түрлі ықпал ету құралдарының көмегі арқылы іске асырылады:  саяхат; мұражайларға бару; мақсаттық  серуен, телебағдарламалар, бейнефильмдер, табиғат  туралы көркем әдебиеттер, суреттерді, фотосуреттерді, иллюстрацияларды тамашалау, музыка тыңдау, дидактикалық  ойындар, мақал-мәтелдер. Мектепке дейінгі жастағы балаларға адам мен табиғат арасындағы қарым - қатынасты анықтайтын экологиялық тәрбие беруге байланысты мектепке дейінгі тәрбие мекемелердің алдында негізінен мына төмендегі міндеттер тұр.

Атап айтқанда:

-педагогтардың экологиялық тәрбие беру жөнінде білім деңгейін көтеру;

-балаларды айналамен таныстырудың бағдарламасын, олардың ата- аналарына насихаттау;

-әртүрлі жастағы балалар топтарындағы оқу-тәрбиелік жұмыстар;

Қоршаған ортаны аялауға деген адамның саналы көзқарасын қалыптастыру оның бала кезінен ерте басталуы тиіс.

Мектепке дейінгі бала бойына білім мен біліктілікті, шығармашылық пен ізденімпаздылықты, қабілеттілік пен іскерлікті, еңбек сүйгіштікті, таныстырудың ерекше орны бар екені мәлім. Бала өмірінің алғашқы 7 жылы-денсаулықтың, ақыл-ой, адамгершілік, еңбек және экологиялық дамудың негіздері қаланатын өте маңызды кезең.

Балаларды табиғатпен таныстыруда алдымызда мынандай мақсат тұрады: балалардың табиғатқа деген көзқарастарын дамыту, өлі және тірі табиғатпен таныстыру, ол туралы өз ой-пікірін айтуға үйрету. Өз өлкеміздің аң-құстарын, өсімдіктерін таныту, қорғауға, әсемдігін көруге, сезінуге, пайдасын түсінуге тәрбиелеу [2].

Экологиялық тәрбиенi қандай да бiр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт- дәстүрiнсiз, әдет- ғұрпынсыз елестету мүмкiн емес.

Көрнектi педагогтар Я.А.Коменский, И.Г.Песталоцци, К.Д.Ушинский, В.А.Сухомлинский тәрбиенiң бастау көзiн қоршаған орта әсерiмен, халықтық тәжiрибемен тiкелей байланыстырып отырды.

Мәселен, Я.А.Коменский “Тәрбие табиғилығы” еңбегiнде кешендi оқу процесiн жүргiзуде табиғаттың алатын орны ерекше екендiгiн, сондай-ақ оқыту мен тәрбиелеу жұмыстары қоршаған ортамен салыстырмалы түрде түсiндiрiлiп, жүргiзiлсе, нәтижелi болатынын ескертедi.

Мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық тәрбие берудің нәтижесі – жеке тұлғаның қалыптасқан экологиялық мәдениеті. Белгілі педагог В. А. Сухомлинский: «Адам әрқашанда табиғаттың ұлы болған және болады да және оны табиғатпен жақындастыратын нәрселердің барлығы оны табиғатқа, рухани мәдениеттің байлығына тартуға пайдаланылуы тиіс. Баланы қоршаған әлем, бұл ең алдымен өлшеусіз әсемдікке ие, шексіз құбылыстарға бай табиғат әлемі. Бұл арада, табиғатта бала санасының мәңгілік көзі бар», – деп жазды. Педагог В.А.Сухомлинский табиғат құбылыстарының қай-қайсы да адамға әсер ететiндiгiн, сондықтан оның сырларын бiлудi бала кезден қалыптастыру керектiгiн айтқан. Сондықтан, жылдың қай мезгiлiнде де табиғаттың әдемiлiгiн танытып, сол арқылы бала жанына сұлулық пен тазалықтың нәрiн құю керектiгiн мол педагогикалық жұмысының өзегi еткен.

