Қазанбаева Айнагүл Зікірқызы (фил. ғыл. кан.
доцент)
Салтанат Төреханқызы
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университеті
КӨРКЕМ ШЫҒАРМАДАҒЫ
САЛТ-ДӘСТҮР, ӘДЕТ-ҒҰРЫПҚА ҚАТЫСТЫ
ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ТІЛДІК ТАБИҒАТЫ
Көркем әдебиет стиліне тән
ерекшеліктердің бірі тіл байлығы екендігі мәлім. Көркем
шығарма тілінде сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер белгілі
бір мақсатта жұмсалады. Кез келген шығарма тек қана
авторлық баяндаудан ғана емес, кейіпкер тілінен де тұрады.
Көркем шығарма тілінде тұрақты
тіркестер өте көп кездеседі. Олар шығарма тіліне ерекше
мән беріп, кейіпкер тілін аша түседі. «Абай жолынан» тұрақты
тіркестерді көп кездестіреміз. Жазушы өз шығармасында
кейіпкердің тұлғасын ашу мақсатында оларды барынша мол
қолданады.
Автор «Абай жолында» салт-дәстүрге
байланысты фразеологизмдерді кеңінен қолданған және
мәтіндегі олардың қызметін айрықшалап берген. Бұл
фразеологизмдердің этнолингвистикалық сипатын анықтап,
морфологиялық құрылымын талдаудың қазақ тіл
білімі үшін маңызы ерекше екендігі сөзсіз. Мәселен, Абай бұл үйге құда
түсіп, қыз айттыру керек екендігін ойлады, және
әліптің артын бағуды да ұмытқан жоқ.
Берілген сөйлемде құда
түсу, қыз айттыру сынды тұрақты тіркестер
ертеден және қазір де жалғасып келе жатқан, жарасымды
дәстүрлердің бірі.
– Ал жігіттер,
–деді бұдан соң, – мал қыстауды ойдағыдай аяқтап,
көктемгі төл алу науқанына сақадай сай болу үшін осы тосты алып
қоялық, және той
малына дайындалайық (2). Сақадай
сай – іріктеліп дайын тұру, қамсыз болып дайындық жасау
мағынасын үстейді.
Той малы - келін алуға келген қадірлі
құдалар дәстүр салты бойынша сән-салтанатымен,
жөн-жосығымен келіп түседі.Сонымен қатар шығармада үйлену салтына байланысты : есік көрсетті, ұрын келді, қалыңдық ойнады
деген секілді тұрақты тіркестердің қолданысы
ұлттың этнолексикасын айқындай түседі.
Мысалы, Осы
байлаумен қатар, Құнанбай енді Ұлжанның
басқа екі баласы туралы да жаңалық айтты. Оның біреуі –
Тәкежан туралы. Былтыр ұрын
барып келген Тәкежан енді осы жақында үйленбек.
– Отыз жыл бойы тілің кесілгендей,
үндемеп едің, оның сөзі саған қамшы болып тиді ме, отыз жылдан
бері маған әзірлеген сыбаған осы ма... ішіңде ит өліп жатыр екен-ау! Құда түсуді
тоқтатса қалай?! (3).
Құда түсу – салт-дәстүрге байланысты ұтымды
қолданылған тіркес. Үйленер алдында жігіт жақ
қыздың отбасына келіп айттырады.
Қыз баланың тұрмысқа
шығуына қатысты тұрақты тіркестерде қыздың тұрмысқа
шығуына байланысты бірнеше кезеңдеріне қарай бөлінеді:
1. Қызды айттыру кезеңі.
2. Жігіттің есік көру кезеңі.
3. Қызды ұзату кезеңі.
4. Келін болып түсу кезеңі [2, 94].
Осыған орай жазушы тұрақты тіркестерді
молынан пайдаланған.
Қатындар
қалыңдықты ортаға алып, оң жаққа
шымылдық құрып: «шымылдық құрар»,
«қол ұстатар», «шаш сипар», «төсек салар», «етік шешер»,
«ірге тебер», «көрпе қимылдатар» кәделерін «жол менікі,
сенің жолың анау, жолы біткен» десіп, керілдесіп, керісіп,
таласа-тармаса бір жапырақтан жырымдап алысуға, оның артын
ала жаздай өсекке, пыш-пышқа, араздыққа
айналдыруға байдың үйіне қарай ентелесті (3).
Жоғарыда берілген мысал «Абай жолынан»
алынған. Атастырылып болғаннан кейінгі жасалатын кәделер.
Атастыру-негізінен аралас-құралас,
бірін-бірі жақсы білетін жора-жолдастар арасында жүретін салт.
Келінінің немесе күйеу баласының текті жерден,
тәрбиелі, көргенді ұядан болғанын қалайтын
ата-ана кішкене баласын не қызын атастырады.
Абай фразеологиясын зерттеген ғалым Р.
Сыздықова: «Фразеологизмдер – сандаған жырлар мен
ғасырлардың қазынасы, бұл, бір жағынан, екінші
жағынан, ол жеке қаламгерлердің табысы, ізденісі,
еңбегі» – дейді [1, 11]. Әсіресе, осы тұста, ғалым
айтқан «қаламгерлердің табысы, ізденісі, еңбегі»,-
дегенді біз де астын сыза қайталап айтқымыз келеді.
Р.Сыздықова: «Белгілі бір қаламгердің
жалпы тілдік қазынасын және көркемдік байлығын
зерттеуде оның фразеологиясын тану ерекше орын алады»,- деген пікір
айтқан болатын [1, 11]. Мұхтар Әуезов шығармасындағы
аяғына тұсау байлады, бес
саусақтай білді, жар дегенде жалғыз, қапы жібермеді, барымталыққа барды,
қадам басты, зар болды, қабақ шытты, жынын қағып
алды, белді қынай буынды, белін жазды, жеп қоя жаздады,
көңілі жарқын, жым болды, құдай сүйер
қылығы жоқ, жайы салды, дес бермеді сынды
тұрақты тіркестер автор сөздерінің мол қолданысын
көрсетіп тұр.
Фразеологиялық мағыналардың
қалыптасуына ұлт менталитетінің рөлі ерекше. Егер
ұлттық ерекшелік болмаса, ұлтқа тән
көзқарас, өзіндік дүниетаныммен, басқалардан
айырмашылығымен еленбесе, әрі бұл қасиеттердің
барлығы ұлт тілінде сақталып жеткізілмесе, онда менталитет
туралы айту қиын. Менталитет сол ұлт жасаған,
ұрпағына қалдырған материалдық және рухани
мәдениеттерінде ғана сақталады. Бүкіл
фразеологиялық құрам – сол ұлттың тілдік
әлемнің бойына жинақталған ой сандығы.
Сондықтан жазушыларымыз ұлттық фразеологизмдерді
өздерінің стильдік тіл ерекшеліктерін шебер көрсету
үшін және де көненің көзінде жатқан
сөздерді кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында
пайдаланған.
Осы тұрғыдан алғанда
салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа қатысты
тұрақты тіркес тердің алар орны бөлек. Олардың
көркем шығарма тілінде
молынан кездесуі ұлт тіліндегі фразеологиялық қордың молдығын
байқатады. Бір ғана шығарманың өзі халық
мұрасын және автор шеберлігін толығымен көрсетіп
тұрғанын анық байқаймыз.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1. Сыздықова Р. Абайдың сөз
өрнегі. – Алматы, 1995. – 11 б.
2. Әуезов М. Абай жолы. – Алматы: Жазушы, 2007. – 386 б.