І.Есенберлин
шығармаларындағы метафоралық қолданыстар
Сегізбай Аруна
Алмасқызы
Қорқыт Ата
атындағы қызылорда мемлекеттік университеті
Ғылыми жетекші –
Ә.Б.Алмауытова
Қазақстан
Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ
әдебиетінің тарихында бүгінге дейін ең көп роман
соның ішінде тарихи романдар (17) жазған жазушы І.
Есенберлиннің қаламынан туған «Айқас», «Ғашықтар»,
«Қатерлі өткел», «Алтын құс», «Маңғыстау
майданы», «Алтын аттар оянады», «Көлеңкеңмен
қорғай жүр», «Алыстағы арпалыс», «Аққу
құстар қуанышы», «Махаббат мейрамы», т.б. романдары тың
тақырыпта жазылып, қазақ әдебиетінде оған дейін
мүлде көтерілмеген мәселелерді қозғаған,
серпін әкелген, оқырман сүйіспеншілігіне бөленген туындылар
еді.
Ол — қазақ
әдебиетінде алғашқы болып тарихи зерде тамырына қан
жүгіртіп, тұншыққан сананы қапастан
шығаруға жол салған, ұлт рухын тірілткен жазушы ретінде
қазақ әдебиетінің тарихында оқшаутұратын
жазушы. Халықтың қайғысы мен қуанышын, күйініші
мен сүйінішін, арман-мақсатын көркем сөзбен
өрнектей білген жазушы шығармаларының
қай-қайсысын алып қарасақ та, қара
сөздің сұлу сымбатына қанық боларымыз анық.
Жазушы шығармаларынан құбылтудың түр-түрін
кездестіруге болады. Солардың бірі әдебиетте де, тілде де
кеңінен қолданыс тапқан, сөзді өрнектей жеткізуге
мүмкіндік беретін-метафоралар. Біз де Есенберлин
шығармаларындағы метафоралық қолданыстардың аясы
қаншалықты кең екендігіне тоқталуды жөн
көрдік. Әуелі, метафораның тілдегі қызметі не,
қандай түрлері бар соны анықтауымыз қажет болады.
Метафора бүгін-ертең пайда
болған дүние емес. Оның шығу тегі сонау Аристотель
заманынан бастау алады. Метафора (грек тілінен
аударғанда «ауыстыру» деген ұғымды білдіреді) – құбылтудың
бір түрі, құбылыстар мен заттардың
ұқсастық белгілері негізінде астарлы мағынада
қолданылуы.
«Метафора» терминін қазақ тіл білімінде алғаш қолданған - белгілі ғалым А:Байтұрсынов. Ол өзінің «Әдебиет танытқыш» деген еңбегінде метафора ұғымын «ауыстыру» деп атайды.
А. Байтұрсыновтан соң метафораға тілдік тұрғыдан анықтама беріп, талдау жасаған ғалымдар – Р.Барлыбаев пен Б.Хасанов.
Р.Барлыбаев «Қазақ тілінде сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы» (1963) атты кандидаттық диссертациясында метафора туралы былай деп жазды:
«Бір
заттың атауы жалпы сыртқы ұқсастық,
сәйкестікке қарай екінші бір заттың,
құбылыстың атауына ауысады
екен. Олай болса, сөз мағынасының ауысуы объективтік
болмыстағы заттардың, құбылыстардың
жалпылық жақтарының негізінде туған тілдік
құбылыс деп қарайтын.... Біріншіден, сөздің ауыс
мағынасы түр, түс ұқсастықтарына негізделіп
жасалады екен; екіншіден, тілдің тарихи даму барысында кейбір ауыс
мағыналар дами келе тұрақты мағынаға айналып, кей
жағдайда ауыс мағына алға шығып кетуі мүмкін;
үшіншіден, сөздің тұрақты, кеңейіп, көп
мағыналығы, кейбір омонимдік мағына – бәрі
сөздің ауыс мағынасының (қай тілде болмасын)
түрлі дәрежелері екенін айтуға болады» [3.137].
