Баймаханова Ш.Ү., Алдаберген А.Ж.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қазақстан

Т.Ізтілеуұлы шығармаларындағы этномәдени  ақпараттардың мазмұны

Тарихи дереккөздердегі, эпостық жырлар мен фольклордағы, фразеологиялық, паремиологиялық, прецеденттік жүйедегі тілдік деректердің ұлт санасындағы ізін анықтау мәселесі – қазіргі тіл біліміндегі антропоөзектік бағыттағы зерттеулердің негізгі арқауы.

 «Білімнің әрбір жаңа парадигмасы жаңа мәселелерді  ғылыми таным нысанасына алудың  өз үлгісін, өз моделін және оны шешу жолының да өзіндік әдістерін ұсынатыны белгілі. Когнитивтік лингвистика құрылымдық тіл білімімен  «сөз таластыра», «білім жарыстыра отырып» қалыптасса да структуралық (құрылымдық)  тіл білімінің ұстанымдарымен қайшылыққа түспейді,   қайта оны өз керегіне пайдаланады» [1, 10-12]. Осыған орай когнитивтік лингвистиканың  негізгі мәселесі – таным мен тіл мәселесі.

Қазіргі уақытта  ұлт пен тіл, ұлт пен мәдениет сабақтастығында қарастыратын үрдіс тіл табиғатын зеттеуде жаңа сапаға көтерілуде. Соның ішінде тарихи-этникалық үрдісті сипаттайтын рухани ақпарат көзінің бірі – Т.Ізтілеуұлы шығармалары.  Ендеше Т.Ізтілеуұлына жүгінейік.

Шатыр. Осыдан алып ғибрат шатыр тікті,  Қаданы ортасына қадап мықты. Болғанмен басы күлкі  барлық елге, Жайылып шатыр, шайла жүзге шықты (Т.І.). Л.Будагов: Шатыр 1) палатка, шатеръ, полочъ. 2) женское бълое покрывало, въ которое окутываются въ головы до носъ, зонтикъ (454). Шатырдың әуелгі мағынасы күнқағар болған сияқты.

Айуан. Болған соң сүтінді үш мың соғып тақтап, Төсетіп мәрмәр тас жерін таптап,  Кіршаштың өзіне арнап салды айуан, Өнерді қалмайық деп ішке сақтап (Т.І.). Айуан – сарай, үйдің алдыңғы бөлігі.

Орыс зерттеуші-этнографы Н.Харузиннің 1896 жылы «Этнографические обозрение» атты жинақта көшпелі және жартылай көшпелі  түрік және монғол халықтарының  тұрғын үйлерінің даму тарихына арналған алғашқы зерттеу еңбегі жарық көрді [2]. Еңбек екі бөлімнен тұрады. Біріншісі  көшпелі баспаналардың, екіншісі тұрақты баспаналардың түрлеріне арналған.

Уық – шаңырақ пен керегені жалғастырып тұратын иілген таяқшалар. Мұны у-ық түрінде мүшелеуге болатын сияқты. Өйткені туырлық, үзік дегендермен құрамдас келеді [3, 251].  Ж.Манкеева: Уық.ууқ (қырғ.) ~ уық (ққалп, қаз.) М.Қ. иу көгу үйдің сүйегін  ұстайтын ағаш таяқшалар [4, І. 48]. Сондықтан сол кездің өзінде – ақ  бұл тұлға түбір емес, морфологиялық даму арқылы құрылымы қалыптасып, атау мәніне  ие болған. Бірақ жорамал арқылы  ажыратылатын ерін дауысты (у) Э.В.Севортян  түбір деп алуға дәлел жеткіліксіз деп санайды [5, 583-584].

Кереге – киіз үйдің қабырғасын құрайтын ағаш (Радлов.т.І.ч.2, 1606). Кереге иілген ағаштардан тор көзді етіп, көнмен көктеу арқылы жасалады. Оның санына байланысты киіз үй алты қанат, сегіз қанат, он екі қанат үй деп бөлінеді

Ит кірмес. Жағасыз, жеңсіз жейдемен, Ат қылып мініп асарсың, Ит кірмес пен бақаннан. Жер ошақтай жер қазып, Жатқызып жалғыз ішіне, Қайтады халқың апарған (Т.І.). Н.Харузин П.Маковецкийге сілтеу жасай отырып, бұрын есіктің орнында ит кіріп кетпеу үшін – иткерме деп аталған жай ғана торкөзді шарбақша қойылған, ал қазіргі кезде, екі жақтаулы есіктер жиі кездеседі, - дейді [2]. Есіктің жақтау ағашында, яғни босағада кереге байланатын тесіктер жасалады.

Ж.Манкеева иткірмес – киіз үйдің ағаш есігі, ергенек деп анықтайды [6, 297].  Тұрмағамбет ақын қолданысындағы ит кірмес ерте кездегі есіктің орнына қолданылған нәрсе екендігін аңғарамыз.

