Нағымжанова  Қ.М

педагогика ғылымдарының докторы, «Тұран-Астана» университетінің профессоры

Утениязова Т. Д «Тұран-Астана» университетінің магистры

 

Жоғары сынып оқушыларының ата-ана болуға құндылық қатынасын қалыптастыру

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына (2017ж.) жолдауында «Егер бiз адамгершiлiгi жоғары қоғам болғымыз келсе, жұбайлардың бiр-бiрiнiң алдындағы, ең бастысы балаларының алдындағы жауапкершiлiгiн күшейтуге тиiспiз» деп міндет артуы отбасындағы тәрбиенің қоғам дамуына зор ықпалын айқын көрсетеді. Демек, отбасылық өмірдің құндылығы және отбасылық өмірге даярлаудың маңыздылығы арта түспек.

Ғылымда отбасылық өмірге баулу, ұрпақтар сабақтастығы мәселелері философиялық, психологиялық, педагогикалық, социологиялық, этнографиялық бағытта қарастырылған: “екінші ұстаз” – әл-Фараби, шығыс ойшылдары атанған Қорқыт баба, Ж.Баласағұни, М.Қашқари, А.Иүгінеки т.б. шығармаларында отбасы тәрбиесі мәселелері әр қырынан көрініс тапқан. Қазақ отбасын этнографиялық тұрғыда зерделеген Х.Арғынбаев, С.Кенжеахметұлы, А.Төлеубаев, отбасылық тұрмыс-тіршілік заңдарын жан-жақты зерттеген Н.Өсерұлы, отбасы тәрбиесіне байланысты этнопсихологиялық, этнопедагогикалық ой-пікірлерді жүйелеген Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Н.Құлжанова т.б. болды.

Қазақ отбасы мәселелерін әдеби мұраларда жүйелеген В.Радлов, Ә.Диваев, М.Әуезов, М.Ғабудуллин, Н.Келімбетов, М.Әлімбаев, т.б., отбасын әлеуметтік және демографиялық даму тұрғысынан зерттеген әлеуметтанушылар М.Тәжин, Б.Аяғанов, М.Тәтімов, Қ.Ғабдуллина, З.Жаназарова т.б..

Педагогикада отбасы тәрбиесін жаңа сала ретінде қарап, оның негіздері мен міндеттерін анықтауға К.Д.Ушинский, П.Ф.Каптерев, Н.Н.Каринцев,  А.Н.Острогорский, т.б. ғалымдар үлес қосты.

 Кеңестік кезеңде педагогика ғылымында отбасы тәрбиесіне үлкен мән берген А.С.Макаренко, В.А.Сухомлинский, Ю.П.Азаров, т.б. Ал, отбасылық өмірге даярлау мәселесіне ғылыми еңбектерін арнаған ғалымдар: И.В.Гребенников, Л.М.Панкова, А.Г.Хрипкова, Д.В.Колесов, Н.С.Сытина, Е.Я.Сычева, Н.В.Феоктистова, М.Н. Певзнер, т.б.

Қазақ отбасы тәрбиесінің тарихи негіздеріне бойлау үшін ұлттық тарихи педагогикалық мұраларға жүгінеріміз анық. Ұлттық педагогикалық мұра Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, С.Ұзақбаева,  К.Қожахметова, Т.Әлсатов, Қ.Бөлеев, Р.Төлеубекова, т.б. еңбектерінде ғылыми тұрғыда зерттеліп, жүйеленді.

Отбасы тәрбиесі мәселелеріне зерттеулерін арнап, ғылыми-педагогикалық диссертацияларының тақырыбына арқау еткен Қ.Сейсембаев, Ж.Сәкенов, Қ.Әтемова, А.Капенова, Л.Ибраимова, А.Жумадуллаева, И.Корнилко, Ш.Шүйіншиналардың  ғылыми еңбектерін атауға болады.

Отбасы тәрбиесіне қатысты халық тағылымдары арқылы мектеп оқушыларын тәрбиелеу мәселелерін Л.Сырымбетова, А.Дайрабаева, Б.Өтешова, Ә.Сәдуақасов, Р.Айтжанова және т.б. қарастырды.

