PhD доктор Аубкирова Қ.Қ., 3 курс студенті Арынғазы Ғ.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік унверситеті, Қазақстан

Ертедегі араб мұраларындағы ғылыми-фантастиканың бастапқы элементтері

 

Фантастика бұл ең бірінші ғажайыптылық туралы шығарма болып табылады. Қалай айтылғанына, суреттелгеніне, жазылғанына қарамастан, ғылыми-фантастика жанрының құрылымы күрделі, көтерер жүгі ауыр, айтар ойы мен идеясы күллі адамзатқа ортақ. Ғылыми фантастика генетикалық немесе типологиялық жағынан аңыз-ертегілерден бастау алады. Ертедегі адамдар сол қоғамда орын алған мәселелерден құтылып, жарқын болашақты армандай отырып қиялдан түрлі образдарды ойлап шығара бастады. Олар осы образдар арқылы уақыт пен кеңістіктің шегінен шығып, қиял-ғажайып әлемге тап болды. Осы фантастикалық әлемде олар көк аспанда қыран құстай самғап, теңіздің тереңіне сүңгіп, табиғаттың тылсым күштеріне үстемдік етіп, бақытты ғұмыр кешті. Мұндай әлемге бірде сиқырлы күштер арқылы жетсе, бірде адам баласының ғылым-білім арқасында қол жеткізген жетістіктері арқылы жететін. Қазіргі ғылыми-фантастикалық шығармалар өздігінен пайда болмады, ол аңыз-ертегілерде кездесетін таңғажайып құбылыстардан бастау алады [1, 3].

Араб ғылыми фантастикасының тарихына көз жүгіртетін болсақ, зерт­теу­шілер араб әдебиетіндегі ғылыми-фантастика жанрының алғашқы белгілерін ертегілерден, аңыздардан таратып, болашақты болжай білген халық қиялының ұшқырлығына тәнті болуда [2, 7]. Кувейттік жазушы Тыйба Ибраһим фантастикалық шығармаларды шығу тарихына қарай төрт топқа бөліп қарастырады. Біріншісі – аңыздан бастау алатын фантастика. Мұндай шығармаларда метафизика мен табиғаттың құпия-сырлары туралы айтылғанымен, көп жағдайда ғылым мен логикаға сүйенбейді. Екіншісі –фэнтези. Ғылым-біліммен де, шындықпен де еш байланысы жоқ, тек құрғақ қиялмен жасалған шығармалар. Мұндай туындыларда өсімдіктер мен жануарлар адам кейпіне еніп, тіпті тіл бітіп, ақыл айтуға да дайын тұрады. Үшіншісі – адамдар арасындағы қоғамдық байланыстарды көрсететін әдеттегі фантастикалық әңгімелер. Фантастиканың соңғы түріне ғылыми фантастика жатады. Бұл топқа жататын шығармалар жай әдеби туынды ғана емес, сонымен қатар ғылыми еңбек болып табылады. Әдебиеттегі бұл жаңа жанр алыс болашаққа көз тіккен үлкен дарындылық пен ұшқыр қиялды талап ететін сала. Жалпы ғылыми фантастиканың  өзін даму тарихына байланысты екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезеңде нақты ғылыми дәлелдерсіз жазылған, ХУІІІ, ХІХ ғасырларда жарық көрген фантастикалық шығармалар жатады. Мұндай туындаларда автор ойдан шығарылған үлкен ғылыми және техникалық жетістіктердің қайдан және қашан пайда болғаны туралы түсініктеме беруге тырыспайды. Ал екінші кезеңге біздің ғасырымызда пайда болған білгілі бір ғылыми заңдылықтарға негізделіп жазылған шығармалар жатады. Осы кезеңге жататын авторлар өз шығармаларында барлық нәрсеге ғылыми түсініктеме  беріп, оқырмандарға жаңа ой тастап, жас ғалымдарды жаңалық ашуға итермелейді [3].

Араб ғылыми фантастикасының тарихи бастауы ретінде «Мың бір түнді», дәрігер әрі астраном Ибн Тафил, тарихшы әрі географ әл-Қазуаний, ұлы философ әл-Фараби мен әл-Кинди, әл-Жаһиз сынды ғұламалардың шығармалары мен әңгімелерін атап өтуге болады [4,38].

Араб тілінде жазылған аңыз-әңгімелер мен ертегілерден адам баласының арман-мұраты мен болашаққа деген үмітін  көруге болады. Адам өзінің шексіз қиялынан шыққан түрлі фантастикалық образдар арқылы көк аспанда самғап, су астына саяхат жасап, шалғай жерлерге де көзді-ашып жұмғанша  барып-қайтып, болашаққа зор үміт артқан. Йусуф Нұраддин өзінің мақаласында араб ғылыми фантастикасының қайнар бастауын «Мың бір түндегі» әңгімелерден іздесе, Ниһад Шариф, Талеб Омран сияқты араб ғылыми фантастикасының негізін салушылар аңыз, ертегілерде кездесетін таңғажайып элементтерді ғылыми фантастиканың алғышарты ретінде қарастырады [5, 6]. 

