Мемлекеттік тіл - зиялы ұлттың басты күш-қуаты

 

Алмауытова Әсия Базарбайқызы

филология ғылымдарының кандидаты

Қызылорда қаласы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, almauytova73@mail.ru

 

        Қазақ тілі - сөздік құрамы бай, функционалды тілдердің бірі. Қазақстандағы қоғамдық – саяси жағдайға байланысты Кеңес дәуірі тұсында қазақ тілі қоғамдық өмірдің барлық саласында толыққанды қызмет ете алмағаны мәлім. Күнделікті тұрмыстық қарым-қатынаста, көркем әдебиет пен баспасөз бетінде қолданыс аясы болғанымен, ғылым мен саяси әлеуметтік салада, дипломатия мен басқару саласында өзінің толықққанды қызметін атқара алған жоқ. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы, қазақ тілінің қоғамдық қызметінің артуы, мемлекетіміздің алдына жүзеге асырылуға тиісті маңызды міндеттер қойды. Тәуелсіздік алғалы бері мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында қыруар жұмыстар атқарылды. Десек те, «тіліміздің қазіргі жағдайы көпшілікке аян, оның әр ортадағы қолданылу дәрежесін көтеру үшін, дабыл қағып, ұрандатып жатқанымызға да аз уақыт болған жоқ» [1].

         Ана тілі газетінің 2010 жылғы санында Қуаныш Тұңғатар «Батыл қадамдар қажет» атты мақаласында «Қазақстан Республикасының Конституциясында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» (7-бап) деп айқын жазылды. Біздің қоғам үшін бұл рухани сілкініс болды. Заңдық тұрғыда туған ана тілімізге биік мәртебе берілді. Талай жыл тартқан теперіштен енді көз ашқан қазақ тілі мемлекеттің барлық рухани, мәдени және ғылыми-техникалық салаларында еркін қолданысқа түсті. Бірақ жетпіс жылдық тарихта кеңестік биліктің құрамында қызмет атқарған қазақ тілі қатты қыспаққа алынған еді. Жас ұрпақты оқытып, тәрбиелейтін бала- бақшалар мен білім мекемелері біртіндеп жабылып, ана тіліміз жоғалудың аз-ақ алдында тұрды. Қалай десек те, бүгінгі таңдағы қазақ тіліне берілген мемлекеттік тіл дәрежесі оңды нәтижелер мен өзгерістер әкелгені рас» - деп жазды.

 Кемеңгер жазушымыз Ғабит Мүсiререпов «Сол тiлдi жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгiнгiсiн де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгiлiгiнiң мәңгiлiк белгiсi – Ана тiлiн тек өгей ұлдары ғана менсiнбейдi, өгей ұлдары ғана аяққа басады» - дейді.

       Ал, мемлекеттік тіліміздің жанашыры, белгілі ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов «Қаншама жетiлген заңдар, бағдарламалар қабылданғанмен, оны iске асыратын адамдар. Әрбiр қазақ азаматының бойында өзiнiң ана тiлiне деген құрмет, оның кұдіретiне бас июшiлiк сезiмi қалыптаспайынша, қазақ тiлiнiң көсегесiн көгерту қиын» деген ой түйеді.

     «Тіл мәселесі кезең-кезеңмен жүйелі шешіліп келеді. Тілге қатысты көп сөзден гөрі айқын да нақты істер керек. Қазақстанда тілді дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Ендігінің бәрі өзімізге байланысты. Ал қазақ тілінің болашағына күмәнмен, күдікпен қарайтын писсимистерге айтарым: осыған дейін жойылмаған қазақ тілі өз елі, өз мемлекеті барда ешқашан  жойылмайды» - дейді  «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп.

       Елордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев мыңдаған жылдардан бастау алар ана тіліміздің теперіш көріп, теңдік тұғырынан тайған ең бір ауыр кезеңі кешегі жиырмасыншы ғасыр болғанын нақты – нақты мысалдар келтіре отырып, ел есіне салды. «Мемлекеттік тілді дамыту маңызды басымдық болып қала  береді. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік тілді Қазақстанның барлық азаматтарының меңгеруіне қол жеткізу. Егер Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен бүкіл көпұлтты Қазақстан мемлекеттік тілге бет бұрса, біз бұдан бір-бірімізге жақын бола түсіп, бір-бірімізді жақсы түсінетін боламыз... Мен, сірә, екі тілде бірдей сөйлеуге тура келетін сирек Президенттердің бірі шығармын. Ал мен тек мемлекеттік тілде ғана сөйлейтін және бәрі мені түсінетін күнді армандаймын» дей келе, ана тіліміздің қазіргі шешілмеген мәселелерінің бірқатары, оның беделі, қолданылу аясы көбіне-көп мемлекетке де,Үкіметке де, министрлікке де емес, қандастарымыздың өзіне, ұлтжандылығына, намысшылдығына қатысты екенін баса айтты. Және «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін деп мен қашанғы айтамын? Арамызда өзге ұлттың бір адамы отырса сол тілге көшуге мәжбүр болатын кешегі күніміз өтті ғой. Талайлар жұмыста да, үйде де, көшеде де өз тілінде сөйлемей, сорлы күйде жүргеніне қалайша қаның қайнамайды?! Мынандай жағдай жасалған уақытта  әлі күнге талай қазақтың баласы, немересі қазақ мектептері мен қазақ балабақшаларына бармайтыны несі? Басқа ұлт балалары қазақ мектептеріне барып жатқанда көре тұра, бұрынғы қалпынан қайтпайды.Сонда біз өз тілімізді кімге міндет қыламыз?» -деген пікірлері ащы айтылғанымен, ақиқат тілінде айтылғаны рас дейді тіл жанашырлары. Елбасы «Тілдерді пайдалану мен дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын Ассамблея мүшелерінің, қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен мұқият талқылау қажет екендігін ескертті [2]. Осы жобаға қатысты мәселелер көптеген ғалымдар мен тіл жанашырлары тарапынан БАҚ беттерінде қызу талқыға түсті.

