Маженова Р.Б., Манашова Г.Н., Жұманқызы А., Баярхуу М.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан, Қарағанды қаласы

 

Мектепке дейінгі ұйымдарда арттерапияны қолдану тиімділігі

 

         Қай заманда да болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мақсат-саналы ұрпақ тәрбиелеу. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жолдауында: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім мен саналы ұрпақ тәрбиелеу керектігін айтқан болатын. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі ұлттық даму стратегиясымен тығыз байланысты мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып табылады. Бала-біздің болашағымыз. Олай болса, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту баланың ғана емес, еліміздің де жарқын болашағының кепілі. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың негізгі мақсаты-баланың жеке басын қалыптастыра отырып дамыту болып табылады [1].

         Қазіргі кезде кіші мектеп жасындағы балалар өзінің ойын сөзбен жеткізуге қиналады. Олар өз ойларын көбінесе ойын барысында жеткізуге тырысады. Сондықтан да мектепке дейінгі ұйымда психотерапияның алатын орны ерекше. Психологиялық терапиялардың түрлері өте көп. Оларға арттерапиясы, ойын, музыка терапиясы, ертегі, драма терапияларын жатқызуға болады.  Мұндай терапияларды мектеп жасына дейінгі балаларға қолдану өте тиімді. Бүгінгі күні психотерапияның маңызды салаларының бірі арттерапия болып табылады.  Терапияның бұл түрі қазіргі таңда үлкен жетістіктерге ие. Арттерапия – балалармен психологиялық жұмыс жүргізуде  өте тиімді әдіс екені белгілі.

         Арттерапия әдісі ХХ  ғасырдың  40-жылдары британ дәрігері және суретші Анриан Хилл өзінің тәжірибесінде өкпе-құрт ауруымен ауырған адамдарға арттерапия әдістерін қолдану арқылы өзінің науқас адамдарын емдеген.

         Арттерапия-бұл топта жағымды эмоционалды көңіл күй құруға септігін тигізеді, өз қатарластарымен, ата-анасымен, педагогтармен және т.б. қарым-қатынас процесін жеңілдетеді. Шығармашылық әрекетке бірге қатысу балаларды бірін-бірі  оң қабылдауға  үйретеді, және де балабақшаларда, әсіресе, көп ұлтты топтарда тілдік барьерді жеңуге көмектеседі, яғни тәрбиешілерге бала дыбыстап тілімен жеткізуге, талқылауға қиналатын мәселелерге көңіл аударуға мүмкіндік туғызады.

         Арттерапияны қолдану, топтың психологиялық өзгешеліктерін, ерекшеліктерін зерттеп танып-білуге көп мүмкіндік береді.

         Сонымен қатар, оқыту процесінде  осы терапияны қолдану  мынадай мүмкіндіктерге  қол  жеткізуге  септігін  тигізеді: танымдық үрдісін дамыту;  өзінің ішкі әлемін түсіну қабілетін дамыту;  өзіне-өзінің сенімділігін, өзін-өзі қабылдау, жақсы көруді дамыту; зердесін дамыту; эмоциясы мен сезімдерін дамыту; күрт қиыншылықтарға төтеп бере алуын дамыту; өзін-өзі алып жүре алуын, дербестігін дамыту; өзін-өзі көрсете алуына, өзін-өзі жетілдіруге ынтасын дамыту; ой өрісін дамыту; ойлауды дамыту;          

         Арттерапия әдісі тұлға бойындағы қабілетін көрсетіп, шығармашылығын шыңдайды. Ал шығармашылық қабілеттер қиялдың байлығымен, ойлаудың ерекшелігімен, заттарға деген сындарлы көзқараспен жаңа шешім және идеяларды ұсыну мүмкіндігімен, өз білімін, икемділігі мен дағдысын іске асыру барысында өмірлік белсенді ұстаным көрсете білуімен сипатталады. Демек тұлға шығармашылығын дамытуда арттерапиялық әдістемелерді қолдану маңызды.

         Зерттеу тақырыбының өзектілігі отандық мектепке дейінгі психология және педагогика теориясы мен практикасында мектепке дейінгі жастағы балаларға арттерапияны қолдану, сонымен қатар соңғы уақытта қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түсуді қиындататын, танымдық іс-әрекеттің қалыптасуына жағымсыз ықпалын тигізіп болашақта мектеп бағдарламасын меңгеруге кедергі келтіретін бұзылыстар бар балалардың тым көбейіп кетуіне және оларды алдын алу шараларын жүзеге асыру болып табылады.

Сонымен қатар, құм терапиясының тарихына көз жібертсек, алғаш рет құм терапиясын К.Г.Юнгтің шәкірті Дора Кальфф 1950 жылдары Sandplay деп атап, әлемге жариялаған еді. Балалардың эмоционалды, ерік-жігерлік аясын дамытуға септігін тигізетін бұл әдісті қазіргі таңда  балабақшалар қолданып жүр. Құм терапиясы көптеген әдіс тәсілдерді біріктіріп, балаға бейнелік-логикалық және сөздік-логикалық ойлауды,  қолдың ұсақ моторикасын дамытуды үйретеді.

         Негізінде құм терапиясының элементтерін түрлі сабақтарда пайдалануға болады. Мысалы, математика сабағында геометриялық пішіндерді үйретуге, баланың сан, кеңістік жайлы ұғымдарын дамытуға ықпалын тигізеді және де ойын арқылы жеткізуге тырысады. Мысалы «тіктөртбұрышты тап», «Оң жақ жоғарғы бұрышқа үш тас қой» және тағы басқа ойындар арқылы балаға толық түсінікті болады. Сонымен қатар, көркем әдебиет сабағында құм терапиясының элементерін  қолдануға болады. Балалар құм арқылы ертегі кейіпкерлерінің тұратын жерлерін белгілеп, бір-біріне баратын жолды, тау, өзен және де басқа табиғат құбылыстарын құм арқылы бейнелей алады. Және де тіл дамыту сабағында қойылған ертегі сюжеті бойынша балаларға еркін тақырыпта әңгімелесуге немесе ертегі мазмұнын өз сөзімен айтуға мүмкіншілік беріледі.

