Бастауыш мектепте дүниетану пәнінде топсеруенді ұйымдастыру

 

Арынова Г.Ғ. – аға оқытушы

Абай атындағы ҚазҰПУ

 

Бастауыш мектепте дүниетану пәнінде сабақ беру үдерісінде топсеруен ұйымдастыруға үлкен орын беріледі. Топсеруен  оқушылардың зерттейтін обьектілері мен құбылыстарын табиғи немесе қолдан тудырған жағдайда тікелей қабылдауына негізделеді.

Пәндік топсеруеннің мазмұны мұнан бұрынғы сабақтарда  өтілген материалдармен тікелей байланысты болуы керек. Сонымен бірге топсеруен алынған  түсініктер бақылау нәтижелері және жинаған материалдар кейінгі сабақтарда пайдаланылады.

Топсеруеннің танымдық және тәрбиелік үлкен мәні бар. Олар оқушылардың білімін кеңітіп тереңдетеді. Балалар табиғат обьектілерін табиғи ортада көреді. Өсімдіктердің  топырақпен жануарлардың өсімдікпен өзара байланысын бақылайды. Бұл оқушыларды табиғаттың барлық бөліктері бір-бірімен тығыз байланысты болып келетінін, бір тұтастығы туралы түсінігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сынып сабақтарында топсеруенде қабылданған жеке ұғымдар табиғат деген анағұрлым кең ұғымға бірігеді.

Табиғатты оқып білудегі зерттеу әдісі оқушыларды топсеруенде жергілікті жерде бағдарлай білуге, бақылауға, салыстыруға, табиғаттың бақыланатын заттары мен құбылыстарының арасындағы байланыстарды анықтауға үйретуге мүмкіндік береді, айнала қоршаған болмысты өздігінше зерттеу дағдыларын қалыптастыруға жағдай жасайды.

Ұғымдардағы топсеруендер тікелей табиғатқа, музейлерге, көрмеге, ботаникалық баққа, зоопаркке, фабрикаларға, кішігірім өндіріс орындарына т.б. жүргізіледі. Олар оқулық және оқудан тыс болып бөлінеді. Оқу топсеруендер тақырыпты өткенге дейін (кіріспе топсеруен, мысалға 3-сыныпта жергілікті жер бетімен таныстыруға арналған топсеруен) немесе тақырыпты өткеннен кейін (қорытынды экскурсиялар, мысалға  2-сыныпта әрбір жыл мезгілі өткеннен кейін) жүргізуге болады.

Мұғалім әрбір топсеруен алдын  ала тыңғылықты түрде дайындайды.

1. Оның өзі алдын ала топсеруен жүргізілетін жермен танысып көңіл аударарлық сипатты обьектілерді табады;

2. Маршрутты тоқтатуға қолайлы жерлерді қарап шығып, анықтайды;

3. Оқушылардың өздігінше жүргізетін бақылауларын сипатын ойластырады;

4. Оқушылар коллекцияға не  жинайтынын анықтайды;

5. Топсеруен жүргізу жоспарын жасайды, қорытынды әңгімеге негізгі мәселелерді белгілейді.

Алдын-ала ұйымдастырылған топсеруенге оқушылар да дайын болуы керек.  1. Мұғалім балаларды топсеруеннің міндеттерімен және мақсатымен таныстырады. 2. Топсеруен алдындағы сабақта оқушылардың алдына олар экскурсияда шешуге тиісті мәселелерді қояды; 3. Табиғат материалын бақылауға және жинауға тапсырмалар бөледі.

Топсеруенді табысты өтуі көпшілік жағдайда оны ұйымдастыруға байланысты. Осы мақсатпен сыныпты шағын топтарға бөліп, әрқайсысына тәртіпке және тапсырмаларды орындауға жауап беретін басшы тағайындайды. Ең бастысы- оқушылар табиғаттан нені және қалай көру нені тану керектігін білуі керек.

Мысалы: 2- сыныпта қысқы топсеруенді ұйымдастыру жоспары.

 1. Топсеруеннің мазмұны:  қыстың белгілерін, қар мен мұздың қасиеттерін, жапырақты ағаштардың сипатты белгілерін анықтау;

2. қыстайтын құстардың, өсімдіктердің және аңдардың тіршілігін, адамның табиғат қорғауға байланысты әрекетін бақылау.

Топсеруен ұйымдастыруда қолданылатын жұмыс әдістері мен түрлерінде: әңгімелесу, мұғалімнің әңгімесі, бақылаулар, практикалық жұмыс, өздігінше жұмыс, жиналған  материалдарды өңдеуболып табылады.

Өткізілетін топсеруеннің бағыт және бақылау обьектілері: жол, бөген, не көл, орман; қыстайтын құстар (қарға, ұзақ қарға, сауысқан, торғай, сары шымшық, тоқылдақ, қызылбауыр); ағаштар (қайың, жөке, емен, қарағай, шырша); қар астындағы өсімдіктер: қабықтың немесе екі  түбірдің астындағы жәндіктер мен олардың құрттары, қардағы іздер.

Топсеруен кезінде балалар кейбір ағаштар мен бұталардың бұтақтары мен жемістерін, қабық бөлшектерін, шөптердің құрғақ сабақтарын жинайды; қар астынан жасыл өсімдіктерді қазып алады. Егер балалар орманнан құстар шоқып тастаған тиін мүжіген бүрлер мен басқа бір орман тіршілігінің іздерін тапса, онда оларды да сыныпқа алып келуі керек.

Оқушылардың адамның табиғат қорғау жөніндегі іс-әрекетін көзбен көргені жөн (құстарға үстеме жем беру, жасанды ұялар, құстар мен басқа да хайуанаттарға жем беретін жер т.б.).

Топсеруен соңында мұғалім мына сұрақтар бойынша әңгіме өткізеді: 1. Қыста, орманда, орманға баратын жолда, бөгенде немесе көлде  қандай жануарларды көруге болады?

2. Өсімдік тіршілігі үшін қардың қандай мәні бар?

3. Қыста жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар мен бұталар қандай күйде болады?

Мұндай топсеруендер ұйымдастыру тек білімдік қана емес сонымен бірге тәрбиелік те міндеттер қояды. 1-сыныптың өзінде – ақ балалардың табиғатқа сүйіспеншілігін тәрбиелеу, оларға үлкен сезім мен ой әлемін ашу, балаларды табиғаттың қорғаушыларына, достарына айналдыру қажет.

 Пайдаланылған әдебиеттер:

1. С.М. Сихимбаева Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. Шымкент  2008

2.Қ.Аймағамбетова «Дүниетану негіздері» және дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. Алматы  2006

3. С.С.Қожагелдиева Бастауыш сыныптарда дүниетануды оқыту әдістемесі. Түркістан 2008