Қазақ отбасыларының бірден бір рухани қолдаушысы қазақ мектептері екені сөзсіз. Мектеп пен отбасының байланысы, ата-аналарды мектептің қоғамдық өміріне тарту реттеліп жолға қойылуда. Алайда, қазақ халқының болашақ мұрагері – қазақ балаларын өз келешегінің келелі мәселелерінің бастысы – отбасылық өмірге даярлау, арнайы зерттеуге өзек болмай келеді. Маңыздылығы айқын бола тұра, арнайы оқу бағдарламалары жоқтың қасы. Мектептегі тәрбиенің бағыттары аясына «отбасылық өмірге даярлық және гендерлік тәрбие» болып соңғы жылдары енгенімен, дәл осы бағыттың теориялық және әдістемелік жағынан қамтамасыз етілуі жеткіліксіз.

 Қазақ отбасы тәрбиесіне негіз болатын тарихи-құқықтық құжаттар мен заңдарға педагогикалық тұрғыдан талдау жасай отырып, Майқы би жазған «Жеті жарғыдан» бастау алатын заңдардан отбасы мен некеге қатысты, отбасылық қарым-қатынастардың реттелуі туралы мәселелерді зерделедік.

Осындай заң ережелері кейінгі қазақ хандары тұсында да уақыт талабына сай, өзгерістермен толықтырылып отырған. Бұдан әрі Әз Жәнібектің Жарғысы (ХҮғ.) болып толығуы, "Қасымханның қасқа жолы" (ХҮғ.), "Есімханның ескі жолы" (ХҮІғ.) деген айдарлы сөздің бүгінге дейін жетуі әр заманның өз жолы - өз заңы болғандығынан хабардар етеді.

Әз Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өзінің “Шипагерлік баян” атты кітабында қазақ отбасына, қазақ жұртының жастарын жұбайлық өмірге даярлау үшін маңызды ойларын мұра есебінде қалдырған. Ең бастысы, Жеті атаға дейін қыз алыспау” Ө.Тілеуқабылұлының ықпалымен Әз Жәнібектің жарлығы бойынша заңмен қазақ халқының өміріне енгенін зерттеу ретімен қарастырдық.   

Әз Тәукенің тұсында қазақтың әдет құқығының жинағы "Жеті жарғы" түзіліп, қазақтың тұрмысына, әдет-ғұрпына, отбасылық өміріне тән қоғамдық қатынастардың негізгі салалары енген.

А.Құнанбаевтың қатысуымен 1885 жылы түзілген Қарамолада жазылған 73 баптан тұратын ережені қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-сана, тұрмыс-тіршілігіне лайықталған заңдары деуге болады. 

Халықтың некеге мән беруінің ең басты себептері:

1.     Ұрпақтың қан тазалығын сақтау.

2.     Ұрпақ жалғастырудағы тектіліктің бұзылмауы.

3.     Туыстық пен жақындыққа салқындық түспеуі.

4.     Сәбидің жетім болмауы.

5.     Некесіздіктен тыйылу, яғни тексіз баланың туылмауы.

6.     Жер мен мүлікті сақтау үшін.

7.     Руаралық, еларалық бітімгершілік пен келісім үшін.

Осындай өз ұрпағынан бастап  тұтас ұлттың сабақтастықпен дамуын мақсат етіп, тазалық пен тектілікті құндылық деңгейіне көтере білген данышпан бабаларымыз салып берген жолмен кешегі Қазан төңкерісіне дейін бұлжытпай дала заңын сақтап келуі, халқымыздың белгілі тәртіп пен ұстаным-қағидалар алдында бас иіп, бағына білгендігі бүгінгі ұрпаққа үлгі болмақ.

 «Ару» ұғымы – отбасылық өмірге қазақ жастарын даярлауға қажетті ұлттық құндылық сапа. Бұл сапаға болашақ отбасындағы жұбайлық өмірге даярлайтын қыздарымыз лайық болуы қажет.

