Педагогические науки/ Методические
основы воспитательного процесса
П.ғ.магистрі,
аға оқытушы Қамза Г.Б.
Абай
атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті,Қазақстан
Ұлттық
музыка мұралары арқылы бастауыш сынып оқушыларына
адамгершілік тәрбие беру мүмкіндіктері
Бүгінгі
күннің өзекті мәселелерінің бірі
қоғам дамуындағы жалпы адамзат
құндылықтарына деген, адамның өзіндік дара
қызметіне деген үндеуді сипаттайтын бүгінгі жағдайды
айқындау болып табылады. Тұлғаның адами
тұрғыдағы қалыптасуында өнердің
маңызы да ерекше, кіші сынып жасынан бастап баланың табиғи
түрде әсемдікке әсерлене білуі, көркем дүниелерге
тамсануы, сұлулықты сезіне білуі қалыптаса бастайды.
Қай заманда, қай қоғамда болмасын, сол
кезең, уақыт талабына сай адам сапасын, оның ойлау
қабілеті мен мәдени деңгейін жоғары сатыға
көтерудің бірден-бір жолы- адамның рухани байлығын
арттыра түсу болып табылатыны белгілі жәйт. Осы орайда оқушыларды ізгілікке,
парасаттылыққа және т.б. асыл қасиеттерге баулитын
адамгершілік тәрбиенің маңызы ерекше зор.
Адамгершілік тәрбие
– тұлғаның адамгершілік сана-сезімін қалыптастырып,
құндылық бағдарын
айқындайтын тәрбие саласы.
Адамгершілік тәрбиесі білім, білік,
дағдыларды игерумен бірге,
тұлғаның ар-ұжданын, танымдық
қызығушылығын кешенді түрде дамытады. Адамды
сүюді, оның бостандығын, құқығын,
қадыр-қасиетін құрметтеуді, рақымшылық пен
шыншылдық қасиеттерін қалыптастырады.
Оқушыға адамгершілік
тәрбие беру арқылы
адамгершілік сезім, адамгершілік сана, адамгершілік таным, т.б.
қалыптастырамыз.
Еліміздегі оқу-тәрбие
жұмысына байланысты болып жатқан жаңартулар білім мен
тәрбие жұмысын қайта қарауды міндеттейді. Осыған
байланысты мектептің алдына қоятын ең басты
мәселенің бірі-өркениетті, адамгершілік сезімі дамыған,
сондай-ақ ұлттық тілін жоғалтпаған, өзге
елдегі замандастарымен тең дәрежеде бәсекелесе алатын биік,
іргелі, терең білімді ұрпақ тәрбиелеу.
Музыка өнері – адамзат
қауымының пайда болуымен бірге қалыптасып, қоғам
дамуының барлық сатысында өмірлік мәні зор
тәрбиелік қызмет атқарып, бүгінгі күнге жеткен
сарқылмас рухани қазына. Осы рухани қазынаның
мөлдір бастау-бұлағынан жас кезінен нәр ала білген бала
адамгершілік асыл қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Адамның сезіміне әсер
ететін нәрсенің бәрі: туған табиғат көрінісі, халық әндері мен күйлері,
тарихи және қазіргі заман көріністері музыкалық шығармаларда
өзінің көрінісін табады, «музыкада жоғары әсемділікпен жанданады,
сезімнің бастауына жылылық төгіледі».
«Адамгершілік
сезім - қоғамдық мәнді және жеке
көңіл-күйге байланысты ар-ұждандық сезімдер.
Оған еңбек ету, ұлтжандылық, достық,
адалдық, ар-намыс, борыш, жауапкершілік, ұят, т.б» жатады .
Халқымыздың атадан –балаға жалғасқан
осы рухани бай мұрасын жүйелі түрде танып –білу жас
жеткіншектердің дүниетанымын байытады, ар –намысын көтереді,
эстетикалық сезімін ұшқырлайды, адамгершілік қасиетін
арттырады. Яғни, аталған
идеяларды іске асыру бүгінгі жаһандандыру үрдісінде,
ұлттық идеялардың әлемдік идеялармен өзара
сабақтастыру жағдайында, Қазақстанның
әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттер қатарынан
көрінуі тұтас
педагогикалық процестен күрделі, түбірлі өзгерісті
талап етеді.
Қазақ
әндерінің қай жанрын алмасақ та, өнегелі өсиет
арқылы, ізгілікті мейірбандықка, татулық пен бірлікке,
адамгершілікке, байсалды мінез-кұлықка, салиқалы
ақылдылыққа насихаттап отырады. Батырлар жырында кездесетін
афоризмдер елге үлгі боларлықтай ерлік істі, каһармандықты
бейнелесе, ғашықтық жырларындағы қанатты
сөздер, жырдың ішкі мазмұнына сай әр алуан
лирикалық сезімдерге құрылған.
Айтыстарда
жас
ұрпақтың
бойында адамгершіліктің
асыл қасиеттері: ар –ұят, ождан сақтау, сыпайыгершілікті,
үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеуді, еңбекті
қадірлеуді, рахымды болуды, Отанын, елін сүюді, жолдастық,
достықты уағыздай отырып, осы тамаша қасиеттерге қарама
–қарсы адамды аздыратын өтірік, мақтаншақ т.б. сияқты
жаман әдет, жат мінездер сыналады.
Жыр, терме,
аңыз болып атадан балаға мирас болып келе жатқан
бабаларымыздың халықтық мұралары
ұрпағымызды елжандылық пен ұлтжандылыққа,
Отанын, елін, жерін сүюге тәрбиелеуге, батырлық пен батылдыққа,
өжеттілік пен шыншылдыққа тәрбиелеудің
қайнар көзі болып отыр .Музыканы
дұрыс тыңдап, одан ерекше ләззат алу үшін
музыкалық шығарманың талғамдық деңгейі,
оқушыға беретін сезімдік ассоциациясы маңызды орын алады.
Ұлттық музыканың
өзіндік ерекшеліктері мен рухани байлығын бала танымына
сіңіре білу әр ұстаздың ең қасиетті борышы.
Оқушылардың жалпы музыкалық танымын, яғни
музыкаға деген танымдық қызығушылығын біртіндеп,
дұрыс бағытта дамытып, бағдарлап отыру да -
ұстаздық шеберліктің бір түрі. Музыкалық
қабілеттің, яғни ән айту, аспапта ойнау
шеберлігінің айтарлықтай өсуі, ондағы нақты нәтиженің
болуы, оның ұстаз тарапынан айқын көрсетілуі
оқушыға сенім тудырып, оның шығармашылыққа деген
талпынысын арттыра түседі.
Өскелең
ұрпақтың бойындағы жоғары адамгершілік
қасиеттері отбасының, мектептің, белгілі бір
қоғамдық ортаның, бұқаралық
ақпарат құралдарының, басқалай да тәрбие көздерінің
ықпалымен қалыптасып отырады.
Күнделікті
мектеп өмірінде туындап жататын қоғамдық пікірлер
адамгершілік тәрбиеге және оқушының өзін-өзі
тәрбиеленуіне игі әсерін тигізеді.
Әдебиеттер:
1.
Абдуллин
Э.Б., Б.М. Целковников. Философия, социология, психология
искусства и музыкальная педагогика: Хрестоматия // Вып.1- с. 1.ч – М., 1991. – Б.
2.
Керімбаева
М.С. «Ұлттық мәдениетті қалыптастырудағы
мектептің қызметі». Астана, 2008 ж.