       Бағдарламаның стратегиялық мақсатын жүзеге асыру негізгі төрт міндеттен тұрады: Біріншісі – мемлекеттік тіл ұлт бірлігінің басты факторы екендігін нығайту, екіншісі – мемлекеттік тілді кеңінен қолдауды көпшілікке тарату, үшіншісі – дамыған тіл мәдениеті зиялы ұлттың басты күш-қуаты екенін көрсету, ал соңғы міндет – Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту. Осындай сала-салаға жіктелген мақсатттардың,айналып келгенде, көздеген мүддесі Қазақстанның мемлекеттік тілін барлық ұлттар мен ұлыстарды біріктіруші ретінде ұсыну әрі мемлекеттік тіліміздің қолданыс аумағын кеңейту екенін аңғаруға болады.Сонымен қатар бағдарлама орыс тілінің қазіргі қызметін, тілдің әралуандығын және шеттілдерін оқып-үйрену деңгейін сақтауды өз міндетіне алады. Тұжырымдаманы іске асырудың төмендегідей негізгі бағыттары мен тетіктері берілген:

1) «Қазтест» қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесін енгізудің функционалдық аспектілерін реттеу;

 2)Меншік нысанына қарамастан мемлекеттік  органдар мен барлық ұйымдардың алқа мәжілістерін, халықаралық келіссөздер мен келісімдерді, ресми іс-шараларды мемлекеттік тілде өткізу практикасын енгізу;

3)БАҚ арқылы, әсіресе, жаңа буын арасында түсіндіру-насихаттау жұмысын жандандыру;

4)Мемлекеттік тілді насихаттау жөніндегі жұмысқа қатысуда ғылым, мәдениет және өнер қайреткерлерін, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдерін материалдық-моральдық ынталандыру.

5) –Мектепке дейінгі жастағы балаларға әлеуметтік коммуникация дағдыларын дарыту мақсатында қазақ тілінде жүзеге асырылатын мектепке дейінгі ұйымдардың желісін кеңейту.

- Жалпы білім беретін мектептерде тіл мәдениетіне тәрбиелеу және жаңа оқулықтарды, оқу құралдарын, оның ішінде электрондық сөздіктерді пайдалану;

- Оқу орындары түлектерінің әлеуметтік және лингвистикалық кеңістікке табысты кірігуін қамтамасыз ету мақсатында ЖОО-дарында  мемлекеттік тілді оқытудың сапасын жақсарту;

- Орыс тілінде оқытатын және басқа ұлттық мектептерде қазақ тілін оқыту бағдарламаларын жетілдіру;

- Жұмысы түпкілікті нәтижеге бағытталуға және сандық ғана емес, сапалық параметрлермен бағалануға тиіс мемлекеттік тілді дамыту мәселелерімен айналысатын орталықтар жұмысының тиімділігін арттыру.

 Мемлекеттік тілдің ақпараттық кеңістігін кеңейту және тіл саясаты саласындағы стратегиялық жоспарлаудың тиімділігін арттыру мынадай жолдармен жүзеге асырылатын болады:

- Қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды, компьютерлік бағдарламаларды, интернет пен қашықтықтан оқытуды пайдалану;

- Тіл мәдениетін тәрбиелеуге ықпал ететін мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі радио және телебағдарламалар беделін арттыру;

- Балалар мен жастар арасындағы қазақ тілін білуге қызығушылығын ынталандыру, тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру;

- Мемлекеттік органдардың веб-сайттарын мемлекеттік тілдегі сапалы ақпаратпен толықтыру және электрондық дерекқор жасау;

- Интернет желісіндегі қазақ сегментінің жан-жақты дамуына және кеңеюіне ықпал ететін ақпараттандыру саласында бағдарламалар әрлеу;

- Радио және телебағдарламаларда, басылымдарда, оқулықтарда, жарнамаларда әдеби тіл нормаларының сақталуына ықпал ететін шаралар жүйесін қалыптастыру. 

Бағдарламаға қатысты ғалымдар мен тіл жанашырлары «Қазақ тілінде оқытатын білім беру мекемелерінің желісін кеңейту және қазақ тілі оқытушылары мен мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттыру – бағдарламаның басым бағыттарының бірі. Мемлекеттік тілдің оқыту үдерісін ынталандыру жүйесін құру, үздіксіз білім беру арқылы қазақ тілін оқыту жүйесін әзірлеу,тілді қолдануды көпшілікке тарату және тіл мәдениетін жетілдіру керек» - деген қорытындыға келді.

         Сөзімізді қорытындылай келгенде, тіл маманы ретінде бізге жүктелген міндет – қоғамда қазақ әдеби тіліміздің нормасының сақталуына, мемлекеттік тілді оқытудың сапасын жақсартуға ат салысу.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Нұрғазы А.Н. //Нұсқаулық та тіл мәртебесін көтере алады. ҚазҰУ Хабаршысы. №5-6(121-122).

2. Ана тілі. №43(1036) 28қазан-3қараша, 2010ж.