Жұбайлық өмірге жар таңдау мәселесінде ескерер ұлттық құндылық сапалардың бірі «Тектілік» ұғымының да тамыры қытай жазбаларынан бастау алады. «Тек» сөзі «тектіліктің» түбірі екені айқын. ҮШ ғасырдағы Орхон-Енисей жазбаларынан белгілі «тек» сөзінің төркінін Олжас Сүлейменов былай талдайды: «Тюркских: тек-род (каз), тик-род (тат.) и т.д. Производное теги, тегин – потомок, принц (др.тюрк). Самые ранние значения отложились в древнегреческом: тек1) «дитя», 2) «род». Сөздікте «текті» ұғымы «Арғы тегі атақты, әулеттік болмысы атақты тұлға. Текті адам ата-тегінің қадір-қасиетіне кір келтірмейді, ата-тектің абыройын қорғайды» дейді де тектілік турасында «жеке тұлғаның тегіне тартып, парасаттылық, салауаттылық көрсетуі. Текті адам ұлтының, ата-тегінің ұлылық қасиеттерін бойына сақтайды» деп, педагогикалық-психологиялық тұрғыдан толыққанды анықтайды.

Тектің биологиялық жағынан сапалылығын жетілдіру үшін ұлтымыздың жеті атаға дейін қыз алыспауының өзі – адам табиғатын жете түсінгендік. Тектіліктің сипаттары: әке-шешесі бар, ақ некеден туылған, отбасында алған тәрбиесі өнегелі, жаман іспен әке-шешесінің, әулетінің аты шықпаған, ар-ұяты бар, намысты дегенге саяды.

Халқымыздағы қыздың «он екіде бір гүлі ашылмаған» тұрақты тіркесті сипаты бар. Бұл «он екіде бір гүлі ашылмаған» өлшемі толығымен алғанда «пәк» деген ұғымға сияды. Қыз баланың «пәктік» қалпын сақтауы қай заман тұрғысынан болсын, құндылық деңгейінен түспесі анық. Этнограф С.Кенжеахметұлы «гүлі ашылмаған» деген айшықты сөз деп көрсетіп, «жас, пәк, таза» деген анықтама береді. Осылайша, этнографиялық тұрғыдан ашылса, біз педагогикалық тұрғыдан  пәктік – қызға тән асыл қасиеттерін өз бойына сақтай білген, ойы мен бойы таза қыз балаға қатысты сапа деп қарастырамыз.

Қазақ халқының отбасы жағдайында өз ұрпағын отбасылық өмірге даярлаудағы қолданылған ұлттық құндылық сапаларының мағынасын ашу қажеттігі ғылым үшін де, ұрпақтар сабақтастығы мақсатында ұлттық тәрбиенің тереңіне бойлау үшін де маңызды.

«Отбасы» ұғымы және оның аталу мәні хақында түрлі пікірлер бар. Сондықтан, ұғымның мағынасы атауына негіз болады деген оймен нақты анықтамалар келтіруге болады.

 «Отбасы - әлеуметтік қауымдастықтың түрі, ерлі-зайыпты одаққа және туыстық байланыстарға яғни ері мен әйелінің, ата-аналар мен балалардың, аға-інілер мен апа-қарындастардың және бірге тұрып ортақ шаруашылық жүргізетін туыстардың арасындағы сан-алуан қатынастарға негізделген жеке тұрмысты ұйымдастырудың маңызды формасы. Отбасы өмірі әртүрлі материалдық (биологиялық, шаруашылық) және рухани (адамгершілік, құқықтық, психологиялық, эстетикалық) үдерістермен сипатталады. Отбасының әлеуметтік рөлі адамның өзін өсіруге, адам тегін ұзартуға тікелей қатысымен анықталады» делінген философиялық сөздікте.

Соңғы педагогикалық зерттеудің жетілген тұсында жарық көрген педагогикалық және психологиялық сөздікте «Отбасы – үйелмендердің жанұялық бірлігі. Отбасы тәрбиесі – ұлттық тәрбиенің негізі болып табылады» деген қысқаша анықтама бар.

