Қабанов М.Ш., Аметова А.Ж.,
Кенжебекова Ж.А., Рахимберлина С.Ә.
Е.А.Бөкетов
атындағы Қарағанды
мемлекеттік университеті, Қазақстан.
Көркем туындының
синтаксистік тұрғыдағы айшықтау тәсілдері сол
өздері қатыстырылған шығарманың әр
түрлі дәрежедегі синтаксистік сипатын беріп
тұратындығымен ерекшеленеді. Шығармада кездесетін осындай
айшықтау тәсілдерінің бірі – параллелизм.
Параллелизмнің өзіндік түрлері көп. Бұл
құбылыс бұған дейін әдебиеттану
тұрғысынан қарастырылып келді. Ал қазақ
лингвистикасында параллелизм жайында нақты бір көлемді зерттеу
жоқ.
Лингвистикалық
сөздікте параллельділікке мынадай анықтама береді: «Параллельділік – тілдік
шығармадағы жеке образдардың, мотивтердің тағы
басқалардың ұқсас элементтерінің бірдей орналасуынан
көрінетін байланыс: екі немесе одан да көп сөйлемдегі
ұқсас мүшелердің бірдей орналасуы» [1,
311-б.].
Ғалым
Қ.Өмірәлиев параллелизм жайында: «Бұл топтағы
өлеңдер ырғақтық, инверсиялық,
ұйқастық шарттар екінші қатарға шегеріліп,
тұрақты модель-формаға айналған біртектес баяндауыш
формалас, мағыналас сөйлемдер тізбегіне
құрылатындықтан, осындай дайын модель-формалы сөйлем
жолдарды қоса беруге көнгіш» [2, 23-б.], −
дейді.
Олардың мәтінге бірегей
қозғалыс тудыруына қатысты Б.В.Томашевский: «Параллелизмы не
только повторяют, но и производят некое движение. Иногда это движение совпадает
с тематическим нагнетанием» [3, 279-б.], −
деп
көрсеткен.
Синтаксистік параллелизмнің
қатар келген сөйлемдерді тізбектеудегі рөлі ерекше. Профессор
Т.Р.Қордабаев синтаксистік параллелизм жайында: «Поэзияда кездесетін
синтаксистік қатынас тәсілінің тағы бір түрі – параллелизм. Параллелизмнің түрі де,
функциясы да көп, бізге керегі оның тармақтарды,
сөйлемдерді бір-бірімен синтаксистік қарым-қатынасқа
келтіруге септігін тигізетін түрі, яғни синтаксистік пареллелизм»
[4, 200-б.], − деген.
Параллель
сөйлемдерде мағына жақындығы біркелкілікке байланысты
болады, сондықтан олардың сыртқы (грамматикалық)
құрылымында да параллельдік элементтер болады [5, 41-б.]
Өлең сөздегі
қатар келген сөйлемдер байланысы сан алуан параллель тәсілдер
арқылы жасалады. Сондай тәсілдің бірі – синтаксистік
қайталау. Синтаксистік айшықтаудың бұл түрі
сөйлем мүшелерінің қайталануы және
сөйлемдердің құрылымдық тепе-теңдігі
арқылы жүзеге асады.
Көркем мәтіндегі
синтаксистік қайталаулардың болмысы өте күрделі
әрі ерекше болып келеді. Күрделі болатын себебі – бұл қайталау бірнеше қатарлы
сөйлемдерді мәтін ішінде байланыстырушы бірден бір негізгі
жүйе.
Мұндай сипатты сөйлемдер
тізбегінің қайталауға қатысы мен басқа да
қасиетін ашу қажеттігін қазақ тіл білімінде
О.Бүркіт мәселе етіп қойды. Ғалым: «Қазақ
тіліндегі қайталамалардың лингвостилистикалық табиғатын
барлық қырынан қарастырған кезде бір мәселе
ғалымдар тарапынан еленбей, ескерусіз қалып келді. Ол мәселе – синтаксистік параллелизмнің тілдік
табиғаты. Синтаксистік параллелизмнің қайталама категориясына
қатысын былай қойғанның өзінде, осы
тәсілдің тілдік ерекшеліктері, негізгі белгілері, құрылымдық
сипаты және стилистік қызметі сияқты мәліметтер мен
деректер, тұжырымдар мен қисындар бүгінгі
лингвистикалық әдебиеттерде жоқтың қасы.
Атының өзі айшықтың тіл ғылымына тікелей
қатысты екендігін айтып тұрса да синтаксистік параллелизм
толыққанды тілдік құбылыс ретінде лингвостилистикада
әлі күнге танылмай келеді» [6, 4-б.],
− деген пікір айтады.