Экологиялық тәрбиенің мақсаты – қоршаған ортаға экологиялық сана базасы негізінде құрылатын жауапкершілікті қарым-қатынас қалыптастыру. Бұл дегеніміз – табиғатты пайдаланудың құқықтық және адамгершілік принциптерін, оны оптимизациялауды насихаттау идеяларын, өз жерінің табиғатын қорғау және меңгеру бойынша белсенді қызметті бақылау.

Экологиялық тәрбие балалық шақтан басталуы тиіс. Баланың алғашқы қалыптасуы көзқарасының, азаматтық санасының жүйеге түсуі экологялық жауапкершілікті сезінумен бірге тәрбиеленуі керек. Жас ұрпаққа экологиялық білім мен тәрбие міндеттерін шешу олардың қоршаған ортаны сана және сезім арқылы түсініп, тәжірибелік іс-әрекеттерімен қамқорлық жасауына мүмкіндік жасайды [3].

Адамның қиялына қанат бітіретін тек табиғат қана. Табиғат әлемі таңжайып және керемет. Дегенмен, барлығы бұл сұлулықты аспан, су, жапырақ түстерінің алуандығын көре білейді. Табиғат балаға күнделікті әсер етеді. Бірақ балалар көп нәрсені байқай бермейді, үстірт қабылдайды, табиғат сұлулығы рухани қайырымдылыққа тәрбиелеуге үлкен рөл атқарады, яғни, балаларды мейірімділікке, адамгершілікке, жақын адамдарға қамқор бола білуге көмектеседі. Балалар үшін табиғат-бұл әр түрлі табиғат құбылыстарды танудың және сөздік қорын байыту көзі. Бұл сөйлеу және ойлау қабілетінің дамуына ең қолайлы және пайдалы фактор. Табиғат баланың тұлғалық қалыптасуына зор ықпал етеді. Балабақша балаларының экологиялық тәрбиесі алуан түрлі ықпал ету құралдарының көмегі арқылы іске асырылады:

- Мақсатты серуендеу;

- Бейнефильмдер;

- Табиғат жайлы көркем сөздер;

- Суреттерді, фотосуреттерді, иллюстрацияларды тамашалау;

- Музыка тыңдау;

- Дидактикалық ойындар [4].

      Экологиялық тәрбие жұмысына орай көрнекіліктерді қолдана отырып, табиғат бұрышының жабдықталуына байланысты конкурстар ұйымдастырылып экология проблемалары туралы, жағымды және жағымсыз әрекеттер бейнеленген картиналар пайдаланылғаны, ата аналар ментәрбиешілердің бірлескен жұмысының нәтижесінде табиғат туралы шағын кітапхананы өлі және тірі табиғатпен жабдықтау арқылы көрме ұйымдастырылғаны дұрыс. «Алтын күз», «Құстар күні», «Табиғатты сүйеміз», т.б ертеңгіліктер бала еңбегімен ұштасып, әр педагогтың ізденімпаз әрекеті ғана болашақ табиғат жанашырын тәрбиелей алады дей келіп, тәрбие жұмысын жүргізудің мынадай екі нысанасына назар аударамыз:

а) балалардың айналадағы табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятып, ұғымын кеңейту, оның әсемдігін нәзік сезінуге, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қамқорлыққа алуға баулу.

ә) балабақшада табиғат жайында алғашқы ұғымды қалыптастыра отырып қарапайым білім беріп, осының негізінде тірі және өлі табиғаттағы құбылыстар жөнінде нақты және жалпылама таным-түйсік қалыптастыру. Табиғат туралы бүлдіршіндердің ой-өрісін кеңейтіп,осы түйсіктер арқылы бүлдіршіндерге табиғат сырларын ұғындыружөніндегі экологиялық тәрбиенің ересектер тобына арналған жоба-бағдарламасын ұсынып отырмыз.

