Ұлттық сананың кемелденуі – шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастыру негізі

 

Алмауытова Әсия Базарбайқызы

филология ғылымдарының кандидаты

Қызылорда қаласы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, almauytova73@mail.ru

Егеменді еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалып жатқан талпыныстар жағдайында оқытудың әртүрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, терең, білімді, ізденімпаз, барлық іс-әрекетінде шығармашылық бағыт ұстанатын, өз болмысын таныта алатын шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастыру маңызды міндет болып отыр.

Бүгінгі таңдағы білім берудегі басты мақсат – қарқынды дамып келе жатқан ортада өмір сүруге қабілетті, өзін-өзі дамытуға, іздене отырып өздігінен білім алуға, өз ойын еркін айта білуге бейім, жоғары білімді шығармашыл дамыған тұлғаны қалыптастыру болып табылады.  Мұндай тұлғаға қойылатын бірінші кезектегі нақты талаптар – шығармашылық, белсенділік, жауаптылық, жоғары интеллектілік, терең білімділік.    Баланың жеке тұлға ретінде жан-жақты дамуы, өзіндік көзқарасының қалыптасуы мен ой-өрісінің кеңеюі мектеп қабырғасында қаланады. Сондықтан да   мектептегі оқыту үрдісі жеке тұлғаға бағдарланған оқыту принципіне негізделуі керек.

«Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» [1].

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Жолдауында сапалы білім беру қызметін көрсетуге байланысты: «Барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын   жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. Оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс» делінген [2].

Қазіргі таңда қоғамның дамуына байланысты адамның шығармашылық дамуының көкейтестілігіне орай көзқарас та өзгерді. Мысалы, Қазақстанда жеке тұлғаны қалыптастыру және оның мүмкіндігін дамыту мәселелері Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, С.Торайғыров, А.Байтұрсынов, К.Жарықбаев тәрізді тұлғаларды қызықтырды.

Психология ғылымының дамуымен бірге адамның шығармашылық проблемасына көзқарас дамыды әрі өзгерді. Түрлі психологиялық мектептер шығармашылық феноменін зерттеуге, шығармашылық ойлау мен шығармашылық мүмкіндіктер іздестіруге байланысты өз әдіс-тәсілдерін ұсынды.

Қазіргі заманғы психологиялық ғылымда креативтілік түсінігі әртүрлі және мазмұны жағынан бір-біріне жақындайды. Сондықтан да дарындылық пен креативтілікті анықтағанда талдау қажеттігі туындайды. Дарындылықтың 100-ден аса анықтамасы бар.

«Дарындылық — адамның өз бейімділігі арқылы, шығармашылықпен жұмыс істеу арқылы қалыптасатын қасиет». Әр баланың бойында табиғат берер ерекше қабілеті, дарындылығы болады. Баланың бойындағы дарындылық қасиетін дамыту көбіне мұғалімдердің кәсіби біліктілігіне байланысты екендігі ақиқат. Жаңа «субъект-субъект» оқыту парадигмасымен жұмыс жасау, әр баланың бойындағы дарындылық қасиеттерін анықтап, дамыту, мектепте өз дәрежесінде жүргізілуі керек.

Дарындылық пен қабілеттіліктің не екенін, оқушы дарындылығын анықтайтын психодиагностикалық әдістемелердің тиімділігін, нәтижелілігін білетін мұғалім ғана дарынды оқушымен нәтижелі жұмыс істей алады.

Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты — олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал мақсатқа жету - оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту және оқушылардың танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады. Баланың дарындылығын анықтап, олармен жұмыс жасау қалай жүзеге асырылуы керек? Ол үшін oқушының дарындылығын анықтап, дамыту үшін әр пән мұғалімі өзінің алдына мынандай мақсаттар мен міндеттерді қоюы керек.

1.Дарынды оқушының ақыл-ойының, эмоционалдық және әлеуметтік дамуы мен ерекшеліктерінің өзіндік ашылу деңгейі мен өлшемін ескеру;

2.Жан-жақты ақпараттандыру;

3.Коммуникативті бейімдеу;

4.Дарынды оқушының шығармашылық бағытының ашылуына, дамуына, қоршаған ортаға өзін-өзі жарнамалауына көмек көрсету.