К.М.Абдуллаев: «Синтаксистік параллелизм бірізді болып келеді және
олардың компоненттері синтаксистік құрылысы жағынан
бірдей немесе өзара ұқсас болып келеді. Параллель
компоненттер сөйлемдерді формалық жағы тәрізді
мағыналық жағынан да бір типті етеді. Формалық
біркелкілік әр түрлі біртипті компоненттердің мүшелері
бірдей немесе грамматикалық қатынастардың бірдей болуымен
сипатталады»
[7, 74-б.], − деген.
Н.Ш.Мамедов
те толық және толық емес параллелизмдердің осы
сияқты белгілерін көрсетеді [8, 9-10-б.].
Толғауларда синтаксистік
құрылымдардың (лексикалық құрамы әр
түрлі болуы мүмкін) тепе-тең түрде қайталануы
арқылы параллелизмнің жасалуы – жиі кездесетін құбылыс.
Мұндай сөйлемдердегі синтаксистік конструкция
арақатыстылықтың үлгісіне қарай
толғаулардағы жарыспалы құрылымдарды топтастыруға
болады.
Құрылымы «толықтауыш-баяндауыш»
үлгісінде келіп құрылысы тепе-тең түрде
қайталанатын сөйлемдер:
Айналаңды
берік етер,
Жиған
малың тәрік етер,
Атың,
тоның бұлды етер,
Өз
басыңды олжа етер (Шалкиіз) [9, 76-б.].
«Анықтауыш, бастауыш, баяндауыш» қатарымен сипатталған
сөйлемдер түзілісі:
Ғаділ
төре ел бастар,
Батыр жігіт жау
бастар,
Аға жігіт
қол бастар... (Шалкиіз) [9,
86-б.].
Қатар келген жай
сөйлемдердің бір-біріне құрылымдық жағынан
сәйкес келуі, яғни сөйлем мүшелерінің саны бірдей
және олардың орналасу реттерінің тура болуы – толғауларда сирек жайт. Кездескен
жағдайда мұндай қатар шығарманың аз ғана
бөлігін қамти алады. Себебі толғау мәтіндері
тармақтарының өлшемі үнемі бірдей сақтала
бермейді.
Шартты бағыныңқылы сабақтас
құрмалас сөйлем автордың белгілі бір идеяны беруін
жүзеге асырушы басты амал болып саналады. Мұндай толғаулар
мәтіні бүтіндей автор тарапынан қолға алынатын
ой-пікірді неғұрлым үздіксіз жеткізу орайын көрсетеді.
Соның нәтижесінде бірінен соң бірі еселеніп келетін тең
дәрежелі компоненттер тізбегі пайда болып, олардың теңдік
жағдайын мағынасы мен құрылымы тұрғысынан
байқай аламыз. Осы сипатты тізбекті қатар мына толғаулар
мәтіндерін толық алып жатқаны көрінеді.
Асан қайғы:
Замандасы болмаса,
Қариялар болар тез ғарып,
Қадырын жеңге білмесе,
Бойға жеткен қыз ғарып [9, 62-б.].
Бұқар жырау:
Арту-арту бел келсе,
Атан тартар бүгіліп.
Алыстан қара көрінсе,
Арғымақ шабар тігіліп.
Алыстан жанжал сөз келсе,
Азулы сөйлер жүгініп ... [9, 18-б.].
Ауылда адам бар болса,
Ауыл ала болмайды.
Ел иесі құт болса,
Халқы ала болмайды [9,
30-б.].
Бұл толғауларда мәтіннің құрылымын
бір-бірімен бірдей жақ-шақ формасында есімшенің -ар
қосымшалы баяндауышымен қоса бағыныңқы
сыңар баяндауышының бірыңғай шартты рай (-са)
түрімен келуі түзеп тұр. Сонымен қоса
ұйқасқа қатыстырылған мүшелердің
1-мысалда көсемшенің -ып жұрнағымен
бірыңғай келуі, қалған үш мысалдың
алғашқы екеуінде есім сөздердің (ғарып, тең)
соңғысында етістіктің (болмайды) қайталануы
бұл құрылым байланысын еселей түседі.
Ұйқас құру мақсатында басыңқы
сыңар бағыныңқы сыңардан бұрын келген.
Мұнда мағыналық бірлікпен бірге компоненттерінің орын
ауыстырулары, бағыныңқы сыңарындағы
қайталау (деп) және жақ-шақ формасының
теңдігі тармақаралық өзара байланысты ерекше арттырып
тұр.
Бұқар жырау толғауы мәтінінен кездескен мына
пареллель қатарды көп бағыныңқылы сабақтас
құрмалас сөйлемдер жасаған:
Батпақты сайға су түссе,
Атың арып келгенде
Өткел бермес кешерге.
Қайырсыз итке мал бітсе,
Аңқаң құрып келгенде
Саумал бермес кешерге [, 14-б.].
Ал бұл жолдарда берілген параллельдіктің жөні ерекше.