Тілдік қолданыстағы «от», «отбасы», «Отан» сөздерінің мағыналарының бірінен бірі туындайтындығына ғылыми түрде дәлел бар.  «От», «Отбасы», «Отан» лексиконына сөзінің тарихына филолог-ғалым       А. Мектептегі тереңірек бойлайды: «...Кіші ғалам саналатын адам болмысы өте күрделі, бірде – от болып лапылдап жанады, енді бірде – су болып сылдырап ағады. Бұл ретте руникалық түркі жазу үлгісінің құрамдас өзекті бөлшегі  Х (одіДі) мен І (су) йероглифтерінің қоршаған шынайы дүниенің диалектикалық даму заңдылығымен тонның ішкі бауындай тығыз қабыстырылуы және графикалық таңбалаудағы дәлдік өлшемі – алфавитті түзушінің даналық құдіретіне қайран қалдыртады. Ежелгі түркі бәдізделген бітігінің генезисіне жүгінсек, от символын Х (одіДі) әріптік жіңішке «Д» таңбасымен әліптеген. Бабатүркі әліпбиінің конфигурациялық кескін түрлерінде Х (одіДі) йероглифінің графикалық элементі шешуші рөл атқарады», - деп руна жазуында «от» сөзінің өзіндік ізі бар екендігін дәлелдей отырып, ғалым Отан сөзінің шығу төркінін бірнеше сөздіктерден оқып, араб тілінен енген деп қабылдап жүргенімізді де теріске шығарады. Осылайша, қазақтың тілі мен рәміздік нышандарына өте ежелгі діни-мифтік наным-сенімі мен космологиялық-философиялық таным-түсінігімен байланыстыра ғылыми негіз жасайды. Тілімізде осы күнге дейін отбасы «от иесі», «үй басы», «түтін басы», «шаңырақ» деп синонимді түрде аталып жүргендігін білеміз.

Ұлттар мен ұлыстардың өздеріне тән ұлттық мәдениеті ұлттың сезімімен, мінезімен, психологиясымен біте қайнасып кетеді. Қазақ халқының этномәдениеті халықтың сезімі, мінезі, рухы, психологиясы сияқты әр қырынан көрініс береді. Бұған М.Арынның «Бес анық» атты кітабынан жауап табамыз. «...Ұлттық сезімді білдіретін бес шарт немесе бес анық бір ғана ұлтқа қатысты емес, кез келген ұлтқа байланысты айтылар әңгіме. Жеке-жеке алған кезде бұлардың қай қайсысы да тұтастықты білдіре алмайтын сияқты. Бес шарттың бірімен бірінің диалектикалық байланысы бар. Бірінен бірі туындап жатқан тәрізді және бірін-бірі қажет қып тұрғандай», - дейді де: 1) тіл, 2) дін, 3) дәстүр – әдет-ғұрып, мораль, 4) тарих, 5) атамекен, жер-су мәселесін атайды. Бұл «бес анық» – этномәдениеттің тірегі.

Этномәдениет тақырыбына терең бойлаған ғалымдардың бірі профессор Ж.Наурызбайда: “Этнос мәдениеті – ассимиляциядан, араласып кетушіліктен сақтайтын механизм, күштердің өрісі. Бұл сондай-ақ, оның коды, айырмашылығын көрсететін белгісі. Бұл және басқа этностармен тіл табысатын, қарым-қатынастар жасау құралы. Жалпы адамзаттық құндылықтар – барлық уақытта этникалық мәдениеттің “киімінен-ақ” байқалып тұратын, оны әр этнос өз мәдениетінен тауып және сол арқылы басқалармен хабарласып, алмаса білуі” деп анықталады. Сондықтан да “біз оның мазмұнына: “этномәдени тәрбие – этномәдени ағарту ісі – этномәдени білім” өзара байланысты үштікті ендіреміз” – деген  пікіріне жүгіне отырып, біз де зерттеу жұмысымызда өз тақырыбымыз бен мүмкіндігімізге сай қарастырдық.

Мәдениеттанушы Мұртаза Бұлұтай «Мәдениет әр ұлттың өзіне тән ойлау және өмір сүру салтының жүйесі болып табылады», - деп өз тұжырымын ұсынып және мәдениеттің негізгі қасиеттерін ашуы көңілге қонымды.

