Абдулла Улжан

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Экономика мамандығының 1 курс студенті

 

Талапбаева Гульнар Едиловна

э.ғ.к, қауымдастырылған профессор м.а

 

 

Экономиканы басқару құралы ретіндегі бюджеттің рөлі мен мәні

 

Бюджет (ағылшынның budget – ақша сөмкесі) – мемлекеттің, мекеменің, жанұяның белгілі мерзімге кірістері мен шығыстарының жазбасы. Бір жағынан, бюджет – ол мемлекет, аумақ, кәсіпорын немесе отбасы болсын, кез келген экономикалық субьектіде болатын қаржы ресурстарының жиынтығы. Екінші жағынан, бұл экономикалық субьектінің белгілі бір кезең аралығындағы, көбінесе бір жылдағы кірістері мен шығыстарының арақатынасы, олардың осы уақыттағы түсуі мен жұмсалуын бейнелейтін ақша құралдарының балансы. Басқаша айтқанда, бюджет бұл ақша сөмкесінің ішіндегі ақша құралдарының барлығын немесе тапшылығын, оның толтырылу мен босатылу қарқынын, ақшаның келу мен жұмсалу бағыттарын, кірістер мен шығыстар арақатынасын анықтайды.

Жоғарыда келтірілген анықтама классикалық мәнде екендігін айта кеткен жөн. Бюджет түсінігінің анықтамасы «Бюджеттік жүйе туралы» Қазақстан Республикасының заңында былайша айтылады:

Бюджет – бұл салықтар, жиналымдар, басқа да міндетті төлемдерден, капиталмен жүргізілетін операциялардан түсетін табыс, салықтық емес және заңда көрсетілген басқа да түсімдер есебінен құралатын және мемлекеттің өз қызметтерін орындауын қамтамасыз етуге арналған, заңмен бекітілген, жергілікті өкілетті органдардың шешімдерімен бекітілген мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры.

Экономиканың дамуы көбінесе мемлекеттің қаржы жүйесінің жағдайына байланысты екендігі белгілі қағида. Осы қаржы жүйесін тиімді басқару және жоспарлау мәселесі кез-келген мемлекет үшін өзекті әрі күрделі мәселелер қатарына жатқызылады.

Институционалдық тұрғыдан алғанда қаржы жүйесі бұл қаржы мекемелерінің жиынтығы, ал экономикалық тұрғыдан – ол мемлекетте іс-әрекет ететін бір-бірімен өзара байланысты қаржы қатынастарының жиынтығы. Жалпы алғанда қаржылар жүйесінің басты буыны мемлекеттік бюджет болып табылады. Елдің бюджет қорын жасау мен пайдалану жөніндегі бюджеттік қатынастардың жиынтығы мемлекеттік бюджет ұғымын құрайды. Экономикалық мәні жағынан мемлекеттік бюджет – бұл жалпы мемлекеттік қажеттіліктерді қаржыландыруға арналған бюджет қорын жасау мен пайдалануға байланысты ұлттық табысты қайта бөлу жөніндегі мемлекеттік заңды және жеке тұлғалармен пайда болатын ақша қатынастары. Бюджеттің арқасында мемлекет қаржы ресурстарын экономикалық және әлеуметтік дамудың шешуші тұстарына шоғырландыра алады [1].

Мемлекеттік бюджет экономикалық қатынастардың жиынтығы ретінде объективті сипатта болады. Оның экономикалық мазмұны мен мәні мемлекеттің мәні мен оның атқаратын функцияларына байланысты. Ақша құралдарын орталықтандыру жалпы экономиканың қызметін қамтамасыз ету үшін бүкіл ұлттық шаруашылық ауқымында үздіксіз ауыспалы айналымын ұйымдастыру үшін қажет. Құндық бөлудің арнайы бюджеттік саласының болуы мемлекеттің табиғатымен және қызметімен анықталады. Мемлекет басыңқы салаларды, бүкіл қоғам ауқымында әлеуметтік- мәдени шараларды жүргізуді, қорғаныстық нышандағы міндеттерді шешуді, мемлекеттік басқарудың жалпы шығындарын жабуды қаржыландыру үшін орталықтандырылған қаржыны талап етеді. Осылайша, мемлекеттік бюджеттің болуы адамдардың субъективті еркінің нәтижесі емес, кеңейтілген ұдайы өндірістің қажеттіліктерімен, мемлекеттің табиғаты және қызметтерімен анықталған обьективті қажеттілік.

Мемлекеттік бюджет экономикалық категория ретінде жалпы қаржы категорияларына тән қызметтерді атқарады – бөлушілік және бақылаушылық. Бұл қызметтердің әрекеті қарастырылған бюджеттік қатынастардың ерекшелігімен анықталады. Сонымен бірге, мемлекеттік қаржының негізгі буыны ретінде бөлушілік қызмет шеңберінде мемлекеттік бюджет қосалқы қызметтерді атқарады, орналастыру (ресурстарды), қайта бөлу және тұрақтандыру.

Кез-келген реформаны, оның ішінде экономикалық реформаны жүзеге асыру экономикаға, әлеуметтік ортаға және инфрақұрылымды дамытуға орасан зор қаржы жұмсауды талап етеді. Бұл тұрғыда бюджет – мемлекеттің өз міндеттерін жүзеге асыруға арналған және тиісті заңдарға сәйкес белгіленген салықтар мен өзге де кіріс көздерінің және түсімдердің есебінен құрылатын орталықтандырылған ақша қоры болып табылады.

Экономиканың дамуының қазіргі кезеңінде орталықтандырылған қаржылық ресурстар мемлекетке қоғамдық өндірістің қажетті қарқыны мен пропорциясын қамтамасыз етуге, оның салалық және аумақтық құрылымын жетілдіруге қол жеткізуге, экономика салаларының бірінші кезектегі даму бағдарламаларына қажетті көлемдегі қаржыны қалыптастыруға, ірі әлеуметтік бетбұрыстарды жүргізуге мүмкіндік береді [2,3].

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1            Есенбаев М. Бюджет как отражение социально-экономической жизни республики // Банки Казахстана. – 2001. – №10. – С. 37-39

2            Концепция децентрализации государственных функций в РК: проект / Агентство по стратег. планированию. – Астана, 2001. – С. 1.

3             Макарова Н.А. Бюджет и бюджетная система Казахстана. – Астана, 2006. – С. 47.