Осы мақсаттар мен міндеттерді орындауда мектеп ұстаздары мынандай жұмыс түрлерін өз іс-тәжірибелерінде пайдаланса  өнімді нәтиже алмақ:

1.Икемді және ұтқыр оқу жоспарын құру;

2.Жеке пәндерді оқытуда тәуелсіз қозғалыс жасау;

3.Дарынды оқушының өзінің жұмысын өзі жоспарлап, шешім қабылдауына ықпал ету;

4.Дарынды оқушының қызығушылығына байланысты оқу жоспарын құру.

Осындай жұмыс түрлерін ұйымдастыруда ұстаздар мынандай мәселелерге баса назар аударулары керек:

1.Пән сабақтарында шығармашылық сипаттағы тапсырмаларды іріктеу, орындау, талдау жұмыстарын жүйелі жүргізуге;

2.Дарынды оқушылардың білім деңгейі мен олардың өз мүмкіндіктерін пайдалану көрсеткішін арнайы әдістемелер бойынша жүйелі түрде тексеріп отыруға;

3.Сабақтан тыс мезгілде жүргізілетін жұмыстарға - пәндік олимпиада, ғылыми конференцияға, интеллектуалдық турнирлер мен шығармашылық байқауларға дайындық жұмыстарын жыл бойы жоспарлы жүргізуге;

4.Білім беру мекемелерінде дарынды оқушылар үшін арнайы сыныптар мен топтар құрып, оқу бағдарламаларын жеделдетіп оқытуды ұйымдастыруға мүмкіндік жасау болып табылады.

В.Н.Дружинин «дарындылық» пен «қабілеттілікті» саралай отырып, дарындылық – жүйелі түрде өмір бойы психиканың сапасы ретінде дамып, адамның бір немесе бірнеше қызметте жоғары нәтижелерге жету мүмкіндігін айқындайды деп көрсетеді. Сонымен «дарындылық қызмет барысында жай ғана табысты жұмыс істеу емес, міндетті түрде жоғары нәтижелерге жеткізетін психиканың неғұрлым сапалы білім деңгейі. Қызметті күнделікті қарапайым іс барысында да табысты жүргізуге болады, ал дарындылық шығармашылық өнім болса керек [3].

А.М.Матюшкин дарындылықтың психологиялық құралы адамның шығармашылығымен шығармашылық дамуын қамтамасыз ететін негізгі құрылымдық элементтермен сәйкес келеді деген сөз. Шығармашылық дарындылық жаңа идеяларды қозғап, атқара білумен байланысты.

Көптеген авторлардың зерттеулері бойынша адамның шығармашылық дарындылығын функциялауда тұлғалық фактор маңызды болып табылады (интеллектуалды процестердің эмоционалдығы, қызығушылығының бағыттылығы, бірбеткейлік, шешімділік, еңбекқорлық, т.б.).

Бірақ А.М. Матюшкин өз зерттеулерінің негізінде: «өкінішке орай қазіргі мектепке дейінгі және мектепте оқыту орта оқушыға ғана бағышталған, ал кәсіби және жоғары оқу орнындағы оқыту – орта студент пен орта маман үшін. Сондықтан біздің болашақтағы шығармашыларымыз, элитамыз бүгінгі күнгі талапты, дарынды тұлғалардан шығатындықтан, оларға арналған оқыту жүйесін, бағдарламаларды әзірлеу қажет.

Қоғамымызға бүгінгі күні осындай дарын иелерінің керектігін біз әбден мойындадық, сондықтан мұның мәні зор [4].

Автордың пікірінше, дарындылықтың психологиялық құрылымы адамның шығармашылығы мен шығармашылық дамуының негізгі құрылымымен сәйкес келеді. Шығармашылық әлеует – дарындылық негізінің дамуы.

