Маженова Р.Б.,  Манашова Г.Н., Мұратқызы П., Орынбасарова Ж.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан, Қарағанды қаласы

Мектепке дейінгі ұйымдарда жаңа технологияларды қолдану

 

Балабақша – келешек ел басқарар, жер-суына иелік етер, халқының мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз ұрпақты шыңдайтын киелі ұя. Сондай-ақ, балабақша – баланы тұлға етіп қалыптастырудың алғашқы баспалдағы. Жас ұрпақтың иманжүзді білімдар азамат болып өсуі, ең алдымен, ата-анасы, одан соң білім алар алтын ұясы және қоршаған ортасына байланысты. Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ. Қазіргі балабақша жағдайындағы білім берудің ұлттық моделіне өту тәрбиешіден оқыту мен тәрбиелеудің соңғы әдіс-тәсілдерін, жаңа инновациялық педагогикалық технологияны, психологиялық-педагогикалық диагностиканы қабылдай алатын, педагогикалық жұмыста қалыптасқан бұрыңғы ескі сүрлеуден тез арада арылуға икемді және нақты тәжірибелік іс-әрекет үстінде өзіндік даңғыл жол сала білетін, шығармашыл педагог-зерттеуші, ойшыл болуды талап етеді.

Қазіргі таңда балабақша педагогтарының жаңа технологияны меңгеруі – оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруы басты мақсаттардың бірі. Мектепке дейінгі білім беру стандарты мектепке дейінгі тәрбиемен мектепалды даярлық топтарында педагогикалық үрдісті ұйымдастыруда жаңашыл әдіс - тәсілдерді пайдалануға мүмкіндік береді. Балабақшада жаңа педагогикалық технологияларды пайдаланудың басты мақсаты: оқыту мен тәрбиелеуде инновациялық ойын технологиясының элементтерін пайдалана отырып, жан - жақты, білімді, құзыретті тұлға тәрбиелеу.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан — 2030» Жолдауының «Қазақстан мұраты» деп  аталатын бөлімінде: «біздің балаларымыз бен немерелеріміз … бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып қазіргі заманға нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады», — деп үміт артып отыр. Бала тәрбиесі отбасынан бастау алады десек те, ғылымға негізделген әдіс – тәсілмен берілетін жан – жақты тәлім – тәрбие ісі көбінесе балабақшадан басталып, мектепте педагогикалық үрдістің жалғасын табатыны бәрімізге белгілі. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі екені баршамызға мәлім. Сондықтан мектепке дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеудің негізгі мақсаты баланың жеке тұлғасының қалыптасуы мен дамуы болып отыр. Қоғамның қазіргі даму кезеңінде мектепке дейінгі мекемелердегі білім беру жүйесінде оқыту, тәрбие беру үрдісін технологияландыру – басты мәселенің бірі. Осыған  орай  мектепке  дейінгі  мекемелердің іс-тәжірибесіне  оқыту мен тәрбиелеудегі тиімді  бірнеше технологиялары жасалып енгізілуде [1].

Елбасымыздың кезекті жолдауында «ХХІ  ғасыр бәсеке ғасыры, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу, әрбір білікті, білімді педагогтардың міндетті» деп айқындап айтып берді. Қазіргі білім беру үрдісі өзгерді, саналы білім беруде жаңа көзқарастар пайда болды және біздің алдымызға жаңа міндеттер жүктеп отыр. Осы міндеттердің бірі  білім берудің әдіс - тәсілдерін түрлендіріп, жетілдіріп отыру және жаңа инновациялық білім технологиясын меңгеру. Ал технологиялық білім дегеніміз - білім, біліктілік,  интелектуалдық кәсіптік әдіс -  тәсілдерді қолдану. Жаңа технология        бойынша білімді үнемі бүгінгі жас ұрпақ тәрбиеленушілерге меңгертіп отырсақ, балалардың жаңаша көзқарас үрдісі дамиды.

Республикамыздың мектепке дейінгі ұйымдарында жаңа педагогикалық техналогиялар бүгінде құбылыс қана емес, сонымен бірге оның дамуының, негізгі себебі, көзі болып табылады.

Бүгінгі таңда жеке тұлғаны қалыптастыруда білім беру жүйесіне қойылатын талаптар күшейе түсті. Сол талаптардың бірі – баланың дүниетанымын қалыптастыру, елеулі ықпал жасайтын білім мазмұнын жетілдіру. Білім – дүниетанымның кәусар бұлағы. Білім неғұрлым тереңдеген сайын дүниетаным да қалыптасып тұрақтанады. Сондықтан әдістемелік құралдар мектепке дейінгі ұйымдарда мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытуда қолданылатын инновациялық технологиялар мен жаңа әдіс-тәсілдердің мәні ашылады.

Қазіргі таңда білімді ұрпақ келешек кепілі демекші, жаңа технологияның тиімділігі  баланың жан-жақты құзіреттілігін дамытып, жан-жақты біліммен қаруланған  ұрпақ тәрбиелейді. Әрбір технологияның өзіндік ерекшелігі бар.  Бала толыққанды жетіліп, ата-анамен байланысы күшейеді.   Жаңа технологиялар бала бойына білімге әуестік, білім құмарлыққа баулуы тиіс. Білім беру үрдісіндегі алға қойылған басты мақсат баланың білім беру мазмұнын толықтырып,  жаңаша көзқарастар,   жаңа технология бағытында жұмыс жүргізіп, баланың өмірін жаңаша ортада,  жаңа бағытпен ұйымдастыру. Бала құзіреттілігінің белсенді дамуы балабақшадан бастау алады. Бұл бастаманың негізгі міндеті балаларды заман талабына сай, әлемді шынайы қабылдауға дайындау. Болашақта балалар өз жолында кездескен қиыншылықтарды жеңуге, шешім қабылдауы тиіс.  Ендеше баланың ойлау қабілетін жан-жақты дамыту мен шығармашылық ізденіс дағдыларын үйренейік, үйретейік. Өйткені оқыту технологиясы педагогикалық үрдістің сапасын жетілдіруді талап етеді. Адам өмірінің тамаша жақтары жүзеге асатын, адамдардың ең басты  шаттығы болып саналатын баланың өсіп, өмір сүретін орыны. Дамыта оқытудың нәтижелі болуы тәрбиеші мен тәрбиеленушінің арасындағы жаңаша қарым - қатынас арқылы ғана өз жемісін береді. Бүгінгі күн бәсекелестікпен жоғарғы технологияның, ғылым мен білімнің заманы болғандықтан оқыту процесінде жаңа педагогикалық технологияларды пайдалану әрбір тәрбиешінің міндеті деп ойлаймын [2].

