ӘОЖ 930.2:94(574)

 

ХХ ҒАСЫРДЫҢ ІІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ М.Х.ДУЛАТИДЫҢ «ТАРИХ-И РАШИДИ» ЕҢБЕГІНДЕ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХНАМАСЫ

 

Иманбекова Г.М.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті

    

           Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» кітабы - орта ғасырлар тарихының  энциклопедиясы, ғылым мен мәдениеттегі алғашқы тарихи жазба дерек боп саналады. Онда  аталған  ғалымдардың,  жазушылардың, ел билеушілердің, хандардың, патшалардың,  сұлтандардың,   қолбасшылардың, батырлардың, қалалардың, елді мекендердің, таулардың,  көлдердің, халықтардың, тайпалардың,  рулардың,  аттары  олар  туралы мағлұматтар – қазіргі шетелдік және Отандық ғалымдар  үшін   таптырмас  байлық,  сарқылмас мол қазына. Осы тарихи еңбекте алғашқы қазақ хандығының құрылуы мен қалыптасу кезеңін  зерттеп, жазбаша түрде деректемелік және құжаттамалық мәліметтерді жазып қалдырған қазақтың тұңғыш тарихшысы болды.М.Х.Дулатидың өмірі мен шығармашылық еңбегінің сипаты мен мазмұнын талдап, әрі оны жаңаша зерттеп, тарихи баға беруде XX ғасырдың  II жартысындағы отандық тарихшылардың еңбегінің  маңызы аса зор.

Н.Н.Мингулов 1965 жылы шыққан «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары (VIII-ХІХ)» атты кітабында Мұхаммед Хайдар Дулати жайлы жазды.Н.Н.Мингулов әуелі Мырза Хайдардың дулат руынан  шыққанын зерделей отырып, оның қазақ халқы этногенезіндегі орнын анықтауға тырысқан.Н.Н.Мингулов Мырза Хайдар еңбегінің одан кейінгі тарихшыларға жасаған ықпалын көрсету мақсатымен Амин Ахмед Разидің, Мұхаммед Ағзамның Мырза Хайдардың өзі және шығыс жұлдыздарының «Тарих-и Рашидиге» берген бағалары туралы атап өтеді.

Н.Н.Мингулов:«ХV ғасырдағы Моғолстан шекарасының қай жерде болғаны сияқты маңызды сұраққа әлі де жауап табылған жоқ. Бұл мәселе туралы еш ортағасырлық шығыс авторларының еңбектерінде де жазылмаған.  «Тарих-и Рашидиден» «Моғолстан мен оның шекаралары» деген бөліміндегі бұл шекаралар туралы мәліметтер аса құнды»,-дей отырып аталған бөлім аудармасын келтіреді. [1]  Қазақстандық ғалым «Тарих-и Рашиди» мәліметтері бойынша Қазақстан географиясы құпияларының бірі туралы Мырза Хайдардың деректерін құптайтынын жазған. Н.Н. Мингулов ортағасырлық кейбір ғалымдардың ойынша Балқаш көлінің суы әрқашан ащы және ішуге жарамсыз дейтінін айта келе, 1903 жылы академик Л.С.Бергтің Балқаш көлін зерттегенінен кейін, мұндағы судың жақын уақытқа дейін тұшы болғанын дәлелдеп, Балқаштың жаңа геологиялық құрылым болып келетініне көңіл аударған. Балқаш көлінің суы  дәмді болғанын Мырза Хайдар өзінің еңбегінде Моғолстанның тұрмыс-тіршілігін әңгімелегенде айтқан. Ортағасырдағы жер-су атаулары, өзен-көлдердің орналасуы, географиясы мен табиғи климаты, ауа-райы туралы жазғанын талдап, бүгінгі уақыттағы табиғи ерекшеліктермен салыстырып  зерделеді.