Іргенек, ергенек. Сөздің парқын байқайтын, Білімді бірақ ер керек. Білмегендер бұлғақтар, Ілгендей мойнына ергенек (Т.І.). Іргенек, ергенек – киіз үйдің есігінің орнына қолданылатын нәрсе.

Біздің талдау нысанымызға алынған Тұрмағамбет ақынның шығармашылығы ХХ ғасырдың басын қамтығандықтан, сөздік қоры жағынан қазіргі әдеби тілден мүлде алшақ кетпейді. Дегенмен шайыр шығармаларында қазіргі тілдік ортаға түсініксіз, тосын көрінетін тілдік бірліктер кездеседі. Мысалы, бажы басу. Артыңа иман атты бажы басып, Беймезгіл ашуымен астың құмға (Т.І.). Бәжі басу (дәстүр). Қызған темір адамның маңдайына немесе май құйрығына басылады. Бұл – қылмыскердің ар-ұятына басылған өлмес, өшпес таңба. Мұны  “бәжі басылған ” дейді. Бұл сирек оқиға болғандықтан,  оның аты елден-елге тарап, әңгімеленеді. Бұдан кейінгі ұрпақтары да ұялып жүретін болады. Нағашы-жиендер арасында да айтылып, күлкіге айналдырылады [7, 118]. Бірақ ақын қолданысында иман атты бажы басу деп, ауыспалы мағынада «иманды өзіңе таңба етіп алдың, иманға ұйыдың» мағынасында қолданылып тұр.

Басына бақ бүркіті балапандау. Шырын тіл, шырайлы жүз, болсаң балдай, Боларсың бұлт шөгетін биік жалдай. Басыңа бақ бүркіті балапандап, Ер жетіп аңға ұмтылар аңдай-аңдай. Бақ қүсына бақташы болу. Бақташы бақ құсына болғаннан соң, Ықпалдың өзі-ақ келер ыққан салдай (Т.І. ). “Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды” (Ж.Баласағұн). Қазақ мәдениетінде  бақыттан гөрі баққа көбірек мән беріледі. Ұлттық дүниетанымда бармақтай бақ адамның ғұмыр бойына бақытты болуы үшін жеткілікті. “Бармақтай бақ берсін” деген тілек осыған меңзейді.

Қара айналу. Жігітке қара айналған, бақ айналад, Осы анық, аңдауымда ырым саған (Т.І.). Бұл жерде ақын қара айналу деп басына мал біту, малды болуды айтып отыр.

Бөз кию. Өлген соң оған біз де қауышармыз, «Ұйықтасын» торқа болып киген бөзі (Т.І.). Бұл жерде бөз кию – кебін кию. Кебін ақ матадан не бөзден даярланады. Кебіндік матаның адал еңбекпен табылған болуы шарт. Тіпті ешнәрсе табылмаса, адал малдың терісімен де кебіндеуге болады.Тұрмағамбет ақын : «Кигізіп үш қабат бөз көрге қойып, Көзіңе көп жиылып құмды құяд. Жер жүзін жетегінде жүргізгендер, Жетсе уақыт жер ошақтай жерге сияд», - дейді.

Ер адамның кебіні үш бөліктен тұрады:

-  кіндіктен төменгі жағын орайтын – белдемше (лифафа);

-  көйлектік (қомис);

 - мәйітті басынан аяғына дейін түгел жабатын кебін (азар) [8, 332].   Үш қабат бөз кигізеді дегенде, осыған меңзесе керек.

Қорыта айтқанда, адамның танымдық қызметі белгілі бір нысандарды өзге нысандардан айырып тану арқылы дамиды. Объектілердің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтау арқылы  олардың айырым белгілері мен шегін табуға болады. Бір-бірінен ажыратылатын  белгілері негізінде нысандарға  нақты анықтама бере аламыз. Танымның аталған мәселесі (нысандарды ажырату, оларға анықтама беру) нысанның өзге нысандар жүйесіндегі  орны айқындалған жағдайда шешімін табады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Маслова.  Лингвокультурология. М., 2001. -208 с.

2. Харузин Н. История развития жилища тюркских и монгольских народов.2-е изд. Доп. Астана, «Алтын кітап», 2007, -183б.

3.  Тұрышев А.Қ. Мәшһүр Жүсіп шығармалары лексикасының этномәдени негіздері. АДД. А., 2005

4.   Қашғари М. Түрік тілінің сөздігі: 3 томдық шығармалар жинағы / Қазақ тіліне аударған, алғы сөзі мен ғылыми түсініктерін жазған А.Егеубай. Алматы, ХАНТ, 1997

5. Севортян Э.В. Этимологический словарь тюркских языков: Общетюркские и межтюркские основы на гласные / АН СССР. Ин-т языкознания. — М.: Наука, 1974. — 768 с. 583-564.

6. Манкеева Ж.А. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері.Алматы: «Жібек жолы» 2008. -356 б.

7. С.Кенжеахметұлы. Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті.

8. Шариат. Құраст. Н.Өсерұлы.- Алматы «Қайнар»,1996. -352б.