«Мәдениет – жұртшылықтың қалыптасқан өмір салтына байланысты, барлық адамдарға тән, өмір туралы көрініс беретін құндылықтар жүйесі» - деп нақтырақ анықтама береді Н.Смелзер. Демек, мәдениет пен құндылық бірін-бірі толықтыра түседі.

Педагогикадағы құндылық тақырыбына бойлаған ғалымдар Г.Нұрғалиева, К.Қожахметова, М.Жадрина, Р.Төлеубекова, Б.Құдышева, т.б. өз ғылыми-зерттеу еңбектерінде тұжырымдап зерделеді.

Құндылықтар арқылы тәрбиелеу мен әлеуметтендіру мәселелеріне А. Қаплиева, Г.Аңдамасова, Г.Жылқыбекова Н.Мұхамединова т.б. ғылыми-зерттеу еңбектерін арнаған.

Мағынасы терең, аясы кең, отбасылық өмірге даярлау мәселесіне негіз болар қазақ халқының этномәдени құндылықтарын жеті арнаға жүйелей қарастырдық.

 

1 кесте – Этномәдени құндылықтар жүйесі.

 

ЭТНО-МӘДЕНИ

ҚҰНДЫЛЫҚТАР

ТІЛ

Қарым-қатынас, байланыс, дискурс (дәлел, дәйек), т.б.

ДІН

Сенім, наным, құран, хадис, шариғат, неке, ахлақ, фиһқ, ақида, сиар, т.б.

ДІЛ

Тұрмыс, салт, дәстүр, әдет, ғұрып, ырым, тыйым, т.б.

ТАРИХ

Оқиғалар, көтерілістер, төңкерістер, Отан қорғау,  замана ағымымен даму, т.б.

ҚҰҚЫҚ

Заң, ереже, жарғы, мұрагерлік, мирасқорлық, т.б.

ӨНЕР

Сөз өнері, саз өнері, қол өнері, сәулет өнері, бейнелеу, кескін т.б.

АҒАРТУ

Тәрбие, әлеуметтендіру, білім, ғылым.

           

Адамзаттың негізгі өмірі, бақытының бастауы отбасылық өмір болғандықтан, жастарды отбасылық өмірге даярлау – аса маңызды. Отбасылық өмірге дайындауға қатысты тәрбиенің бағыттарын түрлі құндылықтар арқылы қарастыруға болады. Атап айтар болсақ: рухани-адамгершілік тәрбиесі, еңбек тәрбиесі, имандылық тәрбиесі, жыныстық тәрбие, құқықтық тәрбие, экономикалық тәрбие, салауаттылық өмір салты, гендерлік тәрбие т.б.

        

2 кесте – Отбасылық өмірге этномәдени құндылықтар негізінде даярлаудың тәрбие бағыттары

 

Отбасылық өмірге этномәдени құндылықтар негізінде дайындайтын тәрбиенің бағыттары

 

Қарастыратын мүмкіндіктері

Құндылық

Рухани-адамгершілік тәрбиесі

Отбасында мейірімділік, қайырымдылық, туысқандық бауырмалдыққа тәрбиелеу, жақсылыққа насихаттау, қарым-қатынасты ізгілікке негіздеу.

рухани құндылық

Жыныстық тәрбие

Жыныстың тән-тұрпаттық ерекшелікте-ріне мән беру, өсіп-жетілудің маңыз-дылығын ұғыну, басқа жыныс өкілдеріне құрметпен қарау, неке талабына сай болу.

Имандылық тәрбиесі

Діни сенім тұрғысындағы талаптарға құрметпен қарау, моральдық-этикалық нормаларға сай өмір сүруді діни негіздеу.

Құқықтық тәрбие

Жеке құқығын, отбасын құру және неке құқықтарын, балаға қатысты құқықтарды білу.