З.Қабдолов болса «Метафора
сөз мәнін түрлендіре өзгертіп айту, суреттеліп
отырған затты не құбылысты айқындай түсу
үшін, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне
ұқсас өзге затқа не құбылысқа балау,
сөйтіп, зерттеліп отырған заттың не
құбылыстың мағынасын үстеу, мазмұнын
тереңдетіп, әсерін күшейту» деп тұжырымдайды [2, 214].
Сондай–ақ қазақ тіл
білімінде тілдік метафора, оның түрлері туралы К.Ахановтың
«Қазақ тілі лексикасының мәселелері» (1956 ж.), «Тіл
біліміне кіріспе» (1965ж), М.Балақаев, М. Томанов, Е.Жанпейісов,
Б.Манасбаевтың «Қазақ тілінің стилистикасы» (1975 ж.),
Ә.Болғанбаевтың «Қазақ тілінің
лексикологиясы» (1988ж.), А.Айғабыловтың «Қазақ
тілінің лексикологиясы» (1995 ж.) т.б. біршама қазақ тіліне
қатысты еңбектерде айтылып, түсінік беріледі.
К. Ахановтың «Тіл біліміне кіріспе» (1978 ж. ) атты оқулығында метафораға мынадай анықтама берілген:
«Белгілерінің
ұқсастығына қарай бір заттың не
құбылыстың басқа бір заттың не
құбылыстың атауымен аталуының негізінде сол
мағынасының ауысуы метафора деп аталады» [4.158].
1998 жылы жарық көрген
«Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен
фразеологиясы»атты жоғарғы оқу орындары студенттеріне
арналған оқулығында авторлар (Ә. Болғанбаев,
Ғ. Қалиев) метафораның негізінде ұқсату
заңы арқылы жасалатындығын айтып, оған мынадай
анықтама береді:
«Сыртқы не ішкі белгілеріндегі
ұқсастыққа қарап, бір зат атауының
басқа бір затқа атау болуына байланысты сөз
мағынасының ауысуы метафора (грек metaphora - ауысу) деп аталады» [1.90].
Ал, ғалым А. Айғабылұлы
былай дейді: «Көркем әдебиетте қолданылатын метафоралар
образдылығымен қатар тұрақты метафора және
индивидуалдық метафора деп екіге бөлінеді. Сонымен
қазақ тіліндегі метафора арқылы ауыспалы мағына
туғызу тәсілі үш түрге бөлінеді: тілдік метафора,
тұрақты метафора және индивидуалдық метафора» [5.14].
Олардың әрқайсысына мынадай анықтамалар береді:
1. Тілдік метафора жалпы халық
тілінде: сөйлеу, жазу, оның ішінде әдеби шығармаларда
да кең қолданылады. Бірақ олар әдебиетте көркем
образ, суреттеу құралы ретінде емес, стильаралық лексика
түрінде қолданылады. Мысалы, таудың басы, өзеннің
басы, қос басы, шөп басы, сөз басы, әскер басы; кітап беті,
істің беті, судың беті, жердің беті, т.б. 2.
Тұрақты метафоралар – жалпы халық тілінде қолданылатын,
бірақ суреттеу құралы ретінде образдылығымен
ерекшеленетін ауыспалы мағыналы сөздер. Мысалы, сары алтын (бидай),
қара алтын (көмір), ақ алтын (мақта), көгілдір
экран (теледидар), жасыл алаң (футбол), барқыт түн, алтын
күз, сөз маржаны т.б. 3. Индивидуальдық метафора. Бұл
топқа сөз шеберлерінің метафора тәсілі арқылы
қолданылған көпшіліктің қолданысында жоқ
метафоралар енеді.
