Ахметжанова Ж.Б., Қабанов М.Ш., Балапанова Қ.Ж.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті. Қазақстан

 

ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН БЕЛСЕНДІ ОЙЫН ӘДІСТЕРІ

 

Қазақстан Республикасының стратегиялық бағыттарына сәйкес білім беру жүйесін дамыта отырып, әлемдік білім беру кеңістігіне шығудың негізгі бағыттары – адамды қоғамның ең маңызды құндылығы ретінде танып, оның көзқарасы мен шығармашылық әлеуетінің, танымдық біліктілігі мен мәдени құндылықтарының жоғары деңгейде дамуына, рухани жан-дүниесінің жетілуіне, жеке тұлғаның қалыптасуына жағдай жасау.

Бұл міндеттерді іске асыру үшін жоғары оқу орындарында оқыту үрдісіндегі әдістердің болмысын жаңа әдіснамалық тұрғыда жүргізу қажеттілігі туындайды. Ал, мұндай жаңа әдіснамалық жүйе дәстүрлі оқыту процесін түгелдей өзгертіп, оқытудың шығармашылық қызметін дамытып, оқыту әдістерін жаңа өркениеттік бағыт тұрғысында жетілдіруді қажет етеді.

Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы мен Қазақстан Республикасының білім беру мемлекеттік бағдарламасында кадрларды халықаралық стандартқа сай даярлау қажеттілігі анықталды және студенттердің жеке тұлғалық көзқарасын қалыптастырудың сапалы қағидалары ұсынылды. Бұл бағдарламаларда, Отандық және әлемдік мәдениеттің жетістіктеріне баулу, мемлекеттік тілді меңгеру, білім беру ісін басқару, қоғам мен экономиканың қажеттілігіне жауап беретін білім беру сапасын ұлттық жүйеде дамыту жұмыстары анықталған.

Осы талаптарға сай жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілді оқыту белсенді әдістерді қолданумен байланысты болып отыр.

Қ.Қадашеваның пікірі бойынша, белсенді әдістерді пайдалану – дайын білімді алу емес, өз бетімен ізденуге үйрету, оқытушы мен студенттің өзара әрекеттерінің ауысуы, оқытушы белсенділігінің студент белсенділігіне орын беруі. [2, 7 б.]

Ф.Оразбаеваның тұжырымдамасы бойынша, белсенді әдістерді сабақта пайдалану кезінде оқытушы мен студенттің қарым-қатынасы түбірімен өзгереді, студент іс-әрекетінің мақсатын анықтауда оқытушы оған көмек көрсетеді, студент жаңа білімді ашады, ізденісте болады, белсенділік танытады және олардың тұлғалық белсенділігін қалыптастырып, ізденіс-зерттеу, бағалау сияқты іскерліктерін дамытады [1, 12 б.]

Белсенді әдістерді қолдану өзара түсіністікті, өзара әрекеттестікті, өзара байыптауды қамтамасыз етіп, сабақ барысында материалды жақсы меңгеруге көмегін тигізеді, ең маңыздысы пікірді, қарым-қатынастарды, мінез-құлық машығын қалыптастырады.

Белсенді әдістің мәнін анықтау мәселесі көптеген ғалымдардың еңбектерінде зерделенді.

Ғалым Б.Д. Парыгин бұл әдісті қарым-қатынас әдісі деп, оның төрт түрін ұсынған. Олар: коммуникативтік, ақпараттық, танымдық және реттеуші.

А.А.Брудныйдың пікірі бойынша, оқытушы мен студенттің қарым-қатынасы инструменталды, өйткені оның мақсаты оқу процесіндегі бірлескен іс-әрекетті үйлестіру.

Бірақ, осы уақытқа дейін белсенді немесе қарым-қатынас әдісі туралы, оның түсінігі туралы біркелкі пікір болмағанымен, ол-бірлескен іс әрекетке деген қажеттіліктен туындайтын, ақпарат алмасуды, өзара әрекеттің, оқытушы мен студент арасында байланыс орнату мен оны дамытудың күрделі, көп жақты процесі.

Дұрыс ұйымдастырылған әдіс оқытудың әлеуметтік мәнін, студенттің рухани өсуін, адамгершілік жағынан дамуын, ынтымақтастық, өзара қарым-қатынас, ортақ мақсат пен бірыңғай қағидалар негізінде біріктіруге ықпал жасайды. Бұл – ең күрделі өнер, себебі оқытушы мен студенттің сұхбаттық қарым-қатынасына, белсенді және шығармашылық іс-әрекетке әсер ететін, оқытушы мен студенттің іс-әрекетін түбірімен өзгертетін әдіс.