Себебі мұнда көп бағыныңқылы
сабақтастардың грамматикалық құрылымы
барлық жағынан жымдасып тұр. Бірінші компоненттер
баяндауыштары бірдей шартты рай қосымшасын (-са) қабылдауы, ал
келесі сыңарлардың баяндауыштары қайталану арқылы (келгенде,
кешерге) берік байланысқа ие болған.
Сабақтас құрмалас сөйлемдер пареллельдігін
сөз еткенде байқағанымыз – жыраулар поэзиясының өзіндік ерекшеліктерінің
бірі болжау, ақыл-өсиет мазмұнына сәйкес көбіне
шартты бағыныңқылы сабақтас сөйлемдердің
параллель қатарға тізбектелуі.
Ендігі сөз етеріміз – толғаулардағы салалас құрмалас
сөйлемдердің параллель түзіліс жасауы. Бір ерекшелік –
салаластың себептес түрінің толғауларда параллель
қатарға түзілуі көп кездесетіні. Олар
шығарманың ішкі мазмұнымен қатар
құрылымдық жүйесін де жасап тұрады.
Ақтамберді жырау:
Атты мінсең зорды мін,
Биік біткен теректей.
Қару алсаң, мылтық ал,
Қарның ашса тамағың ... [9, 116-117-б.].
Шалкиіз жырау:
Жоғары қарап оқ атпа,
Жуық түсер қасыңа.
Жаманға сырыңды қосып сөз
айтпа,
Күндердің күні болғанда
Со жаман айғақ болар басыңа [9, 79-б.].
Бұл толғаулардағы қатар келген себеп
бағыныңқылы құрмалас сөйлемдердің
бірыңғай мағыналық байланысы мен
құрылымдық теңдігін бағыныңқы
сыңарларының баяндауышында бұйрық райдың (мін –
ал,
атпа – айтпа, жүрме – айтпа,
жи – жи) болуы, жасырын тұрған екінші жақ субъекті
(сен)
және басыңқы сыңар тармағының соңында
тұрған ұйқас жасаушы сөйлем мүшелерінің
морфологиялық көрсеткіштердің (қасыңа – басыңа,
тайғақ-ты – айғақ-ты, шарадан
– қорадан) бірдейлігі жүзеге асырған.
Өлеңнің өлшемі бұзылмас үшін бұл
толғаулардағы себептес салалас құрмаластардың
себепті сыңары салдарынан кейін келген.
Жыраулар туындыларының мәтіндеріндегі қатар келген
сөйлемдердің құрылымдық теңдігін осындай
сипаттарда көре аламыз. Бұларды жай сөйлем және
құрмалас сөйлемдер негізінде танытуға тырыстық.
Құрмалас сөйлемдерге қатысты айтарымыз да – олардың
бір толғау бойында құрылымдық тепе-теңдікте
қолданылып, сол шығарма көркемдігін айшықтайтыны.
Бұл − олардың жыраулар туындылары ішінде ерекше
байқатылатын жайы. Әрине, бұған құрмалас
сөйлемдердің барлығы дерлік келе бермейді.
Бұлардың әсерінен туындының сыртқы
көркемдік бейнесі мейлінше келісті жасалады. Бірінен соң бірі келіп
отыратын сөйлемдер тізбегінде белгілі бір үйлесім туындайды. Сол
арқылы сыртқы пішін тартымдылығы пайда болып, ол өз
кезегінде ішкі мазмұнмен астасып, шығарманың
бірыңғай тұтасымын жасайды.
ПАЙДАЛАНҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1.
Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. – М:
Советская энциклопедия. 1966. – 607 с.
2. Өмірәлиев Қ. XX- XIX ғасырлардағы қазақ
поэзиясының тілі. – Алматы:
Ғылым, 1976. – 207 б.
3. Томашевский Б.В. Стилистика и стихосложение. –Л., 1959. – 534 с.
4. Қордабаев Т. Тарихи синтаксис
мәселелері. – Алматы, 1965.
– 244 б.
5. Кирпичникова Н.В. О способах объединения
предложений в связной речи // Русский язык в школе. 1960. № 5.
С.35 - 38.
6.
Бүркітов О. Қазақ тіліндегі қайталамалардың
лингвостилистикалық жүйесі: Филол.ғыл.док. …авторефераты. –
Алматы, 2001. – 49 б
7. Абдуллаев К.М. Синтаксический параллелизм (на материале
огузского памятника “Книга
своего деда Коркута”: Автореф.канд.дис.
…филол. наук. –
М, 1976. – 22 с.
8.
Мамедов Н.Ш. Лексико-синтаксический параллелизм между частями сложного
предложения: Автореф. канд. дис…филол. наук. – Баку, 1994. –19 с.
9. Алдаспан. (XV-XVII ғасырлардағы қазақ
ақын, жырауларының шығармалар жинағы). – Алматы:Жазушы, 1971.