Н.Н.Мингулов өз мақаласында «Тарих-и Рашидидегі» Саид ханның қазақ ханы Қасым ханға барғаны жайлы бөлімді толығымен келтірген.Осы арқылы қазақ салт-дәстүрлерінің сол ежелгі уақыттан осы күнге дейін жоғалмай сақталып келгенін көрсету еді. Әсіресе қазақ елінің қонақжайлылығы,  хан сыйлау дәстүрі, әдет-ғұрыптарымыз, ұлттық сусынымыз қымызға деген құрмет барынша шынайы көрсетілген. Этнографиямыз, мәдениетіміз, өнеріміз, ұлттық байлығымыз, салт-дәстүрлеріміз сол кездегі ел билеу саясатынан да анық көрінеді. Осының барлығын екшелеп, ғылыми тұжырымдамасын дәлелдеген зерттеушіміз Н.Н.Мингулов болды.

        Шығыстанушы В.П.Юдин 1965 жылы жарық көрген «Моғолстан және Моғолстан моғолдарының рулық құрамы және олардың қазақ және басқа да көршілес елдермен этникалық байланысы» атты мақаласында «Тарих-и Рашиди» жайлы былай деп жазады: «Парсы-түркі тілді нарративті деректердегі моғолдардың рулары мен тайпалары туралы мағлұматтар өте аз.. Оларды біріктіріп жетелеп түсіру ғана моғолдардың рулық құрамы жайлы суретті жаңадан шығаруға болады. Мырза Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашидиі», Шаһ Махмұд Мырза Фазл Шорастың «Жылнамасы» және белгісіз автордың «Тарих-и Қашғары» осыған негізгі деректемелер болып табылады» деген екен. [2] 

В.П.Юдин «Тарих-и Рашиди» еңбегі толық болуы үшін түпдеректерін еркін қолданған. Мырза Хайдар кітабынан ол керейлер, қаңлылар, арқануттар, дулаттар, шорастар, арлаттар, құрлауыттар, қарлұқтар, ақбарақтар және тағы басқа тайпалар және осы тайпаларға қатысты тарихи деректерді пайдаланған.В.П.Юдин моғолдардың түркі тілдес халық екенін дәлелдеуді мақсат еткен. Жоғарыда аталған деректерді қолданып, және ең бастысы «Тарих-и Рашиди» арқасында ғалым: «Моғолдардың түркі тілді болуы-кеш болған құбылыс емес, ежелгі құбылыс. Ал енді моғолдардың қайсы түркі тілінде сөйлескендері жайлы мәселеге келер болсақ, біздің ойымызша олар қыпшақ түркі тілінде сөйлесті, ал ол қазақ және қырғыз тілдеріне жақын»,-деген түйін жасады.

         Қазақстандық белгілі тарихшы ғалым К.А. Пищулина М.Х.Дулатидың «Тарих-и Рашидиін» зерттеуге көп үлес қосты. Оның «ХV ғасырдағы қазақ хандығы» және Алматыда жарық көрген «ХІV ғасырдың ортасы- ХVІ ғасыр басындағы оңтүстік-шығыс Қазақстан» атты еңбегіне Мырза Хайдардың еңбегі таптырмас дерек болды. Саяси және әлеуметтік-экономикалық тарихқа қажетті сұрақтарды қарастырған. Зерттеуші ғалым Мырза Хайдардың Моғолстан шекараларын көрсеткен тараудағы үзіндіні енгізген. Осы тараудың «ХV ғасырдың екінші ширегіндегі феодалдық қақтығыстардың күшейуі» атты параграфында да К.А.Пищулина «Тарих-и Рашиди» мәліметтерін пайдаланған. Соның ішінде, Уәйіс ханның өлімімен елдегі уақытша тұрақтандырудың аяқталғаны, ал ақсүйек феодалдардың экономикалық және саяси ахуалының күрт өскенін, дулат әмірі Сейіт Әлі малының санымен мысал келтіреді. Уәйіс хан қайтыс болғаннан кейін оның жас екі балалары-Есенбұға мен Жүніс хан арасында, яғни оларды қолдаған ақсүйектер арасында орын алған тақ үшін талас басталады. Есенбұға хан таққа Мырза Хайдардың айтуы бойынша 1433-1434 жылдары отырған. Мырза Хайдардың Есенбұға және оны қолдаған ақсүйектер таққа келгеннен кейін елді орнықтырды дегеніне К.А.Пищулина: «Мұхаммед Хайдар билікке келген дулат ақсүйектері елде тыныштық орнатты деп ойлағысы келді: «Бірақ Моғолстан Есенбұға ханға бас иді, барлық әмірлер оған қызмет етті, ханның бүкіл маңызды істері түгел шешілді»-деп күмән келтіреді. [3]  Осы жағдайда зерттеуші «Тарих-и Рашидиден» жоғарыда талқыланған дулат әмірлерінің жан-жаққа кетіп, әрқайсысы отырықшы өмір сүруге бейімделгендері жайлы деректер келтірген. Жүніс ханның саяси билігі мен Моғолстан тағында отырған қызметтерін К.А.Пищулина «Тарих-и Рашидиді» пайдалана жазған.