Белсенді әдістерді қолдану кезінде студенттердің тыңдаушы емес, қатысушылар болуы, рөлге енуі, танымының қалыптасуы қарастырылады. Оқытушы дайын білімді бермейді, студенттерді өз бетімен ізденуге, шешім қабылдауға, ойын айтуға үйретеді. Оқытушы мен студент арасындағы әрекеттің ауысуы, студенттің белсенділігіне орын береді.

Белсенді әдістерді сабақта қолдану барысында студенттердің өздері негізгі іс-әрекетке қатысуға мүмкіндік алатын болғандықтан, бірнеше белсенді ойын түрлері арқылы әдісті  жандандыруға болары сөзсіз.

1. Қазақ тілі сабағындағы рөлдік ойындар әдісі. Қазақ тілі сабағындағы рөлдік ойындар әдісі – тілді үйрену процесіндегі ең белсенді әдістемелік тәсілдердің бірі. Оны тиімді қолдана білген оқытушы студенттерге білім мен тәрбие беруде табысқа жетіп, сол арқылы олардың  ойын өз бетінше жеткізу қабілеті мен дағдысын қалыптастыруға, монолог түріндегі ойын дамытуға, сұхбаттық қарым-қатынас негізіндегі сөйлеу тілін байытуға ықпал етеді.

Рөлдік ойын – оқыту мақсатында қолданылатын, сөзге араласу жағдайын ұйымдастыратын құрал. Оның негізіне өзара рөлдегі және ойындық көріністерді бөліп алып, соған сәйкес студенттердің бір-бірімен қарым-қатынас  жасаудағы ұйымдастырылған жұмыс жатады.

Рөлдік ойын сөйлеу тілін дамытудың тиімді де қызықты тәсілі екені белгілі. Оған мысал ретінде мына факторларды келтіруге болады: рөлдік ойындарда сөзге араласушы  жандардың басты назары әңгіменің мазмұнына ауады, рөлдік ойындар тілді әлеуметтік тұрғыдан қолдануда барынша сезімтал болуға үйретеді, студенттердің қызығушылығын қалыптастыруға оң әсерін тигізеді, әдеттегі жағдайға қалыптасуы қиын қабілеттерді бойға сіңіруге кең жол ашады, ойындық рөлдерді жүргізу кезінде студенттердің бойында тілді үйретуге байланысты шығармашылық қабілеті дамиды, ойында студенттердің барлығы жұмысқа белсене кіріседі, ойындар тілді үйренушілердің бір-бірімен және оқытушылармен  қарым-қатынасқа түсу ынтасын арттырады, әңгімелесушілердің сөзге бейімділік қабілетін танытудағы теңдік жағдайын жасайды, жағымды да әсерлі қарым-қатынас тудырады.

Cтуденттерді рөлдік ойын арқылы тілге үйрету мына кезеңдерден тұрады:

1. Студенттерді қарым-қатынас жасау кезінде пайдаланатын тілдік ұғымдармен таныстыру.

2. Тіл үйретуді оқытушының қарым-қатынастық ой-ниеті жөнінде және оны тілдік бейнелеуге түсіру тәсілдері туралы, оқытушылық қарым-қатынас тудыру жағдайлары хақында айқын көзқарасын қалыптастыру.

3. Тілдік материалды пайдалана білуге жаттығу – ұстаздық қарым-қатынас және қарым-қатынастық ой-ниетті жүзеге асыру кезінде теңбе-теңдік жағдайында тілдік ұғымдарды таңдай білу және қолдана алу қабілетін дамыту.

4. Рөлдегі ойындарды қолдана отырып, тілді үйрену кезінде студенттердің оқытушымен қарым-қатынас жасай білу дағдысы.

Бірден рөлдік ойынды бастамай тұрып, дайындық үшін жаттығулар беріледі. Мысалы:

Студенттердің фонетикалық және грамматикалық тұрғыдан дұрыс сөйлеуін дамытуға арналған жаттығулар мен тілдік ойындар.

Мұндай жаттығуларда тек қана оқытушының тарапынан болатын сөздер ғана қалыптасып қоймайды, сонымен бірге студенттер тарапынан болатын кері реакция орнығады. Тілдегі ойындарда сұрақ қоя білу, қарым-қатынастық мәні бар сөздерді пайдалана отырып, сұраққа дұрыс жауап бере білу, әңгімені өрбіте білу қабілеттері дамытылады.

«Жетік біл» ойыны барысында студенттер жұптасып жұмыс істейді. Олар сұхбат жазылған карточкалар алады. Студенттер бір-біріне қарым-қатынас жасау жағдайын, әңгімеге қатысушылардың мінез-құлқын және нақты материалды анықтайтын әр түрлі сипаттағы сауалдарды қоюға тиіс.

Қарым-қатынастық ойды білдіретін әр түрлі тілдік  ұғымдарды пайдалана білу қабілетін дамытатын жаттығулар:

- Нұсқау жобасын өзгертіңіз.