Метафора туралы айтқанда ескере кететін
жағдай: лингвистикалық ұғымдағы метафора бар да,
көркем әдебиетте, әсіресе поэтикалық тілде, жиі
қолданылатын метафора бар. Бұл екеуі бір-бірімен байланысты,
ұқсас түрде келгенімен де, олардың бір-бірінен
өзіндік айырмашылықтары да болады. Ол мынадай:
Тілдік метафора сол тілде сөйлейтін
барлық адамдарға бірдей түсінікті, бәрі де
қолданатын жалпы халыққа ортақ, тілдің
лексикасында әбден орныққан мағына. Мысалы, сөз
төркіні, ойға шомылу, сөз тегі т.б. мұнда бейнелеу,
көркемдеу мақсаты солғын болады.
Көркем әдебиетте анығырақ
айтқанда, жеке ақын-жазушылардың шығармаларында
қолданылатын поэтикалық метафоралар жалпы халықтық
тілде қолданылатын метафоралардан көбіне өзгешелеу болып
келеді. Ол әр жазушының өзіндік шеберлігіне байланысты
болады. Олардың әр сөзді өзінше жаратып
қолдануына байланысты. Оның мәні тек контекст арқылы
ғана түсініледі. Ондай сөздердің стилистикалық
метафоралық көркем образды мәні күшті болады.
Осы мәліметтерге сүйене отырып, жазушы
І.Есенберлин шығармаларынан мысалдар келтірсек:
Және
осы соқыр түнде Еркебұлан ештеңені көрер
емес [6].
Сөйлемдегі
метафоралық қолданыс «соқыр» сөзі –
қараңғы ұғымымен ауыстырылып беріліп отыр. Жалпы
метафора әрдайым ауыспалы мағынада жұмсалады.
Соның өзінде кемінде екі мағына болуы мүмкін. Сонысына
байланысты метафора екі түрлі қызмет атқарады: белгілі бір
затқа, құбылысқа немесе адамға сипаттама беру
және сол заттың, құбылыстың немесе адамның
атын атау Бірінші жағдайда метафора сөйлем ішінде
баяндауыш болады да (Сен қасқыр екенсің), екінші жағдайда бастауыш немесе толықтауыш
болады (Қасқыр қайда кеткен? Ол қасқырмен
көп байланыса берме). Сондай-ақ, мына сөйлемдердегі
метафоралар да осыған мысал бола алады:
Осылардың арасында болатын,
Алматыдан келген қайсар жолбарыс [24.10].
Метафораларды қолдану барысында жазушы
кейіпкердің келбетіне, қоршаған ортасына, қасиетіне т.б.
қимыл-әрекеттеріне баға беру мақсатын да
ұстанған. Мысалы: Дүлей жігіт өз айыбын түсінбеді,
түсінсе де түсінгісі келмеді [6].
Қырмызы атты бір періште мұның
жүрек әміршісіне айналып еді [6].
Сары қазы салынған салқын
қымыз шекелеріне шығып, балбырай қызып алған жуан
қарындар ырс-ырс күледі, бірдемені айтса бәрі де
даурыға, қошеметтей жөнеледі [135.7]. Ондай
үлкен дарынға халқының не істеп жатқанын
көру-өте қажет дүние [206.7]. Кейбір асауды жүгендеп
алуымыз сөзсіз[99.8].
Мысалдардағы дүлей, періште, жуан қарын,
үлкен дарын, асау метафоралары кейіпкерлердің бойындағы
қасиеттерінен хабар беріп, ойды нақтылауға қызмет
етуде.
Жазушы шығармаларында метафоралар
фразеологиялық тіркес ретінде көрініс тапқан. Мысалы: Тау-тау боп үйілген астықты
көріп, дастанын тез бітіруге лепіріп қайтқан
Асығаттың көңілі Алматыға жетісімен су
сепкендей басылды. [6].
Ал Қырмызының жездесі бір шырпыны
екі бөліп жағатын кісі болатын[6].