Гендерлік тәрбие

Жыныстар арасына өзара сыйластық пен түсіністік тудыру, жынысқа құрмет көрсете отырып әлеуетін іске асыруға мүмкіндік табу, жар таңдау

Эстетикалық тәрбие

Үй тұрмысы жағдайындағы үйлесім, жасына, жынысына сай киіну, талғамын қалыптастыру

рухани-материал-дық құндылық

Салауаттылық өмір салты

Зиянды дағдылардан сақтанып, денсау-лығын сақтауға, шыңдауға жағдай жасау.

Еңбек тәрбиесі

Еңбек ету, табыс табу, үй тұрмысы жұмыстарын үйрену, өз қолымен тұрмысқа қажетті бұйымдар дайындау

материалдық құндылық

Экономикалық тәрбие

Отбасын асырау, тұрмыстық қажеттіліктерді өтеу, тұрмыстық-шаруашылық жағдайды ұйымдастыру, реттеу.

 

Қазақ халқы тарихында сан ғасырлар атадан балаға мирас болып келе жатқан тағылым – отбасы тәрбиесі арқылы ықпалды бола, әулет, ру, тайпа, этнос бойынша әдет-ғұрыптық сипатпен, жас ұрпақты отбасын құруға және жұбайлық өмірге даярлауда өзіндік педагогикалық мәдениетін қалыптастырды. 

Осыған орай, халқымыздың қыз беріп, қыз алысу, ұлын үйлендіру – отбасылық өмірге өз ұрпағын даярлауын тарихи-педагогикалық тұрғыда зерделей қарастырғанда, басты назар аударған отбасын құру шарттарын біз адамазаттың даму кезеңдеріне сүйеніп, төмендегіше топтастырдық:

 

3 кесте – Ұрпақты отбасылық өмірге даярлаудың тарихи-педагогикалық шарттары

 

Адамзаттың даму кезеңдері

Отбасын құру шарттары

Жетілмеген кезең

 

 

Жан сақтау, бірлесіп өмір сүру

Нәпсі қажеттілігін өтеу

Елдің тұрмыстағы қажеттіліктерін өтеу

Жетілу кезеңі

Жерді пайдалану

Тайпа аралық татулықты сақтау

Мемлекетаралық ынтымақ

Бір анадан туылмағандығын ескеру

Дау бітімгерлігі үшін

Мәдени кезең

-      Текті сақтау

-       Көңіл жарастығы

-       Ата-ана беделі

-       Неке түрлеріне сай

-       Құда-андалық түрлеріне сай

-       Дінге негізделген өмір талабы

-       Тектілігіне сай (ұл бала тәрбиесі, қыз бала тәрбиесі)

-       Сүйіспеншілік

-       Әдет-ғұрып 

 

Зерттеу міндеттеріне сәйкес, қазіргі өркениеттік кезеңде қазақ халқының отбасы жағдайында этномәдени құндылықтар арқылы отбасылық өмірге даярлау шарттарын біз төмендегіше айқындадық: денсаулығына көңіл бөлуі, өз ана тілін, салт-дәстүрін білуі, руын, ата-тегін, жеті атасын білуі, этноәлеуметтік рөлдерді меңгеруі, жауапкершілігін сезінуі, білгенін іске асыруға талаптануы, т.б.

Қолданылған әдебиеттер: 

1.     Александров И.Ф. Семья как первичная и как субьект права. Актуальные проблемы поведения. 2003-№3

2.     Арғынбаев Х.А. Қазақ халқындағы отбасы мен неке // А., 1983 ж.

3.     Волков А.Г. Семья – объект демографии. М., 1986г.

4.     Казахстанская семья – как объект социально-политических иследований // А., 2001г.

5.     Кериг П.К. Семейный контекст: удовлетворенность супружеством, родительский стиль и речевое  поведение  с детьми //  Вопросы психологии. - 1990. - № 1.

6.     Межнациональные браки и их роль в укреплении единства народов Казахстана // А., 2001г.

7.     Отбасы саясатының қалыптасуындағы әлеуметтік-психологиялық мәселелер // материалы международной конференции. Ал., 2001г.

8.     Отбасы саясатының қала мен ауылда қалыптастырудың өзіндік ерекшеліктері // Абай атындағы АлМУ «Хабаршы» жинағы. А., 2001ж. №2.