Филологические науки.

Теоретические и методологические проблемы  исследования языка.

 

Магистрант Мұқатай А.Б.

PhD., доцент Тажикеева А.Ш.

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

 «Уақыт» концептісі туралы

 

         Мақал-мәтелдер – халықтың рухани шығармашылығының, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын тіл байлығының қазынасы. Адамзат баласының даму тарихын қамтитын халықтың мақал-мәтел қорынан философиялық ой, күнделікті тұрмыс-салт ерекшеліктерін және ұлттық құндылықтар жүйесін көруге болады.

Әр тілдің паремиологиялық қоры дүниедегі болатын құбылыстарға қатысты өзінше баға береді. Мақалдар мен афоризмдерде әртүрлі мәдени қауымдастықтардың әр алуан құндылықтар жүйесі жатыр. Г.Г. Молчанова паремиялар аясында тілдік-мәдени айырмашылықтарды салғастыру бірлігі ретінде лингвомәдени регулятив концептілерді қарастыруды ұсынған [1, 78 б.].

А.П. Бабушкин концептіні былайша анықтайды: бұл «ақиқат немесе мінсіз әлем затын бейнелейтін және тіл иесінің ұлттық жадында вербалдық тұрғыдан белгіленген түрде сақталатын ұжымдық сананың дискретті мазмұндық бірлігі [2, 72б.].

В.А. Маслованың пайымдауынша, кез-келген ұғым концепт бола бермейді, тек қана кейбір күрделі, нақты бір мәдениетті оларсыз елестету, танып-білу мүмкін емес маңызды ұғымдар ғана концепт ретінде танылады [3, 27б.].

Жалпы, концепт философиялық тұрғыда екі бағытта түсініледі: біріншісі – рухани мәдениеттің өзекті сөзі, екіншісі – сөздің пайда болуына дәнекер алғашқы түсінік. Концептің басты белгілерінің бірі – оның мәдени реңкте болуы. Сондықтан ол ұлттық ерекше дүниетанымды түсінуде басты компонент болып саналады [4, 55-56 бб.].

В.И. Карасик концепті когнитивтік және мәдени деп ажыратып, когнитивті концептілерді қоршаған ортадағы шындықты құрылымдап және оны қайта құратын индивидуалды мазмұнды болып келетін менталды құрылымдар ретінде анықтаса, ал мәдени концептілер сол мәдениеттің өзіндік ерекшеліктерін бекітетін ұжымдық мазмұнды болып келетін менталды құрылымдар деп түйген [1, 17б.].

Темпоралды концептосфера кез-келген тілде сөйлеушілердің санасындағы ең маңыздылардың бірі болып есептеледі. Сондай‑ақ уақыт концептісі, кеңістік концептісімен қатар адамның әлем туралы білімдер жүйесінде ерекше орын алатыны сөзсіз де түсінікті.

         Физикалық, табиғи уақыт секілді, лингвистикалық уақыт мәні зерттеушілерді ежелден қызықтырған. Көне заман философтарынан бастап осы күнгі ғалымдарға дейін оның табиғатын түсіндіруге тырысады. Аристотельден бастап қазіргі заманғы физика саласындағы соны зерттеулерге дейін уақыт мәселесі қозғалады.

         Уақытты зерттеу қырына байланысты уақыттың биологиялық (цикл, өмір ырғағы), геологиялық (кезең, дәуір), тарихи (заман, ғасыр), физикалық, философиялық, психологиялық, мифологиялық, көркем, лингвистикалық және басқа да түрлері болуы мүмкін.

         Ең алғаш рет уақыттың семиотикалық мәні туралы әулие Августин еңбектерінде кездестіруге болады: ол уақытты мәңгілік шамасы немесе белгісі ретінде қарастырып, оны «қозғалмайтын жарқырап тұратын мәңгілік сәулеге» теңеді [5, 218б.]. 