Ал Мәскеу болса ит өлген жерде. [136.7]. Әрі-бері асағаннан кейін, ар
жақтарына ел қонып, қонақтар бір сәтте ет
жеулерін саябырлата бастады. [139.7].
Қуанышының
ұзаққа созылмағанын- «су сепкендей басылды»
,іске мығым,пысықтығын –«бір шырпыны екі бөліп
жағатын кісі», алыс-жақындығын –« ит өлген жерде»
сынды тұрақты тіркестермен ауыстырып беру арқылы, бұлар
да метафоралық қолданысқа жатады.
Тілімізде метафоралардың әдебиеттің қайнар
көздерінен бастау алып, дәстүрлі метафораға айналып
кеткен түрлері бар. Мәселен:
Әйтсе де әлі жастық оты
сөнбеген жіті көзінен бір үлкен ойдың, қажымас жігердің
сәулесі ұшқын шашқандай[5.8].
Жер-ана өзінше бір рахаттана, күн
нұрына шомылып жатқандай[8.6].
Ә,күн көзі өте
бастаған екен ғой! [8.36].
-О,сіз тас жүрек екенсіз! [8.43].
Сондай-ақ:
Сондай сәтте лапылдаған от көңіл:
«Ақ сезімнің ақ нөсерін
төк те бір,
«Ләззат тап!» дейтін еді!
Тәттірек.
Болып маған кетуші еді тәтті
өмір! [10.15].
* * *
...Жалған дүние жайында тек
айтады ән![10.56].
* * *
Сипаттады орақмұрын, от жүз
деп,
Содан кейін екі жақтан кетті іздеп.
Қай кезде де қыз есінен шығар
ма,
Жауға түскен замандасы ер
жүрек.[10.51].
сынды өлең жолдарындағы от көңіл, жалған
дүние, ер жүрек; алдыңғы мысалдардағы жастық
оты, жер-ана, күн көзі, тас жүрек деген
метафоралар дәстүрлі метафоралардың қатарына жатады. Себебі,
бұлар тілімізге әбден сіңісіп, ақын-жазушылардан
көп кездестіретіндіктен анау айтқандай таңсық дүние емес.
Әр
сағатта үйіне кіріп, сырқат әйелінен : «Телефон
соққан жоқ па?» деп сұрайды да, «Жоқ» деген жүдеу
үнді естіп, көшеге қайта шығады.
Автор әлденеден жабырқаулы
көңілі пәс адамның мұңлы даусынын суреттеу
үшін «жүдеу үн» тіркесін қолданған. Яғни,
мұңлы, көңілсіз, ренішті сөздерін жүдеу
сөзімен ауыстыру арқылы айтар ойды айшықтай, әсемдей
түскен.
«Кездессе де нелер алтын,
Нелер жез,
Айнымаймын,
Айырмаймын сенен көз..!»[16.10].
Метафора-ауыстыру,
сәйкесінше, автордың ойындағы адамдар, яки олардың
қасиеттері сөйлемде алтын,
жез сөздерімен ауысып, метафораланып,
өлеңге әр беріп тұр. Сонымен қатар, мына
бір мысалда да көңілі көктемдей қыз демей, «көктем қуанышы» деп атап,
көркемдікпен қоса жұмбақтылық береді: Бұндай көктем қуанышымен
танысқаныма өзімді
бақыттымын деп санаймын[8.19].
Тіліміздегі фразеологизмдерді де орнымен
қолданып, метафоралауға әбден болады. Мәселен, Ол қазір сонау басынан өткен тар жол,
тайғақ кешулі өмірін есіне түсіріп тұр [8.17].
Ерінің мынау асанқайғы сөзі бітеу жара
болып келе жатқан Ольганың ашық сөйлесуіне жол берді.[7.].Осындағы тар жол, тайғақ кешулі
және асанқайғы (сөзі) фразеологизмдерінің
алғашқысы қиын, ауыр кезең сөздерімен, екіншісі
уайымшыл адамның сөзі деген сөздермен ауыстырылып тұр.