Ақыл-ой дарындылығы – адамның өз ойлауын жаңа талаптарға саналы бағыттай алуының, оны жаңа міндеттерді шешуге және өмірдің жаңа шарттарына бейімдей алудың жалпы қабілеті.

Шетел зерттеулері шығармашылық дарындылықты түсіндіру үшін «креативтілік» түсінігіне негізделеді. Ал, креативтілік дегеніміз не? Көптеген психологтар «креативтілікті дарындылықтың белгілі бір дәрежедегі тәуелсіз факторы» деп таниды.

Тұлғалық категория ретінде креативтіліктің бірнеше белгілері бар.

Бірінші белгі – интелектуальды шығармашылық бастамашылдық. Креативтілік тұлғаның шығармашылық көрінісі ретінде алдымен интеллектуалды-шығармашылық инициативаның болуымен, тікелей атқаратын қызметінің міндеттері мен талаптары шеңберінен шығып кетуімен сипатталады. «Креативтілік» түсінігі шығармашылықтың көрінуі мен қалыптасуына ықпал ететін кейбір ойлылық және тұлғалық қасиеттер жиынтығын қамтиды.

Екінші белгі – «категориялық бөліну кеңдігі». Байланыстылық (ассоциативтік) қатарлар кеңдігі.

Үшінші белгі – ойлау шапшаңдығы мен икемділігі. Бұл қабілеттілік проблемаларды шешудің түрлі амалдары мен әдістерін тез табады және біріктіреді.

Төртінші белгі – ойлау өзгешелігі. Ол проблемаларды шешудің дербестігімен, өзгеге ұқсамайтындығымен, өткірлігімен көрінеді [5].

Қазіргі кезеңде жеке тұлғаның креативтілігін, шығармашылық дербестігін қалыптастыру өте маңызды, күрделі және көп салалы мәселе болып есептеледі. Креативтілікті қалыптастыру шығармашылыққа жетелейтін қабілеттер мен шығармашылық қызметі сапасын анықтайтын, жаңаны тану мен жасауға бейімделуге апаратын әрбір жеке тұлғаға тән интеллектуалдық үрдіс ретінде сипатталады.

Демек, жаңа педагогиканың мақсаты баршаға мәлім білімді игерту және студенттердің біліктері мен іскерлігін қалыптастыру ғана емес, сонымен бірге, оқу процесінде жаңа білімдерді алуға жағдай жасау болмақ. Осылайша, креативтік педагогиканың негізгі міндеті жоғарғы шығармашылық потенциалға ие, әлеуметтік белсенді тұлғаны тәрбиелеу болып табылады. Мұндай міндеттің басты мақсаты адамның шығармашылық әлеуетін дамыту және сақтау болып табылатын инновациялық білім беру ғана жүзеге асыра алады.

Қорыта келгенде, креативтілік адамның рухани, дарындылық және шығармашылық еркіндігі, адамзат өркениетінің маңызды резерві болып табылады. Мәселе әр адамның қай салада дарынды екенін анықтап, оның талантын жетілдіруде тұр. Өйткені, табиғатта кез-келген адам өзінше дарынды және ақылды. Шығармашылық әрекетті жүзеге асыратын субъект тұлға. Қандай типтегі тұлға шығармашылықта мұратына жетеді десек, ойы ұшқыр, алғыр болуы керек екендігі ғылымда дәлелденген. Ең бастысы, шығармашыл тұлғада шығармашылыққа деген тұрақты қажеттілік, тұрақты сұраныс болуы қажет. Бұл шығармашылық - адамды дамытады, шебер етіп шыңға көтеретін факторлардың бірі екеніне – дәлел бола алады.                           

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ә. //Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. Астана, 2017.

2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 17 қаңтар.

3. Дружинин В.Н. Психология общих способностей. –СПб: Питер, 2000.

4. Матюшкин А.М. Проблемные ситуации в мышлении и обучении. –М., 1972.

5. Креативная педагогика: методология, теория, практика /Под ред. Ю.Г.Круглова. –М., МГОПУ им. М.А.Шолохова, изд. Центр «Альфа», 2002.