Жаңа технологиямен жұмыс істеу үшін төмендегідей алғы шарттар қажет:

-  оқу үрдісін интенсивтендіруді жаппай қолға алу;

-  тәрбиеленушілердің сабаққа қатыспаушылығын болдырмау шараларын кешенді түрде қарастыру. Оның ғылыми- әдістемелік, оқыту-әдістемелік, ұйымдастырушылық себептеріне үнемі талдау жасап, назарда ұстау.

     -жаңа оқулықтарының мазмұнын зерттеп білу, білімді деңгейлеп беру технологиясын меңгеру арқылы балаларға білімді мемлекеттік стандарт деңгейінде игеруге қол жеткізу.

Жаңа ақпараттық технология – коммуникациялық технологияларды балабақшада ұйымдастырылған оқу іс-әрекетіне енгізуде тәрбиеші алдына жаңа бағыттағы мақсаттар қойылады.

1.     Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті бойынша оқу-әдістемелік электронды кешендер көрсету;

2.     Жалпы компьютерлік желілерді пайдалану;

3.     Бағдарламалау ортасында инновациялық әдістерді пайдаланып, бағдарламалық сайттар, құралдар жасау, (мультимедиялық технологиялар) [3].

        Жаңа технологиялардың педагогикалық негізгі қағидалары: балаға ізгілік тұрғысынан қарау, оқыту мен тәрбиенің бірлігі, баланың танымдық күшінқалыптастыру және дамыту, баланың өз бетімен әрекеттену әдістерін меңгерту, баланың танымдылық және шығармашылық икемділігін дамыту, әр баланың дамуы үшін жүйелі жұмыс істеу, баланың оқу үрдісін сезінуі.

          Сапалы білім, саналы тәрбие үшін педагогтың үздіксіз ізденуі, шыңдалуы, шығармашылықпен айналысуы, білімін жетілдіруі қажет. Сондықтан ғалымдар жаңа технологияларды ойлап табуда. Өйткені, жаңа оқыту технологиялары заман талабына сай білім беру бағытын өзгертеді. Өздігінен білім алуға, логикалық пайымдауға талдау, қорытындылай алатын коммуникативті тұлғаны қалыптастыруға мүмкіндік туғызады.

          «Күрделі заманда жас ұрпаққа ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» - деп, Елбасы атап көрсеткендей, білім беру жолында ақпараттық технологияны оқу үрдісіне оңтайландыру мен тиімділігін арттырудың маңызы зор. Кішкентай бүлдіршіндердің дамуына ықпал ететін үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы ретіндегі мектепке дейінгі білім беруге баса назар аударған жөн.

Бала өміріне немқұрайлы қарамай, балаға қазіргі заман талабына сай, мағыналы білім берсек қана, біздің бүлдіршіндеріміздің болашағы жарқан болады. Сондықтан бала ең алдымен отбасында дұрыс тәрбие алса, тәрбиелеудің нәтижесі жоғары болмақ. Атақты Б.Момышұлы атамыз айтқан екен мен үш нәрседен қорқамын: «Өзінің сәбиіне бесік жырын айтпаған анадан, немересіне ертегі айта алмаған ата мен әжеден, өз тілін құрметтемеген адамнан» деген екен. Міне, балаға отбасы тәрбиесінің маңызы зор. Біздің басты мақсатымыз отбасымен ынтымақтастық орнатып, баланы жан-жақты тұлға ретінде тәрбиелеу. Сонда ғана жаңа техналогияларды пайдаланып, баланы тәрбиелеудің өз нәтижесі болады [4].

Қорытындылай келе, қазіргі заман жаңашылдық, жаңа көзқарас, жаңалықтар заманы. Заман талабына сай тәрбие саласына енгізілген жаңа бағыттағы тың үрдістерді тәрбиеші меңгеріп қана қоймай, оны тәжірибеде орынды қолдана отырып, өз білімін, іскерлігін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс.

    Өмір сүру барысында біз жаңа өнімдерді, заттарды, білімдерді, идеяларды кездестіреміз. Олай болса, оқыту үдерісі, әдістері де осы жаңашылдыққа сәйкес болуы керек. Сонда ғана білім беру саласында, балабақшаларда тұлғаны қалыптастыруда жаңа технологиялардың тиімділігін көре аламыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.                     Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жолдауы.- Астана, 2010ж.

2.                     Бұзаубақова К.Ж. «Жаңа педагогикалық технология», - Тараз, 2003ж.

3.                     Бөрібаев Б., Балапанов Е. «Жаңа ақпараттық техналогиялар», - Алматы, 2001ж.

4.                     Ахметұлы Қ., Баймолдаев Т. « Жаңа буын оқулықтары арқылы жас ұрпаққа білім беру жолдары», - Алматы, 2003ж.