Ежелгі дәуірде уақыт ғарыш өмірімен байланыста қарастырылды, сондықтан кейде ол аспан күмбезінің қозғалысына ұқсастырылады. Платон уақыт ұғымына бүкіл болмыс пен қалыптасуды ажырату тұрғысынан талдау жасайды. Алғашқысы мәңгі жасайды, екіншісі уақытша пайда болып жоғалады. Уақытты талдауға байланысты Платон үш нәрсені ажыратады, олар: 1) мәңгі жасайтын нәрсе, тумаған және жасалмаған нәрсе; 2) әрқашан да жасайтын нәрсе (жасалған, бірақ өлетіні расталмаған нәрсе); 3) уақытша жасайтын нәрсе. Алғашқысы – Жалғыз жаратушы; екіншісі – ғарыштың өзі; үшіншісі – өзгергіш, өткінші эмпирикалық құбылыс [6, 150б.].

         Уақыт концептісі біртекті емес. Ол әртүрлі әлемге, яғни физикалық, рухани, күнделікті, ғылыми әлемге жататын түсініктерді қамтиды. Алайда бұл жекелеген түсініктердің жиынтығы емес, адамның материалды (сыртқы) және идеалды (ішкі) тәжірибесін жинақтайтын тұтастық.

«Уақыт» концептісі көпқырлы және құбылмалы. Бұны әртүрлі уақытта өмір сүрген ойшылдар, ғалымдар мен жазушылардың уақытқа қатысты айтқан түрлі пайымдауларынан көруге болады:

 Time is the longest distance between two places” Tennessee Williams, The Glass Menagerie; “A man who dares to waste one hour of time has not discovered the value of life  Charles Darwin, The Life & Letters of Charles Darwin; “Those who make the worst use of their time are the first to complain of its brevity” Jean de La Bruyère, Les Caractères; “You may delay, but time will not” Benjamin Franklin; “Time is a game played beautifully by children” Heraclitus, Fragments; “Lost Time is never found again” Benjamin Franklin, Poor Richard's Almanack, “Time is a slippery thing: lose hold of it once, and its string might sail out of your hands forever” Anthony Doerr, All the Light We Cannot See.

Уақыттың ағылшын менталитетінде құндылық ретінде алатын ерекше орнын аталмыш халықтың паремиологиялық бірліктерінен көруге болады: An inch of gold will not buy an inch of time; Time and tide wait for no man; There is no time like the present; Never put off till tomorrow what you can do today; Time flies; Time is money және т.б.

Ағылшын дүниетанымына сәйкес уақыт баға жетпес ресурс, себебі  адам оны тоқтатуға немесе қайтаруға болмайтынын түсінеді. Сондықтан бұл мәдениеттің өкілдері үшін пунктуалдылық, яғни кешікпеу кез келген контекстіде маңызды.

Қазақ халқының дүниетанымында да уақыттың қайтып келмейтіні, оның жылдамдығы, оны босқа өткізбеу туралы ой басымдылық танытады, мысалы, "Уақыт — білгенге қазына, білмегенге — быламық", «Еріншектің ертеңі  бітпес», «Ерте тұрған  адамның бір ісі артық».

Бұл мақалдардан, ағылшын және қазақ мәдениетінде де уақыттың қайтымсыздық, жылдамдық, құндылық сияқты әмбебап сипаттамаларына байланысты ортақ көзқарас байқалатынын көруге болады. Дегенмен, әртүрлі лингвомәдениет өкілдерінің уақытты қабылдау мен оны сипаттауында, сол халықтың тұрмыс тіршілігі, тарихы, ділімен тығыз байланысты өзіне ғана тән ұлттық-мәдени ерекшеліктері де болатыны белгілі. 

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Молчанова Г.Г. Английский как неродной: текст, стиль, культура,  коммуникация. – М.: Олма Медиа Групп, 2007. – 381 с.

2. Бабушкин А.П. Типы концептов в лексико-фразеологической семантике языка. – Воронеж, 1996. – 104 с.

3. Маслова В.А. Когнитивная лингвистика: учебное пособие. Минск: Тетра Системс, 2004. – 256 с.

4. Ислам А. Ұлттық мәдениет контекстіндегі дүниенің тілдік суреті: филол.ғыл. докт. ... дисс. – Алматы, 2004. – 229 б.

5. Августин, А.  Исповедь  //  Лабиринты  души.    Симферополь, 1998. – С. 5-218.

6. Аристотель. О мире. // Античность в контексте современности. Вопросы классической филологии.  - М., Наука,  1990. – 150 c.