- Біреуді өзіңе қарата білудің сыпайы түрін пайдаланыңыз, оның бірнеше түрін беріңіз.

- Жағдаятты тыңдаңыз, оны есіңізге  сақтаңыз, сол қарым-қатынастық ойды синонимдік құралдармен білдіріңіз.

Бұл кезеңде рөлдік жаттығулар мынадай қабілеттерді дамытады: оқытушының тілдік мінез-құлқын  сын тұрғысынан бағалай білу және оны ұстаздық қарым-қатынас жағдайына сәйкес өзгерте білу, жаңа жағдайларда тілдік ұғымдарды шығармашылықпен пайдалану.

Бұндай үлгідегі жаттығуларды екі топқа бөлуге болады:

1. Жағдай айқын бейнеленген және бір ғана жағдаяттың болуымен сипатталатын жаттығулар. Жағдай бір ғана қарым-қатынастық ой-ниетті таңдау керектігін күні бұрын белгілейді, ал бір ғана қарым-қатынастық ой-ниет белгілі бір тілдік ұғымды тыңдау керектігін алдын ала айқындайды.

2. Қарым-қатынас жасау жағдайына, қарым-қатынастық ой-ниетіне, әңгімеге қатысушылардың рөлдік мінез-құлық ерекшелігіне қатыстылығына қарай әр түрлі тілдік ұғымдармен қарым-қатынастық ой-ниетті білдіру қабілетін дамытатын жаттығулар. Мұндай жаттығулар дайындық кезеңінен рөлдік ойындарға көшу кезеңін мүмкіндік туғызады.

Студенттерді тілдік қарым-қатынас жасауға үйрету үшін рөлдік ойындардың төмендегідей түрлері ұсынылады:

1. Тіл үйрету сабағының үзінділері ойналатын рөлдік ойындар.

2. Сабаққа даярлық, оны жоспарлау және оған  баға беру кезеңінде белгілі бір кәсіптік-бағдарлық маңызды мәселені шешу қарастырылған рөлдік ойындар.

Әдістемелік және психологиялық-дидактикалық зерттеу ісі көрсеткендей, рөлдік ойындарды пайдалану оқу процесін игеруде және оны барынша ұтымды өткізуде  мүмкіндіктерді кеңінен ашады. Өйткені мұндай рөлдік ойындар жұптық және топтық жұмыстарды ұйымдастырудың маңызды құралы болып саналады.

Сабақтағы белсенділік әдісін ұлттық ойындармен де сабақтастыра жүргізуге болады. Студенттер сабақ барысында ұлтымыздың салт-дәстүрлерімен, ойындардың шығу тарихымен терең танысып, өз білім, біліктерін жетілдіреді. Алған білімдерін өз тәжірибесінде қолдана білу машықтары қалыптасады.

Мысалы, «Орамал тастамақ», «Көкпар» ойындары шапшаңдыққа, жинақылыққа үйретіп, ой ұшқырлығына бейімдейді, сын тұрғысынан ойлау қабілетін шыңдап, пәнге деген қызығушылықтары артады, студент білімінің тиянақты болуына септігін тигізіп, жеке де, топпен де жұмыс жүргізуге мүмкіндік туғызады.

Оқытушы мен студенттің өзара әрекетінің бір бағыттағы белсенділігінің жоғарылығы, эмоционалдық, рухани бірігуі, қазақ тілі сабағында белсенді әдістерді қолданудың ерекшелігі мен сипаттамасының көрсеткіші.

Белсенді әдісті қолдану үшін оқытушы білім мен іскерлігін шыңдауы қажет.Олар:

1. Оқытуды өзгеше ұйымдастыру;

2. Оқытушы мен студент арасындағы жаңаша қарым-қатынасты нығайту;

3. Өзара әрекет пен жоғары белсенділігін  дамыту;

4. Студенттердің іс-әрекетке қатысу мүмкіндігін туғызу, әдіснамалық негіздерді, оның мәнін, түрлерін түсіну. Өйткені, оқытушы студенттерге тұлғааралық қатынастың жоғары мәдениетін, әдеппен бірге әділеттілікті, парасатты қарапайымдылықты көрсете алса ғана, студент рухани үйлесімді, қабілетті болып қалыптасады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Оразбаева Ф.Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі. -Алматы:РБК, 2000. -207 б.

2. Қадашева Қ. Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми-әдістемелік   негіздері. -Алматы, 2001.-301 б.

3. Құрман Н. Жаңа педагогикалық  технологиялар жүйесіндегі қазақ тілінен сабақ үлгілері. -Алматы, 2001. -142 б.

4. Оқыту үрдісінде педагогикалық технологияларды пайдалану// Білім берудегі менеджмент. -Алматы, 2006. -11 б.

5. Мемлекеттік тілді оқытуды жетілдірудің өзекті мәселелері.-Алматы, 2004. -96 б.