         Ал ағылшын, қазақ тілдерін үйрету барысында да құм терапиясының элементтерін пайдалану маңызды болып табылады.  Мысалы, қазақ тілін жетік меңгермеген немесе білмейтін  балаларға қазақ тілінде ертегі айтып беріп қана қоймай, кейіпкерлердің қимыл-қозғалыстарына дейін көрсетуге болады. Бала тілді түсінбегенімен, кейіпкерлердің қимыл-қозғалыстарын көрсету  арқылы ертегінің мазмұнын түсінеді [2].

         Оқу-тәрбие үрдісінде тек қана стандартты әдіс-тәсілдерді қолданып қана қоймай құм терапиясының элементтерін пайдалануға да болады: ол оқу-тәрбие үрдісін қызықты етеді, бала өз бетімен жұмыс істеуге дағдыланады; танымдық процестері (түйсіну, қабылдау, елестету, зейін, есте сақтау қабілеті, ойлау, қиял) қарқынды дамиды, шығармашылық қабілеті артады; әр бала оқу әрекетіне қатысуға мүмкіншілік алады, яғни сабаққа өз үлесін қосады; сабақ барысында топта жағымды психологиялық ахуал пайда болады; қолдың ұсақ моторикасының дамуымен қатар баланың сөйлеу тілі дамиды.

        Мектепке дейінгі ұйымдарда психологиялық терапиялардың түрлерін балалардың жас және дербес ерекшелігін ескере отырып таңдаған жөн. Мектепке дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті ойын болғандықтан ойын терапиясын жүргізу өте тиімді.

        Ойын терапиясы-арттерапияның кең тараған түрі. Бұл терапия ересектер мен балаларға арнайы ойындар ойнату арқылы  психологиялық жағдаяттардан жол тауып, шыға  білуіне көмектеседі. Мұнда қойылатын басты талап ойынға белсене қатысу болып табылады. Өйткені шын ниетімен қатысса ғана емдеу өз әсерін береді. Ойын терапиясы-ойын ойнау арқылы өзара түсіністікке, ортамен қарым-қатынаста болуына, өмірге деген сүйіспеншілігін арттыруға жалпы психологиялық тұрғыдан дайындықтың қажет екенін жүздеріне күлкі үйірте отырып түсіндіре алады. Сонымен қатар ойнай отырып физиологиялық жағдайы да жақсаратынын көрсетеді.

        Ойын терапиясын қарастырған ғалым Г.Л.Лендреттің ойынша, ойын терапиясының міндеттері балаға мына жағдайлар барысында көмектесумен анықталады: өз әрекеттерінде жауапты болуға; «Мен» концепциясының позитивті дамуына; өзін-өзі басқаруды дамытуға; өзіне деген сенімін қалыптастыруға [3].

Түйсік пен қабылдауы толық дамыған баланың өмірге деген көзқарасы ерекше болады. Түсінігі мол, жан-жақты, білімді болып келеді. Үлкендермен салыстырғанда балалар өте сезімтал. Сондықтан баланың қай түсті ұнататынына баса назар аударған жөн. Себебі баланың өзі ұнататын түсі арқылы оның бойындағы туа бітті қасиетін, яғни табиғи ерекшелігін, темпераментін айқындауға мүмкіндік береді.  Демек түс таңдаудың да өзіндік ерекшелігі зор екенін ұмытпаған жөн. Түс терапиясының басқа терапиядан ерекшелігі баланы емдеуде ойын түрінде күнделікті қолдануға болады [4].

        Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде педагогтар көбіне балалардың танымдық өрісін дамытуға баса назар аударады. Бұл жағдайда арттерапияны қолдану-интеллектуалды дамудың артуына септігін тигізеді. Арттерапия әдістері білім беру жүйесінде айрықша денсаулық сақтау потенциалы бар әдіс болып табылады. Сондықтан, мектеп жасына дейінгі балаларға арттерапия әдісін тиімді қоданып, психологиялық жұмыс жасау психологтың міндеті деп білеміз.

        Осымен қорытындылай келе, қазір Қазақстанда арттерапия даму үстінде. Бұл сала Қазақстанда әлі де болса толығымен зерттелмеген деп айтуға толық негіз бар. Сонымен қатар арттерапия түсінігі біздің елімізде әлі толығымен қалыптаспаған.

        Арттерапия арқылы тұлға бойындағы қабілетін көрсетіп, шығармашылығын шыңдайды. Ал шығармашылық қабілеттер  қиялдың байлығымен, ойлаудың ерекшелігімен, заттарға деген сындарлы көзқараспен жаңа шешім және идеяларды ұсыну мүмкіндігімен, өз білімін, икемділігі мен дағдысын іске асыру барысында өмірлік белсенді ұстаным көрсете білуімен сипатталады. Демек тұлға шығармашылығын дамытуда арттерапиялық әдістемелерді қолдану маңызды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Халқына Жолдауынан.

2.Асилханова Г.Ж. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде арттерапияны әдісін қолдану. –Алматы,   2015. – Б. 2-4.

3.Рахманова М.А.  Мектеп жасына дейінгі балалардың эмоциялық дамуына арттерапияның ықпалы. –Қостанай, 2016. – Б. 1-3.

4.Базарбаева К.К. Арттерапияның қолдану маңыздылығы. –Астана, 2013. – Б. 3.