Осы тараудың «Мемлекеттік құрылым» атты параграфы да «Тарих-и Рашидиге» жүйеленген. Соның ішінде  Хайдар Дулатидің Моғолстан, жете, моғол, ұлыс атаулары жайлы деректері және этникалық топтардың атаулары мен этникалық терминдер де К.А.Пищулина еңбегіне аса тарихи маңызды дерек болған. «Жетісудағы Қазақ хандығының құрылуы мен Моғолстанның ыдырауы» деген келесі және «Тарих-и Рашидиді» қолданған соңғы параграфында К.А.Пищулина Керей мен Жәнібек хандардың Ақ Ордадан Моғолстан жеріне көшкені жайлы дерек ең алғаш рет осы еңбектен табылғанын айтқан. Сонымен қатар К.А.Пищулина Әбілқайырдың билігінде және ол қайтыс болғаннан кейінгі саяси әл-ахуал, Керей мен Жәнібектердің саясаты, қазақ хандығының құрылу уақытына байланысты жағдайлар, Моғолстанның ыдырауына түрткі болған саяси және экономикалық үрдістерді  «Тарих-и Рашидиге» пайдаланып жазған.

              М.Х.Дулати Моғолстан мемлекетінің құрылу, өсу, өркендеу кезеңдері мен мемлекет ретінде күшейіп, көркейген кезеңдерін баяндап берумен қатар,  біртіндеп Моғолстанның бұрынғы саяси рөлінен айырыла бастағанын-тарихи процесс ретінде шебер суреттейді.  Моғолстанның алып жатқан ұлан-байтақ территориясы тартылып, ХVІ ғасырдың 14-жылдары Шығыс Түркістан аймағына, бір кездері Өртөбеге Шыңғыс хан суйурғал ретінде берген өлкеге ысырылып, билік жүргізгенін өзі басынан кешкен кезеңдермен байланыстыра сипаттайды. Тарихтың ұзақ көшінде Моғолстан мемлекеті алып империяның шағын бір бөлігіндей саяси аренадан ысырыла бастағанын зерттей отырып суреттейді.

            Моғолстан жерінде ең алдымен қазақ халқының жеке хандық көтеріп, тәуелсіз мемлекет болып құрылғанын, Моғолстан құрамындағы қырғыздардың саяси бірлестік ретінде топтасуын, өзбектер мен қырғыздардың, ұйғырлардың жұрт ретінде қалыптасуы процесін М.Х.Дулати тарихи деректермен көрсетіп бере алған. Моғолстан өмір сүрген жылдары тарихи аренаға жаңа мемлекеттердің дүниеге келіп, бой көтеруі – тарихи тұрғыдан обьективті заңды процесс болатын. Көрнекті ғалым К.А. Пищулина: «Моғолстан бір жарым ғасыр бойы өзінің саяси щеңберінде (ХІV ғ. ортасы мен ХVІ ғ. бас кезінде) үш бірдей түрік халқының – қазақ, қырғыз, өзбектің қалыптасуы аяқталған мемлекеттік құрылым болды», - деп атап көрсетті.К.А.Пищулина «Тарих-и Рашиди» деректерін кеңінен пайдаланған. Мырза Хайдардың еңбектерінің өзінің зерттеулерінде маңызды тарихи дерек  көзі болғанын атап көрсеткен.

  Мұхаммед Хайдар Дулати ХV-ХVІ ғасырлардағы Қазақ хандығы тарихын, соның ішінде хандықтың құрылу тарихын Моғолстан мемлекетінің арғы өмірімен байланыста қарастырған. Оның «Қазақтар және қазақ сұлтандарының тіршілік туралы; бұл атаудың оларға берілу хақында және олардың істерінің салдары жайында әңгіме» атты бірінші кітабының отыз үшінші тарауы осы мәселелерге арналған. Қазақ деген халықтың өз мемлекетін құрып, тарихқа дербес ел ретінде енуі – атақты тарихшының жазуы бойынша 1465 жыл. Қазақ хандығының құрылуының мезгілі мен мекенін белгілеп, тұрақтандыруда бұл деректердің ғылыми, мәдени-әлеуметтік маңызы мен мәні зор.

