Қазанбаева Айнагүл Зікірқызы (фил. ғыл. кан. доцент)

Айдана  Әбдірасілова

         Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

М.МАҚАТАЕВ ЛИРИКАСЫНДАҒЫ ОТАН, ТУҒАН ЖЕР КОНЦЕПТІЛЕРІ

Қазақтың маңдайына біткен біртуар ақыны Мұқағали Мақатаев өлеңдерін білмейтін адам кемде кем. Бұл жалған өмірде аз ғана өмір сүрсе де ақын  өшпейтін құнды мұраларын қалдырды. Ақын өлеңдерінің табиғаты, ерекшелігі жөнінде ғалым Асқар Егеубаев өзінің ақын жайындағы мақаласында былай деп айтады: «Мұқағали Мақатаев өзінің аз өмірінде әдебиетімізде мол мұра қалдырған дарын. Өмір де бір өзен. Өлең де бір өзендей тұңғиық.  Мұқағали жырлары бірде үн-түнсіз шымырлап қайнап, тереңге тартып, бірде ақ күміс бұлттарын түйдектетіп, аспанға атқан сол өмірдің өзіндей»[1]. Ақын поэзиясы – тұнған лирика. Ақынның кез-келген өлеңі өз алдына жеке бір тұнып тұрған қазына. Мұқағали Мақатаев поэзиясында қамтылмаған тақырып кемде-кем болар. Өлеңдері өмір, махаббат, адал сезім, ана мен бала, табиғат, туған жер, тіл, Отан, сезім, т.б. көптеген тақырыпта жазылды.

Туып өскен, кіндік қаны тамған жер – туған жер, отан жайындағы ақын өлеңдері өз алдына бір тақырып. Отанға деген махаббат, сүйіспеншілік, ақынның «Үш бақытым» деп аталатын өлеңінде былай беріледі:

Бақытым бар үшінші – Отан деген,

Құдай деген кім десе, Отан дер ем!

... Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?

Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен. –

деп, Отан дегеніміз ең асыл үш бақытының біріне жатқызады.

Ақынның өлеңдерінің табиғатының ерекшелігі, ақын нені жырласа да өзіне ғана тән өзіндік үні естіліп тұрады.  Өлеңдерінде асқақ рух, қажырлылық, жігерлілік, батырлылық сезімдері үндесіп жатады. Осы тұрғыда асқан шеберлікпен жазылған патриоттық сезімді оятатын «Отан туралы» деген өлеңін алып қарайық:

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,

Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған...

Бұл да бір Мұқағали поэзиясындағы Отанға деген адал махаббат, сүйіспеншілік баяндалған. Отанның қадіріне жете білу мен оған адал қызмет ету оның өлеңдерінің басты идеясы болды. Мұқағали отаншылдықты ту етіп көтерді, адамдарды Отанды сүюге үндеді, Отанды сүюді тек сөз жүзінде қалдырмау қажеттігін алға тарты. Оның «Оңай сөз ғой Отанды сүйем» деген өлеңін алып қарайық:

«...Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген,

Іс тынбайды «жанамын, күйемменен»...

Өгей әке емес қой Отан деген,

Отанды мен Атамдай иемденем».

деген өлең шумақтары арқылы  Отанға деген сезімді тек сөзбен емес, іспен дәлелдеу қажеттігін айтып, жалғандықтан сақтандырды. Мұқағали поэзиясында Отан тақырыбындағы өлеңдер көптеп саналады. Әр өлеңі әр басқа әуенмен, әр басқа сарынмен жазылған. Әр өлеңінде Отанға деген сағыныш, махаббат, Отанға табыну сезімдері ұштасып, табысып жатыр.

Мұқағали Мақатаев өлеңдеріндегі туған жер тақырыбында да жазылған өлеңдері аз емес. Ал, ақынның  «Апырмай, туған жер-ай» деген өлеңін алып қарасақ:

Апырмай,

Туған жер-ай!

Теңдесер кім,

Бұл жерге сен болмасаң, келмес едім.

Кіндігімді байлаған қазығым-ай,

Сен болмасаң, бұл маңды көрмес едім.

деген өлең жолдары арқылы Туған жердің құдіретін жыр ете келе:

Кел демеді, немесе кет демеді,

Несін маған, білмеймін, өкпеледі?!

Сені сүйген жүректі, туған өлкем,

Сен өсірген біреулер жек көреді.

деп жалғастырып, туған жерге жат болып кеткен адамдарға деген өкпе-ренішін білдіреді.

Ақын өлендерін бір-бірінен бөліп жару мүмкін емес. Оның осы тақырыпта жазылған ерекше патриоттық сезімде жазылған, елі «Қазақ жері» деген өлеңін алып қарасақ:

Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!

Батырлар дүрілдеп өткен жер,

Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,

Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,

Сарылып сал-сері кеткен жер.

Бас иіп, иіскеп топырағын,

Тағзым жасамай өтпеңдер!

М.Мақатаевтың поэтикалық тiлi ешкiмге ұқсамайтын даралығымен ерекшеленеді, сөз құдiретi арқылы ақын көрiктi, әсем, сұлу сөз-бейнелер жасап, әрбiр сөздi  ойнатып  қолданған. Ақын көзiмен көрiп, көңiлiне түйгендерiн ештемеге қарамастан жалтақсыз айтып, өзiнiң де өзгенiң де айыбын жасырмай, бетке басып ашық жеткiзе алды. “Айтып өткен ақында  арман бар ма, жүрегiнiң түбiне кiр жасырмай” – деп армансыз ақтарылып айтып кеттi. Өзiнiң азаматтық үнiмен өмiрдiң ащы  шындығын өткiрлiкпен айтты. Мұқағали Мақатаев  қазақ поэзиясында қашан да биiктен көрiнедi, ол қазақ лирикасының кең төрiнде  өзiнiң “менiн” танытты.

 Пайдаланылған әдебиеттер тiзiмi:

1.  Сыздық Р. Сөз құдiретi. Алматы: Санат, 1997. – 179б.

2.  Мақатаев М. Таңдамалылар. Алматы: Жалын, 1991. – 241б.