Аңыз, ертегілерде кездесетін ұшқыш кілем, пырақ, сиқырлы шам, сиқырлы айна, жын-перілер, өмір суы сияқты таңғажайып бейнелер қазіргі кездегі ғылыми-фантастикалық шығармаларда түрлі ғылыми-техникалық жетістіктердің арқасында пайда болған техникалық құралдарға айналды [6, 55]. Бұрын-соңды адам баласы шалғай жерлерге пырақ, ұшқыш кілем немесе жындар арқылы жететін болса, қазіргі таңда ұшақтар мен ғарыш кемелері арқылы аспан әлеміне саяхат жасайды. Адам баласы бұрын түрлі тылсым күштер мен ойдан шығарылған ғажайыптар арқылы қиялдаған әлеміне қазіргі таңда ғылыми-техникалық жетістіктер арқылы қол жеткізді [7, 14].

Зерттеушілер араб ғылыми фантастикасының негізін халық әдебиетіне жатқызады, яғни ғылыми фантастика араб ауыз әдебиетінің дамуы арқылы қалыптасты деп көрсетеді. Мұхаммед Абуллаһ өзінің «الخيال العلمي» атты журналына жариялаған мақаласында араб ғылыми фантастикасының алғышарты ретінде алынған шығармаларды үш топқа бөліп көрсетеді:

1)                Мың бір түн

2)                Хайи ибн Йақзан

3)                Басқа да араб мұралары

  «Мың бір түн» шығармасында Һарун Рашид, Абу Нуас сынды тарихи тұлғалар кезескенімен, бұл туындыға енген әңгімелердің арасынан ғылыми-фантасикалық шығармаларға жақын келетін әңгімелерді кездестіруге болады. Осы кітапта кездесетін әңгімелерде адамзат қиялының жарқын көрінісі байқалып, жындар мен перілер, пырақ, ұшқыш кілем және т.б. ғажайыптар туралы айтылады [8,8].  

Мұхаммед Абдуллаһ өзінің мақаласында ғылыми-фантастикалық шығармалардың алғышарты ретінде орта ғасырлардағы «Хайи ибн Йақзан» атты философиялық әңгімені келтіреді. Бұл шығарманың авторы андалусиялық атақты Абу Бакір ибн Тафил. Ол өз еңбегінде түрлі философиялық және діни мәселелерді  қарастырып, оның шешімін іздейді. Әңгіменің бас кейіпкері табиғатынан ерекше жаралған Хайи ибн Йақзан басқа адамдарға қарағанда тез жетіліп, ерекше ойлау қабілетіне ие болады. Ол рухани жағынан кемелденіп, өмір мен өлім, табиғат пен адам жайлы түрлі сұрақтарға жауап іздейді. Хайи ибн Йақзанның қоршаған әлем, өсімдіктер мен жануарлар туралы көзқарасы да мүлдем өзгеше болады. Автор өзінің бас кейіпкерін адам баласына үлгі қылып, бақыт пен қуанышқа толы ізгі әлемді көксейтіндей. Аталмыш әңгіме қазіргі таңдағы утопиялық шығармаларға жақын келеді. Жер бетіндегі ізгі адамның бейнесін жасаған Ибн Тафилдің шығармасын оқып отырып, автордың философия   мен әдебиет саласындағы шеберлігімен қатар медицина мен биология саласындағы біліміне де тәнті боласыз.

Жоғарыда келтірілген шығармаларға талдау жасай отырып, ғылыми фантастиканың генетикалық немесе типологиялық жағынан аңыз-ертегілерден бастау алатынына көз жеткіземіз. Қазіргі ғылыми-фантастикалық шығармалар өздігінен пайда болмады, ол аңыз-ертегілерде кездесетін таңғажайып құбылыстардан бастау алады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. W. M. S. Russel. Folktales and Science Fiction// Folklore. - Vol. 93, No. 1. – 1982. Р. 3-30.

2.  نهاد شريف. الخيال العلمي أكثر ألوان الأدب إثارة \\الخيال العلمي. - العدد الأول. - 2008. -  ص. 16-6

3. عماد فوزي شعيبي. الخيال العلمي و المهارات الاستراتيجية...\\الخيال العلمي. - العدد الثاني. -  2008. - ص. 38-28  

4. زهير غانم. خبال أدب الخيال العلمي العربي...\\الخيال العلمي. - العدد الأول. – 2008. 

5. Yusuf Nuruddin. 'Ancient Black Astronauts and Extraterrestrial Jihads: Islamic Science Fiction as Urban Mythology"// Socialism and Democracy. – 2006. –P. 127-65.

6. محمد ياسين. أدب الخيال العلمي: المصطلح و الأصول التاريخية \\الخيال العلمي. - العدد الثاني.- 2008. -  ص. 69

7. دار طلاس \\طبعة الأولى. 1994  محمد عزام.

8. .  نهاد شريف. الخيال العلمي أكثر ألوان الأدب إثارة \\الخيال العلمي. - العدد الأول. - 2008