Балаларды үй жануарлары, құстар, балықтар, гүлдер, аңдар, жәндіктер, жеміс – көкөністермен таныстырып болған соң, “Қайсысы артық, неге?”, “Не өзгерді?”, “Дәмінен айыр?”, “Даусынан айыр” т. б. ойындар ойналады. “Егерде мен үлкен болсам” ойыны балаларды шығармашылдыққа, жауаптылыққа үйретеді, табиғатты қорғауға тәрбиелейді.

Сонымен қатар экологиялық сәттер оқып беру арқылы балалардың адамгершілік, танымдық қабілетін дамыта-мыз. Ойын барлық сабақпен тығыз байланысты, ойынсыз сабақ өтпейді десем жаңылмаймын. Ойын баланы жан-жақты дамытып, оқыту мен тәрбиелеуде өз септігін молынан тигізеді. Жиі сұрақ қойылады: тәрбиеші ойынға қатыса алама және қатысуға тиісті ме? Әрине құқық қа біз иеміз, егер бұл ойынға қажетті бағыт берсе. Бірақ үлкендердің ойынға араласуы тек оны бала қалап, сенім білдіріп, сыйласа, егер ол ойынды қызғылықты өтіп, ережесін бұзбай ойнай алса ғана іске асады.

Көркем шығармаларды сахналауды балалар өте қызығушылықпен ойнайды. Мысалы: “Аңшы мен бала”, “Гүлдер туралы аңыз” бойынша сахналауда олар жағым-ды және жағымсыз кейіпкерлерді тауып, шығарманың мазмұнын талдағанда табиғаттың қорғаушысы болған ба-лаларға ұқсағысы келетіндері байқалды.

Қызықты тәжірибелерге қатысуда балалардың өз жұмысының қорытындысын көруге деген ынта пайда болады. Оларды ауа мен судың қасиеттерімен таныстыруда түрлі ойындар мен тәжірибелер жасалады. Мысалы: “Кім тез үреді?”, “Толқын”. Көптеген ойындар таза ауада ойналады, балалардың қимылдауына, ойлауына септігін тигізеді. Жылдың әр мезгілінде әр түрлі ойындар ойнауға болады. Мақсатты серуендерде ағаштарды бақы-лау, өзгерісті айту, құстарға қамқорлық жасау, гүлдерді суару т.б арқылы балаларды еңбек сүйгіштікке, сұлулық-ты көруге, сезінуге тәрбиелейміз.

Ойын алаңында қимылды ойындарда ұйымдастырылады “Аю мен түлкілер”, “Қасқыр мен қояндар” т.б ойындарда балалар жануарлардың мінез-құлқын, жүрісін, даусын салады. Ойын арқылы олардың шығармашылық қиялдауы да-мыды. Олар ойындарда бірнеше құбылысты біріктіреді, жаңасын қосады, кейде өмірден, ертегіден қосып алады. Экологиялық шығармашылықты ойын арқылы дамытуда бала белсенділігі мен қабілеттілігінің маңызы зор [5].

Қорытындылай келе:

1. .Балалардың дамуында экологиялық тәрбиенің   маңызы зор.  Балалардың барлықіс-әрекеті, ақыл-ойы осы айнала қоршаған ортамен тығыз байланыста және экологиялық тәрбие  балабақшамен шектелмейді, мектепте осы білімдерін оданәрі өрбітіп, байытады.

2. Экологиялық саяхаттар, серуендер, ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттердің барлығы ойындар арқылы дамиды, түйсікте  сақталады. Бала алған білімді көру, ұстап қарау арқылы тез қабылдайды. Балалармен өткізген ойындар көп жетістіктерге жеткізеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Кәсіби білім берудің қазіргі мәселелері. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары, -Қ, 2015

2.     Омарғалиева Т.Ж. Мектепке дейінгі балаларды табиғатпен таныстыру,  -А,  2016

3.     Белгібаева Г.Қ. мектеп жасына дейінгі балаларды табиғатпен таныстыру теориясы мен әдістемесі, -Қ, 2017

4.     Қоқанбаева Р.И. Экологиялық тәрбие беру. //Отбасы және балабақша. -2006. -№5. -20-22б.

5.     www.infourok.ru