            Қазақ хандығының іргелі елге айналған кезеңі Қасым хан билік құрған тұс екендігін ол: «Керей ханнан кейін Бұрындық хан басқарды. Одан соң Жәнібек ханның ұлы Қасым хан басқарып, Дешті қыпшақ даласын толық биледі. Оның әскерінің саны мың-мыңдаған адам  еді. Жошы ханнан кейін ол жұртта одан ұлы хан болған емес»,-деп баяндайды.

        Мұхаммед Хайдар Дулатидың тарихи жәдігер туындысын қазақтың ғұлама ғалымдары Ш.Уәлиханов, Ә. Асфендияров, М.Қозыбаев жоғары бағалаған. Бүгінгі күндері Мұхаммед Хайдар Дулати еңбегі жүйелі зерттеле бастады. Оған К.А. Пищулина, Н.Н. Мингулов, В.П. Юдин Ә.Дербісәлі, Т.Омарбеков, Қ.Атабаев, Б.Кәрібаев, А.Асқаров, б.Қожабеков, Ә. Байбатша, Ж.Молдабеков, Ж. Дәдебаев, М.Қазыбеков және басқа тарихшылар өз үлестерін қосуда.

1969 жылы Алматыда С.К.Ибрагимов, Н.Н.Мингулов, К.А.Пищулина, В.П. Юдин құрастырған «ХV-ХІІІ ғасырлардағы қазақ хандықтарының тарихы бойынша  мәліметтер» атты еңбек жарық көрді. Оған парсы және түркі шығармаларынан үзінділер енді. Соның ішіндегі ең бастысы-Мырза Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиі» еді.

 Тарих қойнауына терең  көз жүгірте отырып, орта ғасырдағы іргесі қаланған қазақ хандығының  саяси жағдайының бірнеше рет  өзгеріске түскенін көреміз. Ата-бабамыз болашақ ұрпағы үшін ұлан байтақ жерді қасық қаны қалғанша қорғаған, ұлтымыз бен байлығымызды, тарихымызды сақтап  қалған. Алғашқы  Қазақ  елінің  хандары Керей мен Жәнібек бірінші болып, қазақ  хандығын құрып, өркендеуі мен нығаюына барынша күш жігерін жұмсады, тарихтың беттеріне аттары алтын әріппен жазылып, қалдырылды.     

 Бірнеше  ғасырлар бойы  азаттық, бостандық  үшін  жан аямай күрескен бабаларымыздың аңсаған арманы  егемендігі мен тәуелсіздігімізді қазақ халқы  1991 жылы ғана  алдық. Тарихи тағылым ұсына алар ұлы ғалымымыздың ғылыми еңбегі мен қызметіне, әдеби жәдігерлеріне үлкен жауапкершілікпен қарау - бүгінгі ұрпақтың парызы. Қазақтың  Геродоты атанған  М.Х.Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегін зерттеу арқылы тұңғыш қазақ хандығының құрылу тарихымен және қазақ хандарының ел билеудегі саясаты жөнінде нақты тарихи және деректемелік құжаттамаларды бізге жеткізуші ғұлама ғалым, ірі қоғам қайраткері, тарихшы, қолбасшы,  дипломат ұлы бабамыз» екендігін ұғындыру, дүниежүзілік мәдениеттің негізі бөлігі ретінде қазақ  халқының  өсу тарихы мен өркениетін көрсетеді.

 

Әдебиет

 

1.Н.Н.Мингулов «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары (VIII-XIXғ.)», Қазақстан /Алматы 1965ж.

2.В.П.Юдин «Моғолстан және Моғолстан моғолдарының рулық құрамы және олврдың қазақ және басқа да көршілес елдермен этникалық байланысы», Қазақстан /Алматы 1965ж.

3. К.А.Пищулина «XV ғасырдағы қазақ хандығы», Қазақ ССР Қысқаша энциклопедия / Алматы 1984ж.