Әр жазушының, яки ақынның
өзіне тән ерекшелігі болатынын білеміз. Ол ерекшелік автор
шығармаларында «мен мұндалап» тұратыны тағы бар.
І.Есенберлиннің сөз саптауындағы осы бір авторлық
метафоралардың жөні бөлек.
Зікірияның Айжанға үйленген
шағы –ауылда мәдениет күресінің лаулай
бастаған кезі еді [8.26]. Осынау бір
шағын алаңда қуаныштың үлкен кемесінің
үстіне мінгендей, қаннен-қаперсіз шыр көбелек айналуда [8.35]. Алдарында жазық алаң, одан
өтсе, арада қол созым жерде өздері қашып бара
жатқан өгей өлке [9.13]. Ақын
дарыны- жер астынан шыққан көз тәрізді. [6].Ол көңілін, жанын жеп бара
жатқан жаман ойлардан, мазасын алып қорқытатын құбыжық
сезімдерден құтылу үшін арақ ішеді [6]. Осы тоғайдың
құмды өңірінде қайнаған еңбек [7.205]. Иә,
мазасыз өңір,- Асығат басын иезді,-ара-тұра
сілкініп тұратын қауіпті өңір[6]. Ол тарихта өшкен күл. [7.217].Бүркіт шомып кеткен ой
теңізінен әлі де жарға шығар емес[7.201]. Кең далаға орнаған өмір
көктемі де өзгеше[8.4].
Мысалдардағы мәдениет
күресі, қуаныштың үлкен кемесі, өгей өлке,
жер астынан шыққан көз, құбыжық сезімдер,
қайнаған еңбек, мазасыз өңір, өшкен
күл, өмір көктемі, ой теңізі деген
метафоралар автордың өзіндік индивидуалды метафоралары. Мұндай метафоралық
қолданыстар жазушының өзіндік қолтаңбасын
танытады. Сондықтан да бұл тәрізді метафоралар жалпы
халықтық емес, жеке қолданыстағы (индивидуалды)
метафора деп аталады.
Қорыта келе,
Есенберлин шығармаларындағы метафоралық қолданыстарды
тіліміздің ұлттық құндылығын арттыратын,
байытатын, тілдік ерекшеліктерімізді танытатын, автордың жеке
өзіндік ерекшелігін айшықтайтын дүние деп айтуымызғаәбден
болады. Бас-аяғы бес шығармасынан келтірілген мысалдар Есенберлин
әлемінің кішкене бір бөлігі ғана. Құлашты
кеңге сермеген қарымды қаламгердің тарихи
шығармалары өз алдына бір төбе. Ондағы тілдік ерекшеліктерді зерттеу
болашақтың,мына біздің еншімізде деп білемін.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев «Қазіргі
қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» Алматы:
Сөздік-Словарь,2006.- 264б
2. З.Қабдолов «Таңдамалы шығармалар ІІ том, Алматы:Жазушы,
1983. – 456б
3. Р.Барлыбаев «Қазақ тілінде сөз мағынасының
кеңеюі мен тарылуы» (1963)
4. К.Аханов «Тіл біліміне кірісіпе», Алматы:Мектеп,1978. – 492б
5. А.Айғабылұлы «Қазақ тілінің
лексикологиясы», Алматы:Дәуір-кітап, 2013. – 104б
6. І.Есенберлин «Махаббат мейрамы» (электронды оқулық)
7. І.Есенберлин «Қатерлі өткел», Алматы: Көшпенділер,
2002. – 288б
8. І.Есенберлин «Толқиды Есіл», Алматы:Жазушы, 1965. - 147б
9. І.Есенберлин «Қаһар», Алматы:Атамұра, 2013. –
360б
10. І.Есенберлин «Ілияс
Есенберлиннің поэзиясы», Алматы БПКА 2015. – 288б