Қазанбаева Айнагүл Зікірқызы (фил.ғыл.кан. доцент)

Ақжолтай Әдемі Бауыржанқызы

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

 

ҚАМШЫ АТАУЫНЫҢ ҰЛТ МЕНТАЛИТЕТІНДЕГІ ҚОЛДАНЫСЫ

 

Қамшы – этнографиялық ұғым.  Қамшы жұмсау – сабау, күш көрсету дегенді білдірсе, қамшы болу – әсер ету, себепкер болуды аңғартады. Жігерленген жанды өзін-өзі қамшылады деп түйсе, жанына батқан істі «қамшы боп тиді» деп астарлайды. Жүрмейтін атты қамшы кесті шабан десе, жүйрік тұлпарды қамшы салдырмайды деп мақтаған. Сондай-ақ қамшы сабындай, қамшы жетер жерде деген сияқты өлшемдер де бар.

Қамшы сөзін тілдік жүйенің бірлігі ретінде тарихи және қазіргі кез тұрғысынан қарастыру керек. Бүгінгі күн тұрғысынан қараған қамшы сөзінің түбір мен қосымшадан тұратыны байқалмайды. Ал тарихи тұрғыдан бұл  сөздің түбірі- қам, ал- шы қосымшасы малшы, егінші сөздерінде кездеседі. Қазіргі кезде қазақ тілінде «қам» түбірі жеке қолданыста кездеспейді. Орта ғасырда түркі тілінде және туыстас тілдер тува, алтай, сары үйсін, хақас тілінде қам сөзі «бақсы» -дегенді білдіреді. Әуелде қамшы сөзі қазақтарда да «бақсы», «шаман» мағынасында айтылып, кейде зат атауына айналған. Қамшының бастапқы мағынасының ұмтыла бастауына парсы тілінен енген бақсы сөзі себеп болған.

Қамшы қылыш, алдаспан тәрізді т.б. ұрыс қаруы санатына жататындықтан, Хан ордасына қамшымен кіргізбейтін болған.

Қамшыны аңшылықта да қолданады. «Қасқырға қырық сегіз таспа қамшыдан артық қарудың керегі жоқ» (Ғ.Мүсірепов). Таспаларын төрт қырлап тіліп, арасына таспадан өзек салып өрген қамшы аңшының құралы ретінде қолданылады. Аңшылық кезінде, ұрыс-соғыстарда қамшы салып, олжа түсірген қамшыгерге қамшы сыбағасы берілетін болған.

Жылқышылар шаруашылық ұйымдастыруда қамшыны асау үйретудің құралы ретінде қолданған. Асау аттың үстіңгі ерніне қамшының бүлдіргесін кигізіп, сабымен бұрау салады. Мұны шұра салу дейді. Шұраны әдетте шу асауға салады. Ұлы суреткер М.Әуезовтің «Абай жолында» Оспанның асау тайды үйрететін тұсында шұрайлап деген сөз бар. Шұра салуды жазушы шұрайлау деген нұсқада қолданған: «Бірақ өзге асаудан көрмеген ызаны көріп, екі жығылып алған Масақбай ақ тайға қатты ызаланып алған. Құлақтан басып, бұғалықпен буындырып, екі езуін шұрайлап, тайды өлердей жазалаған» [1].

Қамшының егінді ауылда қолданылатын бір түрі балақпан деп аталады. Жергілікті тіл ерекшеліктерін зерттеушілердің көрсетуінше, балақпан «ұрғанда тарсылдайтын ұзын қол бишік» [2]. Балақпанмен тары піскен кезде егінге түскен құсты үркітеді. Қамшы түрінің балақпан аталу себебі: қайыстың ұшына аттың бірер қылын жіңішке етіп өріп, байлап қояды. Осы байланған балақ жіп қамшыны оса тартқанда тарс еткен ащы дыбыс шығарып, тары атаулының қас жауы шымшық, торғайларды үркітеді. Бұл жайт «қамшы» ұғымының тек малмен ғана емес, танымдық санада бейнеленген ақиқат дүниенің өзге де үзіктерімен сыбайлас байланысын көрсетеді.

Ертеректе «үйге қамшыны бүктеп алып кіру» әдептілікті байқатады деп есептеген. Қамшыны салақтатып немесе шошайтып кіруді әдептілікке баламаған, ондай адамның өзінен бұрын қамшысы үйге кіргендей жағымсыз әсер қалдырады. Бұл айтылғандар қамшымен байланысты әдептілік нормасын байқатады. Үй иесі жолаушылап кеткен үйге келген бөгде ер адам әдетте қонуға басқа үйге барады, бірақ «қайта соғатынын» білдіріп, қамшысын тастап кетеді. Үй иесі келген соң, әлгі адамның қамшысына қарап кім екенін жорамалдайды, арнайы шақырып, келген шаруасын, бұйымтайын сұрайды. Ел арасындағы әдепке байланысты бұл салтты қамшытастар деп атайды.

Қамшының сабы сынды, қамшы таянды дегендер - «уайым», «қайғы» ұғымын объективтендіріп тұрған таңбалар. Сондықтан жасы үлкен адамдар: қамшы таянбас болар деп балаларға ескертіп отырған. 

        Ойымызды жинақтай келгенде, қамшы сөзінің тілдік жүйедегі танымдық табиғатын былай топтастыруға болады:

Қамшы – құрал, қамшы - өмірдің өлшемі.

Қамшы – түйін, дау шешуші құрал.

Қамшы – қорғаушы, жебеуші.

Қамшы – мифтік, діни сенім.

“Ағаш қамшы көп болар, аттанарда жоқ болар”; “Балаға тәрбие, қамшыға бүлдірге керек”;  “Өнеге-тәрбие болмаса, бала қолда тұрмай бетімен кетеді, Қайыс бауы болмаса, қамшы қолда тұрмайды”. Міне, ата-бабаларымыз өз ойларын қамшы сөзі арқылы осылай білдіре білген.

Қай жағынан алып қарасақ та қазақ өмірінің бір ажырамас бөлігі қамшы, қазақ атамыз атсыз өмір сүрмеген, атқа мінгендер қамшысыз болмаған. Дәстүрлі қазақ қоғамында қамшы: тіл, заттық мәдениет, этникалық, эстетикалық мәнділік, әлеуметтік мәртебе, мифологиялық наным-сенімнің таңбалары ретінде жұмсалған. Қамшы сөзінің ұлт тіліндегі танымдық табиғатын анық байқаймыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.М.Әуезов. Шығармалар жинағы, -Алматы 3-т. 205-б.

2.Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі, -Астана 2000. 400-б.